Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына әкелінген тауарларды қадағалау тетігін іске асырудың кейбір мәселелері туралы
Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесінің 2026 жылғы 20 мамырдағы № 68 шешімі.
2019 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына әкелінген тауарларды қадағалау тетігі туралы келісімнің (бұдан әрі – Келісім) 4-бабының 3 және 4 тармақтарын, 5-бабының 3, 4 және 6 тармақтарын, 7-бабының 1 тармағын, 9-бабының 2 тармағын, 11-бабының 1 және 2 тармақтарын іске асыру мақсатында Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесі шешті:
1. Мыналар белгіленсін:
1) Еуразиялық экономикалық одақ Кеңесінің қадағалау жүзеге асырылатын тауарлар тізбесін бекіту туралы шешімі (бұдан әрі – тізбе) немесе тізбеге өзгерістер енгізу туралы шешімі күшіне енген күні Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағында (бұдан әрі – Одақ) нақты тұрған, қадағалануға жататын тауарлар және осындай тауарлардың айналымына байланысты операциялар туралы мәліметтер Одаққа мүше мемлекеттердің ұлттық қадағалау жүйелеріне (бұдан әрі тиісінше – ұлттық қадағалау жүйелері, мүше мемлекеттер) Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесінің осындай шешімі күшіне енген күннен бастап 1 ай ішінде енгізілуге тиіс.
Қадағалануға жататын тауарлардың айналымын жүзеге асыратын мүше мемлекеттердің тұлғалары көрсетілген мәліметтерді Келісімнің 13-бабы 1-тармағының 2) тармақшасына сәйкес айқындалған мүше мемлекеттердің мемлекеттік билік органдарына не ұйымдарына (бұдан әрі – мүше мемлекеттердің мемлекеттік билік органдары (ұйымдары)) электрондық түрде, осындай тауарлардың айналымына байланысты операцияларды жүзеге асырғанға дейін, бірақ осы тармақшаның бірінші абзацында көрсетілген мерзімнен кешіктірмей ұсынады.
Егер мұндай мәліметтер ұлттық қадағалау жүйесінде бұрыннан бар болса, осы тармақшаның бірінші абзацында көрсетілген мәліметтерді ұсыну талап етілмейді;
2) Келісімнің 5-бабы 1-тармағының 1) және 3) тармақшаларында көрсетілген құжаттардан алынған мәліметтер қадағалануға жататын тауарлар шығарылған, тауарларға арналған декларацияға түзету тіркелген немесе Келісімде көзделген ілеспе құжат (бұдан әрі – ілеспе құжат), оның ішінде түзетілген ілеспе құжат жасалған күннен бастап 3 күнтізбелік күннен кешіктірілмей ұлттық қадағалау жүйесіне енгізіледі.
Комиссия, тапсырма, сақтау, мердігерлік, қаржылық жалдау (лизинг), коммерциялық қарыз, логистикалық қызметтер көрсету шарттарына сәйкес тауарларды, оның ішінде көрмелерге, жәрмеңкелерге (көрмелерден, жәрмеңкелерден) тауарларды өткізу, тауарларды өткізумен байланысты емес бір мүше мемлекеттің аумағынан басқа мүше мемлекеттің аумағына ауыстыру жағдайында, Келісімнің 4-бабының 4-тармағы негізінде осындай тауарларды ауыстыру туралы құжаттардан алынған мәліметтер, егер бұл мүше мемлекеттің заңнамасында көзделсе, ілеспе құжат жасалған күннен кейінгі 1 күнтізбелік күннен кешіктірілмей ұлттық қадағалау жүйесіне енгізіледі;
3) басқа мүше мемлекеттердің ұлттық қадағалау жүйелерінен алынған мәліметтер ұлттық қадағалау жүйесіне не мүше мемлекеттің ұлттық қадағалау жүйелерінен алынған мәліметтерді сақтауға арналған жүйесіне оларды алған сәттен бастап 60 минуттан кешіктірілмей енгізіледі;
4) қадағалануға жататын тауарлар және осындай тауарлардың айналымына байланысты операциялар туралы мәліметтерді ұлттық қадағалау жүйесінде сақтау тауарлар айналымына байланысты соңғы операция туралы мәліметтер ұлттық қадағалау жүйесіне енгізілген күннен бастап 5 жыл өткен соң тоқтатылады, ал мұндай операциялар жүзеге асырылмаған жағдайда – осындай тауарлар ішкі тұтыну үшін шығару кедендік рәсімімен орналастырылған тауарларға арналған декларациядан немесе тауарларға арналған декларация берілгенге дейін тауарларды шығару туралы өтініштен не Келісімнің 5-бабы 1-тармағының 2) тармақшасында көрсетілген құжаттардан мәліметтер ұлттық қадағалау жүйесіне келіп түскен күннен бастап 5 жыл өткен соң тоқтатылады;
5) ақпараттық жүйелердің техникалық іркілістерден, байланыс құралдарының (телекоммуникациялық желілер мен "Интернет" ақпараттық-телекоммуникациялық желісінің) жұмысындағы бұзушылықтардан, электр энергиясының ажыратылуынан туындаған ақауларына байланысты ұлттық қадағалау жүйесінде осындай ауыстыруға байланысты операциялар туралы мәліметтер болмаған жағдайда, тауарларды бір мүше мемлекеттің аумағынан басқа мүше мемлекеттің аумағына ауыстыру осындай мән-жайлар туындаған сәттен бастап олар жойылғанға дейін қағаз жеткізгіште жасалған ілеспе құжатты пайдалана отырып жүзеге асырылады.
Мүше мемлекеттің мемлекеттік билік органы (ұйымы) қолжетімді ақпарат беру тәсілдерін пайдалана отырып, тиісті басқа мүше мемлекеттердің мемлекеттік билік органдарына (ұйымдарына) және Еуразиялық экономикалық комиссияға осындай мән-жайлардың туындағаны туралы, олардың анықталған (жойылған) күні мен уақытын көрсете отырып, олар анықталған (жойылған) сәттен бастап 60 минут ішінде хабарлайды;
6) Келісімнің 11-бабы 1-тармағында айқындалған жағдайларға қосымша ретінде, дүлей зілзалалардың, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың салдарын алдын алу және жою мақсатында тауарларды бір мүше мемлекеттің аумағынан басқа мүше мемлекеттің аумағына ұлттық қадағалау жүйесінде осындай ауыстыруға байланысты операциялар туралы мәліметтер болмаған кезде ауыстыруға жол беріледі.
Көрсетілген мақсаттарда тауарларды ауыстыру қағаз жеткізгіште жасалған ілеспе құжатты және (немесе) мүше мемлекеттің заңнамасында айқындалған өзге де құжаттарды пайдалана отырып жүзеге асырылады;
7) қадағалануға жататын тауарлардың айналымына байланысты және осындай тауарларды бір мүше мемлекеттің аумағынан басқа мүше мемлекеттің аумағына ауыстырудан бұрын жасалған операциялар туралы ұлттық қадағалау жүйелерінде қамтылған мәліметтерді ұсыну туралы сұрау салуларды (бұдан әрі – сұрау салулар) және сұрау салуларға жауаптарды жіберу Одақтың интеграцияланған ақпараттық жүйесін пайдалана отырып, орыс тілінде жүзеге асырылады;
8) сұрау салу ілеспе құжатта қамтылған мәліметтер негізінде қалыптастырылады және мыналарды қамтиды:
сұрау салуды қалыптастырған мүше мемлекеттің мемлекеттік билік органының (ұйымының) коды;
сұрау салу жіберілетін мүше мемлекеттің мемлекеттік билік органының (ұйымының) коды;
сұрау салуды жіберетін мүше мемлекеттің мемлекеттік билік органының (ұйымының) атауы;
сұрау салу жіберілетін мүше мемлекеттің мемлекеттік билік органының (ұйымының) атауы;
ілеспе құжаттың тіркеу нөмірі мен күні немесе ілеспе құжаттың бірегей сәйкестендіргіші, сондай-ақ (бар болса) ілеспе құжатқа сәйкес қадағалануға жататын тауардың реттік нөмірі;
тауарлар туралы мәліметтер ұлттық қадағалау жүйесіне енгізілген құжаттың атауы, нөмірі мен күні, сондай-ақ (бар болса) көрсетілген құжатқа сәйкес қадағалануға жататын тауардың реттік нөмірі.
Сұрау салуды орындау мерзімі оны сұрау салуды алған мүше мемлекеттің органы (ұйымы) алған күннен бастап 15 күнтізбелік күннен аспауға тиіс.
Сұрау салуды орындаудан бас тартуға осы тармақшада белгіленген талаптарға сәйкес келмеуі негіз болып табылады;
9) сұрау салуға жауап ұлттық қадағалау жүйесінде қамтылған мәліметтер негізінде қалыптастырылады және мыналарды қамтиды:
а) мәліметтерді ұсынатын мүше мемлекеттің коды;
б) мәліметтерді ұсынатын мүше мемлекеттің мемлекеттік билік органы (ұйымы) туралы мәліметтер;
в) мәліметтерді қалыптастыру күні мен уақыты;
г) бір мүше мемлекеттің аумағынан басқа мүше мемлекеттің аумағына қадағалануға жататын тауарды ауыстырудан бұрын жасалған және ұлттық қадағалау жүйесінде қамтылған операциялардың саны;
д) тауарды ауыстырудан бұрын жасалған операциялар туралы мәліметтер (сұрау салуда көрсетілген тауардың айналымына байланысты ілеспе құжаттар туралы, тауарды иелену, пайдалану және оған билік ету құқығын беретін және алатын тұлғалар туралы, қадағалануға жататын тауар туралы және т.б. мәліметтер);
е) ішкі тұтыну үшін шығару кедендік рәсімімен орналастырылған, сұрау салуда көрсетілген қадағалануға жататын тауарға қатысты тауарларға арналған декларациядан алынған мынадай мәліметтер (Келісімнің 2-бабы 2-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген қадағалануға жататын тауарларға қатысты):
тауарларға арналған декларацияның тіркеу нөмірі;
қадағалануға жататын тауардың реттік нөмірі;
жөнелтуші ел;
межелі ел;
валюта;
қадағалануға жататын тауардың бағасы;
қадағалануға жататын тауардың атауы және оның сипаттамасы;
қадағалануға жататын тауардың ЕАЭО СЭҚ ТН сәйкес коды;
қадағалануға жататын тауардың өлшем бірлігі (егер мұндай өлшем бірлігі тізбеде көзделген тауардың сандық өлшем бірлігімен сәйкес келсе, көрсетілмеуі мүмкін);
қадағалануға жататын тауардың өлшем бірліктеріндегі саны (егер тауар саны тізбеде көзделген тауардың сандық өлшем бірлігінде көрсетілсе, көрсетілмеуі мүмкін);
тізбеде көзделген қадағалануға жататын тауардың сандық өлшем бірлігі;
тізбеде көзделген қадағалануға жататын тауардың сандық өлшем бірлігіндегі саны;
қадағалануға жататын тауардың брутто салмағы;
қадағалануға жататын тауардың шығарылған елі;
ж) мүше мемлекеттің заңнамасына сәйкес сұрау салуда көрсетілген тауарлар ұлттық қадағалау жүйесіне енгізілген құжаттан алынған мәліметтер (Келісімнің 2-бабы 2-тармағының 2) – 4) тармақшаларында көрсетілген қадағалануға жататын тауарларға қатысты):
құжаттың атауы, тіркеу нөмірі және күні;
қадағалануға жататын тауардың атауы, реттік нөмірі, өлшем бірлігі және саны.
2. Мыналардың күші жойылды деп танылсын:
2022 жылғы 21 қаңтардағы № 2 "Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына әкелінген тауарларды қадағалау тетігін енгізу жөніндегі пилоттық жобаны іске асыру туралы" Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесінің шешімі;
2022 жылғы 21 қаңтардағы № 3 "Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына әкелінген және қадағалануға жататын тауарлар туралы мәліметтерді ұлттық қадағалау жүйелеріне енгізу және сақтау тәртібі туралы" Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесінің шешімі.
3. Осы Шешім ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік 30 күн өткен соң, бірақ Еуразиялық үкіметаралық кеңестің 2025 жылғы 30 қыркүйектегі № 5 "Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына әкелінген тауарларды қадағалау тетігінің тұрақты негізде жұмыс істеуін бастау туралы" шешімі күшіне енген күннен ерте емес күшіне енеді, осы Шешімнің 1-тармағының 9) тармақшасының "е" және "ж" тармақшаларын қоспағанда, олар көрсетілген Еуразиялық үкіметаралық кеңес шешімі күшіне енген күннен бастап 1 жыл өткен соң күшіне енеді.
Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесінің мүшелері:
| Армения Республикасынан | Беларусь Республикасынан | Қазақстан Республикасынан | Қырғыз Республикасынан | Ресей Федерациясынан |
|---|---|---|---|---|
| М. Григорян | Н. Петкевич | С. Жұмангарин | Д. Амангелдиев | А. Оверчук |
Конституция Заң Кодекс Норматив Указ Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгер Заңгерлік қызмет Заңгерлік консультация Азаматтық Қылмыстық Әкімшілік істер даулар Қорғау Төрелік Қазақстан заң компаниясы Адвокаттық кеңсе Сот істері Декларация Жарлық Бұйрық Қаулы Шешім Баяндама Қорытынды Өтініш Қорытынды Конвенция Шарт Меморандум Әдістеме Нормалар Нота Қағидалар Бағдарлама Жарғы Хартия Бап Түсініктеме Резолюция Регламент Хаттама Жоба Бағдарлама Қағидалар Жолдаулар