Қызметтер үшін төлем тек компанияның шотына төленеді. Сізге ыңғайлы болу үшін біз Kaspi RED / CREDIT /БӨЛІП ТӨЛЕУДІ іске қостық 😎

Басты бет / Конвенция / Резолюция / Концепция / Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің фармакопеяларын үйлестіру тұжырымдамасы туралы

Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің фармакопеяларын үйлестіру тұжырымдамасы туралы

АMANAT партиясы және Заң және Құқық адвокаттық кеңсесінің серіктестігі аясында елге тегін заң көмегі көрсетілді

Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің фармакопеяларын үйлестіру тұжырымдамасы туралы

Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының 2015 жылғы 22 қыркүйектегі № 119 шешімі

2014 жылғы 23 желтоқсандағы Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде дәрілік заттар айналысының бірыңғай қағидаттары мен қағидалары туралы келісімнің 5-бабына, 2014 жылғы 23 желтоқсандағы Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің № 98 шешімімен бекітілген Еуразиялық экономикалық комиссия Жұмысының регламентіне № 2 қосымшаның 27-тармағына және Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің 2014 жылғы 23 желтоқсандағы № 108 «Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде дәрілік заттар айналысының бірыңғай қағидаттары мен қағидалары туралы келісімді іске асыру туралы» шешіміне сәйкес Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасы шешті:

  1. Қоса беріліп отырған Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің фармакопеяларын үйлестіру тұжырымдамасы бекітілсін.
  2. Осы Шешім 2014 жылғы 23 желтоқсандағы Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде дәрілік заттар айналысының бірыңғай қағидаттары мен қағидалары туралы келісім күшіне енген күннен бастап күшіне енеді.

Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының Төрағасы               В. Христенко

БЕКІТІЛГЕН

Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының2015 жылғы 22 қыркүйектегі № 119 шешімімен

Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің фармакопеяларын үйлестіру ТҰЖЫРЫМДАМАСЫ

I. Кіріспе

Еуразиялық экономикалық одақ (бұдан әрі – Одақ) шеңберінде дәрілік заттардың ортақ нарығының жұмыс істеуі жағдайында дәрілік заттарға қойылатын талаптарды үйлестіру қажетті процесс болып табылады. Ортақ нарықты реттеудің қазіргі кезеңінде үйлестіру Одаққа мүше мемлекеттердің (бұдан әрі – мүше мемлекеттер) фармакопеялық стандарттарын дамытудың тәсілдерінің бірі болып табылады.

Осы Тұжырымдама 2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарттың 30-бабына, 2014 жылғы 23 желтоқсандағы Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде дәрілік заттар айналысының бірыңғай қағидаттары мен қағидалары туралы келісімнің 5-бабына және Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің 2014 жылғы 23 желтоқсандағы № 108 «Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде дәрілік заттар айналысының бірыңғай қағидаттары мен қағидалары туралы келісімді іске асыру туралы» шешіміне сәйкес әзірленді.

Осы Тұжырымдама мүше мемлекеттердің фармакопеялары мен негізгі фармакопеялар негізінде Еуразиялық экономикалық одақтың Фармакопеясын (бұдан әрі – Одақ фармакопеясы) әзірлеу моделін және қағидаттарын, Одақ фармакопеясының үйлестірілген фармакопеялық баптарын (монографияларын) Еуразиялық экономикалық одақтың Фармакопеялық комитетінің (бұдан әрі – Одақтың Фармакопеялық комитеті) мақұлдауын, сондай-ақ Одақтың Фармакопеялық комитеті белгілеген тәртіппен мақұлданған, мүше мемлекеттердің мамандары бірлесіп дайындаған фармакопеялық баптар (монографиялар) болып табылатын үйлестірілген фармакопеялық баптарды (монографияларды) Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының бекітуін айқындайды. Бұл саладағы барлық рәсімдердің ашықтығын белгілеу, сондай-ақ жаңа үйлестірілген фармакопеялық баптарды (монографияларды) әзірлеу процесінің үздіксіздігін қамтамасыз ету мақсатында жүзеге асырылады.

Тұжырымдама мүше мемлекеттердің фармакопеяларын медициналық қолдануға арналған дәрілік заттар бөлігінде де, ветеринариялық дәрілік препараттар бөлігінде де үйлестіру мәселелерін қамтиды.

Үйлестірілген фармакопеялық баптарды (монографияларды) тиісінше әзірлеуді, оларға өзгерістер енгізуді, оларды жаңартуды және мақұлдауды жүзеге асыру мақсатында осы Тұжырымдама Одақтың бірыңғай Фармакопеясын құру бөлігінде Одақтың Фармакопеялық комитеті мен дәрілік заттар айналысы саласындағы мүше мемлекеттердің уәкілетті органдарының өзара іс-қимыл қағидаттарын айқындайды.

Осы Тұжырымдама мынадай міндеттерді іске асыруға бағытталған:

мүше мемлекеттердің фармакопеяларын үйлестіру моделін қалыптастыру;

мүше мемлекеттердің фармакопеяларын үйлестіру кезінде талаптары ескерілуге тиіс негізгі фармакопеяларды таңдау, олардың басымдық деңгейін айқындау;

мүше мемлекеттердің фармакопеяларын үйлестіруді жүргізудің бірыңғай тәртібін қолдануды қамтамасыз ету;

Одақ фармакопеясының фармакопеялық баптарын (монографияларын) әзірлеу қағидаттарының бірлігін қамтамасыз ету.

II. Мүше мемлекеттердің фармакопеяларын үйлестірудің қазіргі заманғы тәсілдері

Халықаралық фармакопеяларды үйлестіру 1948 жылы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) Хатшылығына тиісті мандат берілген кезде бастау алды. Халықаралық фармакопеяның бірінші басылымының бірінші томы бүкіл әлемде фармацевтикалық субстанциялардың сапасына қойылатын талаптарды үйлестіру мақсатында 1951 жылы жарияланды.

2012 жылдан бастап жаһандық деңгейде үйлестіруді жүзеге асыру үшін ДДҰ-ның Дәрілік заттардың ерекшеліктері жөніндегі сарапшылар комитетінің қамқорлығымен ДДҰ-ның «Тиісті фармакопеялық практика» (GPhP) стандарты белсенді түрде әзірленуде.

ДДҰ-ның «Тиісті фармакопеялық практика» (GPhP) стандартының негізгі міндеттері мыналар болып табылады:

фармакопеялық стандарттарды қабылдау арқылы жаһандық деңгейде дәрілік заттардың сапасын қамтамасыз ету;

жаһандық фармакопеялық қызметті тануға жәрдемдесу;

дәрілік заттардың сапасына қойылатын фармакопеялық стандарттарға реттеуші органдардың жаһандық деңгейде сенімін арттыру;

барлық мүдделі тұлғалар (ұлттық және өңірлік фармакопеялық комитеттер мен өзге де ұйымдар, реттеуші органдар, фармацевтикалық өнеркәсіп өкілдері) арасындағы ынтымақтастықты нығайту және дәрілік заттардың сапасына қойылатын фармакопеялық стандарттарды әзірлеуге байланысты шығындарды қысқарту;

дәрілік заттардың сапасына қойылатын фармакопеялық стандарттарды жаһандық деңгейде үйлестіру және тану рәсімін жеңілдету;

мүше мемлекеттердің фармакопеялық комитеттеріне дәрілік заттардың сапасына қойылатын үйлестірілген фармакопеялық стандарттарды жасау жөніндегі жұмысына қолдау көрсету.

ДДҰ-ның «Тиісті фармакопеялық практика» (GPhP) стандарты фармакопеялық талаптарды әзірлеу, жариялау және тарату жөніндегі ұлттық және өңірлік фармакопеялық комитеттер мен өзге де ұйымдарға арналған басшылыққа айналуға тиіс. Онда баяндалған фармакопеялық баптарды (монографияларды) әзірлеу қағидаттары мен тәсілдері мыналарға қолданылады:

фармацевтикалық субстанциялар;

табиғи текті дәрілік шикізат (өсімдік, жануар текті);

дәрілік препараттар;

биологиялық препараттар;

экстемпоралдық дәрілік препараттар;

дәрілік заттарды сынау үшін пайдаланылатын стандартты үлгілер.

Фармакопеяларды үйлестіру жөніндегі тиімді күш-жігердің мысалдары ретінде Фармакопеялық пікірталас тобы (PDG), Оңтүстік Американың ортақ нарығын үйлестіру тобы (МЕРКОСУР) және басқалар табылады. Фармакопеялық пікірталас тобы (PDG) Еуропалық фармакопеяның, АҚШ фармакопеясының және Жапон фармакопеясының талаптарын тікелей үйлестіруді жүзеге асырады. Оңтүстік Американың ортақ нарығын үйлестіру тобы (МЕРКОСУР) шеңберінде Латын Америкасы елдерінің – Аргентинаның, Бразилияның, Парагвайдың және Уругвайдың фармакопеялық стандарттары үйлестіріледі.

Осылайша, фармакопеяларды жаһандық және өңірлік деңгейлерде үйлестіру тәжірибесін мүше мемлекеттердің фармакопеяларын үйлестіру процесі шеңберінде пайдалану орынды.

III. Мүше мемлекеттердің фармакопеялары

Ресей империясында, кейіннен КСРО-да дәрілік заттардың сапасын мемлекеттік бақылау Мемлекеттік орыс фармакопеясының (6 басылым) стандарттары мен ережелері бойынша, ал 1925 жылдан бастап – КСРО Мемлекеттік фармакопеясының стандарттары мен ережелері бойынша жүргізілді. КСРО Мемлекеттік фармакопеясының соңғы басылымдары – X басылымы (1969 жыл) және XI басылымы (1987 жыл – 1-шығарылым, 1990 жыл – 2-шығарылым) – шектеулі дәрежеде болса да, осы уақытқа дейін өзінің нормативтік сипатын сақтап қалды.

Фармакопеялық стандарттарды әзірлеу тәжірибесін алу үшін мүше мемлекеттердің дәрілік заттар айналысы саласындағы уәкілетті органдары Еуропа Кеңесінің Еуропалық фармакопея комиссиясының ресми байқаушылары болды. Фармакопеялық комитеттер Беларусь Республикасында, Қазақстан Республикасында және Ресей Федерациясында құрылып, жұмыс істейді.

Беларусь Республикасы мен Қазақстан Республикасының фармакопеялары Еуропалық фармакопеямен іс жүзінде толық үйлестірілген. Олардың фармакопеялық баптарының (монографияларының) көпшілігінің құрылымына Еуропалық фармакопея талаптарына негізделген жалпы бөлік және тиісінше Беларусь Республикасы мен Қазақстан Республикасының КСРО Мемлекеттік фармакопеясының талаптары мен заңнамасына негізделген ұлттық бөлік кіреді.

Мүше мемлекеттердің фармакопеялық баптарының (монографияларының) жалпы бөлігінде тиісті өндірістік практика қағидаларына сәйкес өндірілген дәрілік заттардың сапасына қойылатын талаптар қамтылады.

Мүше мемлекеттердің фармакопеялары фармакопеялық баптарының (монографияларының) ұлттық бөлігі мүше мемлекеттердегі дәрілік заттардың сапасына қатысты тәсілдердің ерекшеліктерін көрсетеді. Ол баламалы әдістемелерді, қосымша ақпараттық материалдарды қамтиды. Көбінесе фармакопеялық баптардың (монографиялардың) ұлттық бөлігінің талаптары еуропалық фармакопеялық баптардың (монографиялардың) талаптарына қарағанда қатаңырақ болып табылады.

1. Беларусь Республикасы

Беларусь Республикасының Мемлекеттік фармакопеясына қатысты нормалар Беларусь Республикасының 2006 жылғы 20 шілдедегі № 161-З «Дәрілік заттар туралы» Заңында қамтылған.

Беларусь Республикасының Мемлекеттік фармакопеясының I басылымы 3 том болып 2007–2009 жылдары жарияланды және қолданысқа енгізілді. Ұлттық фармакопеялық баптарда (монографияларда) сынау әдістеріне, дәрілік заттар мен фармацевтикалық субстанциялардың сапасына, реактивтерге, контейнерлерге, экстемпоралдық дәрілік препараттарды дайындау мен олардың сапасын бақылауға, қайта өндірілген дәрілік препараттардың биожетімділігі мен биоэквиваленттілігіне зерттеулер жүргізуге, химиялық эксперимент нәтижелерін статистикалық өңдеуді орындауға, сынау әдістемелерін валидациялауға, сондай-ақ дәрілік түрлерге қойылатын жалпы талаптарға және басқаларға қойылатын талаптар баяндалған.

2013 жылғы 1 қаңтардан бастап Беларусь Республикасының Мемлекеттік фармакопеясының II басылымының бірінші томы қолданысқа енгізілді, оған талдау әдістеріне, контейнерлерге, реактивтерге, экстемпоралдық дәрілік препараттарға, дозаланған дәрілік түрлерге, гомеопатиялық дәрілік заттарға және басқаларға арналған жалпы фармакопеялық баптар (монографиялар) енгізілді. Ұлттық мәртебесі бар фармакопеялық баптарды (монографияларды) және фармакопеялық баптарға (монографияларға) толықтыруларды жаңарту бойынша ауқымды жұмыс жүргізілді. Беларусь Республикасының Мемлекеттік фармакопеясының II басылымының бірінші томы Еуропалық фармакопеяның 7-басылымының талаптарына негізделген.

Беларусь Республикасының Мемлекеттік фармакопеясын Еуропалық фармакопеяның талаптарымен үйлестіруге ресми рұқсатты Еуропа Кеңесінің Дәрілік заттардың сапасын бақылау және денсаулық сақтау жөніндегі еуропалық дирекциясы (EDQM) берді.

Беларусь Республикасының Мемлекеттік фармакопеясының II басылымының екінші томын шығару Беларусь Республикасының Мемлекеттік фармакопеясының I басылымының екінші және үшінші томдарында қамтылған фармакопеялық баптарды (монографияларды) (фармацевтикалық субстанцияларға арналған 463 фармакопеялық бапты (монографияны), дәрілік өсімдік шикізатына арналған 136 фармакопеялық бапты (монографияны), оның ішінде ұлттық мәртебесі бар фармакопеялық баптарды (монографияларды)) біріктіреді. Еуропалық фармакопеяның талаптарына (EP 8.0 – 8.4) негізделген Беларусь Республикасының Мемлекеттік фармакопеясының II басылымының екінші томын 2015 жылы басып шығару және қолданысқа енгізу жоспарланған.

Фармакопеялық баптарды (монографияларды) әзірлеу кезінде көзделетін сынақтар СТБ ИСО/МЭК 17025-2007 «Сынақ және калибрлеу зертханаларының құзыреттілігіне қойылатын жалпы талаптар» стандартына сәйкестігі сертификатталған зертханаларда, ИСО/МЭК 17025 халықаралық стандартына сәйкес келетін және Еуропа Кеңесінің Ресми медициналық бақылау зертханалары желісіне (OMCL GEON) кірген зертханада, сондай-ақ ДДҰ преквалификациясынан өткен және ДДҰ ұсынымдарына сәйкес деп танылған зертханада орындалады.

Беларусь Республикасының Мемлекеттік фармакопеясының өзектілігін қамтамасыз ету, сондай-ақ оған Еуропалық фармакопеяда жоқ жаңа фармакопеялық баптарды (монографияларды) енгізу мүмкіндігін қамтамасыз ету мақсатында 2013 жылғы қарашада АҚШ Фармакопеялық конвенциясымен (USP) келісімге қол қойылды. Бұл келісім АҚШ фармакопеясының мәтіндерін Беларусь Республикасының Мемлекеттік фармакопеясының фармакопеялық баптарына (монографияларына) енгізу үшін оларды пайдалануға мүмкіндік береді.

2. Қазақстан Республикасы

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік фармакопеясын құру қажеттілігі Қазақстан Республикасы Президентінің заң күші бар 1995 жылғы 23 қарашадағы № 2655 «Дәрілік заттар туралы» Жарлығымен айқындалды. Бұл мәселенің одан әрі дамуы Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 13 қаңтардағы № 522-II «Дәрілік заттар туралы» Заңымен айқындалды. Ұлттық фармакопеялық талаптар болмаған жағдайда Қазақстан Республикасында дәрілік заттардың сапасын мемлекеттік бақылауды дамытудағы маңызды қадам Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Фармация комитетінің 2004 жылғы 11 ақпандағы № 21 бұйрығымен жетекші фармакопеяларды (Еуропалық фармакопеяны, АҚШ фармакопеясын, Британ фармакопеясын және Неміс гомеопатиялық фармакопеясын) тану болды.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік фармакопеясы 2005–2008 жылдары мемлекеттік қолдаудың арқасында құрылды, 2008 жылы бекітіліп, қолданысқа енгізілді. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік фармакопеясының мәртебесін бекітетін ережелер қазіргі уақытта Қазақстан Республикасының 2009 жылғы 18 қыркүйектегі № 193-IV «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодексінде белгіленген.

Қазақстан Республикасында қолданылатын фармакопеялар стандарттарын қолдану белгіленген басымдық деңгейіне сәйкес жүзеге асырылады. Бірінші басымдық деңгейі Қазақстан Республикасының Мемлекеттік фармакопеясына беріледі, онда тиісті фармакопеялық монографиялар болмаған жағдайда Еуропалық фармакопея қолданылады (екінші басымдық деңгейі). АҚШ фармакопеясы мен Британ фармакопеясы үшінші басымдық деңгейіне ие.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік фармакопеясының I басылымы 2008–2009 жылдары қазақ және орыс тілдерінде 2 том болып жарияланды. Бірінші томда жалпы фармакопеялық монографиялар қамтылған, екінші томға фармацевтикалық субстанцияларға арналған 300 фармакопеялық монография, дәрілік өсімдік шикізатына арналған 26 фармакопеялық монография, дәрілік препараттарға арналған 77 фармакопеялық монография, адамға қолдануға арналған вакциналар мен адамның иммуноглобулиндеріне арналған 15 фармакопеялық монография енгізілді. Үйлестірілген мәтіндерге қосымша Қазақстан Республикасының Мемлекеттік фармакопеясына дәрілік өсімдік шикізатына, дәрілік препараттарға арналған 100 ұлттық фармакопеялық монография енгізілді.

Еуропалық фармакопея мәтіндерін пайдалануға ресми рұқсатты оның патент иеленушісі – Еуропа Кеңесінің Дәрілік заттардың сапасын бақылау және денсаулық сақтау жөніндегі еуропалық дирекциясы (EDQM) берді.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік фармакопеясын АҚШ фармакопеясының талаптарымен үйлестіру мақсатында 2009 жылғы шілдеде Қазақстан Республикасы ресми байқаушы болды, ал 2010 жылғы қарашада АҚШ Фармакопеялық конвенциясының (USP) шешуші дауыс беру құқығы бар мүшесі болды. 2010 жылғы қазанда Қазақстан Республикасының Мемлекеттік фармакопеясын АҚШ фармакопеясының стандарттарымен үйлестіру туралы келісімге қол қойылды, ол оның мәтіндерін толық және іріктеп алу тетіктері арқылы ұлттық фармакопеялық монографияларға енгізу үшін пайдалануға мүмкіндік береді. Осы мақсатта 2014 жылғы сәуірде Британ фармакопеясының стандарттарымен Қазақстан Республикасының Мемлекеттік фармакопеясын үйлестіру мүмкіндігін көздейтін Ұлыбританияның Дәрілік заттар айналысын реттеу агенттігімен (MHRA) келісімге қол қойылды.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік фармакопеясын одан әрі дамыту Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 29 қарашадағы № 1113 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының денсаулық сақтауды дамытудың 2011–2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасымен айқындалды.

Қазіргі уақытта Еуропалық фармакопеяның (ЕР 8.0 – 8.2), АҚШ фармакопеясының (USP 37) және Британ фармакопеясының (BP 2014) талаптарымен үйлестірілген Қазақстан Республикасының Мемлекеттік фармакопеясының үшінші томы жарияланды. Басылымда фармацевтикалық субстанцияларға, дәрілік өсімдік шикізатына, дәрілік препараттарға, радиофармацевтикалық препараттарға және радиофармацевтикалық препараттарға арналған бастапқы материалдарға, гомеопатиялық препараттарға, медициналық бұйымдарға арналған 304 жаңа жалпы және жеке фармакопеялық монография бар.

Фармакопеялық монографияларды әзірлеу кезінде көзделетін сынақтар СТ РК ИСО/МЭК 17025-2007 «Сынақ және калибрлеу зертханаларының құзыреттілігіне қойылатын жалпы талаптар» стандартына сәйкестігі бойынша аккредиттелген зертханаларда орындалады. Қазіргі уақытта осы зертханалардың Еуропа Кеңесінің Ресми медициналық бақылау зертханалары желісіне (OMCL GEON) кіруі бойынша жұмыстар белсенді жүргізілуде.

3. Ресей Федерациясы

Ресей Федерациясының Мемлекеттік фармакопеясы мен КСРО Мемлекеттік фармакопеясы арасында сабақтастық бар, ал КСРО Мемлекеттік фармакопеясы, өз кезегінде, Мемлекеттік орыс фармакопеясының одан әрі дамуының нәтижесі болды. Бұл фармакопеялардың басылымдарының тарихы жиынтығында 200 жылдан астам уақытты қамтиды.

Ресей Федерациясының Мемлекеттік фармакопеясының ресми мәртебесін айқындайтын ережелер 2010 жылғы 12 сәуірдегі № 61-ФЗ «Дәрілік заттар айналысы туралы» Федералдық заңда бекітілген.

Қазіргі уақытта Ресей Федерациясының аумағында 2007 жылғы Ресей Федерациясының Мемлекеттік фармакопеясының XII басылымы (1-бөлігі) қолданылады. Алайда оған КСРО Мемлекеттік фармакопеясының XI басылымынан (1986 жыл, 1989 жыл) және ішінара X басылымынан (1968 жыл) сұранысқа ие жалпы фармакопеялық баптар енгізілмегендіктен, Ресей Федерациясында аталған үш басылымның барлығы пайдаланылады. КСРО Мемлекеттік фармакопеясының XI басылымы мен Ресей Федерациясының Мемлекеттік фармакопеясының XII басылымы (1-бөлігі) шыққан кезеңнің арасында жекелеген жалпы фармакопеялық баптар мен фармакопеялық баптар, сондай-ақ оларға енгізілген, Ресей Федерациясының Мемлекеттік фармакопеясының заңдық күшімен бірдей заңдық күші бар өзгерістер мен толықтырулар қолданысқа енгізілді.

Ресейлік дәрілік заттарды стандарттау жүйесі мынадай негізгі элементтерге негізделеді:

жалпы фармакопеялық баптар;

фармакопеялық баптар;

фармакопеялық стандартты үлгілер.

Жақын болашақта қолданысқа енгізу жоспарланып отырған Ресей Федерациясының Мемлекеттік фармакопеясының XIII басылымында талдау әдістеріне, жалпы әдістерге, дәрілік түрлерге, иммунобиологиялық дәрілік препараттарға, дәрілік өсімдік шикізатына және оны талдау әдістеріне арналған 229 жалпы фармакопеялық бап ұсынылады. Әзірленген жалпы фармакопеялық баптардың іс жүзінде барлығының талаптары жетекші шетелдік фармакопеялардың (Еуропалық, Британ, Жапон фармакопеялары мен АҚШ фармакопеясының) ұқсас фармакопеялық стандарттарының талаптарына барынша жақындатылған.

Осы жалпы фармакопеялық баптар қолданысқа енгізілгеннен кейін (сұранысқа ие емес бірнеше жалпы фармакопеялық баптарды қоспағанда) КСРО Мемлекеттік фармакопеясының X және XI басылымдарында, сондай-ақ Ресей Федерациясының Мемлекеттік фармакопеясының XII басылымында ұсынылған жалпы фармакопеялық баптардың күші жойылады.

Бұдан басқа, Ресей Федерациясының Мемлекеттік фармакопеясының XIII басылымына синтетикалық, өсімдік және биологиялық текті дәрілік заттарға арналған 179-дан астам фармакопеялық бап енгізіледі.

Ресей Федерациясының Мемлекеттік фармакопеясының XIII басылымында барлық негізгі фармакопеялық баптар, оның ішінде бірқатар иммунобиологиялық дәрілік препараттарға және оларды талдау әдістеріне арналған фармакопеялық стандарттар ұсынылады.

Қазіргі уақытта Ресей Федерациясы Денсаулық сақтау министрлігінің «Медициналық қолдануға арналған дәрілік заттарға сараптама жүргізу ғылыми орталығы» федералдық мемлекеттік бюджеттік мекемесі Фармакопея және халықаралық ынтымақтастық орталығы атынан жетекші шетелдік фармакопеялармен (Еуропалық, Британ, Жапон фармакопеяларымен және АҚШ фармакопеясымен), сондай-ақ мүше мемлекеттердің фармакопеяларымен белсенді өзара іс-қимыл жасайды. Ресей Федерациясының өкілдері фармакопеялық стандарттарды перспективалық үйлестіру шеңберінде ДДҰ бастамасымен құрылған «Тиісті фармакопеялық практика» (GPhP) стандарты бойынша жұмыс істейтін ДДҰ жұмыс тобының құрамына енгізілген.

Фармакопеялық баптарды әзірлеу кезінде көзделетін сынақтар Ресей Федерациясы Денсаулық сақтау министрлігінің «Медициналық қолдануға арналған дәрілік заттарға сараптама жүргізу ғылыми орталығы» федералдық мемлекеттік бюджеттік мекемесінің Дәрілік заттардың сапасына сараптама жүргізу сынақ орталығында орындалады. Оның 4 зертханасы ИСО/МЭК 17025 халықаралық стандартына сәйкестігі бойынша аттестатталған және Еуропа Кеңесінің Ресми медициналық бақылау зертханалары желісінің (OMCL GEON) қауымдастырылған мүшелері болып табылады, ал ДДҰ преквалификациясынан өткен 2 зертханасы фармацевтикалық өнімдердің сапасын бақылауды жүзеге асыратын зертханаларға арналған «Тиісті практика» ДДҰ стандартына сәйкес деп танылған.

4. Мүше мемлекеттердің фармакопеяларын үйлестіру және Одақ фармакопеясын әзірлеу үшін бастапқы жағдайларды талдау

Мүше мемлекеттердің фармакопеялық стандарттарының жай-күйі мен даму перспективаларын талдау олардың күшті жақтарына мыналарды жатқызуға мүмкіндік береді:

үйлестіру тәжірибесінің болуы – көп жағдайда мүше мемлекеттердің фармакопеялары Еуропалық фармакопеяның талаптарымен үйлестірілген;

мүше мемлекеттердің фармакопеяларының рөлі мен жұмыс істеу тетігін, мүше мемлекеттердің фармакопеялық стандарттарын үздіксіз дамыту және жаңарту қажеттілігін түсіну;

мүше мемлекеттердің фармакопеялық стандарттарын әлемнің жетекші фармакопеяларының (Еуропалық, Британ, Жапон фармакопеялары мен АҚШ фармакопеясының) талаптарымен және өзара одан әрі үйлестіру қажеттілігін түсіну;

Еуропа Кеңесінің Еуропалық фармакопея комиссиясының сессияларына тұрақты қатысу және мүше мемлекеттердің фармакопеяларын құру процесінің арқасында алынған фармакопеялық стандарттарды әзірлеу және енгізу тәжірибесінің (білім, әдіснама және т. б.) болуы;

халықаралық ынтымақтастық, жаһандық фармакопеялық қызметке қатысу, ДДҰ-ның «Тиісті фармакопеялық практика» (GPhP) стандартын әзірлеу мен талқылау, АҚШ Фармакопеялық конвенциясы мен Қытай фармакопеялық комиссиясының қолдауымен Жаһандық фармакопеялық индексті құру және басқа да халықаралық жобаларға қатысу тәжірибесінің болуы.

Мүше мемлекеттердің фармакопеялық стандарттарының әлсіз жақтары мыналар болып табылады:

мүше мемлекеттердің фармакопеялары фармакопеялық баптарының (монографияларының) талаптарындағы айырмашылықтар;

дәрілік заттардың, әсіресе дәрілік препараттардың мүше мемлекеттер фармакопеяларының фармакопеялық баптарымен (монографияларымен) жеткіліксіз қамтылуы;

тең құқықты қатысушылар ретінде мүше мемлекеттердің фармакопеялық талаптарын өңірлік деңгейде көпжақты үйлестіру тәжірибесінің болмауы;

мүше мемлекеттердің фармацевтикалық өнеркәсібінің даму деңгейі мен экспортқа бағдарлану дәрежесінің елеулі айырмашылығы, бұл мүше мемлекеттердің фармакопеялық талаптарының қатаңдық дәрежесіне әсер етуі және оларды үйлестіру процесін қиындатуы мүмкін;

мүше мемлекеттердің фармакопеялық талаптарының әлемнің жетекші фармакопеяларымен (Еуропалық, Британ, Жапон фармакопеяларымен және АҚШ фармакопеясымен) үйлестірілу дәрежесіндегі елеулі айырмашылық.

Осы Тұжырымдаманы іске асыру шеңберінде мүше мемлекеттердің және (немесе) мүше мемлекеттердің уәкілетті органдарының іс-қимыл бағдарламасы мыналарды қамтуға тиіс:

мүше мемлекеттердің фармакопеяларын үйлестіруді қамтамасыз ету мақсатында дәрілік заттар айналысы саласындағы мүше мемлекеттердің уәкілетті органдарына қолдау көрсету;

медицина және фармация саласында жоғары білікті кадрлар даярлау және олардың ұлттық әрі үйлестірілген өңірлік фармакопеялық талаптарды әзірлеуге қатысуын қамтамасыз ету;

фармакопеялық баптардың (монографиялардың) жобаларын дайындау (оларды верификациялау, валидациялау және т. б.) бойынша эксперименттік жұмыстар жүргізу үшін заманауи аналитикалық жабдықтармен жарақтандырылған және оқытылған персоналы бар сынақ зертханаларын құруға жәрдемдесу;

фармакопеялық баптардың (монографиялардың) талаптарын әзірлеу және үйлестіру мәселелері бойынша халықаралық ұйымдарды, өзге мемлекеттердің реттеуші және фармакопеялық органдарын консультациялық және әдістемелік көмек көрсетуге тарту.

IV. Тұжырымдаманы іске асыру кезеңдері мен мерзімдері

Жалпы және жеке фармакопеялық баптарды (монографияларды) әзірлеу үздіксіз, уақытпен шектелмейтін процесс екенін назарға ала отырып, осы Тұжырымдаманы іске асыру үздіксіз жүзеге асырылады.

Бұл ретте осы Тұжырымдаманы іске асырудың 2 кезеңі бөлінеді.

Бірінші кезеңде мынадай талаптарды белгілейтін Одақ фармакопеясының үйлестірілген жалпы фармакопеялық баптарын (монографияларын) әзірлеу көзделеді:

дәрілік заттардың сапасын бақылау әдістеріне және дәрілік заттардың сапасын сынауды жүргізуге қажетті жабдыққа;

қаптама материалдарына;

реактивтерге;

дәрілік түрлерге;

фармацевтикалық субстанцияларға;

стандартты үлгілерге;

Одақ шеңберінде айналысқа арналған дәрілік заттарды өндіруде пайдаланылатын қосымша заттарға.

Одақ фармакопеясының үйлестірілген жалпы фармакопеялық баптарын (монографияларын) әзірлеу және 2016 жылдан бастап қолданысқа енгізу дәрілік заттар айналысы саласындағы мүше мемлекеттердің уәкілетті органдарымен қамтамасыз етілуге тиіс.

Екінші кезеңде дәрілік заттар айналысы саласындағы мүше мемлекеттердің уәкілетті органдары Одақтың Фармакопеялық комитетінің базасында фармацевтикалық субстанцияларға (ветеринарияда фармацевтикалық қолдануға арналған субстанцияларды қоса алғанда), табиғи текті дәрілік шикізатқа (өсімдік, жануар текті), дәрілік препараттарға және басқа да дәрілік заттарға арналған үйлестірілген жеке фармакопеялық баптарды (монографияларды) әзірлеуді көздейді.

V. Мүше мемлекеттердің фармакопеяларын үйлестіру тәсілдері және оның мазмұны

Мүше мемлекеттердің фармакопеяларын үйлестіру тәсілдеріне мыналар кіреді:

дәрілік заттардың сапасын бақылау жөніндегі нормативтік құжаттаманы әзірлеу, дайындау және бағалаудың барлық деңгейлерінде ДДҰ-ның «Тиісті фармакопеялық практика» (GPhP) стандартын енгізу және қолдану;

мүше мемлекеттердің фармакопеяларын пайдаланудан Одақ фармакопеясын пайдалануға кезең-кезеңімен көшу;

бірыңғай сараптамалық орган – Одақтың Фармакопеялық комитетін құру және оның келісілген фармакопеялық баптар (монографиялар) мен дәрілік заттардың сапасы жөніндегі нұсқаулықтарды орталықтандырылған түрде таратуы.

Осы Тұжырымдамаға сәйкес мүше мемлекеттерде мыналар үйлестірілетін болады:

ұғымдық аппарат және пайдаланылатын өлшем бірліктері жүйелері;

дәрілік заттардың сапасын бақылау кезінде қолданылатын жабдыққа қойылатын фармакопеялық талаптар;

талдаудың физикалық, физика-химиялық, химиялық, биологиялық және басқа да әдістеріне қойылатын фармакопеялық талаптар;

фармацевтикалық субстанциялардың сәйкестендірілуіне (түпнұсқалығын тексеруге) қойылатын фармакопеялық талаптар;

қоспалардың құрамына жүргізілетін сынақтарға қойылатын фармакопеялық талаптар;

сандық анықтау әдістеріне қойылатын фармакопеялық талаптар;

биологиялық сынақтар әдістері және биологиялық сандық анықтау әдістеріне қойылатын фармакопеялық талаптар;

фармакогнозиялық әдістерге қойылатын фармакопеялық талаптар;

фармацевтикалық-технологиялық сынақтарға қойылатын фармакопеялық талаптар;

реактивтерге, сондай-ақ дәрілік препараттарды тығындауға арналған материалдар мен жүйелерге қойылатын фармакопеялық талаптар;

микробиологиялық көрсеткіштерге қойылатын фармакопеялық талаптар;

дәрілік түрлер мен дәрілік препараттар топтарына қойылатын фармакопеялық талаптар;

гомеопатиялық препараттарға қойылатын фармакопеялық талаптар;

фармацевтикалық субстанцияларға, дәрілік өсімдік шикізатынан жасалған препараттарға қойылатын фармакопеялық талаптар.

VI. Мүше мемлекеттердің фармакопеяларын үйлестіруді қамтамасыз ететін негізгі қағидаттар мен ережелер

Мүше мемлекеттердің фармакопеяларын үйлестірудің негізгі қағидаттары мыналар болып табылады:

үйлестіру процесінің үздіксіздігі;

үйлестіру процесінің ашықтығы;

авторлық құқықтардың сақталуы;

мүше мемлекеттердің Одақ фармакопеясының үйлестірілген фармакопеялық баптарын (монографияларын) мүше мемлекеттердің фармакопеяларына енгізу құқығын тануы.

Мүше мемлекеттердің фармакопеяларын үйлестіру мынадай ережелер негізінде жүзеге асырылады:

әлемдік практикада пайдаланылатын фармакопеялық стандарттарды үйлестірудің барлық түрлері мен тетіктерін ескеру;

мүше мемлекеттердің фармакопеяларын қалыптастыру тәжірибесі мен олардың айырмашылықтарын ескеру;

осы Тұжырымдаманың мақсаттары үшін негізгі деп айқындалған фармакопеялардың (Еуропалық фармакопея, Британ фармакопеясы, АҚШ фармакопеясы) талаптарын олардың басымдық деңгейіне қарай ескеру;

Одақтың Фармакопеялық комитеті мен дәрілік заттар айналысы саласындағы мүше мемлекеттердің уәкілетті органдарының өзара іс-қимылы, оның ішінде үйлестірілген фармакопеялық баптардың (монографиялардың) жобаларын верификациялау үшін мүше мемлекеттердің аккредиттелген сынақ зертханаларын ұсыну бөлігінде өзара іс-қимыл жасауы;

мүше мемлекеттердің фармакопеяларын үйлестіру процесіне бизнес-қоғамдастық, ғылыми және қоғамдық ұйымдар өкілдерінің, өзге де тәуелсіз сарапшылардың қатысуы;

фармакопеялық талаптарды үйлестірудің жаһандық процесі шеңберінде халықаралық ынтымақтастықты дамыту.

VII. Мүше мемлекеттердің фармакопеяларын үйлестірудің жалпы тәсілі

1. Үйлестіру моделін таңдау

Халықаралық практикада үйлестіру рәсімі толық (adoption) немесе іріктеп алу (adaptation) тетіктерін пайдалану арқылы жүзеге асырылады. Толық тетік базалық ретінде танылған фармакопеялық бапты (монографияны) көшіруді көздейді. Іріктеп алу тетігін іске асыру кезінде базалық фармакопеялық баптың (монографияның) талаптарымен салыстырғанда дәрілік заттардың сапасына неғұрлым қатаң немесе неғұрлым жұмсақ талаптар белгілеуге жол беріледі.

Үйлестіру екі түрлі болуы мүмкін – ретроспективалық және перспективалық. Ретроспективалық үйлестіру фармакопеяларға енгізілген фармакопеялық баптарға (монографияларға) қолданылады. Перспективалық үйлестіру бұрын фармакопеялық стандарттау объектілері болмаған сынау әдістері (әдістемелері) мен дәрілік заттарды (қосымша заттарды) қамтиды.

Үйлестіру объектілеріне мүше мемлекеттердің фармакопеяларының жалпы бөлімдері мен фармакопеялық баптары (монографиялары), сондай-ақ жеке фармакопеялық баптары (монографиялары) жатқызылуға тиіс. Фармакопеялық баптарды (монографияларды) үйлестіру мыналарды қамтуға тиіс:

фармацевтикалық субстанциялар;

табиғи текті дәрілік шикізат (өсімдік, жануар текті);

дәрілік түрлер;

дәрілік препараттар;

биологиялық препараттар;

сынақтар (физикалық, физика-химиялық, химиялық, биологиялық, фармацевтикалық-технологиялық және т. б.);

сынау әдістері (әдістемелері);

дәрілік заттардың сапа көрсеткіштері мен сынау әдістері (әдістемелері) үшін белгіленетін рұқсат етілген нормалар (қабылдау критерийлері).

Еуропалық фармакопеяда дәрілік препараттарға қойылатын талаптар жеке емес, жалпы монографиялармен регламенттеледі. Одан айырмашылығы, басқа фармакопеяларда (Британ фармакопеясында және АҚШ фармакопеясында) жалпы монографиялардан басқа дәрілік препараттарға арналған жеке монографиялар да келтіріледі.

Осы Тұжырымдама Одақ фармакопеясының үйлестірілген фармакопеялық талаптарын фармацевтикалық субстанцияларға да, оларға сәйкес келетін дәрілік препараттарға да регламенттеу қажеттігін негізге алады. Қажет болған жағдайда дәрілік препараттарға арналған үйлестірілген фармакопеялық баптар (монографиялар) Британ фармакопеясымен және АҚШ фармакопеясымен үйлестірілуі мүмкін.

Негізгі фармакопеялар талаптарындағы айырмашылықтар үйлестіру процесінде негізгі фармакопеялардың басымдық деңгейлерін белгілеу қажеттігін туындатады. Бірінші басымдық деңгейі базалық фармакопеяны таңдауды көздейді. Екінші басымдық деңгейі базалық фармакопеяда тиісті фармакопеялық бап (монография) болмаған жағдайда өзге фармакопеяны қолдануды көздейді.

Мүше мемлекеттердің фармакопеяларын үйлестіру моделін әзірлеу мақсатында мынадай жағдайларды бөліп көрсету орынды:

үйлестіру объектісі бірінші деңгейдегі базалық фармакопеяда регламенттелген;

үйлестіру объектісі екінші деңгейдегі фармакопеяларда регламенттелген;

үйлестіру объектісі бірінші немесе екінші деңгейдегі фармакопеялардың ешқайсысында регламенттелмеген.

Алғашқы екі жағдайда үйлестіру толық та, іріктеп алу тетігі арқылы да жүзеге асырылуы мүмкін. Іріктеп алу тетігі жекелеген фармакопеялық ережелерді не сынау әдістерін (әдістемелерін), не рұқсат етілген нормаларды (қабылдау критерийлерін) және т. б. ішінара пайдалануды көздейді. Фармакопеялық сынау әдістеріне (әдістемелеріне) өзгерістер енгізілген жағдайда оларды Одақ фармакопеясының қабылданған фармакопеялық талаптарына сәйкес верификациялау және валидациялау қажет.

Үйлестірудің толық тетігі үйлестірілген фармакопеялық бапты (монографияны) әзірлеуді талап етпейді, тек қарызға алу көзі болып табылатын тиісті фармакопеяға сілтеме көрсету жеткілікті. Іріктеп алу тетігі қолданылған кезде ол қолданылған әрбір үйлестіру объектісі үшін қарызға алу көзі көрсетілген үйлестірілген фармакопеялық бап (монография) әзірленуге тиіс.

Үйлестіру объектісі бірінші немесе екінші деңгейдегі фармакопеялардың ешқайсысында регламенттелмеген жағдайда үйлестірілген фармакопеялық баптарды (монографияларды) міндетті түрде әзірлеу қажет. Бұл ретте фармакопеялық талаптарды үйлестіру түрі ретроспективалық та, перспективалық та болуы мүмкін. Егер үйлестіру объектісі мүше мемлекеттердің фармакопеяларында сипатталған болса, ретроспективалық үйлестіру мүмкін болады. Мүше мемлекеттердің фармакопеяларында тиісті фармакопеялық бап (монография) болмаған жағдайда дәрілік затты (қосымша затты) өндірушілердің сапа ерекшеліктеріне негізделген перспективалық үйлестіру жүргізілуге тиіс.

Дәрілік заттар айналысы саласындағы халықаралық нормалар мен қағидаттарға сәйкес, егер дәрілік заттарды (қосымша заттарды) үйлестірілген әдістемелер бойынша сынау кезінде бірдей нәтижелерге қол жеткізілсе және олардың жарамдылығы туралы шешім қабылданса, фармакопеялық баптар (монографиялар) үйлестірілген болып есептеледі.

2. Мүше мемлекеттердің фармакопеяларының фармакопеялық баптарын (монографияларын) үйлестіру кезінде талаптары ескерілетін негізгі фармакопеялардың басымдық деңгейлері

Мүше мемлекеттердің фармакопеяларын үйлестіру шеңберінде негізгі фармакопеялар ретінде мыналарды тану қажет:

Еуропалық фармакопея;

Британ фармакопеясы;

АҚШ фармакопеясы.

Беларусь Республикасы мен Қазақстан Республикасының фармакопеяларының онымен толық үйлестірілуіне, сондай-ақ Армения Республикасының осы Фармакопеяның фармакопеялық баптарын (монографияларын) толық көлемде пайдалануына байланысты Еуропалық фармакопеяны базалық (бірінші деңгейдегі негізгі фармакопея) ретінде тану орынды.

Британ фармакопеясы мен АҚШ фармакопеясы екінші деңгейдегі фармакопеялар мәртебесіне ие. Бұл ретте ветеринариялық дәрілік препараттар бөлігінде мәтіндерді үйлестіру кезінде Британ фармакопеясы басымдыққа ие.

3. Мүше мемлекеттердің фармакопеяларын үйлестіруді жүргізудің жалпы тәртібі

Үйлестірілген фармакопеялық баптарды (монографияларды) әзірлеу және бекіту процесі Одақтың Фармакопеялық комитеті айқындайтын мүше мемлекеттердің фармакопеяларын үйлестіруді жүргізу тәртібіне сәйкес жүзеге асырылуға тиіс.

2014 жылғы 23 желтоқсандағы Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде дәрілік заттар айналысының бірыңғай қағидаттары мен қағидалары туралы келісімде фармакопеялық баптарды (монографияларды) үйлестіру мақсатында әрбір мүше мемлекет пен Еуразиялық экономикалық комиссия ұсынған мамандардан Одақтың Фармакопеялық комитетін құру көзделген. Одақтың Фармакопеялық комитетінің негізгі міндеттері мен өкілеттіктері Еуразиялық экономикалық комиссия бекітетін Еуразиялық экономикалық одақтың Фармакопеялық комитеті туралы ережемен белгіленеді.

Үйлестіру рәсімін таңдау Одақтың Фармакопеялық комитетімен жүзеге асырылады және мынадай кезеңдерді көздейді:

дәрілік заттар айналысы саласындағы мүше мемлекеттің уәкілетті органдарының бірі Одақтың Фармакопеялық комитетіне үйлестірілген фармакопеялық бапты (монографияны) әзірлеу, фармакопеялық бапты (монографияны) жаңарту немесе оған өзгерістер енгізу қажеттілігі туралы тиісті негіздемесі бар өтінім ұсынуы;

Одақтың Фармакопеялық комитетінің көрсетілген өтінімді қарауы және үйлестірілген фармакопеялық бапты (монографияны) әзірлеудің, фармакопеялық бапты (монографияны) жаңартудың немесе оған өзгерістер енгізудің орындылығы туралы тиісті шешім қабылдауы;

Одақтың Фармакопеялық комитеті тиісті үйлестірілген фармакопеялық бапты (монографияны) әзірлеу, жаңарту немесе фармакопеялық бапқа (монографияға) өзгерістер енгізу орынды деп шешкен жағдайда, Одақтың Фармакопеялық комитетінің үйлестірілген фармакопеялық баптың (монографияның), оны жаңартудың немесе фармакопеялық бапқа (монографияға) енгізілетін өзгерістердің жобасын әзірлейтін мүше мемлекеттің уәкілетті органын және (немесе) ұйымын айқындауы (бұдан әрі – әзірлеуші);

жауапты әзірлеушінің үйлестірілген фармакопеялық баптың (монографияның), оны жаңартудың немесе фармакопеялық бапқа (монографияға) енгізілетін өзгерістердің жобасын, тиісті негіздемесі бар түсіндірме жазбаны және басқа да қажетті құжаттарды Одақтың Фармакопеялық комитетінің хатшылығына ұсынуы;

Одақтың Фармакопеялық комитетінің үйлестірілген фармакопеялық баптың (монографияның), оны жаңартудың немесе фармакопеялық бапқа (монографияға) енгізілетін өзгерістердің жобасын, тиісті негіздемесі бар түсіндірме жазбаны және жобаға қоса берілетін құжаттарды қарауы және талқылауы, сондай-ақ қажет болған жағдайда Одақтың Фармакопеялық комитеті жанындағы мамандандырылған сараптамалық топтың осы жобаны, тиісті негіздемесі бар түсіндірме жазбаны және оған қоса берілетін құжаттарды қарауы және талқылауы;

үйлестірілген фармакопеялық баптың (монографияның) жобасын осы мақсаттар үшін Одақтың Фармакопеялық комитеті тағайындаған мүше мемлекеттердің аккредиттелген сынақ зертханаларында верификациялау (қажет болған жағдайда, әсіресе перспективалық үйлестіру кезінде);

Одақтың Фармакопеялық комитеті жанындағы мамандандырылған сараптамалық топтардың отырыстарында алынған ұсынымдар негізінде жауапты әзірлеушінің үйлестірілген фармакопеялық баптың (монографияның) жобасын пысықтауы (қажет болған жағдайда);

үйлестірілген фармакопеялық баптың (монографияның) жобасын Одақтың Фармакопеялық комитетінің қайта қарауы (қажет болған жағдайда);

үйлестірілген фармакопеялық баптың (монографияның) жобасын мүше мемлекеттердің мамандандырылған баспасөзінде және Одақтың ресми сайтында «Интернет» ақпараттық-телекоммуникациялық желісінде жария талқылау үшін орналастыру туралы шешім қабылдау;

Одақтың Фармакопеялық комитеті жанындағы мамандандырылған сараптамалық топтың жария талқылау нәтижелері бойынша алынған ескертулерді қарауы (олар болған жағдайда) және жауапты әзірлеушінің қажетті түзетулер енгізуі;

үйлестірілген фармакопеялық баптың (монографияның) жобасын Одақтың Фармакопеялық комитеті жанындағы мамандандырылған сараптамалық топтың мақұлдауы және оны кейіннен Одақтың Фармакопеялық комитетінің мақұлдауы;

Одақтың Фармакопеялық комитетінің отырысында қарау нәтижелері бойынша Одақтың Фармакопеялық комитеті төрағасының мақұлданған үйлестірілген фармакопеялық бапты (монографияны) бекітуі және осы фармакопеялық бапты (монографияны) немесе фармакопеялық баптар (монографиялар) тобын Одақ фармакопеясына енгізу туралы Еуразиялық экономикалық комиссия шешімінің жобасын дайындау;

Одақ фармакопеясының томын немесе Одақ фармакопеясының томына толықтыруды басып шығару, оның ішінде:

Одақ фармакопеясының фармакопеялық баптарының (монографияларының) мәтіндерін беттеу;

Одақ фармакопеясының фармакопеялық баптарының (монографияларының) мәтіндерін ғылыми редакциялау;

Одақ фармакопеясының фармакопеялық баптарының (монографияларының) мәтіндерін корректорлық тексеру;

Одақ фармакопеясының томын немесе Одақ фармакопеясының томына толықтыруды жариялау.

4. Үйлестірілген фармакопеялық баптарды (монографияларды) әзірлеу қағидаттары

Үйлестірілген фармакопеялық баптарды (монографияларды) әзірлеу қағидаттарының бірлігін қамтамасыз ету мақсатында Одақтың Фармакопеялық комитеті фармакопеялық баптарды (монографияларды) әзірлеу және үйлестіру жөніндегі басшылықты бекітеді.

Фармакопеялық баптарды (монографияларды) әзірлеу және үйлестіру жөніндегі басшылық Еуропа Кеңесінің Еуропалық фармакопея комиссиясы қабылдаған монографияларды әзірлеу жөніндегі техникалық басшылықтың, ДДҰ-ның «Тиісті фармакопеялық практика» (GPhP) стандартының және Адамға арналған дәрілік препараттарды тіркеу үшін техникалық талаптарды үйлестіру жөніндегі халықаралық кеңестің (ICH) тиісті басшылықтарының ережелерін ескере отырып жасалады.

5. Одақ фармакопеясы

Дәрілік заттардың сапасын бақылау әдістеріне және дәрілік заттардың сапасын сынауды жүргізуге қажетті жабдыққа, қаптама материалдарына, реактивтерге, дәрілік түрлерге, фармацевтикалық субстанцияларға, стандартты үлгілерге, Одақ шеңберінде айналысқа арналған дәрілік заттарды өндіруде пайдаланылатын қосымша заттарға қойылатын талаптарды белгілейтін үйлестірілген жалпы фармакопеялық баптар (монографиялар) Одақ фармакопеясының бірінші томын құрайды.

Фармацевтикалық субстанцияларға (ветеринарияда қолдануға арналған фармацевтикалық субстанцияларды қоса алғанда), табиғи текті дәрілік шикізатқа (өсімдік, жануар текті), дәрілік препараттарға және басқа да дәрілік заттарға арналған үйлестірілген жеке фармакопеялық баптар (монографиялар) Одақ фармакопеясының кейінгі томдарын құрайды.

Ветеринариялық дәрілік препараттарға арналған үйлестірілген фармакопеялық баптар (монографиялар) Одақ фармакопеясының жеке томына енгізіледі (егер олар медициналық қолдануға арналған дәрілік препараттарға арналған фармакопеялық баптардан (монографиялардан) өзгеше болса).

Одақ фармакопеясының кезекті басылымына енгізілмеген үйлестірілген жалпы және жеке фармакопеялық баптар (монографиялар) толықтырулар түрінде жариялануы мүмкін.

Одақ фармакопеясы талаптары үйлестірілген негізгі фармакопеяларға қатысты үйлестіру процесінде бірінші басымдық деңгейіне ие.

Одақ шеңберінде дәрілік заттар айналысы кезінде Одақ фармакопеясының талаптары сақталуға тиіс.

Одақ шеңберінде дәрілік заттардың ортақ нарығының тиісінше жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін Одақ фармакопеясын кемінде 5 жылда 1 рет өзектендіру қажет.

Одақ фармакопеясының басылымын дайындауды ұйымдастыру және оны кейіннен тұрақты түрде жаңарту Еуразиялық экономикалық комиссиямен қамтамасыз етіледі.

6. Одақ фармакопеясының үйлестірілген фармакопеялық баптарын (монографияларын) қамтамасыз ету үшін қажетті стандартты үлгілер

Одақ фармакопеясының үйлестірілген фармакопеялық баптарын (монографияларын) қамтамасыз ету үшін стандартты үлгілер тізбесі қалыптастырылады, оны жүргізу тәртібін Одақтың Фармакопеялық комитеті айқындайды.

Стандартты үлгілер ретінде Одақ фармакопеясының, мүше мемлекеттердің фармакопеяларының және негізгі фармакопеялардың жарамды стандартты үлгілері пайдаланылуы мүмкін.

 

Конституция Заң Кодекс Нормативтік актілер Жарлық Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгері Заң қызметі Заң қызметі Заңгерлік консультация Азаматтық Қылмыстық Әкімшілік істер мен даулар Қорғау Арбитраждық Қазақстанның заң компаниясы Адвокаттық кеңсе Сот істері Декларация Жарлық Бұйрық Қаулы Шешім Баяндама Қорытынды Өтініш Қорытынды Конвенция Шарт Меморандум Әдістеме Нормалар Нота Қағидалар Бағдарлама Жарғы Хартия Бап Түсіндірме Резолюция Регламент Хаттама Жоба Бағдарлама Қағидалар Жолдаулар