93-бап. Реттеу құралдары Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы Заңы
1. Реттеу режиміндегі банкке мынадай реттеу құралдарының кез келгені қолданылуы мүмкін:
1) реттеу режиміндегі банктің акцияларын жаңа инвесторға мәжбүрлеп сату;
2) реттеу режиміндегі банктің міндеттемелерін мәжбүрлеп қайта құрылымдау;
3) реттеу режиміндегі банктің активтері мен міндеттемелерінің барлығын немесе бір бөлігін басқа банкке (басқа банктерге) бір мезгілде беру жөніндегі операция;
4) тұрақтандыру банкін құру және оған реттеу режиміндегі банктің активтері мен міндеттемелерінің барлығын немесе бір бөлігін беру.
Осы тармақтың бірінші бөлігінің 2) тармақшасында көзделген реттеу құралы реттеу режиміндегі банкке мынадай шарттардың бірі:
осындай банкке осы тармақтың бірінші бөлігінің 1) тармақшасында және (немесе) 3) тармақшасында және (немесе) 4) тармақшасында көзделген реттеу құралдарының қолданылуы;
Қазақстан Республикасы Үкіметінің не ұлттық басқарушы холдингтің осы Заңның 94-бабының 11-тармағында айқындалған тәртіппен жүйелік маңызы бар банктің акцияларын сатып алуы сақталған кезде қолданылуы мүмкін.
Жүйелік маңызы бар банкті реттеу осы Заңның 94-бабында белгіленген ерекшеліктермен жүзеге асырылады.
2. Банкті реттеу құралдары және оларды қолдану жөніндегі іс-шаралар реттеу режиміндегі банктің акционерлерінің, депозиторларының, өзге де кредиторларының, клиенттерінің, борышкерлерінің, сондай-ақ өзге де мүдделі тұлғалардың келісімін алусыз іске асырылады.
3. Реттеу құралдарын қолдану және (немесе) осы Заңның 92-бабы 2-тармағының 2) тармақшасында белгіленген қағидаттың сақталуын растау мақсаттары үшін уәкілетті орган реттеу режиміндегі банктің активтері мен міндеттемелеріне, оның ішінде бағалаушыларды, аудиторлық және (немесе) өзге де мамандандырылған ұйымдарды тарта отырып бағалау жүргізуге құқылы.
Уәкілетті органның аталған бағалауды жүргізуге байланысты шығыстары реттеу режиміндегі банктің қаражаты есебінен төленеді (өтеледі).
4. Банкті реттеу құралдарын қолдану тәртібі уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде айқындалады және ол мыналарды қамтиды:
1) реттеу режиміндегі банктің акцияларын жаңа инвесторға мәжбүрлеп сату тәртібі;
2) реттеу режиміндегі банктің міндеттемелерін мәжбүрлеп қайта құрылымдау тәртібі;
3) реттеу режиміндегі банктің активтері мен міндеттемелерін басқа банкке (басқа банктерге) бір мезгілде беру жөніндегі операцияны жүзеге асыру тәртібі;
4) тұрақтандыру банкін құру және лицензиялау тәртібі, оның жарғылық және меншікті капиталдарының ең төмен мөлшері және оларды қалыптастыру тәртібі, тұрақтандыру банкінің жарияланған акцияларының шығарылымын тіркеу және жарияланған акцияларының күшін жою тәртібі, тұрақтандыру банкін басқару тәртібі, сондай-ақ тұрақтандыру банкінің жасалуына қатысты ерекше шарттар белгіленген мәмілелер жасау тәртібі;
5) реттеу режиміндегі банктің активтері мен міндеттемелерін тұрақтандыру банкіне беру, сондай-ақ тұрақтандыру банкінің активтер мен міндеттемелерді уәкілетті орган айқындайтын басқа банкке беру тәртібі мен шарттары;
6) банкке реттеу режимін қолдану салдарынан банктің депозиторларының және (немесе) өзге де кредиторларының іс жүзіндегі залалдары банкке реттеу режимін қолданбай, оны мәжбүрлеп тарату жағдайында олар шегуі мүмкін залалдардан асып кеткен банктің депозиторларын және (немесе) өзге де кредиторларын айқындау мақсатында бағалау жүргізу өлшемшарттары, сондай-ақ осындай бағалау туралы есептің мазмұнына қойылатын талаптар.
Қазақстан Республикасының Заңы 2026 жылғы 16 қаңтардағы № 258-VIII ҚРЗ.
Қазақстан Республикасының
Президенті
© 2012. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты» ШЖҚ РМК
Конституция Заң Кодекс Норматив Жарлық Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгер Қорғаушы Заң қызметі Құқық қорғау Құқықтық қөмек Заңгерлік кеңсе Азаматтық істері Қылмыстық істері Әкімшілік істері Арбитраж даулары Заңгерлік кеңес Заңгер Адвокаттық кеңсе Қазақстан Қорғаушы Заң компаниясы