Оқудан шығару бұйрығын заңсыз деп тану туралы талап арыз
Астана қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотына
010000, Астана қаласы, Гейдар Әлиев көшесі, 6.
Талап қоюшы: СТҚарабекқызы
ЖСН ....
Сенімхат бойынша өкілі:
«Заң және Құқық» адвокаттық кеңсесі
БСН 201240021767.
Қазахстан Республикасы, 050002, Алматы қаласы,
Алмалы ауданы, Абылай Хана даңғылы, 79/71 үй, 304 кеңсе.
info@zakonpravo.kz www.zakonpravo.kz
тел.: +7 708 971 78 58 / 8 727 971 78 58.
Жауапкер: "Астана медицина университеті"
Коммерциялық емес Акционерлік Қоғамына
БСН ...
Астана қаласы, Сарыарқа ауданы, көшесі Бейбітшілік, ғимарат 49А.
+7 700 ...
ТАЛАП ҚОЮ
оқудан шығару бұйрығын заңсыз деп тану туралы
СТҚарабекқызы (әрі қарай – талап қоюшы) мен «Астана медицина университеті» КеАҚ (әрі қарай – жауапкер) арасында 2022 жылдың 31 наурызда №7.4-21-1602 білім беру қызметін көрсету туралы үлгілік шарт жасалған. Аталған шартқа сәйкес жауапкер талап қоюшыға жоғары білім беру қызметін көрсетуге, оқу процесін ұйымдастыруға және оқу бағдарламасын толық аяқтаған жағдайда тиісті білім туралы құжат беруге міндеттенген.
2025 жылғы 15 сәуірде жауапкердің, яғни университеттің Басқарма төрағасы – Ректордың №489-с/жс бұйрығымен (әрі қарай - бұйрық) медицина мектебінің 4-курс білім алушысы СТҚарабекқызы, яғни талап қоюшы университеттен оқудан шығарылған.
Аталған бұйрық тәртіптік кеңестің 2025 жылғы 10 сәуірдегі №6 хаттамасы негізінде қабылданған.
2025 жылғы 31 наурызда иммунология пәні бойынша емтихан тапсыру барысында талап қоюшы шпаргалка қолданғаны үшін ұсталған.
2025 жылғы 10 сәуірде жауапкердің тәртіптік кеңестің отырысы өткізіліп, №6 хаттама рәсімделген. Тәртіптік кеңес талап қоюшының әрекеттерін университеттің ішкі нормативтік құжаттарының талаптарын бұзу ретінде бағалап, атап айтқанда Университеттің Әдеп кодексінің 8-тармағының 20) және 24) тармақшаларын, сондай-ақ:
20) сыбайлас жемқорлық, оның ішінде пара беру немесе алумен (сыйлықтар беру, кез келген нысанда сыйақы беру, сондай-ақ пара беру бойынша делдалдық қызмет көрсету) байланысты құқық бұзушылықтар мен қылмыстар жасағаны үшін;
24) ағымдағы, аралық және қорытынды бақылау кезінде ұялы байланыстарды, парақтарды, құлаққаптарды немесе басқа да байланыс құралдарын пайдаланғаны үшін, бақылау ережелерін бұзғаны үшін.
Яғни, тәртіптік кеңес қорытындысында талап қоюшы емтихан тапсыру барысында тек ұялы телефон пайдаланғаны ғана емес, сонымен қатар сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасады деген тұжырымдар келтіріліп, талап қоюшыны университеттен оқудан шығару ұсынылды.
Алайда аталған бұйрық заңсыз, негізсіз және талап қоюшының құқықтары мен заңды мүдделерін бұза отырып қабылданған деп есептеймін. Оның себептері келесі:
Біріншіден, талап қоюшы ешқандай пара мұғалімдерге берген жоқ, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасады деген айып тағылғанымен, нақты қандай материалдық құндылықтар немесе ақша қаражаты берілгені туралы дәлелдер ұсынылмаған. Талап қоюшы тарапынан жауапкердің қызметкерлеріне ақша қаражатын, сыйлық немесе өзге де материалдық құндылықтарды беру фактісі болмаған.
Екіншіден, Жауапкердің шығарылған №6 хаттамасына және қызметтік жазбасына сәйкес талап қоюшы Университеттің Академиялық адалдық кодексінің қағидаларын бұзды деп анықтаған. Университеттің Академиялық адалдық кодексіне сәйкес академиялық адалдықты бұзу жағдайларын тіркеу және қарау тәртібі нақты регламенттелген. Атап айтқанда, емтихан немесе аралық бақылау барысында бұзушылық анықталған жағдайда тиісті акт жасалып, мәселе белгіленген рәсімдерге сәйкес қаралуы тиіс. Алайда осы рәсімдердің толық сақталғаны туралы мәліметтер студентке ұсынылмаған.
Үшіншіден, тәртіптік жаза қолдану кезінде пропорционалдылық қағидаты сақталуы тиіс. жауапкердің тәртіптік кеңесінің 2025 жылғы қаңтар–сәуір айлары аралығындағы тәжірибесіне сәйкес шпаргалка қолданған 80-нен астам студент пәнді жазғы семестрде қайта оқуға жіберілген және оқудан шығарылмаған. Осыған қарамастан, талап қоюшыға қатысты ең қатаң жаза – оқудан шығару қолданылған.
Төртіншіден, Университеттің Әдеп кодексінің 10-тармағына сәйкес білім алушылардың жауапкершілігі көзделген. Аталған тармақта білім алушылар оқу жоспарларын, Университет жарғысында көзделген міндеттерін орындамағаны және тиісінше орындамағаны үшін, сондай-ақ осы Кодексті, Академиялық адалдық кодексін, шарттық міндеттемелерді, жатақханада тұру ережелерін бұзғаны үшін тәртіптік жауапкершілікке тартылатыны және оларға тәртіптік жазалар қолданылуы мүмкін екені көрсетілген.
Алайда, көрсетілген нормада білім алушыға тікелей оқудан шығару түріндегі ең қатаң тәртіптік жаза қолдану көзделмеген. Бұл өз кезегінде жауапкер тарапынан қолданылған жаза түрі ішкі нормативтік актілерде нақты бекітілген жауапкершілік шегінен шығып кеткенін және қабылданған шешімнің шамадан тыс қатаң екенін көрсетеді.
Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңының 43-бабына сәйкес білім беру ұйымдары білім алушылардың құқықтарын сақтау және білім беру процесінің заңдылығын қамтамасыз етуге міндетті.
Сонымен қатар, білім алушыларды оқудан шығару мәселесі Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрінің 2018 жылғы 30 қазандағы №595 бұйрығымен бекітілген Жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары қызметінің үлгілік қағидаларының 41-тармағымен реттеледі. Аталған тармаққа сәйкес білім алушы тек нақты көрсетілген негіздер бойынша, атап айтқанда академиялық үлгермеушілік, академиялық адалдық қағидаттарын бұзу, ішкі тәртіп қағидаларын бұзу, шарт талаптарын бұзу немесе өз еркімен ғана оқудан шығарылуы мүмкін.
Осыған байланысты, талап қоюшы «сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасады» деген негіз бойынша оқудан шығару аталған 41-тармақта көзделмеген, ал мұндай ауыр айыптың дәлелденбеуі жағдайында оқудан шығару туралы бұйрықтың заңдылығы күмән тудырады.
Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңының 41-бабының 1-тармағының 1-тармақшасына сәйкес білім беру ұйымының жарғысы Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында көзделген талаптардан басқа, білім алушыларды, тәрбиеленушілерді оқудан шығару негіздерін және тәртібін қамтуға тиіс.
Алайда, жауапкердің Жарғысының 117-тармағында білім алушы Этикалық кодексті бұзғаны, яғни емтихан барысында ұялы телефон пайдаланғаны немесе пара беруге қатысты күдік туындаған жағдайда міндетті түрде оқудан шығарылады деген нақты норма көзделмеген.
Аталған мән-жайларды толық, жан-жақты және объективті нақтылау мақсатында жауапкердің атына Қазақстан Республикасының «Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» Заңының 76-бабының 3-тармағына сәйкес заңгерлік сұрау жолданған. Аталған заңгерлік сұрауда талап қоюшыға қатысты жүргізілген тәртіптік іс материалдарының толық көшірмесін, сондай-ақ тәртіптік кеңес шешім қабылдау кезінде негізге алынған барлық дәлелдемелердің, оның ішінде университет тарапынан ұсынылған аудиожазбаның (бар болған жағдайда) көшірмелерін ұсыну сұралған.
Алайда жауапкер тарапынан талап қоюшының сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасады деген тұжырымды растайтын қандай да бір нақты әрі жеткілікті дәлелдемелер ұсынылмаған. Атап айтқанда, талап қоюшы тарапынан ақша қаражатын беру, сыйлық ұсыну, материалдық құндылықтар табыстау немесе пара беру әрекеттерін растайтын бейнежазба, аудиожазба, куәлардың түсініктемелері немесе өзге де объективті дәлелдемелер берілмеген.
Сонымен қатар талап қоюшы тарапынан жауапкердің бұйрығын қайта қарау және оның күшін жою туралы сотқа дейінгі наразылық жолданған. Аталған наразылыққа 2026 жылы 06 мамырда берген жауабында бұйрықтың күшін жою үшін заңды негіздер жоқ деп, жауапкердің талап қоюшыға қатысты қандай да бір сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасады деген айып тағылмағанын, себебі мұндай өкілеттіктер сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органдардың құзыретіне жататынын көрсеткен.
Алайда бұл ұстаным тәртіптік кеңестің 2025 жылғы 10 сәуірдегі №6 хаттамасының мазмұнына, яғни бұйрықтың негіздеріне тікелей қайшы келеді. Себебі аталған хаттамада талап қоюшының әрекеттеріне «сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар мен қылмыстар жасау, оның ішінде пара беру немесе алу» деген құқықтық баға берілген, ал бұйрық хаттамаға негізделіп қабылданған. Осылайша жауапкер бір жағынан талап қоюшыға сыбайлас жемқорлық сипатындағы әрекеттер жасады деген айып тағылғанын тәртіптік кеңес хаттамасында көрсетсе, екінші жағынан сотқа дейінгі наразылыққа берген ресми жауабында мұндай айыптың болмағанын мәлімдеп отыр.
Бұл өз кезегінде жауапкердің құқықтық ұстанымының тұрақсыз екенін, тәртіптік өндіріс барысында мән-жайлардың объективті әрі жан-жақты зерттелмегенін, сондай-ақ қабылданған шешімнің жеткілікті дәлелдемелерге негізделмегенін көрсетеді. Бұдан бөлек, талап қоюшыға қатысты ең қатаң тәртіптік жаза – оқудан шығару қолданылғанымен, жауапкер оның қажеттілігі мен пропорционалдылығын тиісті деңгейде негіздей алмаған.
Осылайша, жауапкердің бұйрығы заңдылық, әділдік, объективтілік және пропорционалдылық қағидаттарына сәйкес келмейді, талап қоюшының білім алу құқығы мен заңды мүдделерін бұзады және осыған байланысты заңсыз деп танылып, күші жойылуға жатады деп есептейміз.
Жоғарыда баяндалғандардың негізінде, Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексін 8 бабын және Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңының 47 бабын басшылыққа ала отырып,
СОТТАН:
· «Астана медицина университеті» КеАҚ Басқарма төрағасы – Ректор А.Турмухаметованың 2025 жылғы 15 сәуірдегі №489-с/жс бұйрығын заңсыз деп тануды;
· СТҚарабекқызын «Астана медицина университеті» КеАҚ студенттері қатарына қайта қабылдауды міндеттеуді;
· «Астана медицина университеті» КеАҚ-ден СТҚарабекқызының өкілге заң көмегін көрсетуге байланысты төленген 600 000 (алты жүз мың) теңге мөлшеріндегі өкілдік шығыстарды өндіруді;
· «Астана медицина университеті» КеАҚ-ден СТҚарабекқызының мемлекеттік бажға төленген 4 325 (төрт мың үш жүз жиырма бес) теңге мөлшеріндегі шығыстарды өндіруді сұраймыз.
Құрметпен,
Сенімхат бойынша өкілі: И.М. Кеңесбек
Назар аударыңыз!
«Заң және Құқық» адвокаттық кеңсесі, бұл құжаттың жалпылама екендігіне және нақты сіздің жағдайыңыздың талаптарына сәйкес келмеуі мүмкіндігіне көңіл бөлуіңізді сұрайды. Біздің заңгерлер сіздің нақты жағдайыңызға сәйкес келетін кез келген құқықтық құжатты әзірлеп көмектесуге дайын.
Қосымша ақпарат алу үшін Заңгер/Адвокат телефонына хабарласуыңызға болады: +7 (708) 971-78-58; +7 (700) 978 5755, +7 (700) 978 5085.
Адвокат Алматы Заңгер Қорғаушы Заң қызметі Құқық қорғау Құқықтық қөмек Заңгерлік кеңсе Азаматтық істері Қылмыстық істері Әкімшілік істері Арбитраж даулары Заңгерлік кеңес Заңгер Адвокаттық кеңсе Қазақстан Қорғаушы Заң компаниясы
Құжатты жүктеп алу
-
Талап қою
3 рет жүктеп алынды