Қызметтер үшін төлем тек компанияның шотына төленеді. Сізге ыңғайлы болу үшін біз Kaspi RED / CREDIT /БӨЛІП ТӨЛЕУДІ іске қостық 😎

Басты бет / Заңдар / 89-бап. Қаржылық орнықтылықты қалпына келтіру режимі Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы Заңы

89-бап. Қаржылық орнықтылықты қалпына келтіру режимі Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы Заңы

АMANAT партиясы және Заң және Құқық адвокаттық кеңсесінің серіктестігі аясында елге тегін заң көмегі көрсетілді

89-бап. Қаржылық орнықтылықты қалпына келтіру режимі Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы Заңы 

      1. Қаржылық орнықтылықты қалпына келтіру режимі деп банк, банктің ірі қатысушылары, банк холдингтері уәкілетті органның шешімі бойынша банктің қаржылық орнықтылығын қалпына келтіру, оның ішінде банктің меншікті капиталының жеткіліктілігі мен өтімділігін қалпына келтіру, сондай-ақ банкке қатысты реттеу режимін немесе мәжбүрлеп таратуды қолдануды болғызбау мақсатында жүзеге асыратын шаралар кешені түсініледі. 

      2. Уәкілетті орган осы Заңның 78-бабында көзделген қадағалап ден қою шараларына қосымша қаржылық орнықтылықты қалпына келтіру режимінің қолданысы кезеңінде: 

      1) осы Заңның 87-бабының 2-тармағында көзделген өкілеттіктерді қолдануға; 

      2) банктің және (немесе) банк конгломераты құрамына кіретін ұйымдардың активтерін сатуды және (немесе) олардың сапасын жақсартуды қоса алғанда, осы активтердің құрылымын өзгерту жөніндегі іс-шаралардың жүзеге асырылуын талап етуге; 

      3) банктің басшы қызметкерлерін ауыстыруды қоса алғанда, банктің ұйымдық құрылымына өзгерістер енгізуді талап етуге; 

      4) банктің, банк холдингінің және (немесе) банк конгломераты құрамына кіретін ұйымдардың операциялардың және (немесе) мәмілелердің жекелеген түрлерін уәкілетті органмен алдын ала келісу қажеттігін қоса алғанда, оларды жасауының ерекше тәртібін белгілеуге құқылы.  

      3. Осы баптың 2-тармағында көзделген өкілеттіктерді уәкілетті орган осы Заңның 80-бабының 3, 4, 5 және 6-тармақтарында белгіленген талаптар ескеріле отырып, жазбаша нұсқама немесе жазбаша келісім нысанында қолданады.  

      4. Уәкілетті органның банкке қаржылық орнықтылықты қалпына келтіру режимін қолдану туралы шешімі көрсетілген шешім қабылданған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде банктің, банктің ірі қатысушыларының, банк холдингтерінің, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің, депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйымның назарына жеткізіледі және аталған тұлғалар оны таратпауға (жария етпеуге) тиіс. 

      5. Уәкілетті органның банкке қаржылық орнықтылықты қалпына келтіру режимін қолдану туралы шешімінде көрсетілген күннен бастап: 

      1) банк осы Заңның 88-бабының 1-тармағында көрсетілген қаржылық орнықтылықты қалпына келтіру жоспарын, осындай жоспарды осы баптың 6-тармағының талаптарына сәйкес жаңартылған кезіне дейін өз бетінше орындауға кіріседі; 

      2) банк Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасында белгіленген жағдайларда жалақы (сыйлықақылар мен басқа да ынталандырушы төлемдерден басқа) және өзге де кепілдік берілген төлемдерді төлеуді қоспағанда, пайданы бөлу, дивидендтер төлеу, банктің ірі қатысушылары және (немесе) банк холдингтері алдындағы кез келген қаржылық міндеттемелерді орындау, сондай-ақ банктің басшы қызметкерлеріне сыйақылар төлеу туралы шешімдерді қабылдауды, сондай-ақ осыған дейін қабылданған шешімдерді орындауды тоқтата тұрады; 

      3) банктің ірі қатысушысы немесе банк холдингі мәртебесі жоқ банк акционерлері мен Қазақстан Республикасының немесе шет мемлекеттің заңнамасына сәйкес шығарылған, базалық активі банктің дауыс беретін акциялары болып табылатын туынды бағалы қағаздарды иеленуші тұлғалар банк акционерлерінің жалпы жиналысында дауыс беру құқығынан айырылады.  

      Қаржылық орнықтылықты қалпына келтіру режиміндегі банк акционерлерінің жалпы жиналысын өткізу үшін акционерлердің жалпы жиналысына банктің ірі қатысушысы немесе банк холдингі мәртебесіне ие барлық акционерлер мен Қазақстан Республикасының немесе шет мемлекеттің заңнамасына сәйкес шығарылған, базалық активі банктің дауыс беретін акциялары болып табылатын туынды бағалы қағаздарды иеленуші тұлғалар қатысқан кезде кворум сақталған болып есептеледі. 

      6. Уәкілетті орган банкке қатысты қаржылық орнықтылықты қалпына келтіру режимін қолдану туралы шешім қабылдаған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде банк уәкілетті органның мақұлдауына банктің ағымдағы қаржылық жағдайы ескеріліп жаңартылған қаржылық орнықтылықты қалпына келтіру жоспарын ұсынуға міндетті.  

      Банк, банктің ірі қатысушылары, банк холдингтері уәкілетті орган жаңартылған қаржылық орнықтылықты қалпына келтіру жоспарын мақұлдағаннан кейін оны дереу орындауға кірісуге және көрсетілген жоспарда белгіленген мерзімдерде орындау нәтижелері туралы уәкілетті органды хабардар етуге міндетті.  

      7. Уәкілетті орган кез келген мынадай:  

      1) қаржылық орнықтылықты қалпына келтіру жоспары уәкілетті органға осы Заңның 88-бабында немесе осы баптың 6-тармағының бірінші бөлігінде айқындалған тәртіппен ұсынылмаған; 

      2) банк қаржылық орнықтылықты қалпына келтіру режимінде болған кезде қаржылық орнықтылықты қалпына келтіру жоспары онда белгілеген мерзімдерде орындалмаған жағдайларда банкке, банктің ірі қатысушыларына, банк холдингтеріне осы Заңның 78-бабында көзделген қадағалап ден қою шараларын қолданады. 

      8. Банк, банктің ірі қатысушылары, банк холдингтері қаржылық орнықтылықты қалпына келтіру жоспары бұзылған жағдайда, уәкілетті органның талабы бойынша бұзушылықтарды түзету жөніндегі шараларды қабылдауға міндетті. 

      9. Уәкілетті орган кез келген мынадай:  

      1) банк, банктің ірі қатысушылары, банк холдингтері қаржылық орнықтылықты қалпына келтіру жоспарын орындамаған немесе тиісінше орындамаған жағдайда;  

      2) осы Заңның 87-бабы 2-тармағының 2) тармақшасына сәйкес жүргізілген банктің қаржылық және мүліктік жай-күйін бағалау (талдау) нәтижелері бойынша осы Заңның 101-бабында айқындалған тәртіппен банкті басқару жөніндегі уақытша әкімшілікті тағайындауға құқылы. 

      10. Банкті басқару жөніндегі уақытша әкімшілік (оны уәкілетті орган тағайындаған жағдайда) немесе банк (банкті басқару жөніндегі уақытша әкімшілік тағайындалмаған жағдайда), оның ішінде кредиторлардың өтінішхаты бойынша қаржылық орнықтылықты қалпына келтіру режимі қолданыла бастаған күнге дейінгі үш жыл ішінде банк жасаған мәмілелер бойынша Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде, Қазақстан Республикасының заңдарында және (немесе) осы Заңның 122-бабының 2-тармағында көзделген мәмілелердің жарамсыздық негіздері болған кезде мәмілелерді жарамсыз деп тану туралы өтінішпен сотқа жүгінуге құқылы. 

      Қаржылық орнықтылықты қалпына келтіру режимі шеңберінде мәмілелерді жарамсыз деп тануға осы Заңның 122-бабының 3, 4, 5 және 6-тармақтарының ережелері қолданылады. 

      11. Қаржылық орнықтылықты қалпына келтіру режимі оны қолдану негіздері жойылған және банк қатарынан күнтізбелік алты ай ішінде уәкілетті орган белгілеген меншікті капиталдың жеткіліктілік коэффициенттерін және өзге де пруденциялық нормативтер мен лимиттерді, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі белгілеген макропруденциялық нормативтер мен лимиттерді сақтаған кезде уәкілетті органның шешімі бойынша тоқтатылады. 

      12. Осы баптың ережелері Қазақстан Республикасының бейрезидент банктерінің филиалдарына қолданылады. 

      Осы тармақтың бірінші бөлігінің мақсаттары үшін банктің ірі қатысушылары және банк холдингтері деп Қазақстан Республикасының аумағында филиалы бар Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінің басқару органы түсініледі.  

 

 

 

Қазақстан Республикасының Заңы 2026 жылғы 16 қаңтардағы № 258-VIII ҚРЗ. 

Қазақстан Республикасының  

Президенті  

© 2012. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты» ШЖҚ РМК  

 Конституция Заң Кодекс Норматив Жарлық Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгер Қорғаушы Заң қызметі Құқық қорғау Құқықтық қөмек Заңгерлік кеңсе Азаматтық істері Қылмыстық істері Әкімшілік істері Арбитраж даулары Заңгерлік кеңес Заңгер Адвокаттық кеңсе Қазақстан Қорғаушы Заң компаниясы