Қызметтер үшін төлем тек компанияның шотына төленеді. Сізге ыңғайлы болу үшін біз Kaspi RED / CREDIT /БӨЛІП ТӨЛЕУДІ іске қостық 😎

Басты бет / Бланктер / Қарсылық жауапкердің сот сараптамасын тағайындау туралы өтінішхатына

Қарсылық жауапкердің сот сараптамасын тағайындау туралы өтінішхатына

Қарсылық жауапкердің сот сараптамасын тағайындау туралы өтінішхатына

 

 

 

 Түркістан облысының Мақтаарал аудандық сотына

Мақтаарал ауданы, Мырзакент кенті, Мадиходжаев көшесі №17.

Сот Е.Б. Сламбековқа

+7 778 111 3935

 

Талап қоюшы: ЭХА

ЖСН ....

Түркістан обл., Мақтаарао ауданы, Аль-...., Т... к., 51 үй.

Сенімхат бойынша өкілі:

«Заң және Құқық» адвокаттық кеңсесі

БСН 201240021767.

Қазахстан Республикасы, 050002, Алматы қаласы, Алмалы

  ауданы, Абылай Хана даңғылы, 79/71 үй, 304 кеңсе.

info@zakonpravo.kz; www.zakonpravo.kz

+7 708 971 78 58 / +7 727 978 57 55.

 

ҚАРСЫЛЫҚ

жауапкердің сот сараптамасын тағайындау туралы өтінішхатына

 

Сіздің өндірісіңізде №5143-26-3-1/2012 азаматтық іс бойынша талап қоюшы Э ХАтің жауапкер БИИтен мүлікке келтірілген залалды өндіру  туралы талап қоюы қаралуда.

2026 жылғы 22 қыркүйекте жауапкердің өкілі С.Т. сотқа сот сараптамасын тағайындау туралы өтінішхат беріп, талап қоюшының №51 тұрғын үйінің техникалық жағдайын, зақымдардың пайда болу себептерін және материалдық залалдың мөлшерін қайта анықтауды сұраған. Өтінішхатта бұған негіз ретінде тұрғын үйдің 1957 жылы салынғаны, табиғи тозу ескерілмегені және қалпына келтіру құны жоғары бағаланғаны көрсетілген.

Талап қоюшы тарап аталған өтінішхатпен келіспейді және оны қанағаттандыру үшін жеткілікті негіздер жоқ деп есептейді.

Іс бойынша даулы мән-жайларды анықтау мақсатында талап қоюшы сотқа жүгінгенге дейін арнайы білімі бар мамандарды тартып, №51 тұрғын үйге техникалық зерттеу жүргізуді ұйымдастырған. Зерттеуді ЖК «Строй Эксперт и Оценка» мамандары Е.А. Кудайбергенов және Б.Т. Сапархан жүргізіп, тиісті қорытындылар берген.

Бұл ретте зерттеу біржақты және жауапкерден жасырын жүргізілген жоқ. Зерттеу жүргізілетін күн, уақыт және орын туралы жауапкер алдын ала хабардар етіліп, оған зерттеу жүргізу кезінде қатысу мүмкіндігі берілді. Талап қоюшы тарап жауапкерге тиісті хабарлама жолдап, мамандар жүргізетін зерттеуге қатысуын ұсынған. Алайда тиісті түрде хабарланғанына қарамастан, жауапкер зерттеуге өз еркімен қатыспаған.

Демек, жауапкердің зерттеу барысында мамандарға сұрақ қоюға, өзінің түсініктемелерін беруге, объектінің техникалық жағдайына қатысты құжаттарды ұсынуға және зерттеу барысын тікелей бақылауға нақты мүмкіндігі болған. Алайда ол бұл мүмкіндікті пайдаланбаған.

Сонымен қатар, жауапкер қазіргі өтінішхатында ЖК «Строй Эксперт и Оценка» мамандары жүргізген зерттеудің нақты қандай әдістемелік немесе техникалық талаптарды бұза отырып жүргізілгенін көрсетпейді. Мамандардың біліктілігіне, қолданылған зерттеу тәсілдеріне немесе қорытындыда келтірілген есептеулерге қатысты нақты кәсіби негізделген қарсы қорытынды да ұсынылмаған.

Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2017 жылғы 27 сәуірдегі №484 бұйрығымен сот сараптамалары мен зерттеулерді ұйымдастыру және жүргізу қағидалары бекітілген. Алайда жауапкер өзінің өтінішхатында зерттеу жүргізудің қандай нақты тәртібі немесе әдістемелік талабы бұзылғанын көрсетпеген және оны растайтын дәлелдемелер ұсынбаған.

Жауапкердің негізгі уәждерінің бірі – №51 тұрғын үйдің 1957 жылы салынғандығы және оның табиғи тозуы ескерілмегендігі.

Алайда тұрғын үйдің салынған жылы мамандардан жасырылған жоқ. Зерттеу жүргізу барысында мамандар тұрғын үйдің техникалық құжаттарымен танысып, объектінің нақты техникалық жағдайын тікелей зерттеген. Сондықтан тұрғын үйдің 1957 жылы салынғанын жаңа анықталған мән-жай ретінде көрсетуге негіз жоқ.

Оның үстіне жауапкер «табиғи тозу ескерілмеді», «қалпына келтіру құны жоғары бағаланды» деген жалпы сипаттағы пікір білдірумен ғана шектелген. Бұл уәждерді растайтын балама маман қорытындысы, техникалық есеп, сметалық есеп немесе өзге де арнайы зерттеу нәтижесі ұсынылмаған.

Жауапкер сондай-ақ №49 тұрғын үйдің бұзылған бөлігінің №51 тұрғын үйге қаншалықты әсер еткені анықталмағанын алға тартады. Алайда бұл мәселе талап қоюшы ұсынған мамандардың зерттеу нысанасына кірген және қорытындылар іс материалдарына ұсынылған. Талап қоюшы аталған қорытындылармен толық келіседі және оларды іс бойынша өзге дәлелдемелермен жиынтықта бағалауды сұрайды.

ҚР ГПК-нің 82-бабының 1-бөлігіне сәйкес сот сараптамасы іс үшін маңызы бар мән-жайларды арнайы ғылыми білім негізінде зерттеу арқылы анықтау қажет болған жағдайларда тағайындалады. Яғни сараптама тағайындау өз алдына мақсат емес, ол іс бойынша тиісті мән-жайларды анықтау үшін арнайы зерттеу объективті түрде қажет болған кезде қолданылатын процестік құрал болып табылады.

Бұл ретте ҚР ГПК-нің 90-бабында қосымша немесе қайталама сараптама жүргізудің нақты негіздері белгіленген: қорытындының анықтығы немесе толықтығы жеткіліксіз болуы, қосымша мәселелердің туындауы, қорытындының жеткілікті негізделмеуі, оның түйіндерінің күмән туғызуы немесе сараптама жүргізудің тәртібі мен әдістемесінің елеулі бұзылуы.

Жауапкердің өтінішхатында осы сипаттағы нақты мән-жайлар көрсетілмеген. Іс жүзінде жауапкер талап қоюшы ұсынған зерттеу нәтижелерімен келіспейтіндігін ғана білдіріп отыр.

Қорытындымен келіспеудің өзі, оны жоққа шығаратын арнайы білімге негізделген нақты дәлелдер болмаған жағдайда, дәл сол объектіні қайта зерттеу қажеттілігін автоматты түрде туындатпайды.

Бұдан бөлек, жаңа сараптама тағайындау істі қарау мерзімін ұзартып, тараптарға қосымша шығындар жүктейді. Ал жауапкер өзі алдын ала хабарланған бастапқы зерттеуге қатысу мүмкіндігін пайдаланбаған жағдайда, дәл сол мән-жайларды қайта зерттеуді талап етуі процестік қажеттілік тұрғысынан негізделуге тиіс.

Осыған байланысты талап қоюшы ЖК «Строй Эксперт и Оценка» мамандары Е.А. Кудайбергенов пен Б.Т. Сапарханның қорытындыларын іс бойынша өзге дәлелдемелермен жиынтықта бағалау үшін жеткілікті деп есептейді, ал жауапкердің өтінішхатында жаңа сот сараптамасын тағайындауды объективті түрде қажет ететін нақты және дәлелденген мән-жайлар келтірілмеген.

Жоғарыда баяндалғандардың негізінде, ҚР ГПК-нің 77, 82 және 90-баптарын басшылыққа ала отырып,

СОТТАН СҰРАЙМЫЗ:

 

·         Жауапкер БИИтің сот сараптамасын тағайындау туралы өтінішхатын қанағаттандырудан бас тартуды сұраймын.

 

 

Құрметпен,

Сенімхат бойынша өкілі:                                                                                                   И.М. Кеңесбек

 

 

Назар аударыңыз!  

«Заң және Құқық» адвокаттық кеңсесі, бұл құжаттың жалпылама екендігіне және нақты сіздің жағдайыңыздың талаптарына сәйкес келмеуі мүмкіндігіне көңіл бөлуіңізді сұрайды. Біздің заңгерлер сіздің нақты жағдайыңызға сәйкес келетін кез келген құқықтық құжатты әзірлеп көмектесуге дайын.  

Қосымша ақпарат алу үшін Заңгер/Адвокат телефонына хабарласуыңызға болады: +7 (708) 971-78-58; +7 (700) 978 5755, +7 (700) 978 5085.    

Адвокат Алматы Заңгер Қорғаушы Заң қызметі Құқық қорғау Құқықтық қөмек Заңгерлік кеңсе Азаматтық істері Қылмыстық істері Әкімшілік істері Арбитраж даулары Заңгерлік кеңес Заңгер Адвокаттық кеңсе Қазақстан Қорғаушы  Заң компаниясы