92-бап. Реттеу режимі Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы Заңы
1. Реттеу режимі деп уәкілетті органның банкке осы Заңның 93-бабында көзделген реттеу құралдарын мынадай мақсаттарда қолдануы түсініледі:
1) банк депозиторларының, өзге де кредиторларының, клиенттерінің және корреспонденттерінің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау;
2) жүйелік тәуекелдерді азайту және банк жүйесіне едәуір теріс әсердің алдын алу, оның ішінде реттеу режиміндегі банк тарапынан басқа банктер мен қаржы ұйымдарына теріс әсердің таралуына жол бермеу арқылы азайту;
3) банктің аса маңызды банк операцияларын және өзге де операцияларды жүзеге асырудағы үздіксіздігін қамтамасыз ету.
2. Реттеу режимі мынадай қағидаттарға негізделеді:
1) "Бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы" Қазақстан Республикасының Заңына және халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына сәйкес банктің бухгалтерлік есебіндегі және қаржылық есептілігіндегі банктың іс жүзіндегі және күтілетін залалдардың мөлшеріне банктің меншікті капиталының шамасын міндетті түрде азайту;
2) реттеу режиміндегі банктің депозиторлары мен өзге де кредиторларының реттеу режимін қолданбай банкті мәжбүрлеп тарату жағдайында олар шегуі мүмкін залалдармен салыстырғандағы залалдарының ұлғаюын болғызбау;
3) депозиттерге міндетті кепілдік беру объектісі болып табылатын депозиттерді қорғау;
4) мынадай:
жүйелік тәуекелдердің ұлғаюына және (немесе) банк жүйесіне едәуір теріс әсер етуге алып келетін;
банктің аса маңызды банк операцияларын және өзге де операцияларды жүзеге асырудағы үздіксіздігіне кедергі келтіретін жағдайларын қоспағанда, банкке реттеу режимін қолданған кезде депозиторлар мен өзге де кредиторлардың талаптарын осы Заңның 123-бабында белгіленген кезектілікке сәйкес қанағаттандыру;
5) банкке ең аз шығынды реттеу құралдарын қолдану;
6) республикалық бюджет қаражатын және (немесе) өзге де мемлекеттік қаражатты ең төмен қажетті көлемде және жүйелік маңызы бар банкті реттеу кезінде тек қана жүйелік тәуекелдерді азайту және банк жүйесіне едәуір теріс әсерді болғызбау үшін пайдалану;
7) уәкілетті органның басқа функцияларына қарамастан, уәкілетті органның банкті реттеу функциясын жүзеге асыруы.
3. Егер банктің қызмет қабілетін бағалау нәтижелері банктің мәжбүрлеп таратылуымен салыстырғанда банкке реттеу құралдарын қолдану мүмкіндігі мен орындылығын растаса:
1) уәкілетті орган жүйелік маңызы бар банк болып табылмайтын банкке реттеу режимін қолдану туралы шешімді аталған банктің қызмет қабілетін бағалау жүргізілген күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірмей қабылдайды;
2) жүйелік маңызы бар банкке реттеу режимін қолдану туралы шешім осы Заңның 94-бабының 1-тармағында айқындалған тәртіппен қабылданады.
4. Банкке реттеу режимін қолдану туралы шешім:
1) осы баптың 2-тармағында белгіленген қағидаттарға негізделуге;
2) мыналарды:
осы баптың 1-тармағында белгіленген реттеу режимінің мақсаттарын;
осы Заңның 90-бабының 1-тармағында көрсетілген реттеу жоспарының ережелерін (бар болса);
осы Заңның 91-бабында көрсетілген қызмет қабілетін бағалау нәтижелерін ескере отырып, реттеу құралдарының тізбесін, оларды іске асырудың шарттары мен болжамды мерзімдерін қамтуға тиіс.
5. Уәкілетті орган банкке реттеу режимін қолдану туралы шешімді ол қабылданған күннен бастап бір жұмыс күні ішінде банктің, банктің ірі қатысушыларының, банк холдингтерінің, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің және депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйымның назарына жеткізеді.
Банктің депозиторларын, өзге де кредиторларын, клиенттері мен борышкерлерін, сондай-ақ өзге де мүдделі тұлғаларды хабардар ету мақсатында банкке реттеу режимін қолдану туралы хабарландыруды банк Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында таратылатын екі мерзімді баспасөз басылымында қазақ және орыс тілдерінде жариялайды, банктің интернет-ресурсында орналастырады, сондай-ақ ақпараттандыру объектілері арқылы банк клиенттерінің назарына жеткізеді. Уәкілетті орган аталған хабарландыруды өзінің интернет-ресурсында орналастырады.
Осы Заңның 94-бабына сәйкес мемлекеттің қатысуы жүзеге асырылған жүйелік маңызы бар банк өзінің ресми интернет-ресурсында өзіне қатысты реттеу режимінің қолданылуы туралы ақпаратты, сондай-ақ оның мөлшері, ұсыну және пайдалану шарттары және оны қайтару жөніндегі міндеттемелердің орындалу барысы туралы мәліметтерді қоса алғанда, мемлекеттің қатысуы туралы ақпаратты орналастыруға міндетті.
6. Егер банкке реттеу режимін қолдану туралы шешімде өзгеше көзделмесе, реттеу режимін қолдану басталған күннен бастап:
1) банк берешегінің барлық түрі бойынша тұрақсыздық айыбын (өсімпұлдарды, айыппұлдарды) есептеу тоқтатыла тұрады;
2) банктің депозиторлар мен өзге де кредиторлар алдындағы ақшалай міндеттемелерін, оның ішінде даусыз тәртіппен қанағаттандырылуға жататын міндеттемелерін орындау тоқтатыла тұрады;
3) банктің мүлкін өндіріп алу тоқтатыла тұрады;
4) банктен борыштарды өндіріп алу туралы атқарушылық құжаттардың орындалуы тоқтатыла тұрады;
5) банкке:
пайданы бөлу, жай және (немесе) артықшылықты акциялар бойынша дивидендтерді есептеу және төлеу;
субординарлық борыш, мерзімсіз қаржы құралдары және (немесе) залалдарды қамтудың (жабудың) жалпы қабілеттігін қамтамасыз ететін өзге де құралдар бойынша сыйақы төлеу;
банктің ірі қатысушылары және (немесе) банк холдингтері алдындағы кез келген қаржылық міндеттемелерді орындау;
Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасында белгіленген жағдайларда жалақы (сыйлықақылардан және басқа да ынталандырушы төлемдерден басқа) және өзге де кепілдік берілген төлемдерді төлеуді қоспағанда, банктің басшы қызметкерлеріне сыйақылар төлеу туралы шешімдерді қабылдауға, сондай-ақ бұрын қабылданған шешімдерді орындауға тыйым салынады.
7. Осы Заңның 27-бабында белгіленген жағдайларды қоспағанда, банкке реттеу режимін және (немесе) реттеу құралдарын қолдану:
1) банктің контрагенттерінің бастамасы бойынша банктің міндеттемелерін мерзімінен бұрын орындау немесе тоқтату;
2) банк жасасқан кез келген шарт бойынша міндеттемелерді орындамау (дефолт), реттеу, төлем қабілетсіздігі оқиғасының және (немесе) кез келген ұқсас оқиғаның басталуына байланысты банктің міндеттемелерді мерзімінен бұрын орындауы;
3) кредиторлардың бастамасы бойынша банктің кепіл немесе өзге де қамтамасыз ету нысанасы болып табылатын мүлкі есебінен банкке қойылатын талаптарды қанағаттандыруы үшін негіз бола алмайды.
8. Банкке реттеу режимін қолдану кезінде уәкілетті орган осы Заңның 101-бабында айқындалған тәртіппен банкті басқару жөніндегі уақытша әкімшілікті тағайындайды.
9. Уәкілетті орган және (немесе) банкті басқару жөніндегі уақытша әкімшілік, оның ішінде кредиторлардың өтінішхаты бойынша банк реттеу режимін қолдана бастаған күнге дейінгі үш жыл ішінде жасаған мәмілелер бойынша Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде, Қазақстан Республикасының заңдарында және (немесе) осы Заңның 122-бабының 2-тармағында көзделген мәмілелердің жарамсыздығы негіздері болған кезде мәмілелерді жарамсыз деп тану туралы арызбен сотқа жүгінуге құқылы.
Реттеу режимі шеңберінде мәмілелерді жарамсыз деп тануға осы Заңның 122-бабының 3, 4, 5 және 6-тармақтарының ережелері қолданылады.
Уәкілетті органның немесе банкті басқару жөніндегі уақытша әкімшіліктің өтініші бойынша қозғалған сот талқылауында, реттеу режимі тоқтатылғаннан кейін банк не (банкті операциялардың барлық түрін жүзеге асыруға арналған банк лицензиясынан айырған жағдайда) банкті мәжбүрлеп тарату туралы сот шешімі заңды күшіне енгенге дейін банкті басқару жөніндегі уақытша әкімшілік талапкер деп танылады.
Қазақстан Республикасының Заңы 2026 жылғы 16 қаңтардағы № 258-VIII ҚРЗ.
Қазақстан Республикасының
Президенті
© 2012. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты» ШЖҚ РМК
Конституция Заң Кодекс Норматив Жарлық Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгер Қорғаушы Заң қызметі Құқық қорғау Құқықтық қөмек Заңгерлік кеңсе Азаматтық істері Қылмыстық істері Әкімшілік істері Арбитраж даулары Заңгерлік кеңес Заңгер Адвокаттық кеңсе Қазақстан Қорғаушы Заң компаниясы