8-1-бап. Реновациялау шеңберінде тұрғын үй құрылысына Бірыңғай оператордың кепілдігін алу тәсілімен үлестік қатысуды ұйымдастыру Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы Заңы
1. Реновациялау шеңберінде тұрғын үй құрылысына Бірыңғай оператордың кепілдігін алу тәсілімен үлестік қатысуды ұйымдастыру бойынша қызметті жүзеге асыру үшін құрылыс салушы мынадай талаптарға сәйкес келуге:
1) республикалық маңызы бар қалаларда, астанада құрылыс салу кезінде жалпы алаңы кемінде он мың шаршы метр және өзге де әкімшілік-аумақтық бірліктерде құрылыс салу кезінде кемінде бес мың шаршы метр болатын көппәтерлі тұрғын үйлер құрылысының объектілерін тапсырыс беруші, мердігер (бас мердігер) ретінде өткізуде жиынтығында кемінде екі жыл тәжірибесінің болуы;
2) шамасы жиынтық активтердің он пайызынан кем болмайтын, аудиторлық қорытындымен расталған өзінің қаржылық есептілігіне сәйкес соңғы екі қаржы жылында қысқамерзімді және ұзақмерзімді міндеттемелерді шегергеннен кейін қалатын активтерінің болуы;
3) қарыз қаражатының және меншікті капиталының арақатынасы арқылы есептелген коэффициент шамасы көппәтерлі тұрғын үй пайдалануға қабылданғанға дейін оның құрылысының бүкіл мерзімі ішінде жетіден аспауы міндетті.
2. Реновациялау шеңберінде тұрғын үй құрылысына Бірыңғай оператордың кепілдігін алу тәсілімен үлестік қатысуды ұйымдастыру жөніндегі қызметті жүзеге асыру үшін құрылыс салушы уәкілетті компанияны құрады немесе көппәтерлі тұрғын үй құрылысының бір жобасынан аспайтын қызметті жүзеге асыру үшін өзге заңды тұлғаның дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) жүз пайызын сатып алады.
Көппәтерлі тұрғын үй құрылысының жобасында бір жер учаскесінде бірнеше құрылыс объектісі көзделуі мүмкін.
Егер құрылыс объектілерін бірнеше жер учаскесінде салу көппәтерлі тұрғын үй құрылысының жобасында көзделген болса, мұндай құрылысқа рұқсат етіледі.
Құрылыс салушы көппәтерлі тұрғын үй немесе жеке тұрғын үйлер кешені құрылысының алдыңғы жобасын салу, іске қосу және пайдалануға қабылдау бойынша өз міндеттемелерін орындаған уәкілетті компанияны немесе жалғыз құрылтайшы (қатысушы) өзі болып табылатын өзге де заңды тұлғаны тартуға құқылы.
3. Реновациялау шеңберінде тұрғын үй құрылысына Бірыңғай оператордың кепілдігін алу тәсілімен үлестік қатысуды ұйымдастыру үшін уәкілетті компанияда:
1) құрылыс салушы, уәкілетті компания және реновациялау объектісінің және (немесе) реновациялау объектісіне кіретін жылжымайтын мүліктің барлық меншік иелері қол қойған реновациялау шеңберінде кепілдік беру туралы шарттың;
2) реновациялау объектісінің және (немесе) реновациялау объектісіне кіретін жылжымайтын мүліктің меншік иелеріне берілетін тұрғынжай құнына баламалы, бірақ мәлімделген жобалау құнының отыз пайызынан кем болмайтын сомада осы Заңның 20-бабына сәйкес жұмсау үшін, сондай-ақ құрылыс мерзімін ұзарту ескеріле отырып, уәкілетті компанияның реновациялау объектісінің және (немесе) реновациялау объектісіне кіретін жылжымайтын мүліктің меншік иелеріне уақытша тұрғын үй және (немесе) өтемақы төлемдерін беру тәртібімен айқындалған мөлшерде реновациялау объектісінің және (немесе) реновациялау объектісіне кіретін жылжымайтын мүліктің меншік иелеріне уақытша тұрғын үй беруге жоспарланатын ақшасының;
3) құжаттарды қарағаны үшін комиссияны, реновациялау шеңберінде кепілдік беру туралы шарт бойынша кепілдік жарнаны төлеуге арналған ақшасының болуы міндетті.
4. Тұрғынжайды реновациялау бағдарламасына енгізілген көппәтерлі тұрғын үй және (немесе) жер учаскесі бар жеке тұрғын үй Бірыңғай оператордың кепілдігін алу тәсілімен реновациялау шеңберінде тұрғын үй құрылысына үлестік қатысуды ұйымдастыру үшін реновациялау объектісі болуға тиіс.
Реновациялау объектісі қандай да бір ауыртпалықтардан, құқықтардан және үшінші тұлғалардың талаптарынан еркін болуға тиіс.
5. Реновациялау шеңберінде кепілдік беру туралы жасалған шарт осы Заңның 36-бабының 1-тармағы екінші бөлігінің талаптары ескеріле отырып, үлескерлердің ақшасын тартуға негіз болып табылады және құрылыс салушы мен уәкілетті компанияның жергілікті атқарушы органнан үлескерлердің ақшасын тартуға рұқсат алуын талап етпейді.
6. Реновациялау туралы шарт Бірыңғай оператор, құрылыс салушы және уәкілетті компания арасында жасалады. Реновациялау туралы шарттың қолданылу мерзімі осы Заңның 32-бабы 3-тармағының 10) тармақшасына сәйкес айқындалады және ол аяқталғанға дейін Бірыңғай оператор өзге де құрылыс салушылармен және уәкілетті компаниялармен реновациялау туралы шарт жасасуға құқылы емес.
7. Осы Заңның талаптарын орындау мақсатында құрылыс салушы және уәкілетті компания Бірыңғай оператордың цифрлық жүйесі арқылы Бірыңғай операторға аудиторлық қорытындымен расталған жылдық қаржылық есептілікті және Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп және қаржылық есептілік туралы заңнамасына сәйкес тоқсан сайынғы қаржылық есептілікті реновациялау шеңберінде кепілдік беру туралы шарттың қолданылуы ішінде ұсынады.
8. Құрылыс салушы және уәкілетті компания Бірыңғай оператордың кепілдігін кейіннен ала отырып, реновациялау туралы шарт жасасу мақсатында реновациялау шеңберінде тұрғын үй құрылысына үлестік қатысуды ұйымдастыру бойынша өтінім береді.
Қазақстан Республикасының Заңы 2016 жылғы 7 сәуірдегі № 486-V ҚРЗ.
Осы Заң жеке және (немесе) заңды тұлғалардың ақшасын тарту есебінен көппәтерлі тұрғын үйлердің тұрғын үй құрылысына үлестiк қатысу жөніндегі қызметке байланысты қоғамдық қатынастарды реттейдi, сондай-ақ тұрғын үй құрылысына үлестiк қатысу туралы шарт тараптарының құқықтары мен заңды мүдделерiн қорғау кепiлдiктерiн белгiлейдi.
Қазақстан Республикасының
Президенті
© 2012. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты» ШЖҚ РМК
Конституция Заң Кодекс Норматив Жарлық Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгер Қорғаушы Заң қызметі Құқық қорғау Құқықтық қөмек Заңгерлік кеңсе Азаматтық істері Қылмыстық істері Әкімшілік істері Арбитраж даулары Заңгерлік кеңес Заңгер Адвокаттық кеңсе Қазақстан Қорғаушы Заң компаниясы