9-4-бап. Банктің, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының, сақтандыру брокерінің, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкі филиалының, Қазақстан Республикасының бейрезидент сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы филиалының, Қазақстан Республикасының бейрезидент сақтандыру брокері филиалының, бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының, ерікті жинақтаушы зейнетақы қорының, "Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қоры" акционерлік қоғамының, бағалы қағаздар нарығына кәсіби қатысушының, банк, сақтандыру холдингтерінің басшы қызметкерлеріне қойылатын талаптар Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын мемлекеттiк реттеу, бақылау және қадағалау туралы Заңы
1. Осы баптың мақсаттары үшін:
1) нарық субъектісі деп банк, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы, сақтандыру брокері, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінің филиалы, Қазақстан Республикасының бейрезидент сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының филиалы, Қазақстан Республикасының бейрезидент сақтандыру брокерінің филиалы, бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры, ерікті жинақтаушы зейнетақы қоры, Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қоры (бұдан әрі – Қор), бағалы қағаздар нарығына кәсіби қатысушы, банк, сақтандыру холдингтері түсініледі;
2) филиал деп Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінің филиалы, Қазақстан Республикасының бейрезидент сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының филиалы, Қазақстан Республикасының бейрезидент сақтандыру брокерінің филиалы түсініледі;
3) басшы қызметкер лауазымына кандидат деп нарық субъектісінің басшы қызметкері лауазымын атқаруға ниеті бар жеке тұлға немесе нарық субъектісінің басқару органының мүшесі лауазымына сайланған адам түсініледі;
4) басшы лауазым деп мынадай лауазымдар түсініледі:
қаржы ұйымының, филиалдың басшы қызметкері;
қызметін үйлестіруді және (немесе) бақылауды тікелей қаржы ұйымының басқару органы, атқарушы органының басшысы, мүшесі немесе қаржы ұйымының өзге де басшы қызметкері жүзеге асыратын қаржы ұйымының құрылымдық бөлімшесінің басшысы;
қызметін үйлестіруді және (немесе) бақылауды тікелей филиал басшысы, басшының орынбасары, өзге де басшы қызметкері жүзеге асыратын филиалдың құрылымдық бөлімшесінің басшысы;
қаржылық көрсетілетін қызметтерді реттеу саласындағы және (немесе) қаржы ұйымдарының аудиторлық қызметі саласында мемлекеттік реттеу және бақылау саласындағы мемлекеттік органның бірінші басшысы, оның орынбасары, дербес құрылымдық бөлімшесінің басшысы, басшысының орынбасары;
экономика, қаржы немесе мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау салаларында мемлекеттік саясатты қалыптастыруды қамтамасыз ететін мемлекеттік саяси қызметші;
ұлттық басқарушы холдингтің, Қазақстанның Даму Банкінің, жеке кәсіпкерлікті дамытудың арнаулы қорының, Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігінің басқару органының басшысы, атқарушы органының басшысы, сондай-ақ оның қаржылық мәселелерге және (немесе) еншілес қаржы ұйымдарының қызметіне жетекшілік ететін орынбасары;
мынадай:
тізбесін уәкілетті орган белгілейтін халықаралық қаржы ұйымдарының;
қаржы ұйымдарына, оның ішінде шетелдік ұйымдарда, заңды тұлғаларда аудит жүргізетін ұйымдардың;
қаржы ұйымдарының қызметін автоматтандыру үшін пайдаланылатын бағдарламалық қамтылымды әзірлеу саласындағы қызметті жүзеге асыратын ұйымдардың бірінші басшысы, оның орынбасары, дербес құрылымдық бөлімшесінің басшысы, басшысының орынбасары;
қызметі қаржылық қызметтер көрсетумен байланысты бір немесе бірнеше құрылымдық бөлімшеге жетекшілік ететін, қаржы ұйымының, филиалдың өзге де басшысы.
2. Нарық субъектісінің басшы қызметкері лауазымына орналасу (лауазымға тағайындау (сайлау) үшін жеке тұлғаның:
1) мінсіз іскерлік беделінің болуы;
2) жоғары білімінің болуы;
3) мынадай еңбек өтілінің болуы қажет:
басқару органының басшысы үшін – кемінде бес жыл;
басқару органының мүшесі үшін – кемінде екі жыл;
бас қаржы ұйымының атқарушы органының мүшесі болып табылатын басқару органының басшысы немесе мүшесі, атқарушы органның (атқарушы органның функцияларын жеке-дара жүзеге асыратын тұлғаның) басшысы, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкі филиалының басшысы, Қазақстан Республикасының бейрезидент сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы филиалының басшысы үшін – кемінде бес жыл, оның ішінде басшы лауазымда кемінде үш жыл;
атқарушы орган басшысының орынбасары, мүшелері, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінің филиалы басшының орынбасары, Қазақстан Республикасының бейрезидент сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының филиалы басшысының орынбасары, сақтандыру брокерінің басшысы, оның орынбасары, Қазақстан Республикасының бейрезидент сақтандыру брокері филиалының басшысы, оның орынбасары үшін – кемінде үш жыл, оның ішінде басшы лауазымда кемінде екі жыл;
бас бухгалтер үшін – кемінде үш жыл;
бас бухгалтердің орынбасары үшін – кемінде екі жыл;
өзге де басшы қызметкерлер үшін – кемінде бір жыл.
Мыналар:
қаржы ұйымының, банк, сақтандыру холдингтерінің атқарушы органының тек қана қауіпсіздік мәселелеріне, әкімшілік-шаруашылық мәселелеріне, ақпараттық технологиялар мәселелеріне жетекшілік ететін мүшелері лауазымдарына кандидаттар;
Қазақстан Республикасы Үкіметінің мүшесі, орналастырылған акцияларының елу пайызынан астамы мемлекетке және (немесе) ұлттық басқарушы холдингке тікелей немесе жанама тиесілі сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының, бағалы қағаздар нарығына кәсіби қатысушының, ерікті жинақтаушы зейнетақы қорының басқару органының, бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының басшысы лауазымына кандидат болып табылатын Қазақстан Республикасының орталық атқарушы органы басшысының орынбасары;
бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының басқару органының мүшесі лауазымына кандидат болып табылатын, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес халықты әлеуметтік қорғау саласында басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы органның дербес құрылымдық бөлімшесінің басшысы, басшысының орынбасары;
ұлттық басқарушы холдингтің басқару органының, атқарушы органының басшысы, сондай-ақ орналастырылған акцияларының елу пайызынан астамы ұлттық басқарушы холдингке тікелей немесе жанама тиесілі қаржы ұйымының басқару органының басшысы, мүшесі лауазымына кандидат болып табылатын, қаржы мәселелеріне және (немесе) ұлттық басқарушы холдингтің еншілес қаржы ұйымдарының қызметіне жетекшілік ететін оның орынбасары үшін еңбек өтілінің болуы талап етілмейді;
4) басшы қызметкер лауазымына келісу туралы өтінішхат берілген күннің алдындағы он жыл ішінде адамның:
банкке реттеу режимі қолданылғанға дейін;
қаржы ұйымын, оның ішінде Қазақстан Республикасының бейрезидент қаржы ұйымын, филиалды таратуға және (немесе) олардың қаржы нарығында қызметін жүзеге асыруын тоқтатуға алып келген, оларды лицензиясынан айырғанға дейін;
қаржы ұйымын, оның ішінде Қазақстан Республикасының бейрезидент қаржы ұйымын мәжбүрлеп тарату немесе оны Қазақстан Республикасының заңнамасында, Қазақстан Республикасының бейрезидент қаржы ұйымы резиденті болып табылатын мемлекеттің заңнамасында белгіленген тәртіппен банкрот деп тану туралы сот актісі заңды күшіне енгенге дейін;
Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жағдайларда Қазақстан Республикасының бейрезидент банкі филиалының, Қазақстан Республикасының бейрезидент сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы филиалының қызметін мәжбүрлеп тоқтату туралы сот актісі заңды күшіне енгенге дейін бір жылдан аспайтын кезеңде қаржы ұйымының басқару органының басшысы, мүшесі, атқарушы органының басшысы, оның орынбасары немесе атқарушы органының мүшесі, бас бухгалтері, бас бухгалтерінің орынбасары, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкі филиалының, Қазақстан Республикасының бейрезидент сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы филиалының, Қазақстан Республикасының бейрезидент сақтандыру брокері филиалының басшысы, басшысының орынбасары, бас бухгалтері, бас бухгалтерінің орынбасары, ірі қатысушы жеке тұлға, қаржы ұйымына, оның ішінде Қазақстан Республикасының бейрезидент қаржы ұйымының ірі қатысушысы (банк холдингі) заңды тұлғаның басшысы болмағаны туралы мәліметтердің болуы қажет.
Осы тармақшаның талабы Қазақстан Республикасының Үкіметі не ұлттық басқарушы холдинг реттеу режиміндегі жүйелік маңызы бар банктің не реттеу режиміндегі жүйелік маңызы бар банктің активтері мен міндеттемелері берілетін тұрақтандыру банкінің акцияларын сатып алу туралы шешім қабылдағаннан кейін тағайындалған (сайланған) реттеу режиміндегі жүйелік маңызы бар банктің не реттеу режиміндегі жүйелік маңызы бар банктің активтері мен міндеттемелері берілетін тұрақтандыру банкінің басшы қызметкерлеріне қолданылмайды;
5) басшы қызметкер лауазымына келісу туралы өтінішхат берілген күннің алдындағы соңғы он екі ай ішінде адамнан басшы қызметкер лауазымына тағайындауға (сайлауға) келісімді кері қайтарып алу және (немесе) оны қадағалап ден қою шарасын қолдану арқылы осы және (немесе) өзге де нарық субъектісінде қызметтік міндеттерін орындаудан шеттету жағдайларының болмауы;
6) мынадай:
адамға қатысты сыбайлас жемқорлық қылмыс жасағаны үшін заңды күшіне енген соттың айыптау үкімінің болмауы;
басшы қызметкер лауазымына келісу туралы өтінішхат берілген күннің алдындағы үш жыл ішінде адамның Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 35-бабы бірінші бөлігінің 3), 4), 9), 10) және 12) тармақтарының немесе 36-бабының негізінде сыбайлас жемқорлық қылмыс жасағаны үшін қылмыстық жауаптылықтан босатылмағаны, сондай-ақ әкімшілік сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасағаны үшін әкімшілік жауаптылыққа тартылмағаны туралы мәліметтердің болуы;
7) басшы қызметкер лауазымына келісу туралы өтінішхат берілген күннің алдындағы бес жыл ішінде адамның мынадай мән-жайлардың бірі болған:
шығарылған эмиссиялық бағалы қағаздар бойынша купондық сыйақыны төлемеу төрт немесе одан көп қатар кезеңге созылған;
дефолтқа жол берілген шығарылған эмиссиялық бағалы қағаздар бойынша купондық сыйақы төлеу бойынша берешек сомасы купондық сыйақының төрт еселенген және (немесе) одан көп мөлшерін құраған;
шығарылған эмиссиялық бағалы қағаздар бойынша негізгі борышты төлеу бойынша дефолт мөлшері республикалық бюджет туралы заңда төлеу күніне белгіленген айлық есептік көрсеткіштен он мың есе асып түсетін соманы құраған кезде шығарылған эмиссиялық бағалы қағаздар бойынша купондық сыйақы төлеу бойынша дефолтқа жол берген эмитент қаржы ұйымының басшы қызметкері, ірі қатысушы (ірі акционер) жеке тұлға, ірі қатысушы (ірі акционер) эмитент заңды тұлғаның басқару органының басшысы, мүшесі, атқарушы органының басшысы, мүшесі, бас бухгалтері (оның орынбасары) болмағаны туралы мәліметтердің болуы қажет.
3. Еңбек өтілін есептеу кезінде:
қаржылық көрсетілетін қызметтерді ұсыну бойынша, оның ішінде шетелдік ұйымдарда, заңды тұлғаларда;
қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау бойынша, оның ішінде шетелдік ұйымдарда;
қаржы ұйымдарына аудит жүргізу, қаржы ұйымдарына аудит жүргізу жөнінде көрсетілетін қызметтерді реттеу бойынша, оның ішінде шетелдік ұйымдарда, заңды тұлғаларда;
экономика, қаржы немесе мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау салаларында мемлекеттік саясатты қалыптастыруды қамтамасыз ететін мемлекеттік саяси қызметшілер лауазымдарындағы;
ұлттық басқарушы холдингте, Қазақстанның Даму Банкінде, жеке кәсіпкерлікті дамытудың арнаулы қорында, Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігінде осы баптың 1-тармағы 4) тармақшасының жетінші абзацында көзделген лауазымдардағы;
тізбесін уәкілетті орган белгілейтін халықаралық қаржы ұйымдарындағы;
қаржы ұйымдарының қызметін автоматтандыру үшін пайдаланылатын бағдарламалық қамтылымды әзірлеу бойынша;
сақтандыру нарығында актуарлық қызметті жүзеге асыруға арналған лицензиясы бар актуарий ретіндегі;
"Астана" халықаралық қаржы орталығының аумағында қаржылық қызметтер көрсетуге арналған лицензиясы бар ұйымдардағы жұмыс өтілі есепке алынады.
Еңбек өтілін есептеу кезінде қаржы ұйымындағы, филиалдағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, әкімшілік-шаруашылық қызметті жүзеге асыруға, ақпараттық технологияларды дамытуға байланысты (ақпараттық технологияларды дамытуды және (немесе) ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін құрылымдық бөлімшенің басшысын қоспағанда) жұмыс, өзара сақтандыру қоғамындағы жұмыс есепке алынбайды.
Халықаралық сертификаттармен расталған кәсіби біліктілігі бар, басшы қызметкер лауазымына кандидаттар үшін еңбек өтілінің болуы жөніндегі ерекшеліктер және осындай сертификаттардың тізбесі уәкілетті органның тиісті нормативтік құқықтық актісінде белгіленеді.
Осы тармақтың бірінші бөлігінің сегізінші, тоғызыншы және оныншы абзацтарында көзделген жұмыс өтілінің болуы банктің, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкі филиалының басшы қызметкері лауазымына кандидат үшін есепке алынбайды.
Осы тармақтың бірінші бөлігі сегізінші абзацының талабы бағалы қағаздар нарығына кәсіби қатысушының басшы қызметкері лауазымына кандидатқа қолданылмайды.
Осы тармақтың ережелері банк, сақтандыру холдингтерінің басқару органының басшысы немесе мүшесі лауазымына кандидаттарға қолданылмайды.
4. "Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 46-бабында белгіленген талаптарға сай келмейтін адам банктің директорлар кеңесінің мүшесі – тәуелсіз директоры бола алмайды.
Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымымен ерекше қатынастар арқылы байланысты және (немесе) оны лауазымға келісу туралы өтінішхат берілген күннің алдындағы үш жыл ішінде сондай лауазымда болған адам сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының директорлар кеңесінің мүшесі – тәуелсіз директоры бола алмайды.
Уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде көзделген жағдайларды қоспағанда, директорлар кеңесінің мүшесі – тәуелсіз директор аталған лауазымды бір банкте, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымында, бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында, ерікті жинақтаушы зейнетақы қорында, бағалы қағаздар нарығының кәсіби қатысушысында, Қорда бірінші тағайындалған күннен бастап қатарынан тоғыз жылдан астам атқаруға құқылы емес.
5. Банктің, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының, инвестициялық портфельді басқарушының ірі қатысушысы осы банктің, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының, инвестициялық портфельді басқарушының атқарушы органының басшысы лауазымына сайлана алмайды.
Акционерлік қоғам нысанында құрылған нарық субъектісінің атқарушы органы мүшелерінің саны кемінде үш адамды құрауға тиіс.
6. Мыналарды:
тағайындалған (сайланған) күннен бастап күнтізбелік алпыс күннен аспайтын басқару органының мүшесін;
уәкілетті органның банк, сақтандыру холдингтері мәртебесін иеленуге келісімі болған кезде тұлға банк, сақтандыру холдингтерінің белгілерін иеленген күннен бастап күнтізбелік алпыс күннен аспаған банк, сақтандыру холдингтері мәртебесін иеленетін тұлғаның басшы қызметкерлерін қоспағанда, уәкілетті органның тиісті келісімі жоқ адамның нарық субъектісінің басшы қызметкерінің функцияларын орындауына жол берілмейді.
7. Филиалды қоспағанда, нарық субъектісінің басқару органының мүшесі лауазымына адам кемінде күнтізбелік тоқсан күннен кейін, бірақ:
басшы қызметкер лауазымына тағайындауға (сайлауға) келісім беруден уәкілетті органның бас тартуын алғаннан кейін;
уәкілетті органның келісімі берілгенге дейін басқару органы мүшесінің өкілеттіктері тоқтатылғаннан кейін;
осы баптың 6-тармағында көзделген мерзім өткеннен кейін және оны келісу үшін құжаттар ұсынылмағаннан кейін қатарынан он екі ай ішінде екі реттен артық емес қайта тағайындалуы (сайлануы) мүмкін.
Осы тармақта көзделген тыйым салу банк, сақтандыру холдингтеріне қолданылмайды.
8. Мыналарды орындау:
атқарушы орган басшысының міндеттері атқарушы органның мүшесін тағайындауға (сайлауға) уәкілетті органның келісімі бар адамға;
бас бухгалтердің міндеттері бас бухгалтердің орынбасарын тағайындауға (сайлауға) уәкілетті органның келісімі бар адамға күнтізбелік алпыс күннен аспайтын мерзімге жүктелген жағдайларды қоспағанда, осы баптың талаптарына сай келмейтін және уәкілетті органмен келісілмеген адамдардың нарық субъектісінің басшы қызметкерінің міндеттерін атқаруына (уақытша болмаған адамды алмастыруға) тыйым салынады.
Уәкілетті органмен келісілген кандидатураның болмауына байланысты осы тармақтың бірінші бөлігінде аталған адамдарға атқарушы орган басшысының не бас бухгалтердің міндеттерін атқаруды (уақытша болмаған адамды алмастыруды) қатарынан он екі ай ішінде жиынтығында күнтізбелік бір жүз сексен күннен артық жүктеуге жол берілмейді.
Осы тармақтың бірінші бөлігінде және осы баптың 6-тармағында көрсетілген мерзім өткеннен кейін және құжаттардың толық топтамасы уәкілетті органға келісуге ұсынылмаған не уәкілетті орган келісуден бас тартқан жағдайда басшы қызметкер лауазымына кандидат басшы қызметкердің өкілеттіктерін жүзеге асыруға құқылы емес.
9. Банктің, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының атқарушы органының басшысы, бас бухгалтері басқа, оның ішінде Қазақстан Республикасының бейрезиденттері болып табылатын банктерде, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарында, Қазақстан Республикасының бейрезидент банктерінің филиалдарында, Қазақстан Республикасының бейрезидент сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының филиалдарында атқарушы органның мүшесі (Қазақстан Республикасының бейрезидент банкі филиалының, Қазақстан Республикасының бейрезидент сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы филиалының басшысы, басшысының орынбасары), бас бухгалтері лауазымын атқаруға құқылы емес.
Егер:
банктер бір-біріне қатысты бас және еншілес ұйым болса;
сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдары бір-біріне қатысты бас және еншілес ұйым болса көрсетілген шектеу қолданылмайды.
Филиал басшысы, басшысының орынбасары, бас бухгалтері:
қаржы ұйымындағы, басқа филиалдардағы басшы қызметкер;
атқарушы органның басшысы не заңды тұлғаның атқарушы органының функцияларын жеке-дара жүзеге асыратын тұлға лауазымын атқаруға құқылы емес.
10. Нарық субъектісі басшы қызметкерлерді тағайындау (сайлау) кезінде олардың осы баптың талаптарына сай келуін, оның ішінде уәкілетті органның интернет-ресурсында орналастырылатын ақпаратты ескере отырып, өз бетінше тексереді.
11. Уәкілетті орган басшы қызметкер лауазымына тағайындауға (сайлауға) келісім беру үшін ұсынылған құжаттарды уәкілетті органның нормативтік құқықтық актілерінің талаптарына сәйкес құжаттардың толық топтамасы ұсынылған күннен бастап отыз жұмыс күні ішінде қарайды.
Басшы қызметкер лауазымына тағайындауға (сайлауға) уәкілетті органның келісімін беру тәртібі мінсіз іскерлік беделі болмауының өлшемшарттарын, келісім алу үшін қажетті құжаттарды, халықаралық сертификаттармен расталған кәсіби біліктілігі бар кандидаттар үшін еңбек өтілінің болуы бойынша ерекшеліктерді және осындай сертификаттардың тізбесін қоса алғанда, уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленеді.
Бағалы қағаздар нарығына кәсіби қатысушының, бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының, ерікті жинақтаушы зейнетақы қорының басшы қызметкері лауазымын қоспағанда, басшы қызметкер лауазымына тағайындауға (сайлауға) келісім берген үшін алым алынады, оның мөлшері мен төлеу тәртібі Қазақстан Республикасының салық заңнамасында айқындалады.
Басшы қызметкердің (басшы қызметкер лауазымына кандидаттың) іскерлік беделін бағалауды уәкілетті орган, оның ішінде осы Заңның 13-5-бабына сәйкес уәжді пайымдауды пайдалана отырып жүзеге асырады.
Уәкілетті орган басшы қызметкер лауазымына кандидатқа қатысты уәжді пайымдауды қалыптастыру кезінде осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген құжаттарды қарау мерзімін тоқтата тұрады. Көрсетілген мерзім уәжді пайымдаудың жобасы басшы қызметкер лауазымына кандидатты келісу үшін құжаттарды ұсынған тұлғаға жіберілген кезден бастап уәкілетті орган уәжді пайымдауды қабылдаған күнге дейін тоқтатыла тұрады.
Уәжді пайымдауды қалыптастыру және пайдалану кезінде уәкілетті орган нарық субъектісіне тиісті хабарлама жібереді.
12. Басшы қызметкер лауазымына тағайындауға (сайлауға) уәкілетті органның келісімі бар адам көрсетілген келісімді алған кезден бастап он екі ай ішінде келісілген лауазымға тағайындалуы (сайлануы) мүмкін.
Басшы қызметкер лауазымына тағайындауға (сайлауға) уәкілетті органның келісімі бар басшы қызметкер, көрсетілген келісімнің қолданысы тоқтаған жағдайды қоспағанда, уәкілетті органның келісімін қайта алмастан, басшы қызметкердің өкілеттіктері тоқтатылған күннен бастап он екі ай ішінде келісілген лауазымға тағайындалуы мүмкін.
Қаржы ұйымының директорлар кеңесінің мүшесі – тәуелсіз директоры лауазымына уәкілетті органмен келісілген адам өкілеттіктері тоқтатылған күннен бастап он екі ай ішінде осы бапта және "Акционерлік қоғамдар туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 1-бабының 20) тармақшасында белгіленген талаптарға сай келген жағдайда уәкілетті органның келісімін алмастан, осы қаржы ұйымында көрсетілген лауазымға қайта сайлануы мүмкін.
13. Басшы қызметкер лауазымына тағайындауға (сайлауға) уәкілетті органның келісімі мынадай:
1) басшы қызметкер лауазымына келісілген кандидат осы баптың 12-тармағында белгіленген мерзімдерде тағайындалмаған (сайланбаған);
2) уәкілетті орган басшы қызметкер лауазымына тағайындауға (сайлауға) келісімін кері қайтарып алған жағдайларда өз қолданысын тоқтатады.
14. Уәкілетті орган басшы қызметкер лауазымына тағайындауға (сайлауға) келісім беруден мынадай негіздер бойынша бас тартады:
1) басшы қызметкер лауазымына кандидаттың осы бапта, "Акционерлік қоғамдар туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 1-бабының 20) тармақшасында, 54-бабының 4-тармағында, 59-бабының 2-тармағында және "Бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 9-бабында белгіленген талаптарға сай келмеуі;
2) тестілеудің теріс нәтижесі.
Мыналар:
басшы қызметкер лауазымына кандидатты тестілеу нәтижесі дұрыс жауаптардың жетпіс пайызынан аз болуы;
басшы қызметкер лауазымына кандидаттың уәкілетті орган айқындаған тестілеу тәртібін бұзуы;
уәкілетті органның басшы қызметкер лауазымына кандидатты келісу мерзімі өткенге дейін белгіленген уақытта тестілеуге келмеуі тестілеудің теріс нәтижелері болып табылады;
3) уәкілетті орган ескертулерінің жойылмауы немесе уәкілетті органның ескертулері ескеріле отырып пысықталған құжаттардың осы баптың 6-тармағында және уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленген мерзім өткеннен кейін ұсынылуы;
4) кандидатты басшы қызметкер лауазымына сайлаудың (тағайындаудың) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртібінің бұзылуы;
5) басшы қызметкер өз лауазымын осы баптың 6-тармағында белгіленген мерзім ішінде уәкілетті органның келісімінсіз атқарып отырған мерзім өткеннен кейін құжаттардың ұсынылуы;
6) басшы қызметкер лауазымына кандидаттың бағалы қағаздар нарығында айла-шарғы жасау мақсатында жасалған және (немесе) үшінші тұлғаға (үшінші тұлғаларға) залал келтіруге алып келген деп танылған әрекеттер жасағаны туралы ақпараттың уәкілетті органда болуы.
Осы талап санамаланған оқиғалардың бірі неғұрлым ертерек туындаған күннен бастап бір жыл ішінде қолданылады:
уәкілетті органның басшы қызметкер лауазымына кандидаттың әрекеттерін бағалы қағаздар нарығында айла-шарғы жасау мақсатында жасалған деп тануы;
уәкілетті органның мұндай әрекеттерді жасау салдарынан үшінші тұлғаға (үшінші тұлғаларға) залал келтірілген фактіні растайтын ақпаратты алуы;
7) басшы қызметкер лауазымына кандидаттың қаржы ұйымына қатысты бағалы қағаздар нарығында айла-шарғы жасау мақсатында жасалған деп танылған әрекеттерді жасағаны үшін уәкілетті орган қадағалап ден қою шараларын қолданған және (немесе) оған Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 259-бабы бойынша әкімшілік жаза қолданылған осы қаржы ұйымының басшы қызметкері (оның міндетін атқарушы адам) болғаны туралы ақпараттың уәкілетті органда болуы;
8) басшы қызметкер лауазымына кандидаттың қаржы ұйымының басшы қызметкері (оның міндетін атқарушы адам), әрекеттері мәмілеге қатысатын қаржы ұйымына және (немесе) үшінші тұлғаға (үшінші тұлғаларға) залал келтіруге алып келген қор биржасының трейдері болғаны туралы ақпараттың уәкілетті органда болуы;
9) басшы қызметкер лауазымына кандидаттың осы тармақтың 7) тармақшасында көрсетілген бұзушылықтарға алып келген мәселелер бойынша шешімдер қабылдау құзыретіне кіретін қор биржасының трейдері болғаны туралы ақпараттың уәкілетті органда болуы.
Осы тармақтың 7), 8) және 9) тармақшаларында белгіленген талаптар санамаланған оқиғалардың бірі неғұрлым ертерек туындаған күннен бастап бір жыл ішінде қолданылады:
уәкілетті органның қаржы ұйымының әрекеттерін бағалы қағаздар нарығында айла-шарғы жасау мақсатында жасалған деп тануы;
басшы қызметкер лауазымына кандидаттың әрекеттері салдарынан қаржы ұйымына және (немесе) үшінші тұлғаға (үшінші тұлғаларға) залал келтірілгенін растайтын ақпаратты уәкілетті органның алуы.
Уәкілетті орган резиденті Қазақстан Республикасының бейрезидент қаржы ұйымы болып табылатын мемлекеттің қаржылық қадағалау органынан алған ақпарат да осы тармақтың бірінші бөлігінің 6), 7), 8) және 9) тармақшаларында көрсетілген ақпаратқа жатады.
15. Уәкілетті орган басшы қызметкер лауазымына тағайындауға (сайлауға) келісім беруден қатарынан екі рет бас тартқан жағдайда:
1) басшы қызметкер лауазымына кандидатты келісу жөніндегі құжаттар уәкілетті орган оны тағайындауға (сайлауға) келісім беруден екінші рет бас тарту туралы шешім қабылдаған күннен бастап қатарынан он екі ай өткен соң уәкілетті органға қайта ұсынылуы мүмкін;
2) қаржы ұйымының басқару органының мүшесі уәкілетті орган оны сайлауға келісім беруден екінші рет бас тарту туралы шешім қабылдаған күннен бастап қатарынан он екі ай өткен соң қаржы ұйымының басшы қызметкері болып сайлануы мүмкін.
16. Уәкілетті орган басшы қызметкер лауазымына тағайындауға (сайлауға) берілген келісімді мынадай негіздер бойынша кері қайтарып алады:
1) басшы қызметкердің осы бапта, "Сақтандыру қызметі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 16-2-бабында, "Акционерлік қоғамдар туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 1-бабының 20) тармақшасында, 54-бабының 4-тармағында және 59-бабының 2-тармағында, "Бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 9-бабында немесе уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленген талаптарға сай келмеуі;
2) келісім беруге негіз болған анық емес мәліметтердің анықталуы;
3) уәкілетті органның "Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 80-бабы 1-тармағының 11) тармақшасында, "Сақтандыру қызметі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 53-3-бабы 1-тармағының 11) тармақшасында, "Бағалы қағаздар рыногы туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 3-5-бабы 1-тармағының 10) тармақшасында және "Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қоры туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 3-1-бабының 2-тармағында көзделген қадағалап ден қою шарасын қолдануы;
4) сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының, Қазақстан Республикасының бейрезидент сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы филиалының міндетті немесе төтенше жарналарды, сондай-ақ сақтандыру ұйымдары таратылған жағдайда сақтанушыларға (сақтандырылушыларға, пайда алушыларға) сақтандыру төлемдерін жүзеге асыруға кепілдік беретін ұйымға бастапқы біржолғы және қосымша жарналарды төлеу жөніндегі міндеттемелерді соңғы он екі ай ішінде екі және одан көп рет орындамауы немесе тиісінше орындамауы;
5) банктің, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкі филиалының, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының, Қазақстан Республикасының бейрезидент сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы филиалының, бағалы қағаздар нарығында брокерлік қызметті жүзеге асыратын ұйымның қаржы омбудсманының қызметіне міндетті жарналарды және (немесе) өзге де төлемдерді төлеу жөніндегі міндеттемелерді соңғы он екі ай ішінде екі және одан көп рет орындамауы немесе тиісінше орындамауы;
6) банктің, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкі филиалының, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының, Қазақстан Республикасының бейрезидент сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы филиалының, бағалы қағаздар нарығында брокерлік қызметті жүзеге асыратын ұйымның қаржы омбудсманының шешімін осы шешімде белгіленген мерзімде соңғы он екі ай ішінде екі және одан көп рет орындамауы;
7) сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының, Қазақстан Республикасының бейрезидент сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы филиалының сақтандыру жөніндегі бірыңғай дерекқорға ақпарат беру жөніндегі талаптарды қатарынан он екі ай ішінде екі және одан көп рет орындамауы немесе тиісінше орындамауы, оның ішінде оны бұрмалауы және (немесе) толық және (немесе) уақтылы бермеуі;
8) осы бапта белгіленген талаптардың сақталмауы.
Уәкілетті органның басшы қызметкер лауазымына тағайындауға (сайлауға) келісімді кері қайтарып алуы нарықтың өзге де субъектілерінде осы басшы қызметкерге бұрын берілген келісімді (келісімдерді) кері қайтарып алу үшін негіз болып табылады.
Уәкілетті орган басшы қызметкер лауазымына тағайындауға (сайлауға) келісімін кері қайтарып алған басшы қызметкердің өкілеттіктері мұндай кері қайтарып алуды алған кезден бастап тоқтатылады.
17. Нарық субъектісі мынадай:
1) уәкілетті орган басшы қызметкер лауазымына тағайындауға (сайлауға) келісімді кері қайтарып алған;
2) басшы қызметкер лауазымына кандидатты сайлаудың (тағайындаудың) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртібі бұзылған;
3) уәкілетті органның уәжді пайымдауы негізінде басшы қызметкер деп танылған адамды уәкілетті орган басшы қызметкер лауазымына келіспеген жағдайда басшы қызметкермен еңбек шартын бұзуға және (немесе) оның өкілеттіктерін тоқтату жөнінде өзге де шаралар қабылдауға міндетті.
18. Уәкілетті органды нарық субъектісі (банк, сақтандыру холдингтерін қоспағанда) уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленген тәртіппен басшы қызметкерлерге байланысты барлық өзгеріс туралы, оның ішінде:
басшы қызметкерді тағайындау (сайлау), оны басқа лауазымға ауыстыру;
басшы қызметкермен еңбек шартын бұзу және (немесе) оның өкілеттіктерін тоқтату;
басшы қызметкерді сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасағаны үшін қылмыстық, әкімшілік жауаптылыққа тарту;
басшы қызметкердің тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілсе) өзгергені туралы хабардар етеді.
19. Осы баптың талаптары мынадай шарттардың бірі орындалған:
банк, сақтандыру холдингтерінде тізбесін уәкілетті орган белгілейтін рейтингтік агенттіктердің бірінің "А-" рейтингісінен төмен емес жеке кредиттік рейтингі, сондай-ақ банк, сақтандыру холдингтері резиденті болып табылатын мемлекеттің қаржылық қадағалау органынан мұндай холдингтер шоғырландырылған қадағалауға жататыны туралы жазбаша растамасы болған;
уәкілетті орган және резиденті банк, сақтандыру холдингтері болып табылатын мемлекеттің қаржылық қадағалау органы арасында ақпарат алмасу туралы келісім болған, сондай-ақ банк, сақтандыру холдингтерінде рейтингтік агенттіктердің бірінің талап етілетін ең төмен рейтингі болған кезде Қазақстан Республикасының бейрезидент банк холдингтерінің, Қазақстан Республикасының бейрезидент сақтандыру холдингтерінің басшы қызметкерлеріне қолданылмайды. Ең төмен рейтинг және рейтингтік агенттіктердің тізбесі уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленеді.
20. Осы баптың 2-тармағының 1), 4), 5) және 7) тармақшаларын қоспағанда, осы баптың талаптары:
банктің акцияларына және (немесе) Қазақстан Республикасының немесе шет мемлекеттің заңнамасына сәйкес шығарылған, базалық активі банктің дауыс беретін акциялары болып табылатын туынды бағалы қағаздарды көрсетілген банктің акцияларына және (немесе) Қазақстан Республикасының немесе шет мемлекеттің заңнамасына сәйкес шығарылған, базалық активі көрсетілген банктің дауыс беретін акциялары болып табылатын туынды бағалы қағаздарға тікелей иеленетін Қазақстан Республикасының резидент банк холдингінің акцияларын немесе жарғылық капиталына қатысу үлестерін иелену және (немесе) пайдалану және (немесе) оларға билік ету арқылы жанама иеленетін банк холдингіне;
сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының акцияларына және (немесе) Қазақстан Республикасының немесе шет мемлекеттің заңнамасына сәйкес шығарылған, базалық активі сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының дауыс беретін акциялары болып табылатын туынды бағалы қағаздарды көрсетілген сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының акцияларына және (немесе) Қазақстан Республикасының немесе шет мемлекеттің заңнамасына сәйкес шығарылған, базалық активі көрсетілген сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының дауыс беретін акциялары болып табылатын туынды бағалы қағаздарға тікелей иеленетін Қазақстан Республикасының резидент сақтандыру холдингінің акцияларын немесе жарғылық капиталына қатысу үлестерін иелену және (немесе) пайдалану және (немесе) оларға билік ету арқылы жанама иеленетін сақтандыру холдингіне қолданылмайды.
Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 4 шілдедегі N 474-II Заңы.
Осы Заң қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын мемлекеттiк реттеуді, бақылауды және қадағалауды жүзеге асыруға байланысты қоғамдық қатынастарды реттейдi және Қазақстан Республикасы қаржы жүйесiнiң тұрақтылығын арттыруға және қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтары мен заңды мүдделерiнiң бұзылуына жол бермеуге жағдайлар жасауға бағытталған.
Қазақстан Республикасының
Президенті
© 2012. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты» ШЖҚ РМК
Конституция Заң Кодекс Норматив Жарлық Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгер Қорғаушы Заң қызметі Құқық қорғау Құқықтық қөмек Заңгерлік кеңсе Азаматтық істері Қылмыстық істері Әкімшілік істері Арбитраж даулары Заңгерлік кеңес Заңгер Адвокаттық кеңсе Қазақстан Қорғаушы Заң компаниясы