Қазақстан Республикасының туристік саласын дамытудың 2023 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 28 наурыздағы № 262 қаулысы.
Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының туристік саласын дамытудың 2023 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы (бұдан әрі – Тұжырымдама) бекітілсін.
2. Тұжырымдаманы іске асыруға жауапты орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар, өзге де ұйымдар (келісу бойынша):
1) Тұжырымдаманы іске асыру жөнінде қажетті шаралар қабылдасын;
2) Тұжырымдаманы іске асыру жөніндегі Іс-қимыл жоспарының уақтылы орындалуын қамтамасыз етсін;
3) есепті жылдан кейінгі 15 сәуірден кешіктірмей Тұжырымдаманың іске асырылу барысы туралы ақпаратты Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігіне ұсынсын.
3. Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі есепті жылдан кейінгі 1 мамырдан кешіктірмей Тұжырымдаманың іске асырылуы туралы есепті Қазақстан Республикасының мемлекеттік және стратегиялық жоспарлау жөніндегі уәкілетті органдарына ұсынсын, сондай-ақ оны бірінші басшының қол қоюымен интернет-ресурста орналастырсын (қолжетімділігі шектеулі ақпаратты қоспағанда).
4. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігіне жүктелсін.
5. Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдерінің күші осы қаулыға қосымшаға сәйкес жойылды деп танылсын.
6. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
| Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі | А. Смайылов |
|---|
| | Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 28 наурыздағы № 262 қаулысымен бекітілген || - | -------------------------------------------------------------------------------------- |
Қазақстан Республикасының туристік саласын дамытудың 2023 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы
Ескерту. Тұжырымдамаға Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2026 жылғы 13 шілдедегі № 613 қаулысымен өзгерістер енгізілді.
Мазмұны
2. Туристік саланың дамуының ағымдағы жағдайын талдау
3. Халықаралық тәжірибеге шолу
4. Туристік саланы дамыту пайымы
5. Туристік саланы дамытудың негізгі қағидаттары мен тәсілдері
6. Нысаналы индикаторлар мен күтілетін нәтижелер
Қосымша: Қазақстан Республикасының туристік саласын дамытудың 2023 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспары
1. Паспорт
Жүктеп алу
| Атауы | Қазақстан Республикасының туристік саласын дамытудың 2023 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы (бұдан әрі – Тұжырымдама) |
|---|---|
| Әзірлеу негіздемесі | 1. Қазақстан Республикасының 2024 жылғы 30 шілдедегі № 611 «Қазақстан Республикасының 2029 жылға дейінгі Ұлттық даму жоспарын бекіту және Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір жарлықтарының күші жойылды деп тану туралы» Жарлығы. 2. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 29 қарашадағы № 790 «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік жоспарлау жүйесін бекіту туралы» қаулысы. 3. Қазақстан Республикасы Үкіметі отырысының 2026 жылғы 27 қаңтардағы № 4 хаттамасының 1.3.2-тармағы |
| Әзірлеуші мемлекеттік органның және бірлесіп орындаушы мемлекеттік органдардың атаулары | Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрлігі, Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі, Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі, Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі, Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігі, Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі, Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі, Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігі, Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі, Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрлігі, Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрлігі, Қазақстан Республикасының Көлік министрлігі, жергілікті атқарушы органдар, Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті (келісу бойынша), Қазақстан Республикасының «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы (келісу бойынша), «Бәйтерек» ұлттық инвестициялық холдингі» акционерлік қоғамы (келісу бойынша), «KazakhTourism» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы (келісу бойынша), «Жасыл даму» акционерлік қоғамы (келісу бойынша) |
| Іске асыру мерзімдері | 2023 – 2029 жылдар |
2. Туристік саланың дамуының ағымдағы жағдайын талдау
Туризм әлемдік шаруашылықтың ең ірі ғана емес, сонымен қатар ең жылдам дамып келе жатқан саласы болып табылады, оның өсу қарқыны экономиканың басқа салаларының өсу қарқынынан шамамен 2 есе асып түседі. Негізгі көрсеткіштер бойынша, оның ішінде инвестициялық салымдардың тиімділігі жағынан туризм мұнай өндіру өнеркәсібімен салыстыруға болады.
Бұдан басқа, туристік сала жобаларын іске асыру тұрақты жұмыс орындарының едәуір санын құруға мүмкіндік береді. Мысалы, Біріккен Араб Әмірліктеріндегі Warner Brothers тақырыптық паркінің толыққанды жұмыс істеуі үшін шамамен 5500 тұрақты қызметкер қажет болса, лак-бояу бұйымдарын өндіретін жоғары технологиялық зауыттың жұмыс істеуі үшін небәрі 10 қызметкер қажет.
Соңғы алты онжылдықта әлемде туризмнің үздіксіз өсуі байқалды. Көптеген елдерде халықаралық туризм жұмыс орындарын құру, қызметтер экспортын және инфрақұрылымды дамыту арқылы әлеуметтік-экономикалық дамудың қозғаушы күші болды.
Пандемияға дейін туризм саласына әлемдік жиынтық өнімнің шамамен 10 %-ы, әлемдік қызметтер экспортының 30 %-ы, әлемдік инвестициялардың 7 %-ы, жұмыс орындарының 10 %-ы және барлық салық түсімдерінің 5 %-ы тиесілі болды.
2019 жылғы мамырда Қазақстанда 2019-2025 жылдарға арналған туристік саланы дамыту мемлекеттік бағдарламасы (бұдан әрі – Мемлекеттік бағдарлама) қабылданды.
2019-2022 жылдар кезеңінде Мемлекеттік бағдарламаны іске асыру қорытындылары бойынша мынадай нәтижелерге қол жеткізілді:
«Tax free» жүйесі (шетелдік азамат сатып алған тауар үшін қосылған құн салығын қайтару) енгізілді;
визасыз елдердің тізімі 79 елге дейін кеңейтілді, көші-қон карточкалары және шетелдіктерді 30 күнге дейінгі кезеңге тіркеу алынып тасталды;
санитариялық-гигиеналық тораптар (бұдан әрі – СГТ) болуы қажет орындар айқындалып, зерттеу жүргізілді, олардың орналасқан жерлері көрсетілді және Қазақстанның туристік дестинацияларындағы СГТ карталары жасалды;
2020 жылы негізгі назар «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы бойынша қаржыландыру бөлуге аударылды, оның шеңберінде жалпы сомасы 14,8 млрд теңгеге 23 жобаның құрылысы, сондай-ақ 1,0 млрд теңгеге 99 СГТ құрылысы қаржыландырылды;
«Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасына туризмнің экономикалық қызмет түрлерінің жалпы жіктеуішінің (бұдан әрі – ЭҚЖЖ) 5 коды енгізіліп, кредиттеу мерзімі 10 жылға дейін болатын жалпы сомасы 26 млрд теңгеден асатын 58-ден астам жоба қаржыландырылды;
«Бизнестің жол картасы 2025» бағдарламасы шеңберінде кредиттеу мерзімі 5 жылға дейін болатын жалпы сомасы 60 млрд теңгеден асатын 177-ден астам жоба қаржыландырылды;
мемлекеттік ұлттық табиғи парктерді (бұдан әрі – МҰТП) дамыту тұжырымдамасы әзірленіп, егжей-тегжейлі пысықталды, ол түзетілген бас жоспарлардың негізіне алынды;
Алматы облысының МҰТП-ларына 4 стратегиялық инвестор тартылды, олар өз жобаларын табысты іске асыруда;
Қазақстанның 12 әуежайында «Ашық аспан» режимі енгізілді;
2020 жылы Түркістан қаласында Халықаралық туризм және меймандостық университеті ашылды.
Туристік қызмет саласындағы заңнамалық базаны жетілдіру мақсатында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне туристік қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды, онда туристік саланы мемлекеттік қолдаудың жүйелі шараларын енгізу көзделген (шетелдік турист үшін туроператорларды субсидиялау (15 мың теңге); тау шаңғысы курорттарына арналған техника мен жабдықтарды (аспалы жолдар, ратрактар, қар генераторлары) сатып алу шығындарын өтеу (25 %); туристік қызмет объектілерін салу, реконструкциялау кезінде шығындардың бір бөлігін өтеу (10 %), жол бойындағы сервис объектілерін (бұдан әрі – ЖБСО) салу кезінде шығындардың бір бөлігін өтеу (10 %), туристік автобустар сатып алу шығындарын өтеу (25 %); СГТ-ны күтіп-ұстауды субсидиялау (83,3 мың теңге); турпакет құрамындағы балалардың авиабилеттерінің құнын өтеу («Kids Go Free»).
Сонымен қатар, туристік дамудың ерекше әлеуеті бар және туристификация картасының республикалық деңгейдегі объектілерінің тізбесіне енгізілген аумақ болып табылатын басым туристік аумақ ұғымы енгізілді.
Бұдан басқа, визалық-көші-қон режимін бұзғаны үшін қолданылатын жазалау шаралары ізгілендірілді.
Туристік саланың инвестициялық ахуалын жақсарту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыс шеңберінде туризм саласындағы инвестициялық жобаны басым деп тану үшін шекті деңгей 2 млн АЕК-тен 200 мың АЕК-ке дейін төмендетілді, бұл инвестициялық преференциялар алуға мүмкіндік береді.
Болжамды есептеулерге сәйкес, 2029 жылы жаңа шаралармен қамтылатын кәсіпкерлердің жалпы саны кемінде 2,5 мың бірлікке жетеді.
Туристер үшін қызығушылық тудыратын республикалық және өңірлік деңгейдегі аумақтар қамтылған Туристификация картасы қалыптастырылып, бекітілді.
Инженерлік-коммуникациялық және ілеспе инфрақұрылымды жақсарту мақсатында 2019-2021 жылдар кезеңінде жалпы сомасы 120 млрд теңгеден асатын 80 жоба іске асырылды.
«Атамекен» ҰКП жергілікті атқарушы органдармен (бұдан әрі – ЖАО) және туристік бизнеспен бірлесіп, туристік маршруттардың, автомобиль жолдарының, сондай-ақ туристік объектілерге апаратын кірме жолдардың инфрақұрылымына бастапқы түгендеу жүргізді.
Соңғы жылдары ойын бизнесі саласынан түсетін салық түсімдері айтарлықтай өсті: 2020 жылы – 35,3 млрд теңге, 2021 жылы – 501 млрд теңге, 2022 жылдың бірінші жартыжылдығында – 294,4 млрд теңге.
Жаһандық коронавирус пандемиясы экономиканың әртүрлі салаларын, оның ішінде туристік саланы қамтыған ең ірі әлемдік дағдарысқа алып келді. Дүниежүзілік туристік ұйымның (UNWTO) деректері бойынша, 2020 жыл жаһандық туризм тарихындағы ең нашар жыл болды: халықаралық сапарлар саны 2019 жылмен салыстырғанда 74 %-ға қысқарды.
Пандемия кезеңінде саяхат және туризм секторы экономиканың ең көп зардап шеккен саласына айналып, шамамен 4,5 трлн АҚШ доллары көлемінде шығынға ұшырады, 2020 жылы оның көлемі 4,7 трлн АҚШ долларына жетті, бұл ретте жалпы ішкі өнімге (бұдан әрі – ЖІӨ) қосқан үлесі 2019 жылмен салыстырғанда 49,1 %-ға қысқарды, ал 2020 жылы әлемдік экономика ЖІӨ-нің төмендеуі 3,7 %-ды құрады.
Саяхат көлемі қысқарды, тиісінше, экономикасында туризм жетекші орын алған елдер бірінші кезекте зардап шекті.
Осыған байланысты барлық дерлік елдер туризм саласындағы саясатын, оның ішінде ұсынылатын мемлекеттік қолдау шараларын, туристік өнімдерді және нысаналы сегменттерді қайта қарауда.
Дүниежүзілік туристік ұйымның болжамдарына сәйкес, халықаралық туризмді қалпына келтіру екі жарым жылдан төрт жылға дейін созылуы мүмкін және дағдарысқа дейінгі көрсеткіштерге оралу 2024 жылдан ерте болмайды.
Пандемияға байланысты әлемдік дағдарыс Қазақстан Республикасына да әсер етті.
Әртүрлі сараптамалық деректер бойынша отандық туроператорлар мен турагенттердің қызметінен түсетін кірістілік 50-60 %-ға төмендеді. Әртүрлі өңірлердегі жағдай өңірлік факторлардың, қатаң шектеу шараларының болуы немесе болмауы әсерінен жақсы немесе нашар жаққа ерекшеленді.
Бүкіл әлемдегідей, Қазақстанда да туризм саласындағы кәсіпкерлік субъектілеріне арналған бірқатар дағдарысқа қарсы шаралар қабылданды.
Бірінші кезекте салықтық демалыстар беру бойынша шаралар қабылданды, туристік сектор үшін бірқатар салық түрлерінен босату түрінде жаңа қолдау құралдары әзірленді, карантин кезеңінде банктік кредиттер бойынша төлемдерді кейінге қалдыру ұсынылды, локдаун кезеңінде мемлекет тарапынан ең төменгі жалақы төлемдері қамтамасыз етілді.
Сонымен бірге шекаралардың жабылуы қазақстандықтарды ел ішінде демалуға ынталандырды. Азаматтардың басым бөлігі қалаларға жақын орналасқан табиғи демалыс орындарына, ұлттық парктер мен курорттық аймақтарға барды. Осыған байланысты ішкі туристік ағындар келу және шығу туристік ағындарымен салыстырғанда аз дәрежеде қысқарды.
2022 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда пандемияға дейін жоспарланған көрсеткіштерге қол жеткізіледі деп күтілуде (жылдық ресми статистика сәуір айында жарияланады).
| | 1-кесте || - | -------- |
Жүктеп алу
| Көрсеткіштер | өлшем бірлігі | 2019 | 2020 | 2021 | 2022 (9 ай) |
|---|---|---|---|---|---|
| Резиденттердің орналастыру орындарында қызмет көрсетілген келушілер | млн адам | 5,3 | 3,3 | 5,1 | 4,9 |
| Резидент еместердің орналастыру орындарында қызмет көрсетілген келушілер | млн адам | 1,0 | 0,3 | 0,3 | 0,6 |
| Орналастыру орындарының саны | бірлік | 3 592 | 3 514 | 3 686 | 3 965 |
| Бір мезгілдегі сыйымдылығы | төсек-орын | 181 201 | 183 619 | 193 030 | 204 247 |
| Орналастыру орындары көрсеткен қызметтер көлемі | млрд теңге | 120,5 | 66,9 | 109 | 129,2 |
| Туризм саласындағы негізгі капиталға инвестициялар көлемі | млрд теңге | 502,1 | 628,9 | 589,9 | 513,4* |
\*2022 жылғы қаңтар-желтоқсан кезеңіндегі жедел статистикалық деректер
2022 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша қазақстандық туристердің саны 6,5 млн адамды құрады (қонақүйлерде қызмет көрсетілгендер және ұлттық парктерге келушілер).
2022 жылға арналған статистикалық деректер жарияланғаннан кейін 8 млн ішкі турист болады деп күтілуде. Салыстыру үшін: пандемияға дейінгі 2019 жылы ел ішінде демалған қазақстандықтардың саны 6,6 млн адамды құраған.
Орналастыру объектілері 129,2 млрд теңге сомасына қызмет көрсетті, бұл 2021 жылдың 9 айымен салыстырғанда (78,9 млрд теңге) 63,7 %-ға артық. Бұл көрсеткіш 2019 жылғы жылдық көрсеткіштен (120,5 млрд теңге) едәуір асып түсті.
Сондай-ақ орналастыру орындарында қызмет көрсетілген шетелдік туристер санының 2021 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда (208,5 мың адам) 2,9 есе өсуі байқалады, бұл көрсеткіш 610 мың адамды құрады. 2022 жылға арналған статистикалық деректер жарияланғаннан кейін 1 млн шетелдік турист болады деп күтілуде.
Ұлттық банктің деректеріне сәйкес, алыс шетелдерден келген 1 шетелдік туристің орташа шығыны 1,5 мың АҚШ долларын құрайды.
2022 жылдың басынан бастап орналастыру орындарының саны 279 қонақүйге көбейіп, 3 965 бірлікті құрады. Бір мезгілдегі сыйымдылығы 11 мың бірлікке ұлғайып, 204 мың төсек-орынды құрады.
2022 жылдың қорытындысы бойынша ұлттық парктерге келушілер санының рекордтық көрсеткіші қайта тіркелді. 2021 жылмен салыстырғанда келушілер саны 400 мың адамға артып, шамамен 2 млн келушіні құрады.
Қазіргі кезеңде барынша қолайлы жағдайлар жасау және отандастарымыздың шетелге сапарларын ішкі нарыққа қайта бағдарлау, сондай-ақ Қазақстандағы туризмді қауіпсіз әрі экологиялық таза ете отырып, әлеуметтік қашықтықты сақтау практикасын қолдау мүмкіндігімен шетелдік туристерді тартуға баса назар аудару орынды.
Елде ойын бизнесі саласында осы қызмет түрімен айналысуға арналған 50 қолданыстағы лицензия бар, оның ішінде 6 казино, 10 ойын автоматтары залы, 26 букмекерлік кеңсе және 8 тотализатор бар, оларда шамамен 4 мың жұмыс орны құрылған.
Айта кету керек, 8 тотализатордың бүгінгі күні ешқайсысында тіркелген салық салу объектілері жоқ, яғни іс жүзінде бұл бағытта қызмет жүзеге асырылмайды. Бұл жағдайлар олардың Алматы облысындағы Қапшағай су қоймасы аумағындағы және Ақмола облысының Бурабай ауданындағы ойын аймақтарына шығарылуына байланысты.
Сондай-ақ Қазақстанда 45 ипподром жұмыс істейді, олардың 33-і мемлекеттік және 12-сі жеке меншік болып табылады. Бұл ретте ипподромдардың тек 4-еуінің ғана техникалық және инфрақұрылымдық жарақтандырылуы кәсіби деңгейде бәйге ұйымдастыруға және жарыстар кезінде сапалы телевизиялық трансляциялар жүргізуге қажетті талаптарға сәйкес келеді. Бұл ипподромдар саланың көшбасшылары болып табылады, алайда олар да қаржыландыру көздерінің болмауына байланысты қиындықтарға тап болуда.
Трендтер
Халықаралық сапарлардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ауқымды жұмыс жүргізілді, алайда Ұлыбританияда, Оңтүстік Африкада және Үндістанда вирустың жаңа штамдарының анықталуы басқа елдерге кіруге қатысты жаңа шектеулердің енгізілуіне алып келді.
COVID-19-ға байланысты тәуекелдерді азайту жөніндегі шараларды, оның ішінде тестілеу, қадағалау және вакцинация сертификаттарын үйлестіру, келісу және цифрландыру қауіпсіз саяхатқа жәрдемдесудің және туризмді қалпына келтіруге дайындықтың маңызды негізі болып табылады.
Туризм қайта жандануына қарай UNWTO сарапшылары ішкі туризмнің, ашық ауадағы және табиғат аясындағы туристік іс-шараларға, сондай-ақ «баяу саяхаттарға» сұраныстың өсуін болжайды.
Бұдан басқа, саяхаттарды жоспарлау кезінде:
1) бағыттардың танымалдығы елдің немесе өңірдің коронавирусты қаншалықты жақсы бақылауына байланысты артады. Алғашқы індеттің таралуын жою және туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша қабылданған шаралар саяхатшылар елді таңдаған кездегі негізгі өлшемшарттарға айналады;
2) әлеуметтік қашықтықты оңай сақтауға мүмкіндік беретін, қоғамдық көлікті және адам көп жиналатын туристік аймақтарды пайдаланбайтын, туристердің басқа адамдармен байланысқа түсу ықтималдығы аз болатын шалғай жерлерге бағытталған маршруттар сұранысқа ие болады;
3) туристердің баратын жеріне жету және оның ішінде қозғалу тәсілдерінің құрылымы өзгереді. Әуе компанияларын таңдау тек әуе билетінің құнына ғана емес, сонымен қатар қабылданған гигиена стандарттарына (бетперде тағу міндеттілігі, орындықтар арасындағы қашықтық және тағы басқалар) байланысты болады. Ел ішінде саяхатшылар қауіпсіздік мақсатында және адамдардың шоғырлануын болдырмау үшін жеке көлікті немесе бизнес-класс вагондарын таңдауға мүдделі болуы мүмкін;
4) жеке турларға басымдық беріледі;
5) цифрландыру және байланыс басты талаптарға айналады, өйткені қазіргі уақытта COVID-19-ға байланысты саяхат жөніндегі соңғы нұсқаулықтардан хабардар болудың шұғыл қажеттілігі туындады.
Қазақстан халықаралық рейтингтерде
Дүниежүзілік экономикалық форумның 2021 жылғы Саяхат және туризмді дамыту жаһандық индексінде (бұдан әрі – ДЭФ) (әлем елдерінің Саяхат және туризмді дамыту индексі бойынша жиынтық рейтингі екі жылда бір рет ұсынылады) Қазақстан 117 елдің ішінде 66-орынға ие болып, 2019 жылғы алдыңғы индекспен салыстырғанда 14 позицияға жоғарылады (80-орын).
Аталған рейтингте көш бастап тұрған елдердің қатарына Жапония, АҚШ, Испания, Франция, Германия сияқты елдер кіреді. Қазақстаннан жоғары Грузия (44-орын), Армения (61-орын) және Әзербайжан (63-орын), ал төмен Моңғолия (84-орын), Қырғызстан (90-орын), Тәжікстан (92-орын) орналасқан. Бұл ретте Өзбекстан мен Беларусь дәстүрлі түрде рейтингке қатыспайды.
Рейтинг саяхат және туризм секторының тұрақты дамуын қамтамасыз ететін бірқатар факторларды ескереді.
Жекелеген субиндекстер бойынша жалпы рейтингте елдің жоғары әлеуеті байқалады. Мысалы, баға бәсекеге қабілеттілігі бойынша Қазақстан 1-орын алады.
Қазақстандағы туризмді дамытудың жоғары әлеуеті рейтингтің мынадай көрсеткіштерінде де көрініс тапқан:
1) туризм саласындағы еңбек нарығының субиндексі бойынша ел 59-орынды алады;
2) мәдени ресурстар көрсеткіші бойынша – 63-орын;
3) ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мәдени мұра объектілерінің саны бойынша – 42-орын;
4) халықаралық келушілердің маусымдылығы бойынша – 26-орын;
5) шетелдік туристердің болу ұзақтығы бойынша – 52-орын;
6) мәдени көрікті жерлерге қызығушылық бойынша – 37-орын.
Бұдан басқа, «Туризм саласына басымдық беру» (+15 позиция, 68-орын) (ел брендінің стратегиясы рейтингі және басқа көрсеткіштер), «Халықаралық ашықтық» (+4 позиция, 103-орын) (визалық талаптар, қаржылық ашықтық дәрежесі және басқалар), «Табиғи ресурстар» (+2 позиция, 33-орын) (табиғат аясындағы демалысқа цифрлық сұраныстың өсуі; қорғалатын аумақтардың жалпы алаңы және басқалар), «Туристік қызметтер инфрақұрылымы» (+2 позиция, 76-орын) (орналастыру орындарындағы нөмірлер саны, банкоматтар саны және басқалар) сияқты бағыттар бойынша оң динамика байқалады.
Сонымен қатар «Бизнес-орта» (-23 позиция, 90-орын) (мүліктік құқықтар, дауларды шешу және үкіметтің әрекеттеріне дау айту кезінде құқықтық жүйенің тиімділігі, ШОБ-тың қаржыға қол жеткізуі және басқалар), «Денсаулық және гигиена» (-4 позиция, 33-орын) (1000 адамға шаққандағы дәрігерлер саны, ауыз суға, денсаулық сақтау қызметтеріне қолжетімділік, халықтың 100 мың адамына шаққандағы инфекциялық аурулар жағдайлары және басқалар) және «Қауіпсіздік» (-12 позиция, 77-орын) (қылмыс пен зорлық-зомбылық туындаған кезде бизнестің шығындары, полиция қызметінің сенімділігі, түнгі уақытта серуендеу қауіпсіздігі, халықтың 100 мың адамына шаққандағы кісі өлтіру саны, ұйымдасқан зорлық-зомбылық және басқалар) сияқты көрсеткіштер бойынша нашарлау байқалады.
2020 жылы Lonely Planet нұсқасы бойынша еліміз «Туристерді орналастыруға арналған ең үздік орын» номинациясында үздік атанды. Сол жылы ел британдық саяхатшылардың таңдауы бойынша ТОП-5 қатарына енді, ал New York Times Қазақстанды туризм бойынша үздік пиар-науқан үшін атап өтті.
2021 жылы The Guardian Қазақстанға «The best places to visit» номинациясын табыстады, Le Figaro басылымы Қазақстанды «Recommended to visit in 2021» тізіміне енгізді, ал «Imagine Travelstan» бейнеролигі 14th ART&TUR International Tourism Film Festival фестивалінде жеңіске жетті.
2022 жылы The Telegraph Алматыны бюджеттік демалысқа арналған үздік дестинация ретінде атап өтті, сондай-ақ Қазақстан беделді Conde Nast Traveler басылымында аталды.
2023 жылғы ақпанда ел TravelScapes нұсқасы бойынша «Үндістаннан келетін саяхатшылар үшін ең үздік трендтік дестинация» марапатына ие болды.
Туристік саланы дамыту проблемалары
Жалпы алғанда, туристік саланы дамыту саясаты халықты жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету, келу және ішкі туризм көлемін ұлғайту есебінен мемлекет пен халық кірістерінің тұрақты өсуіне қол жеткізу үшін бәсекеге қабілетті туристік индустрияны құруға бағытталған.
Сонымен бірге қабылданып жатқан шараларға қарамастан, бүгінгі күні туристік салада мынадай проблемалар бар.
1. Туристерді тарту орындарында инфрақұрылымның жеткіліксіз дамуы, логистиканың әлсіздігі, орналастыру орындарының шектеулі саны
Туристік аумақтарға туристік ағындарды тарту кезіндегі негізгі тежеуші фактор көлік-логистикалық, инженерлік-коммуникациялық, сервистік және басқа да туристік инфрақұрылымның жеткіліксіз дамуы, ал кейде мүлдем болмауы болып табылады, бұл өз кезегінде ұсынылатын туристік өнімнің сапасын төмендетеді.
Абаттандырылған СГТ-ның және заманауи жол бойындағы сервис объектілерінің болмауы отандық және шетелдік саяхатшыларды кері қайтарады, сондай-ақ өңірлерге инвесторлар тартуға теріс әсер етеді. Осындай проблема ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда (бұдан әрі – ЕҚТА) да тіркелген.
Маусымның қызған кезеңінде курорттық аймақтарға түсетін жүктеме артады. Бұдан басқа, автомобиль жолдарының сапасы, әуе билеттерінің қымбаттығы және теміржол билеттерінің тапшылығы ел ішінде демалуға кедергі келтіретін негізгі факторлар болып табылады.
COVID-19 пандемиясына дейін Қазақстанның барлық өңірлерінен Астана және Алматы сияқты ірі қалаларға әуе қатынасы жолға қойылған болатын. Сонымен бірге Қазақстанның басқа өңірлері арасындағы байланыс әлсіз, бұл жалпы ішкі туризмнің дамуына кедергі келтіреді. Мысалы, Батыс Қазақстаннан келген туристерге Шығыс Қазақстанға, ал Солтүстік Қазақстаннан Оңтүстік Қазақстанға қысқа уақыт ішінде әуе көлігімен бару айтарлықтай қиындық туғызады. Пандемияға дейінгі кезеңде ел бойынша әуежайлардың жүктемесі шамамен 20 %-ды құрады.
Әуежайлардың жүктемесіне халықаралық әуе маршруттары желісі де әсер ететінін атап өткен жөн, ол Астана және Алматы қалаларынан басқа Шымкент, Ақтау, Өскемен, Атырау қалаларында да бар.
Қазақстан Республикасы авиакомпанияларының билеттерінің бағасы түпкілікті тұтынушылар үшін әлі де жоғары болып отыр және сұраныс пен пайдаланушы туралы деректерге негізделген нарықтық баға белгілеу тетіктері негізінде қалыптастырылады, яғни билеттердің бағасы сұранысқа, әуе билетін сатып алудың алдын ала жасалуына, рейс орындалатын аптаның күніне, рейстің ұшу уақытына және тағы басқаларға байланысты белгіленуі, көтерілуі және төмендеуі мүмкін болатын динамикалық баға белгілеу қолданылады.
Туристік дестинациялардың қолжетімділігін қамтамасыз етуде теміржол құрамдас бөлігі де ерекше назар аударуды қажет етеді.
Бұдан басқа, жолаушылар жылжымалы құрамын жаңарту жөніндегі шаралардың тиімділігі төмен екені байқалады. Мәселен, 2019 жылы барлық вагондардың 49 %-дан астамының пайдалану мерзімі 25 жылдан асса, 2020 жылы бұл көрсеткіш 48 %-ды, ал 2021 жылы жолаушылар вагондарының 47 %-ын құрады.
Тәжірибе көрсеткендей, жаңа құрамдар ірі қалаларды байланыстыратын әлеуметтік маңызы бар учаскелерде пайдаланылады.
Теміржол қатынасының қолжетімділігіне жүргізілген талдау нәтижесіне сәйкес, жолаушылар вагондарының санын көбейтуді, сондай-ақ оларды жаңартуды бірінші кезекте Алакөл көлінің курорттық аймақтарына шығыс және оңтүстік жақтан қатынайтын маршруттарға бағыттау қажет екені анықталды. Жыл сайын көлге баратын туристер билет тапшылығына тап болады, ал вагондардың сапасы талапқа сай емес.
Орналастыру объектілерінің (қонақүйлер, пансионаттар, демалыс үйлері мен базалары, санаторийлік-курорттық мекемелер және басқалар) көпшілігінің материалдық базасы 2020 жылы «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ жүргізген зерттеулермен расталғандай, моральдық және физикалық тұрғыдан қатты тозған. Бұдан басқа, олардың қызмет көрсету деңгейі әрдайым халықаралық талаптарға сәйкес келе бермейді.
Елде туристерді орналастыру орындарын жіктеуге қатысты міндетті талап жоқ. 2021 жылдың қорытындысы бойынша статистикаға сәйкес, туристерді орналастыруға арналған 3686 орынның тек 147-сінде ғана санат («жұлдыз») бар, 2020 жылдың қорытындысы бойынша туристерді орналастыруға арналған 3 514 орынның ішінен – 150-сінде, 2019 жылдың қорытындысы бойынша туристерді орналастыруға арналған 3 592 орынның ішінен – 205 қонақүйде санат болған.
Туристерді орналастыру орындарын жіктеу бойынша міндетті талапты енгізу немесе жіктеуді ынталандыру және көтермелеу шараларын қабылдау тұтынушының мәлімделген қонақүй санатына сәйкес келетін қызметтерді алуына ықпал етеді.
Сондай-ақ орналастыру орындарының саны шектеулі және негізінен Алматы өңірінің аумағында шоғырланған қонақ үйлердің біркелкі дамымауы байқалады.
2020 жылы санаторийлік-курорттық мекемелерге жүргізілген түгендеу қорытындысы бойынша санаторийлік-курорттық объектілердің жалпы жай-күйі анықталды: 23,4 %-ы – жоғары, 35,2 %-ы – орташа, 41,4 %-ы – жарақтандырылуы мен қызмет көрсету деңгейі қанағаттанарлықсыз.
2. Туристік өнімдер ассортиментінің жеткіліксіздігі және сапасының төмендігі, туристердің қанағаттану деңгейінің жеткіліксіздігі, туристік қызметтерді цифрландыру деңгейінің төмендігі
Туристік ресурстардың көптігі мен әртүрлілігіне қарамастан, сапалы туристік өнімдердің өткір тапшылығы байқалады.
Сапалы туристік өнімдерді дамытуға және олардың ассортиментін кеңейтуге кедергі келтіретін факторлар:
1) инфрақұрылымның, оның ішінде көлік инфрақұрылымының, сондай-ақ туристердің базалық қажеттіліктерін қанағаттандыруға арналған инфрақұрылымның әлсіздігі, ел автомагистральдарында сапалы жол бойындағы инфрақұрылымның, СГТ-ның жетіспеушілігі, маршруттар бойында сапалы байланыс пен туристік объектілердің көрсеткіштерінің болмауы немесе жеткіліксіздігі;
2) қызмет көрсетушілердің, туристік санаттағы орналастыру орындарының және демалыс объектілерінің жеткіліксіздігі мен сапасының төмендігі, атап айтқанда, туристік әлеуеті жоғары шалғай өңірлерде, көлік құралдары паркінің ескіруі, шет тілдерін меңгерген кәсіби гидтердің тапшылығы, сондай-ақ туристік өнімдерді қалыптастыратын туроператорлармен қызмет көрсетушілердің ынтымақтастық орнатуға құлықсыздығы;
3) туристер үшін қызықты өнеркәсіптік объектілердің, мысалы, шахталар мен зауыттардың жабық болуы (ішінара немесе толық);
4) туристік қызмет көрсетушілердің бірыңғай деректер базасының болмауы;
5) арнайы білімі мен дағдылары бар кәсіби кадрлардың жеткіліксіздігі;
6) туристік өнімдерді сапалы құруға кейбір туроператорлардың қызығушылығының болмауы, бұған туризм саласында заңсыз жұмыс істейтін субъектілер тарапынан адал емес бәсекелестік пен бағаны демпингтеу себеп болады.
Бұл ретте қызметтердің сапасын қамтамасыз ету құралы стандарттар болып табылады. 2020 жылы жүргізілген зерттеу туризм субъектілерінің, атап айтқанда өңірлерде, негізінен стандарттарды сақтамайтынын, көптеген субъектілер қызмет көрсету сапасын, клиенттердің қанағаттануы мен адалдығын жақсартуға мүмкіндік беретін қандай да бір талаптардың бар екенін білмейтінін көрсетті.
Қазақстанда туризм саласында 70-тен астам стандарт қабылданған, оның ішінде тұру орындарының қызметтерін, экскурсиялық қызметтерді, көлік қызметін, балалар-жасөспірімдер туризмін, туристердің қауіпсіздігін және басқаларды реттейтін стандарттар бар, алайда туризм саласындағы бизнес субъектілерінің стандарттарды белсенді қолдануы үшін жүйе тиісті деңгейде жолға қойылмаған.
Қазақстанда қызметтердің сәйкестігін растау ерікті сертификаттау арқылы жүргізілетіндіктен, бизнес субъектілерінің стандарттарды қолдануын ынталандыру және көтермелеу жүйесі қажет.
Бұдан басқа, нарықта электрондық коммерцияны дамытуға мүмкіндік беретін бекітілген күндері мен бағалары бар өнімдер іс жүзінде жоқ.
Туристік соқпақтарды (жаяу жүргіншілер, атпен жүру, велосипед маршруттары) абаттандыру мәселесін ерекше атап өту қажет. Орасан зор әлеуетіне қарамастан, МҰТП және табиғи мұражай-қорықтар аумақтарын қоспағанда, көптеген маршруттар жеткілікті дәрежеде абаттандырылмаған, бұл жаяу туристерге маршруттардан жайлылықпен өтуге мүмкіндік бермейді. Туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және саяхаттың жайлылығын арттыру мақсатында бүкіл Қазақстан бойынша соқпақтарды абаттандыру мен жіктеу тәсілдерінің бірыңғай стандартқа сәйкестігін қамтамасыз ету маңызды.
Сонымен бірге әрбір өңірдің міндеті жаяу туристерге арналған маршруттарды қоса алғанда, брендтік (флагмандық) маршруттарды құру болуы тиіс. Брендтік маршрут негізінде өңірге барудың әртүрлі мақсаттарын көздейтін, туристердің әртүрлі нысаналы аудиторияларына бағдарланған, ұзақтығы әртүрлі турлар қалыптастырылуы мүмкін.
Белгілі болғандай, қанағаттану деңгейі туристің күткен нәтижелері мен алған тәжірибесінің арақатынасымен айқындалады. Ұлттық статистика бюросының (бұдан әрі – Ұлттық статистика бюросы) ресми деректеріне сәйкес, кіру келушілерінің орта есеппен 96 %-ы көрсетілген туристік қызметтерге қанағаттану дәрежесін («өте жақсы» және «жақсы») оң бағалағанына қарамастан, қызмет көрсету саласы қызметкерлерінің клиентке бағдарлану деңгейінің төмендігі байқалады (Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросы, Келушілерді зерттеу сауалнамасы, H-060 нысаны).
Бағаның көрсетілетін қызметтердің сапасына сәйкес келмеуі туристердің қанағаттануы мен адалдығына әсер ететін негізгі факторлардың бірі болып табылады.
Нарықтық экономика жағдайында баға белгілеуге өнімнің өзіндік құны, бәсекелестердің бағалары, сұраныс пен ұсыныстың арақатынасы және басқа факторлар әсер етеді.
Бұл ретте сұраныстың, оның ішінде төмен маусымдағы сұраныстың артуы туристік саланың жаңа субъектілерінің пайда болуына және сату көлемінің артуы есебінен бағалардың төмендеуіне ықпал етуі тиіс.
Қазіргі уақытта ЖАО, туристік қоғамдастық және салалық кәсіпкерлік субъектілері ішкі және сыртқы нарықтарда туристік өнімдеріне сұранысты арттыру мақсатында оларды ілгерілету бойынша белсенді жұмыс жүргізуде.
Елді бірыңғай ілгерілету жұмысын жүргізу, сондай-ақ оны үйлестіру мақсатында бірыңғай маркетингтік тұжырымдаманы қалыптастыру бойынша жұмыс жүргізілуде.
Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасының туристік нарығында елге келушілерді, сондай-ақ ішкі туристерді барлық қажетті ақпаратпен толық қамтамасыз ете алатын туристік порталды жетілдіру бойынша жұмыс жүргізілуде.
Бүгінгі күні туроператорлар іс жүзінде бірдей турпакеттерді (ең танымал көрікті жерлерге бару) ұсынады. Ұсыныстар спектрін кеңейту және неғұрлым креативті, инновациялық шешімдер арқылы ақпараттың қолжетімділігін арттыру қажет, бұл қайталама сапарлар мен келулер санын ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Сонымен бірге Қазақстан Республикасына туристер үшін қолайлы ақпараттық орта құруға байланысты мынадай проблемалар тән:
1) қазіргі заманғы туризм технологияларының интеграциялану деңгейінің төмендігі және цифрландыру деңгейінің төмендігі;
2) елдің нақты туристік құралдары (деректер, ақпарат және т.б.) туралы хабардарлық пен білім деңгейінің төмендігі;
3) барлық қолжетімді туристік сегменттерден тұратын тұтас туристік өнімнің болмауы (әрқайсысы оқшау жұмыс істейді);
4) интернет инфрақұрылымының болмауы, сондай-ақ шалғай өңірлерде, оның ішінде МҰТП аумағындағы туристік маршруттар бойында интернетке қолжетімділіктің әлсіздігі.
3. Туристік объектілерде туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету
«Қазақстан Республикасындағы туристік қызмет туралы» Қазақстан Республикасының Заңында туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету регламенттелген. Сонымен бірге туристер мен туристік топтардың қозғалыс маршруттары туралы Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің (бұдан әрі – ТЖМ) аумақтық бөлімшелеріне хабарлау, сондай-ақ ұсынылған ақпаратты сақтау, пайдалану және есептен шығару жөніндегі талап көзделмеген.
Қазіргі уақытта туристер мен туристік ұйымдар туристік жорықтарға шығатын туристер мен туристік топтардың алдағы қозғалыс маршруттары және олардың қайтып оралуы туралы ТЖМ аумақтық бөлімшелерін тек өз қажеттілігіне қарай ғана хабардар етеді.
Оның үстіне халықтың басым бөлігі қаражат үнемдеу мақсатында туристік ұйымдарға жүгінбейді және туристік жорықтарды өз бетінше жоспарлап, жүзеге асырады.
Мәселен, ЖАО туристік топтарды ерікті тіркеу кезінде құтқару жабдықтарындағы, жарақтарындағы, қауіпсіздік техникасын білуіндегі, өмірге қауіп төндіретін қолжетімділігі қиын жерлерде, су, тау, спелеологиялық және басқа объектілерде қозғалу маршруттарын білуіндегі кемшіліктерді анықтады.
Бұл ретте құтқарушылар туристер жүріп өткен маршрутты білмегендіктен, жоғалып кеткен туристердің орналасқан жерін іздестіру иттерінің, әуе кемелерінің көмегімен, ұшқышсыз ұшу аппараттарын пайдалана отырып, өз бетінше анықтауға мәжбүр болады.
4. Салада кәсіби кадрлардың жетіспеушілігі
Туризм индустриясындағы персонал ұйымның бәсекелестік артықшылықтарының негізгі ресурстарының бірі болып табылады, сондықтан туристік ұйымдардағы қызмет көрсету сапасы олардың біліміне, шеберлігіне және жауапкершілігіне байланысты.
Қазіргі уақытта туризм саласындағы кадрларды даярлау республикадағы 49 жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымында (бұдан әрі – ЖЖОКБҰ) жүзеге асырылады.
ЖЖОКБҰ-ларда білім алушылар контингенті 12 000 адамды құрайды. Студенттердің практикалық дағдыларын қалыптастыру үшін «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ, Қазақстан туристік қауымдастығы, Қазақстан қонақүйлер мен мейрамханалар қауымдастығы сияқты туристік ұйымдар тек оқыту мәселелері бойынша ғана емес, сонымен қатар туризм және қонақжайлылық саласындағы болашақ мамандардың кәсіби практикасы бойынша да серіктестермен консорциумдар құрып, белсенді жұмыс жүргізуде.
Туристік сала үшін кадрлар даярлауды жүзеге асыратын барлық ЖЖОКБҰ жұмыс берушілермен, туристік нарық субъектілерімен, мейрамхана және қонақүй бизнесімен бейіндік пәндер контексінде практикалық бағдарланған оқыту және туризм мен қонақжайлылық индустриясы кәсіпорындарында оқу-практикалық сабақтарды енгізу бойынша бірлескен жұмысты ұйымдастырады.
Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, 2021 жылы ЖЖОКБҰ-ларда және техникалық және кәсіптік орта білім беру ұйымдарында «Туризм» және «Мейрамхана және қонақүй ісі» мамандықтары бойынша білім алған 2 мыңнан астам студент оқуын аяқтады.
Қолданыстағы академиялық бағдарламалар практикалық жұмысқа бағдарланбағандықтан, туризм секторының нақты қажеттіліктеріне толық көлемде жауап бермейді. Соның салдарынан бейінді ЖЖОКБҰ түлектері сұранысқа ие болмай отыр.
Сондай-ақ туристік саланың жекелеген санаттағы өкілдерін, мысалы, желілік персоналды, сабақтас салалардың қызметкерлерін, экскурсия жетекшілерін, гидтерді, ойын-сауық бағдарламаларының аниматорларын қазіргі заманғы туристік қызметтер нарығының қажеттіліктерін ескере отырып, оларға қойылатын кәсіби талаптарды айқындау тұрғысынан кәсіби даярлауға назар аудару қажет.
Мысалы, еуропалық білім беру оқу уақытының 50 %-дан 70 %-ға дейінгі көлемінде өндірістік практика өткізуді көздейді. АҚШ-тағы кадрларды даярлау тәжірибесі де назар аударуға тұрарлық, онда білім беру ұйымдарының базасында туризм индустриясы кәсіпорындарымен бірыңғай ақпараттық жүйе арқылы байланысқан мамандандырылған бөлімшелер (кадрлық агенттіктер) құрылған. Олар еңбек нарығының қажеттіліктеріне тұрақты мониторинг жүргізумен, жас мамандарды жұмысқа орналастырумен және бейінді мамандықтар бойынша талапкерлер қабылдауын түзетумен айналысады.
Бұдан басқа, туристік әлеуеті жоғары шалғай өңірлердегі жергілікті халықты туристерді қабылдау кезінде қызмет көрсетуге тарту мақсатында оқыту қажеттілігі бар, бұл жұмыспен қамтуды қамтамасыз етуге және ауылдық жерлердегі кірістерді арттыруға ықпал етеді.
5. Өңірлік және халықаралық деңгейлерде туристік әлеуетті ілгерілету деңгейінің жеткіліксіздігі, Қазақстан аумағында тұрақты халықаралық іс-шаралардың болмауы, MICE туризмінің (Meetings, Incentives, Conferences, Exhibitions – іскерлік туризм) жеткіліксіз дамуы
Австралия, БАӘ, Израиль, Исландия, Грекия, Норвегия және Грузия сияқты кейбір елдердің деректерін салыстыру кезінде (UNWTO: 2016 жылғы деректер, олар болмаған жағдайда – 2015 жылғы деректер) жоғарыда аталған елдер келу туризмінен түсетін барлық кірістің 0,2 %-дан 4,34 %-ға дейінгі мөлшерін ілгерілетуге жұмсайды, ал Қазақстан бұл мақсатқа бар болғаны 0,03 % жұмсайды.
Ел туризмді ілгерілетуге неғұрлым көп қаражат жұмсаса, туристер елге соғұрлым көп кіріс әкеледі. Олар ЖІӨ-дегі үлестің артуына, нөмірлік қордың жүктемесіне, келушілер санына және олардың туристік аумақтардағы шығындарына тікелей әсер етеді.
Қазіргі уақытта жаһандану жағдайында ұлттық туристік бренд құру қажеттілігі барған сайын артып келеді.
Ұлттық туристік бренд мемлекет туралы ақпараттың таралуына ықпал етіп қана қоймай, ол туралы қоғамдық пікір қалыптастырады және соның нәтижесінде оның дамуына ықпал етеді. Туристік бренд тұжырымдамасы айдентика мен сапалы коммуникациядан тұрады, алайда ең алдымен бұл елді картада ерекшелеуге және тек келу туризмін ғана емес, ішкі туризмді де танымал етуге мүмкіндік беретін стратегия болып табылады.
Елдің туристік имиджін қалыптастыруда дұрыс тәсілді әзірлеу мақсатында шаралар жүйеленетін және тетік әзірленетін ілгерілету және маркетинг стратегиясын әзірлеу қажет.
COVID-19 пандемиясы кезеңінде барлық маңызды туристік көрмелер, оқиғалық және мәдени іс-шаралар тоқтатылды. Коронавирустық инфекцияның таралу қаупі аясында халықаралық іс-шараларды ұйымдастырушылар балама онлайн-платформаларды пайдалану мүмкіндігін қарастыруға мәжбүр болды. Алайда B2B көрмелері туристік компаниялар үшін таптырмас ресурс және іскерлік байланыстар орнатудың тиімді тәсілі болып қала береді. Мысалы, Қазақстанның көршілес елдері – Ресей, Қытай, Өзбекстан, Қырғызстан және Әзербайжан көрмелер өткізуді бастап, оларды өткізуге белсенді түрде дайындалуда.
Белгілі болғандай, MICE туризмі соңғы жылдары Қазақстандағы туризмнің басым түрлерінің бірі болып табылады. Пандемияға дейін MICE туризмінің әлемдік нарығының көлемі 725 млрд АҚШ долларына бағаланып, жыл сайынғы өсімі 7,5 %-ды құрады. Халықаралық конгресс және конференция қауымдастығының рейтингіне сәйкес, Қазақстан 2019 жылдың қорытындысы бойынша MICE туризмін дамыту жөнінен әлемде 79-орынға ие болды (көрсеткішін 20 позицияға жақсартты).
Қауымдастықтың деректері бойынша 2019 жылы Қазақстан халықаралық қауымдастықтардың 18 іс-шарасын тартты, оларды өткізуден түскен кіріс 6 миллион АҚШ долларын құрады.
Сонымен бірге Қазақстан халықаралық MICE іс-шараларын тарту бойынша Ресей Федерациясы (117 іс-шара, рейтингте 35-орын) сияқты негізгі бәсекелестерінен едәуір артта қалып отыр және 2019 жылдың қорытындысы бойынша халықаралық қауымдастықтардың 12951 MICE іс-шарасының небәрі 0,07 %-ын ғана тартты.
Оңтүстік Корея, Сингапур, Түркия, Ұлыбритания сияқты дамыған MICE дестинацияларында халықаралық MICE іс-шараларын ұйымдастырушыларға мемлекеттік қолдау шаралары бар.
Елге халықаралық MICE іс-шараларын тарту пандемиядан кейін саланы қалпына келтіруге ықпал етеді. Бүгінгі таңда экономикалық тұрақсыздық жағдайында көршілес елдер ірі көрмелерге қатысу арқылы, сондай-ақ халықаралық іс-шаралар өткізу жолымен шетелдік туристерді тарту үшін белсенді түрде бәсекелесетін болады.
3. Халықаралық тәжірибеге шолу
Тұжырымдаманы әзірлеу барысында Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (бұдан әрі – ЭЫДҰ) және Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы (бұдан әрі – ТМД) елдерінің туристік саладағы халықаралық тәжірибесі зерделенді.
ЭЫДҰ елдерінің туризмді дамыту жөніндегі қабылдап жатқан шаралары
Австрия
2019 жылы Федералдық экономика министрлігі туризмді дамытудың жаңа ұлттық стратегиясын – Туризмді дамытудың бас жоспары «T жоспарын» жариялады, ол 2020 жылғы қаңтардағы Үкімет бағдарламасында қайта қаралды.
Жоспардың негізгі аспектілеріне мыналар жатады:
туристердің де, жергілікті халықтың да үйлесімді қатар өмір сүруін қамтамасыз ету;
федералдық жерлермен, туристік бағыттармен, кәсіпорындармен, мүдделі топтармен және басқа да секторлардың мүдделі тараптарымен ынтымақтастық орнату;
цифрлық трансформацияны қолдау;
туристік сектор үшін тиісті шеңберлік жағдайлар жасау;
оқыту сапасын оңтайландыру және туризм саласындағы жұмыстың тартымдылығын арттыру үшін бизнесаралық шаралардың әлеуетін неғұрлым тиімді пайдалану;
экологиялық таза ұтқырлықты жақсартуды қоса алғанда, орнықтылық деңгейін арттыру бойынша жұмыс жүргізу;
туризм мен ауыл шаруашылығы арасындағы ынтымақтастықты жандандыру;
туристік маркетингті одан әрі дамыту;
жеке қаржыландыру тетіктері мен субсидиялар ұсыну, сондай-ақ акционерлік капиталға басымдық бере отырып, жаңа қаржыландыру тетіктерін әзірлеу арқылы отбасылық және меншік иелері басқаратын кәсіпорындарды нығайту;
орнықтылықтың барлық үш өлшемін қамтитын, болашаққа бағдарланған статистикалық көрсеткіштер жүйесін құру.
2001 жылдан бастап өңірлердегі туризмді дамыту федералдық жерлердің құзыретіне жатады, оларда туризм мен туристік бизнесті қолдаудың әртүрлі ұйымдық-құқықтық нысандардағы өз органдары жұмыс істейді. Федералдық тоғыз жердің әрқайсысының үкіметі жанында туризм жөніндегі арнайы басқарма, сондай-ақ туристік дестинацияларды басқару ұйымдары (Destination Management Organization, бұдан әрі – DMO) жұмыс істейді.
Нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру және туристік кәсіпорындарға түсетін әкімшілік жүктемені азайту бойынша тұрақты жұмыстар жүргізілуде. Мысалы, қонақүйлерде түнеу қызметіне салынатын ҚҚС мөлшерлемесін 13%-дан 10%-ға дейін төмендету шарасы қабылданды.
Венгрия
Венгрияда туристік салада біліктілікті арттыруға арналған мемлекеттік қолдау бағдарламалары, салықтық преференциялар, инвестиция көлемі 50 млн еуродан асатын және кемінде 50 жаңа жұмыс орны құрылатын инвесторларға арналған қаржылық субсидиялар және басқа да шаралар қолданылады.
2030 жылға дейінгі Туризмді дамытудың ұлттық стратегиясы қабылданды, оның негізгі мақсаты – мүмкіндігінше көп адамға сапалы ортада демалу мүмкіндігін ұсыну.
Туристік әлеуетті ашу туристік дестинациялардың өз әлеуеті есебінен жүзеге асырылады деп болжануда. Орталық Үкіметтің рөлі әрбір дестинация үшін дамудың басым бағытын айқындау және бірегей іс-қимыл бағдарламасын әзірлеу, брендтерді басқару болып табылады.
Стратегияны іске асыру үшін 2030 жылға дейінгі кезеңге жоспарланған даму ресурстары: мемлекеттік бюджеттен 574,6 млрд форинт (1,6 млрд еуро) және Еуропалық Одақтың (бұдан әрі – ЕО) даму қорларынан 262,18 млрд форинт (737,1 млн еуро).
Атап айтқанда, сыйымдылығы 100 нөмірден асатын қонақүйлер салуға және бүкіл ел бойынша қонақүй ғимараттарын жаңғыртуға 60 млрд форинт (168,7 млн еуро) бөлінеді.
Қабылданып жатқан шаралар негізінен дестинацияларға бағдарланған және бұрын грант алуға өтінім бере алмаған шағын кәсіпорындар мен жеке тұрғын үйлер, қонақ үйлері және кемпингтер сияқты ең шағын қызмет көрсетушілерді қоса алғанда, мың қатысушыға арналған конкурстарды қамтиды.
Германия
Германиядағы туризм елдің ішкі жалпы өнімінің 8 пайызын қамтамасыз етеді. Туристік салада тікелей 3 миллионға жуық жұмыс орны бар. Сауда саласымен қатар, бұл қызмет көрсету саласындағы ең ірі сектор болып табылады.
Жалпы, елге туристерді тартатын мынадай негізгі факторларды бөліп көрсетуге болады:
тарихи және мәдени көрікті жерлердің жоғары шоғырлануы;
оңайлатылған визалық режим (кешенді турлардың кең спектрін ұсыну мүмкіндігі);
қызмет көрсету деңгейінің жоғарылығы.
Ұлттық туристік саланы дамыту тұжырымдамасы 4 «китке» негізделген: «Мәдени туризм», «Агротуризм», «Оқиғалық туризм», «Интернет-технологиялар».
Германиядағы туризмді дамытудың негізгі мәселелері, сын-қатерлері мен басымдықтары шағын және орта бизнесті олардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру және өсу мен жұмыспен қамту әлеуетін ашу мақсатында қолдауға бағытталған.
Израиль
Экономикалық тұрғыдан алғанда, туризм Израильдегі табысы жоғары бес саланың бірі болып табылады. Мәселен, саланы инвестициялық тартымдылығы тұрғысынан талдайтын болсақ, салынған әрбір 1 АҚШ доллары 50-ден 100 АҚШ долларына дейін табыс әкеледі.
Израильдің Туризм министрлігі компаниялар мен рейстерді шоғырландырушы ұйымдарға елге әкелген әрбір турист үшін 60 еуро мөлшерінде өтемақы төлейді. Тағы бір шара жаңа өңірлік қалалардан әуе рейстерін ұйымдастыруға қатысты: рейс ашылған кезде авиакомпанияларға 250 000 еуро мөлшерінде өтемақы беріледі.
Қазіргі кезеңде Туристік қызметтер туралы заңды жаңарту жұмыстары жүргізілуде. Клиенттерге қатысты көптеген ережелер бүгінгі үрдістерді ескере отырып қайта қаралатын болады. Бұл ретте кейбір ережелер, мысалы, салықтарды қайтару және қонақүйлерді жіктеу тетіктері бойынша ережелер сақталады. Ең елеулі өзгеріс – экскурсияларды ұйымдастыруға байланысты реттеуді ырықтандыру. Нәтижесінде жаңа заң гидтерді даярлау, лицензиялау және олардың жұмысына қойылатын талаптар мәселелерін біріктіреді, сондай-ақ елге келетін туристерге Израиль лицензиясы бар гидтің қызметтерін пайдалану міндетін жүктейді.
Мексика
Үкімет туристік секторды және кәсіпкерліктің басқа да жекелеген санаттарын қоса алғанда, әлеуметтік міндеттемелерді орындау шартымен 25 мың песо (1000 АҚШ доллары) мөлшерінде 2 млн жеңілдікті микрокредит беру жөнінде шаралар қабылдады.
Атап айтқанда, Мексика ішкі туризмді ынталандыру үшін үлкен деректер мен әлеуметтік желілерге негізделген өршіл цифрлық стратегияны іске асыруда. Науқанға 32 штат пен түрлі муниципалитеттер қатысады, бұл контенттің қажетті аудиторияға жетуін қамтамасыз ететін коммуникацияның баяндау және стратегиялық желісін қалыптастыруға көмектеседі.
Жапония
Жапония Үкіметі 2016 жылы 2030 жылға дейінгі ұзақ мерзімді стратегия әзірледі.
Жапондық Саяхат және туризм қауымдастығы сияқты бизнес-топтармен тұрақты диалог жүргізу кезінде жеке сектормен әріптестік аса маңызды болып саналады. Үкімет жеке сектор басқаратын DMO құруға және дамытуға жәрдемдеседі (оның ішінде персонал шығындары мен оқытуға субсидиялар беру арқылы).
Бұдан басқа, елде саланың дамуына серпін берген жаһандық спорттық іс-шаралар тұрақты түрде өткізіледі.
Жапония Туризм агенттігінің 2019 жылға арналған бюджеті 71,1 млрд иенді (530 млн еуро) құрады, бұл 2017 жылғы бюджеттен 2,8 есе көп. Бюджет 2019 жылғы қаңтарда елден шығу кезінде алынатын жаңа халықаралық туристік салықты енгізу есебінен ұлғайды.
Жапонияда (сондай-ақ Оңтүстік Кореяда, Сингапурда, Ирландияда және басқа елдерде) халықаралық MICE іс-шараларын ынталандыру және қолдау шаралары бар.
Қолдау 100-ден астам шетелдік делегат қатысатын халықаралық іс-шараларға жергілікті көлік қызметтерін (трансфер), өткізу орындарын жалға алуды, қарсы алу қабылдауын, үлестірме материалдар мен полиграфиялық қызметтерді өтеусіз ұсынуға бағытталған.
Бұл ретте ұшу, тұру, тамақтану және басқа да қызметтерге арналған шығындарды халықаралық MICE іс-шарасының делегаттары мен ұйымдастырушылары өз бетінше өтейді, бұл ел экономикасына шетел валютасының келуін қамтамасыз етеді.
Сондай-ақ Жапонияда MICE туризмінің елшілері бағдарламасы жұмыс істейді. Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, мұндай бағдарламалар даму стратегиясының маңызды құрамдас бөлігі болып табылады, өйткені бұл елшілер халықаралық деңгейде танымал адамдардың (ғалымдар, дәрігерлер, қоғам қайраткерлері және басқалар) арасынан таңдалады, олар халықаралық қауымдастықтар мен шетелдік компаниялардың ірі іс-шараларын тарта алады.
Осындай бағдарламалар Әзербайжанда, Өзбекстанда, Ресей Федерациясында, Оңтүстік Кореяда, Сингапурда, Ирландияда, Жапонияда және басқа елдерде қолданылады.
ТМД елдері
Ресей Федерациясы
Ресейде туристік саланың субъектілеріне жалпы сомасы 1,2 млрд рубль болатын дағдарысқа қарсы шаралар кешені іске асырылды: авиакөлік шығындарын өтеу үшін туроператорларға субсидиялар; жалақы төлеуге және қызметті қайта бастауға арналған пайызсыз кредиттер; салықтық санкцияларды қолдануға мораторий; салықтық демалыстар.
РФ Үкіметі шығу туризмі саласындағы туроператорларды қолдаудың қосымша шараларын, сондай-ақ ел ішіндегі чартерлік рейстерді субсидиялау қағидаларын бекітті.
Ішкі туризмді қолдау бағдарламасы – туристік «Кэшбэк» қабылданды. Ол азаматтардың Ресейдегі демалысын қызықты әрі қолжетімді етуге, саяхат географиясын кеңейтуге, жаз айларымен ғана шектелмей, туристік маусымның шекарасын кеңейтуге бағытталған.
Ресей Федерациясының Төтенше жағдайлар министрлігінің аумақтық бөлімшелеріне туристер мен туристік топтардың қозғалыс маршруттары туралы ақпарат беру тәжірибесі қолданылады.
Өмірге қауіп төндірудің, туристердің (экскурсанттардың) денсаулығына және олардың мүлкіне зиян келтірудің жоғары тәуекелімен байланысты жетуі қиын жерлер, су, тау, спелеологиялық және басқа да объектілер арқылы өтетін қозғалыс маршруттары туралы аумақтық органдарды хабардар ету, сондай-ақ аталған Министрліктің аумақтық органдарының жетуі қиын жерлер, су, тау, спелеологиялық және басқа да объектілер арқылы өтетін, өмірге қауіп төндірудің, туристердің (экскурсанттардың) денсаулығына және олардың мүлкіне зиян келтірудің жоғары тәуекелімен байланысты қозғалыс маршруттары туралы ақпаратты сақтау, пайдалану және есептен шығару қағидалары бекітілді.
Бұл тәжірибе Беларусь Республикасында, Грузияда және Украинада да енгізілген.
Әзербайжан
Әзербайжанда коронавирус пандемиясы кезінде зардап шеккен экономика секторларына мемлекеттік қолдау шамамен 2,5 млрд манатты ($1,47 млрд), яғни мемлекеттік бюджеттің шамамен 10%-ын құрады. Қолдау шеңберінде кәсіпкерлер жалақыларының бір бөлігін мемлекеттен алды. Сондай-ақ бизнеске салықтық преференциялар мен жеңілдіктер берілді.
Әзербайжан Үкіметі коронавирус салдарының экономикаға әсерін төмендету және халықты қолдау жөніндегі шаралар кешенін әзірледі. Бағдарлама 10 бағытты қамтиды: пандемиядан зардап шеккен салаларда (ПЗС) жұмыс істейтін 304 мың жалдамалы қызметкердің жалақысын төлеуге қаржылық қолдау көрсету (жұмыс орындарын сақтау мақсатында); ПЗС салаларында жұмыс істейтін 292 мың жеке (микро) кәсіпкерге қаржылық қолдау көрсету; ПЗС салаларында жұмыс істейтін кәсіпкерлік субъектілеріне бірқатар салықтық жеңілдіктер, артықшылықтар мен демалыстар беру.
Сондай-ақ ПЗС салаларындағы кәсіпкерлік субъектілеріне берілген жаңа банктік кредиттер бойынша кредиттік кепілдіктерге жәрдемдесу (0,5 млрд манат); ПЗС салаларында жұмыс істейтін кәсіпкерлік субъектілерінің қолданыстағы кредиттік портфелі бойынша кепілдіктер беру (1 млрд манат); халықтың материалдық жағдайын қолдауға арналған әлеуметтік пакет көзделген.
Армения
Пандемия салдарынан қиын жағдайға тап болған бизнес пен азаматтарды қолдау мақсатында билік коронавирус салдарының экономикаға әсеріне қарсы іс-қимыл жөніндегі 14 бағдарламаны бекітті: олардың 6-уы бизнеске экономикалық жәрдем көрсетуге, 8-і халықтың әртүрлі топтарын әлеуметтік қолдауға қатысты. Жаңадан туындайтын проблемалар мен азаматтардың өтініштеріне қарай Үкімет көмек алушылар мен экономикалық қызмет түрлерінің тізімдерін кеңейтіп, сондай-ақ бағдарламаларды азаматтардың барынша көп саны пайдалана алуы үшін кейбір шарттарды жеңілдете отырып, көмек көрсету бағдарламаларына мерзімді түрде түзетулер енгізеді.
Туризм саласын қамтитын бағдарлама: шағын және орта бизнеске, яғни 2019 жылы айналымы 24 млн-нан 500 млн драмға дейін болған компанияларға көмек көрсету. Мемлекеттік қолдау шаралары өтімділік проблемаларына тап болған субъектілерге қатысты қолданылды. Оларға өңдеу өнеркәсібінің кейбір кәсіпорындары, қонақүй бизнесі, қоғамдық тамақтану саласы, туризм, қызмет көрсету саласы, тасымалдау және қойма шаруашылығы, денсаулық сақтау және басқа да кейбір салалар жатады.
Коронавирустан барынша зардап шеккен кәсіпорындардың, атап айтқанда қонақүйлердің, мейрамханалардың, дәмханалардың және тағы басқалардың қызметкерлеріне ерекше қолдау көрсетілді.
Өзбекстан
Туризм саласын реформалаудың негізі ретінде Өзбекстан Республикасы Президентінің 2019 жылғы 5 қаңтардағы «Өзбекстан Республикасында туризмді жедел дамыту жөніндегі қосымша шаралар туралы» Жарлығы қабылданды, оның шеңберінде «2019–2025 жылдары Өзбекстан Республикасында туризм саласын дамыту тұжырымдамасы» бекітілді.
Құжат туризм саласын дамытудың екі негізгі кезеңімен сипатталады:
2019–2020 жылдар – туризмді дамытудың берік заңнамалық негізін құру, инфрақұрылымды жаңғырту және елдің туристік брендін ілгерілету бойынша институционалдық реформалар;
2021–2025 жылдар – ел экономикасындағы туризм индустриясының үлесін арттыру. Бұл бағытта елдің жалпы ішкі өніміндегі туризм үлесін 5%-ға дейін ұлғайту (2017 жылдың қорытындысы бойынша – 2,3%), сондай-ақ қажетті инфрақұрылымды дамыту және республиканың туристік әлеуетін әлемдік нарықтарда табысты ілгерілету арқылы 2025 жылдың қорытындысы бойынша 9 млн-нан астам турист, оның ішінде алыс шетелдерден 2 млн турист тарту мақсаты қойылды.
Туристік саланы «жандандыру» үшін жеңілдіктер көзделген: салықтық жеңілдіктер, пайызсыз кредиттер, стартап-жобаларды қолдау, гранттар, кредиттер бойынша пайыздық шығыстарды субсидиялау, орналастыру қызметтері (қонақүй қызметтері) құнының 10%-ы мөлшерінде орналастыру орындарын субсидиялау, әрбір шетелдік турист үшін туроператорлар мен турагенттерге 15 АҚШ доллары мөлшерінде субсидиялар беру, туроператорлардың әуе және теміржол билеттеріне арналған шығындарын субсидиялау, қонақүйлердің реновация, реконструкция шығындарын өтеу, сондай-ақ материалдық-техникалық базаны жаңарту.
Қырғызстан
Қырғызстанда туризм секторына байланысты тіркелген 100 мыңнан астам субъект бар. Алайда COVID-19 коронавирус инфекциясының өршуіне байланысты туристік бизнестің қызметі 80–90%-ға қысқарды.
Мемлекет елдегі әлеуметтік-экономикалық жағдайды тұрақтандыру, сондай-ақ Қырғыз Республикасында COVID-19 коронавирус инфекциясының таралуына байланысты туристік секторды қолдау мақсатында шаралар қабылдады.
2020 жылғы 1 маусымнан бастап елде туристік қызметтің қайта басталуына байланысты Қырғыз Республикасының Мәдениет, ақпарат және туризм министрлігі Қырғыз Республикасының Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп, бірлескен бұйрықпен жоғары эпидемиологиялық тәуекел жағдайында (COVID-19) туристік қызметті жүргізуге қойылатын талаптарды (бұдан әрі – Талаптар) әзірледі және бекітті. Бұл талаптар туристік бизнес өкілдері арасында таратылды.
Экономикалық және әлеуметтік тұрақтылықты қалпына келтіру және қамтамасыз ету, коронавирус COVID-19 пандемиясы жағдайында кәсіпкерлік субъектілерін қолдау мақсатында туризм саласындағы кәсіпкерлерге жеңілдікті кредит қаражатын беруді де қамтитын «Кәсіпкерлік субъектілерін қаржыландыру» бағдарламасы бекітілді.
Ойын бизнесі
Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, ойын аймақтары ойын-сауық пен демалысқа арналған ең сұранысқа ие орындардың бірі болып табылады. Кейбір елдерде мұндай аймақтардан түсетін кірістер жалпы өңірлік өнімнің едәуір бөлігін құрайды.
Мысалы, 2010 жылдан 2020 жылға дейінгі кезеңде Сингапурдың казиносы бар екі ірі курорты – «Marina Bay Sands» және «Resorts World Sentosa» мемлекеттік бюджетке салық түрінде 5,5 млрд АҚШ долларынан астам қаражат төлеп, 20 000-нан астам жұмыс орнын құрды. 2019 жылы екі казиноның кірістері 5,9 млрд АҚШ долларын немесе Сингапурдың ЖІӨ-нің 1,6%-ын құрады.
Испанияда, Францияда, Германияда және Италияда 2019 жылы ойын мекемелерінің кірістері 9 млрд-тан 18 млрд еуроға дейін болды. Осы қызмет түрінен түсетін салық түсімдері (2-ден 4 млрд еуроға дейін) әлеуметтік нысандарды, мектептерді, ауруханаларды және көлік инфрақұрылымын дамытуға жұмсалады.
2019 жылы Грузияға 9,3 млн турист келді. Олардың 50%-ы немесе 4,6 млн турист казиноға барған, ойын бизнесінен түскен кіріс шамамен 2,2 млрд АҚШ долларын (ел ЖІӨ-нің 14%-ын) құрады, бұл салада шамамен 8 мың адам жұмыс істейді. Ойын бизнесінен түсетін салық түсімдері жыл сайын өсуде, ал 2018 жылы 46,6 млн АҚШ долларына жетті. Бұл ретте Филиппин жағдайындағыдай, казиноға келушілердің көпшілігі – шетелдіктер, негізінен құмар ойындарға қатаң тыйым салынған көршілес мұсылман мемлекеттерінен келген адамдар.
Казино бір келушіге шаққандағы жалпы шығындарды едәуір арттырады деп есептеледі. Дамушы елдерде күнделікті шығын көрсеткіштері 100-ден 200 АҚШ долларына дейін өзгеруі мүмкін, ал дамыған ойын өңірлерінде бұл көрсеткіш 500-ден 600 АҚШ долларына дейін жетуі мүмкін.
Мұндай қызмет түрінен түсетін шығындардың ұлғаюы экономиканы дамытуға көмектеседі, бұл ретте құмар ойындар өңірлік деңгейде ЖІӨ-нің 10–15%-ын құрайды.
Казино өңірдегі жұмыспен қамтуды арттыруға, салық түсімдерін ұлғайтуға тікелей және жанама түрде ықпал етеді, тікелей және жанама салық аударымдары есебінен экономикаға елеулі үлес қосады.
Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар
Биологиялық әртүрлілік туралы конвенция Тараптарының 10-конференциясында (2010 жыл, Жапония) қабылданған жаһандық мақсатты міндет әлемдегі құрлық экожүйелерінің жалпы алаңының 17%-ына дейін қорғалатын аумақтарды кеңейту арқылы биоәртүрлілікті сақтауды қамтамасыз етуді көздейді. Оның ішінде экожүйелердің орнықты дамуы үшін әлемдік тәжірибеге сәйкес ЕҚТА алаңы шамамен 10–12%-ды құрауы тиіс.
ЕҚТА аумақтарында орнықты туризмді дамыту шеңберінде ұлттық парктерді басқару саласындағы ең тиімді әлемдік тәжірибе АҚШ, Австралия және Грузия елдерінде кездеседі.
Мұндай елдерде биоәртүрлілікті сақтау, инвестициялар тарту, кәсіпкерлік пен туризмді дамыту жөніндегі қызметтер нақты ажыратылған. Ұлттық парктің қызметінің әрбір бағыты басқа бағытқа зиян келтірмей, тиімді әрі үйлесімді дамиды.
Осылайша, халықаралық тәжірибе туризмді дамытуды қамтамасыз етуде атқарушы биліктің белсенді рөлі табыстың маңызды факторларының бірі болып табылатынын көрсетеді. Бұл ретте туризмді дамытуды мемлекеттік қолдау нысандары айтарлықтай алуан түрлі.
Мемлекеттік қолдау шаралары жөніндегі елдердің халықаралық тәжірибесі елде бұрыннан пайдаланылып келеді. Олардың көпшілігі Қазақстанда 2021 жылдан бастап енгізілді. Осы шаралардың арқасында елде туризм саласындағы кәсіпкерлікті дамытуға, сондай-ақ ішкі және келу туристік ағындарын ынталандыруға серпін берілді.
Енгізілген шаралардың кейбірі бірегей болып табылады және көптеген шет елдер үшін үлгі бола алады.
Ұлттық парктерде экологиялық туризмді дамыту шеңберінде АҚШ тәжірибесі бойынша инвестициялар тарту және биоәртүрлілікті сақтау жөніндегі жұмыс елде жалғастырылатын болады.
Сонымен қатар, ішкі туризмді одан әрі ынталандыру мақсатында Ресей мен Өзбекстан тәжірибесі бойынша туристік «Кэшбэк» енгізу жұмыстары жүргізіледі. Тетік ұйымдастырылған ішкі саяхаттарға арналған туристер шығыстарының тур құнының 20%-ына дейінгі мөлшерін өтеуді көздейтін болады.
Бұл шара ұйымдастырылған демалыс мәдениетін және ел ішіндегі саяхаттардың қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
4. Туристік саланы дамыту пайымы
Тұжырымдаманы іске асыру қорытындысы бойынша туризм саласы Қазақстан Республикасындағы экономикалық дамудың ұлттық басымдығына айналады. Туризм мемлекет, бизнес және жұмыскерлер сияқты барлық мүдделі тараптар үшін мультипликативтік әсер ететін табысты бизнес түрлерінің біріне айналады. Саладағы жұмыспен қамту 800 мың адамға дейін артады. Саладағы жалпы қосылған құнның (бұдан әрі – ЖҚҚ) өсу көлемі 6 трлн теңгеден асады.
Халықтың қалың топтары арасында кәсіпкерлік қызмет мәдениеті, отбасылық, шағын және орта бизнесті жүргізу, оның ішінде басым туристік аумақтарда (бұдан әрі – БТА) тірек туристік жобаларды іске асыру есебінен дамиды.
Қазақстандағы ішкі және келу туристерінің саны жоспарлы көрсеткіштерге жетеді, келу туристерінің санының артуына байланысты «Сапарлар» жіктемесі бойынша қызметтер экспорты ұлғаяды.
Мемлекет салаға инвестициялар тарту үшін қолайлы жағдайлар жасайды, олардың орналастыру және тамақтану қызметтеріндегі өсімі шамамен 260 млрд теңгеге жетеді.
Басым туристік аумақтар сапалы инженерлік-көлік және туристік инфрақұрылыммен қамтамасыз етіледі. Туристік орындарда туристердің қажеттіліктерін қанағаттандыру мәселесі шешіледі.
Туристің жол бойындағы жайлылығы, оның ішінде әуежайларда, теміржол вокзалдары мен автостанцияларда, сондай-ақ туристік объектілерге қолжетімділік қамтамасыз етіледі, абаттандырылған санитариялық-гигиеналық тораптар (СГТ) және заманауи жол бойындағы сервис объектілері орнатылады. Көлік-логистикалық инфрақұрылымның барлық негізгі объектілерінде Интернет желісіне қолжетімді мобильді байланыс желісімен тұрақты қамту қамтамасыз етіледі, бұл туристерге цифрлық онлайн-сервистердің кең спектрін ұсынуға мүмкіндік береді.
Елдің барлық өңірлерінен негізгі туристік дестинацияларға әуе рейстері жолға қойылады. Елдің курорттық аймақтарына апаратын бағыттар бойынша жолаушылар вагондарының саны ұлғайтылады. Туристік өнімдердің ассортименті мен сапасы жеткілікті болады, орналастыру орындары мен туристік объектілердегі сервис халықаралық стандарттарға сәйкес келеді, турист сапалы қызметтер алады.
Туристік нарықтағы бәсекелестікті арттыратын, сондай-ақ сала субъектілері арасындағы өзара іс-қимылды жеңілдететін цифрлық құралдар енгізіледі.
Ұлттық және мемлекетаралық өзара түсіністікті ілгерілетуді қоса алғанда, мәдени-танымдық, агротуризм, әлеуметтік, медициналық, экологиялық, іскерлік, балалар-жасөспірімдер және туризмнің басқа да түрлерін дамытуға ықпал ететін оң әрі нәтижелі мәдениетаралық қатынастар қалыптастырылады.
Ел белсенді елдік маркетинг есебінен өңірлік және әлемдік нарықтарда танымал болады. Елді картада ерекшелеуге және тек келу туризмін ғана емес, ішкі туризмді де танымал етуге мүмкіндік беретін стратегия жұмыс істейтін болады. ДЭФ-тің Саяхаттар мен туризмді дамытудың жаһандық индексі рейтингісінде Қазақстан ТОП-50 елдің қатарына кіреді.
5. Туристік саланы дамытудың негізгі қағидаттары мен тәсілдері
Осы Тұжырымдама сабақтастықты сақтайды және сапа, бәсекеге қабілеттілік, рентабельділік және орнықты даму қағидаттарына негізделеді.
Тұжырымдама елдің туристік дестинацияларын кешенді дамыту мен абаттандыруды көрсетеді, оның ішінде көлік инфрақұрылымын дамыту, автомобиль қатынасының және орнықты қалалық көліктің қолжетімділігі, әуе және теміржол қатынасын дамыту, шекаралық өткізу пункттері инфрақұрылымы, сумен жабдықтау және су бұру, қатты қалдықтарды басқару, электрмен жабдықтау және телекоммуникациялар, сервистік және басқа да туристік инфрақұрылым (көлік тораптары, әуежайлар, теміржол вокзалдары, жергілікті маңызы бар автомобиль жолдары, елді мекендерден тыс туристік объектілерге кірме жолдар, жол бойындағы сервис, санитариялық-гигиеналық тораптар, аумақты абаттандыру, жұмсақ инфрақұрылым және т.б.) дамытылады, Қазақстанның табиғи, тарихи-мәдени, этникалық әртүрлілігі мен гастрономиясының ерекшеліктерін ескере отырып, туристік дестинациялар айналасында сапалы әрі төл туристік өнімдер жасалады, сондай-ақ елдің «Қасиетті география» қасиетті объектілерінің мәдени-географиялық картасы ескерілетін болады.
Тұжырымдаманы іске асыру барысында жаһандық үрдістер мен сын-қатерлерді ескере отырып, туристік саладағы бар проблемаларды шешуге басымдық беріледі, осыған байланысты негізгі тәсілдер айқындалды:
5.1. Туризм, логистика инфрақұрылымын құру және дамыту
Бұдан әрі туристік саланы дамыту жөніндегі мемлекеттік саясат туристік аумақтардағы инженерлік-коммуникациялық және көлік инфрақұрылымын дамыту шеңберінде жалғастырылады.
Туризм инфрақұрылымын дамыту үшін дестинацияларды дамытуды жүйелі жоспарлауды және олардың инвестициялық тартымдылығын қамтамасыз ету қажет.
Инвестициялық тартымдылық туристік сала мәселелері жөніндегі заңнамада, сондай-ақ кәсіпкерлікті қолдау жөніндегі стратегиялық құжаттарда көзделген ынталандыру құралдарын қолдану есебінен қамтамасыз етіледі.
Бағалау бойынша, Қазақстанның орналастыру орындарындағы төсек-орын саны 2029 жылы 280 мыңға дейін ұлғаяды деп күтілуде.
Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес басым туристік аумақтарда туристің қажеттіліктерін қанағаттандыра алатын объектілер салу жөніндегі іс-шаралар іске асырылады.
Туризм саласындағы жобаларды қаржыландыру жөніндегі іс-шараларды іске асыру мақсатында Үкіметтің және/немесе Үкімет жанындағы комиссияның шешімі негізінде «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ түпкілікті қарыз алушылар үшін жылдық сыйақы мөлшерлемесі 7%-дан аспайтын, мерзімі 20 жылдан аспайтын, кәсіпорынның жобаның жалпы сомасының кемінде 20%-ы мөлшерінде өз қатысуы болған жағдайда жеңілдікті ұзақ мерзімді қаржыландыруды ұсынатын болады. Қаржыландыру көзі бюджет қаражаты мен нарықтық қорландырудың 85/15 арақатынасындағы қаражаты болады. Бюджет қаражаты «Қазақстанның Даму Банкі туралы» Заңда белгіленген ковенанттардың орындалуын қамтамасыз ету үшін бюджеттік кредит және (немесе) «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ-ның жарғылық капиталын ұлғайту нысанында бөлінетін болады.
Елді мекендерден тыс орналасқан туристік объектілерге кірме жолдар салу дамытылады.
Ұлттық парктер аумағында, сондай-ақ елді мекендерден тыс туристік локацияларда инфрақұрылымды дамыту үшін тиісті заңнамалық құзыреттерді жергілікті атқарушы органдарға беру мәселесі пысықталатын болады. Бұл шара жетіспейтін инфрақұрылымды салу тиімділігін арттыруға және тетігін жеңілдетуге мүмкіндік береді.
Сондай-ақ туристік ресурстарды дамыту мақсатында инвестициялық әлеуетті кеңейтуге бағытталған кешенді шаралар қабылданатын болады.
Инвестициялық жобаларды іске асыруға мемлекеттің қатысуы стратегиялық құжаттар шеңберінде жеңілдікті қаржыландыру бөлу, инвестициялық келісімшарттар жасасу шеңберінде инвестициялық преференциялар беру, мемлекеттік органдармен жер, инфрақұрылым және басқа да проблемалық мәселелерді шешу бөлігінде жүзеге асырылады.
Ұлттық парктерде экологиялық туризм жобаларын табысты іске асыру үшін тірек инвесторлармен жұмыс жалғастырылады.
Инфрақұрылымды дамыту шеңберінде туристік қызығушылық орындарында СГТ орнатуды, пайдалануға беруді және оларға қызмет көрсетуді мониторингтеу жалғастырылады, сондай-ақ СГТ күтіп-ұстауды субсидиялауға тұрақты қаржыландыру қамтамасыз етіледі.
СГТ және ЖҚҚ бойынша жүргізілген зерттеу шеңберінде автомобиль жолдарының бойындағы туристік дестинацияларда оларға деген қажеттілік айқындалды. Зерттеу нәтижелері бойынша республикада санитариялық тораптары бар 931 сервистік объектіге қажеттілік бар, оның ішінде 438 бірлік «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ желісі бойынша және 493 бірлік Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі мен облыстардың әкімдіктері желісі бойынша.
Инвестицияларды жоспарлау қағидаты енгізілетін болады. Осылайша, өңірлерде туристік маршруттарды түгендеу және туристік инфрақұрылымның даму деңгейіне рейтингтік бағалау жүргізу (бұдан әрі – зерттеу) бойынша атқарылған жұмыстар нақты объектілерге деген қажеттіліктерді анықтауға мүмкіндік береді және туристік дестинацияларды одан әрі дамытуға бағытталған инвесторларға арналған негізделген әрі кешенді ұсыныстарды қалыптастыру көзіне айналады.
Зерттеу нәтижелерін талдау негізінде мүдделі тараптарға мынадай мәселелер бойынша ұсынымдар әзірленетін болады:
1) әрбір дестинация үшін жеке туристік инфрақұрылымды дамытуға бағытталған өзара байланысты техникалық және ұйымдастырушылық іс-шаралар, оның ішінде:
туристік объектілерге дейін/арасында автомобиль және теміржол жолдарын, сондай-ақ туристік дестинациялардағы әуежайлар мен вокзалдарды салу, жөндеу, реконструкциялау және жаңғырту мәселелерін пысықтау;
дестинациялар аумағында және оларға баратын жол бойында толыққанды жол бойындағы, сервистік және жұмсақ инфрақұрылымды дамыту/жаңғырту, нақты объектілер мен олардың орналасу қажеттілігін айқындау (СГТ, кемпинг объектілері, сервистік қызмет көрсету, қоғамдық тамақтану орындары, медициналық және санитариялық пункттер, ақпараттық стендтер, бағыттағыштар, бағдарлау белгілері, кірме жолдар, мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған абаттандыру элементтері және басқалар);
2) қолданыстағы туристік өнімдер мен маршруттарды жетілдіру/кеңейту және жаңаларын құру, олардың туристер үшін тартымдылығын арттыру, үлгілік туристік маршруттардың жұмсақ инфрақұрылымын дамыту.
Туристік маршруттарды түгендеу ЖАО-мен, салалық және кәсіпкерлік қауымдастықтардың өкілдерімен, туристік бизнеспен бірлесіп жүзеге асырылады.
Жүргізілетін мониторинг нәтижелері қолданыстағы интернет-ресурстарда жарияланып, сондай-ақ мүдделі орталық және жергілікті атқарушы органдардың, депутаттық корпустың, қоғамдық ұйымдардың назарына жеткізіледі. Бұл қызметтің ашықтығы мен тәуелсіздігін қамтамасыз етуге, күштерді біріктіруге және ЖАО-ны басқарылатын аумақтарда туризмді дамыту жөніндегі нақты іс-шараларды іске асыруға ынталандыратын пәрменді тетік құруға мүмкіндік береді.
Салыстырмалы талдау жүргізу, салынған қаражаттың тиімділігін бағалау және даму серпінін бағалау мақсатында туристік инфрақұрылымның даму деңгейі бойынша өңірлерді ұлттық рейтингтік бағалау әдістемесін әзірлеу және енгізу жоспарлануда.
Рейтингтік бағалау үздік халықаралық тәжірибені ескереді және БТА-ны да, Қазақстанды туристендіру картасына енгізілген ТОП-50 дестинацияны да қамтиды.
Елдің туристік дестинациялары мен өңірлері арасындағы әуе қатынасының қолжетімділігін арттыру мақсатында бірінші кезеңде туристік әлеуеті жоғары және көлік қолжетімділігі төмен дестинациялар ретінде Каспий жағалауы (Маңғыстау облысы, Ақтау қаласы) және Алакөл көлінің жағалауы (Жетісу облысы, Үшарал қаласы) айқындалды.
Осыған байланысты ішкі әуе тасымалдарының географиясын кеңейту және құнын төмендету үшін отандық авиакомпаниялармен жаңа тұрақты әуе маршруттарын ашу, билеттерді арзандату, сондай-ақ әуе кемелерінің орындарын толтыру бөлігінде маршрутты пысықтау мәселесі қаралатын болады.
Көлік қолжетімділігін одан әрі дамыту үшін отандық авиакомпаниялар, теміржол және автомобиль көлігі тасымалдаушылары ел ішінде интермодальды жолаушылар тасымалын дамытады, бұл жолаушылардың көлік қажеттіліктерін барынша толық әрі сапалы қанағаттандыру мақсатында тасымалдау процесіне қатысатын екі және одан да көп көлік түрін пайдалануды білдіреді.
Қолайлы инвестициялық ахуал қалыптастыру, сондай-ақ туризм саласындағы кәсіпкерлік белсенділікті ынталандыру мақсатында Заң шеңберінде 2022 жылдан бастап жаңа заңнамалық шараларды іске асыру басталды:
1) БТА-да туристік қызмет объектілерін құру кезінде инвестициялық преференциялар беру үшін шекті деңгейді төмендету;
2) тау шаңғысы курорттарына арналған жабдықтар мен техниканы сатып алу шығындарының бір бөлігін өтеу;
3) туристік объектілерді салу, реконструкциялау кезінде шығындардың бір бөлігін өтеу;
4) туристік қызметті жүзеге асыратын кәсіпкерлік субъектілеріне сыйымдылығы жүргізуші орнын қоспағанда, сегізден астам отыратын орны бар автомобиль көлік құралдарын (туристік автобустарды) сатып алу шығындарының бір бөлігін өтеу;
5) жол бойындағы сервис объектілерін салу шығындарының бір бөлігін өтеу;
6) СГТ күтіп-ұстауға субсидиялау;
7) шетелдіктер үшін туристік жарна төлеу (мөлшерін мәслихаттар айқындайды).
Өңірлік туризмді дамытудың маңызды факторы шағын, орта және ірі «тірек» инвестициялық жобаларды іске асыруға жеке капитал тарту болып табылады. Мұндай жобаларды сүйемелдеу жұмысы жалғастырылады. Басым аумақтар ретінде Маңғыстау облысы, Түркістан облысы, Алматы тау кластері және басқа да туристік дестинациялар айқындалады.
Көлік қолжетімділігін арттыру автомобиль жолдарын салу және реконструкциялау, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік шекарасындағы өткізу пункттерінің, автовокзалдар мен автостанциялардың, теміржол вокзалдары мен станциялардың, сондай-ақ Қазақстанды туристендіру картасына сәйкес туристік қызығушылықтың негізгі объектілеріне апаратын әуежайлардың инфрақұрылымын дамыту, сондай-ақ әуе тасымалдарының, автомобиль және теміржол тасымалдарының қолжетімділігін арттыру арқылы қамтамасыз етіледі.
Қазақстанды туристендіру картасының объектілеріне апаратын республикалық және жергілікті жолдарды, оның ішінде «соңғы миль» автомобиль жолдарын салу және реконструкциялау мониторингі жүргізіледі.
Жеке инвестициялар есебінен елді EV-ге арналған ЕО желісімен қамту Батыс Еуропа – Батыс Қытай халықаралық көлік дәлізі бойындағы туризмді дамытуға, соның салдарынан қоғамдық тамақтану желілерін дамытуға қызмет етеді.
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік шекарасындағы өткізу пункттерін одан әрі дамыту үшін мемлекеттік саясатты жетілдіру және ведомствоаралық жұмысты үйлестіру жөніндегі шаралар көзделеді. Осы мақсатта Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу пункттерін жаңғырту мен реконструкциялауды басымдыққа қою мәселесі пысықталатын болады.
Әуежайлар инфрақұрылымын дамыту үшін ұшу-қону жолақтарын (ҰҚЖ), әуежай терминалдарын және материалдық-техникалық инфрақұрылымды одан әрі реконструкциялау мәселесі пысықталатын болады.
Әуежайлар инфрақұрылымын одан әрі дамыту мәселесі қаралатын болады: әуежайлардың техникалық жарақтандырылуын жаңғырту және мамандандырылған жабдықтарын жаңарту; жолаушылардың жайлы болу деңгейін арттыру (ішкі инфрақұрылымды дамыту, ұсынылатын қосымша қызметтер спектрін кеңейту, рейстерді күту залдарында қосымша жолаушылар креслоларын орналастыру, багаж арбаларымен, балалар бұрыштарымен және т.б. қамтамасыз ету); сондай-ақ тіркеу орындары мен тексеру қызметтерінде жолаушыларға қызмет көрсетуге тікелей тартылған әуежай қызметкерлерінің біліктілігін арттыру.
Теміржол көлігі мен тасымалдары инфрақұрылымын одан әрі дамыту мәселесі қаралатын болады, оның ішінде БТА-ға дейін теміржол вокзалдары мен станцияларын салу және реконструкциялау жұмыстарын жалғастыру; жазғы кезеңде ішкі және халықаралық маршруттарға қосымша пойыздар бөлу; жолаушылар вагондарының жылжымалы құрамын және жоғары маусымдағы рейстер санын ұлғайту көзделеді.
Бұдан басқа, Каспий теңізі аумағында круиздік туризмді дамыту мақсатында Ақтау портында теңіз вокзалын салу мәселесі пысықталатын болады.
Қазақстанның туризм индустриясын жоспарлы түрде қалыптастыру үшін өңірлік авиацияны дамыту маңызды болып табылады. Қазақстан кең аумаққа ие бола отырып, сондай-ақ жергілікті маңызы бар, оның ішінде облысаралық автомобиль жолдарының дамымауына байланысты туристік дестинациялардың республиканың ірі қалаларымен тұрақты байланысын қамтамасыз ете алмайды, осыған байланысты қазақстандық демалыс аймақтарының қажетті туристік қолжетімділігі мен тартымдылығы жоқ. Бұл мәселенің шешімі негізгі туристік дестинациялар мен ірі қалалар, облыс орталықтары арасында тұрақты және (немесе) маусымдық әуе маршруттарын дамытуда деп пайымдалады.
Қазақстанды басқа дестинациялармен байланыстыратын әуе маршруттары желісін дамыту мақсатында шет мемлекеттердің авиациялық билік органдарымен жаңа әуе рейстерін ашу мәселелері бойынша келіссөздер тұрақты негізде жүргізілетін болады.
Ішкі әуе тасымалдарының географиясын кеңейту және құнын төмендету үшін ел өңірлері арасындағы ішкі әуе тасымалдары маршруттарының санын ұлғайту мәселесі пысықталатын болады.
ЕҚТА аумақтарында орнықты туризмді дамыту шеңберінде АҚШ, Австралия, Грузия ұлттық парктері агенттіктерінің қызметінде пайдаланылатын МҰТП басқару саласындағы тиімді әлемдік тәжірибе қолданылатын болады.
ЕҚТА аумағында елдің маңызды табиғи объектілерінің сақталуын қамтамасыз ететін инвесторлар тартылатын болады. Сондай-ақ МҰТП инфрақұрылымын дамыту жөніндегі жұмыс жалғастырылады.
ЕҚТА аумағындағы туризм объектілерін қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету және туристік әрі рекреациялық қызметті жүзеге асыратын инвесторларды тарту үшін ЖАО-мен бірлесіп инфрақұрылым объектілерінің құрылысы жалғастырылады.
Имантау-Шалқар курорттық аймағын (бұдан әрі – ИШКА) дамыту шеңберінде экотуризмді дамыту үшін пилоттық режимде «Көкшетау» МҰТП курорттық аймағы учаскелерін басқарудың жаңа моделін де көздейтін ИШКА туристік-рекреациялық қызметін дамытудың жол картасын әзірлеу жоспарлануда.
Сондай-ақ ИШКА дамыту жобасын іске асыру мақсатында инвесторларды тарту шараларын күшейту, сондай-ақ ИШКА қажетті инженерлік және көлік инфрақұрылымымен қамтамасыз ету мәселесін пысықтау жоспарлануда.
5.2. Қолайлы климат қалыптастыру, сервис сапасын арттыру және цифрландыруды дамыту
Туристік дестинацияларды дамыту және еңбек ресурстарын салаға жаппай тарту, қолайлы туристік климат қалыптастыру, Қазақстанның туристік әлеуетін танымал ету арқылы туристік қызметтер мен өнімдердің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға ерекше назар аударылады.
COVID-19 пандемиясына байланысты санитариялық-эпидемиологиялық жағдайдың жақсаруына қарай шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын кесіп өтуіне қойылған шектеулер алынып тасталады.
Қазақстанның нысаналы нарықтары болып табылатын алыс және жақын шетелдермен тікелей (тұрақты, тұрақты емес чартерлік рейстер) әуе қатынасын одан әрі қалпына келтіру мәселесі пысықталатын болады.
Қазақстан Республикасына азаматтары визасыз келе алатын елдер тізімін ұлғайту жұмысы жалғасады. Сыртқы істер министрлігі өзара визалық талаптардан босатуға мүмкіндік беретін 26 елмен келісім жобаларын келісу бойынша жұмыс жүргізуде. Олардың ішінде: Бахрейн, Доминикан Республикасы, Парагвай, Австрия, Сауд Арабиясы, Сан-Марино, Венесуэла және басқа елдер бар. Бұл азаматтары Қазақстанға визасыз кіре алатын елдердің санын 100-ге дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ нысаналы нарықтар болып табылатын елдерге (Таяу Шығыс және Оңтүстік-Шығыс Азия елдері, сондай-ақ Үндістан, Қытай, Иран) қатысты мынадай шараларды қабылдау жөнінде ұсыныстар енгізіледі:
электрондық виза жүйесі – «e-visa» бойынша елдер тізбесін кеңейту;
шақыру талабын алып тастау мүмкіндігін қарау;
БАӘ резиденттері болып табылатын шетел азаматтарына визаларды оңайлатылған тәртіппен беру мүмкіндігін қарау.
Визалық-көші-қон саясатын ырықтандыру жағдайында тәуекелдерді басқару үшін мынадай шараларды қабылдау көзделеді:
1) Ұлттық қауіпсіздік комитетіне, Ішкі істер министрлігіне барлық қонақүйлер мен басқа да орналастыру орындары келушілерін тіркеудің ақпараттық жүйелеріне қол жеткізу мүмкіндігін беру;
2) Ұлттық қауіпсіздік комитетіне, Ішкі істер министрлігіне әуе желілері мен автобус тасымалдарының жолаушылары туралы ақпарат беру.
Тәуекелдерді басқару мәселелері визалық-көші-қон саясатын ырықтандыру шеңберінде шешілетін болады.
Туристік объектілерде туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін туристер мен туристік топтардың қозғалыс маршруттары туралы ТЖМ аумақтық бөлімшелерін хабардар ету, сондай-ақ ұсынылған ақпаратты сақтау, пайдалану және есептен шығару талабын көздеу қажет.
Бұл респонденттерге түсетін жүктемені азайтуға және жалпы мемлекеттік статистикалық байқаудың қолданыстағы статистикалық нысандарын оңтайландыруға (жоюға) негіз болады, деректерді құрылымдауға, елдегі туристік саланы басқару тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді, бұл түптеп келгенде саланың бірыңғай цифрлық ақпараттық платформаны пайдалана отырып, цифрлық экономиканың толыққанды сегментіне айналуына әкеледі.
Туристік білім беруді жетілдіру үшін туризм саласына арналған кәсіптік стандарттарды жаңарту, сондай-ақ саланың қажеттіліктеріне жауап беретін және мамандандырылған пәндер мен практикалық сабақтардың көлемін едәуір кеңейтетін жаңа білім беру стандарттарын қабылдау мәселесін пысықтау қажет.
Бұл ретте оқытудың мамандандырылған пәндер бойынша деңгейін арттыру мақсатында оқытушылар құрамына туристік индустрияның практикалық қызметкерлерін тарту қажет.
Сондай-ақ туризм саласы қызметкерлерінің біліктілігін онлайн форматта арттыру бойынша жұмыстар жүргізу жоспарлануда.
Туристік бизнес субъектілеріне туристік өнімдерді, оның ішінде MICE туризмін дамыту, туристік қызметтердің сапа стандарттары және басқа да мәселелер бойынша арнайы бағдарламалар әзірленетін болады.
2029 жылдың соңына дейін туризм саласында жұмыспен қамтылған кемінде 14 мың адамды құзыреттерді дамыту жөніндегі іс-шаралармен қамту жоспарлануда.
Туристік қызметтердің сапасын арттыру үшін халықаралық стандарттау жүйесінің үлгісі бойынша «сапа белгісі» ынталандыру және мотивациялау тетігі бар туризм индустриясы субъектілерін ерікті сертификаттауды енгізу жоспарлануда. Бұл ретте стандарттарға сәйкестік идеясын ілгерілету және бизнес субъектілері арасында тиісті ақпаратты тарату, оның ішінде оқыту жүргізу арқылы қамтамасыз етілуі қажет, өйткені 2020 жылы халықаралық тәжірибе (Қытай, Испания, Швейцария) негізінде сапа стандарттарына жүргізілген зерттеу нәтижелері бойынша көптеген бизнес субъектілері туризм саласындағы белгілі бір стандарттардың талаптары немесе олардың бар екендігі туралы ақпараттан хабарсыз болған.
Бұдан басқа, туристік өнімдерді дамыту және туристік маршруттардың сапасын арттыру үшін туристік операторлар өздерінің өнімдік ұсыныстарын әзірлеу кезінде одан әрі пайдалана алуы үшін белгілі бір туристік маршруттар мен объектілердің сұранысқа ие болуы мен жай-күйі туралы өзекті деректерді жинауды қамтитын маркетингтік зерттеулер жүргізу жоспарлануда, оның ішінде:
1) нысаналы сегменттердегі қазақстандық туристік өнімдер мен қызметтерге қатысты трендтер мен сұранысты зерделеу;
2) туристік қызығушылық объектілері мен қолданыстағы туристік маршруттарды түгендеу және диагностикалау, оларды абаттандыру жөніндегі шараларды айқындау.
Жүргізілген зерттеулер нәтижесінде туристік қызығушылық объектілерінің дерекқорлары (тізілімдері) құрылып, олардың ағымдағы жай-күйіне бағалау жүргізіледі, дамыту және жақсарту жөніндегі ұсынымдар әзірленеді.
Сервис сапасын және туристік өнімдер мен қызметтердің қолжетімділігін арттыру мақсатында мынадай шаралар қабылданады:
1) туризм саласындағы стандарттарды халықаралық деңгейге дейін өзектендіру, оның ішінде жаңа заманауи стандарттарды әзірлеу және бекіту;
2) ұлттық стандарттарды енгізу және оларды қолдану деңгейін 2023 жылы 10%-ға дейін арттыру;
3) халықаралық стандарттау жүйесінің негізінде бір немесе бірнеше БТА базасында туристік индустрия субъектілерінің туристік қызметтерін ерікті сертификаттау жүйесін пилоттық режимде енгізу және жүйені Қазақстанның басқа БТА-лары мен өңірлерінде тарату («сапа белгісі»);
4) «e-Qonaq» («e-Hotel») ақпараттық жүйесін және орналастыру орындарының субъектілерін: қонақүйлерді, хостелдерді, санаторийлерді және басқаларды міндетті түрде енгізе отырып, қонақүйлер тізілімін енгізуді жалғастыру.
Сондай-ақ көрсетілетін қызметтердің сапасы персоналдың біліктілігін арттыруға байланысты, бұл басқарудың жаңа әдістерін, өндіріс технологияларын, жабдықтарды енгізу және персоналды оқыту мәселелері бойынша жоғары білікті шетелдік мамандарды тартуды қамтиды.
Өңірге келушілерді барлық қажетті ақпаратпен, оның ішінде туристік объектілердің орналасқан жері, қызметінің сипаттамасы және жергілікті жерлерде ұсынылатын қызметтер тізбесі туралы ақпаратпен қамтамасыз ету үшін цифрлық платформаны (ұлттық туристік портал) дамыту мынадай шаралар арқылы жалғастырылады:
- туристік қызығушылық объектілерін (қонақүйлер, музейлер, МҰТП және тағы басқалар) интернет-ортаға тартуды арттыру, бұл осы объектілердің қолжетімділігін қамтамасыз етеді;
- функционалды кеңейту, онлайн-брондау енгізу, аналитикалық базаларды қалыптастыру және т.б.
Портал шетелдік және ішкі туристер арасында қазақстандық туристік өнімнің танымалдығы мен оған деген адалдықты арттыруға бағытталған мобильді қосымшалар мен веб-порталдардың бірыңғай жүйесіне айналады. Жүйе сондай-ақ туристік бизнес иелеріне арналған жекелеген бизнес-процестерді автоматтандыруға, бағалау мен рейтингтер жүйесі арқылы нарыққа мониторинг жүргізуге арналған.
Цифрлық платформаларды, ақпараттық жүйелерді іске асыру коммерциялық емес негізде жүзеге асырылады және жеке және заңды тұлғаларға ақылы қызметтер көрсетуді, жеке кәсіпкерлік субъектілерінің, оның ішінде жеке бизнестің цифрлық платформаларының пайда болуына шектеулерді көздемейді.
Туризм саласының кадрларын даярлау жүйесін жетілдіру шеңберінде мынадай шаралар одан әрі іске асырылатын болады:
1) халықаралық сарапшыларды тарта отырып, туризм бойынша білім беру оқу бағдарламаларын қалыптастыру жөніндегі әдістемелік ұсынымдарды әзірлеу;
2) туризм саласы үшін кадрлар даярлау жөніндегі білім беру бағдарламаларында ағылшын тіліндегі пәндердің үлесін ұлғайту мәселесін қарау және зерделеу;
3) бизнес өкілдері мен мүдделі тараптарды білім беру бағдарламалары мен оқу-әдістемелік материалдарды әзірлеуге тарту;
4) бизнес өкілдерін, оның ішінде қонақүй менеджерлерін, туроператорларды, «Болашақ» бағдарламасының түлектерін пәндерді оқытуға және бітіру жұмыстарын басқаруға тарту мүмкіндігін қарау;
5) оқыту бағдарламаларына қысқа мерзімді курстарды (Coursera, Academy.tourismonline.kz) енгізу мүмкіндігін қарау.
Пакеттік турларды ынталандыру және ілгерілету үшін туристік өнімдерді дамыту бағдарламасы пайдаланылатын болады. Бағдарламаның мәні БТА бойынша кепілдендірілген күні мен белгіленген бағалары бар пакеттік турлар түріндегі туристік өнімдерді іріктеу және одан әрі ілгерілету болып табылады.
Туристік өнімдердің кең ассортиментін әзірлеуді ынталандыру үшін Туристік өнімдерді дамыту бағдарламасы шеңберінде БТА бойынша кепілдендірілген күні мен белгіленген бағалары бар туристік өнімдер ілгерілетілетін болады.
Сапалы қазақстандық туристік өнімдерді құру және туристер үшін оларды дұрыс «қаптау» бойынша консультациялық қолдау көрсетілетін болады.
Шағын өңірлік орналастыру орындары – қонақ үйлерді сертификаттау жүргізіледі.
Туристер мен туристік топтардың қозғалыс маршруттары туралы ТЖМ аумақтық бөлімшелерін хабардар ету, сондай-ақ ұсынылған ақпаратты сақтау, пайдалану және есептен шығару туралы талапты енгізу туристер туристік жорықтардан уақтылы оралмаған жағдайда олардың алдын ала белгілі қозғалыс маршруттары бойынша іздестіру іс-шараларын уақтылы ұйымдастыруға, қажет болған жағдайда медициналық көмек көрсетуге немесе эвакуациялауға мүмкіндік береді.
Бұдан басқа, туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және саяхаттың жайлылығын арттыру мақсатында туристік соқпақтарды таңбалау стандарты қабылданып, бүкіл Қазақстан бойынша туристік соқпақтарды таңбалауға бірыңғай тәсіл қамтамасыз етіледі. Соқпақтарды күрделілігі мен туристердің дайындық деңгейі бойынша бөлу, әрбір санатқа белгілі бір түсті сәйкестендіру, соқпақтың басында маршруттың күрделілігі және туристке қойылатын қажетті талаптар туралы ақпарат орналастыру, стандартталған көрсеткіштер, ақпараттық тақталар мен стендтер орнату туристерге бағдарлануды жеңілдетуге және қауіпті жорықтарды болдырмауға мүмкіндік береді.
Елдің туристік әлеуетін арттырудың және ішкі әрі шетелдік туристерді тартудың негізгі факторы туристік объектілер мен өнімдерді сапалы және жан-жақты ілгерілету болып табылады. Туристік объектілерді халықаралық деңгейде ілгерілетуді және елдік брендингті басқаруды «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ жүзеге асырады.
Өңірлік туристік әлеует пен туристік объектілерді ілгерілетуді дамыту үшін DMO (Destination Management Organization) тетігін енгізу арқылы бизнес өкілдерін саланы басқару процесіне біріктіру маңызды.
Бірінші кезеңде өңірлік туристік кеңселердің қажеттілігі мәселесін пилоттық режимде пысықтау жоспарлануда.
Осыған байланысты ипподромдарды қосымша қаржыландыру және коммерцияландыру көздерін құру, сондай-ақ жалпы ат индустриясын дамыту үшін жағдай жасау мақсатында ипподромдар аумағында тотализаторлардың қызметіне рұқсат беру мәселесі пысықталатын болады.
Ойын бизнесін туристік саланың бір бөлігі ретінде дамыту мақсатында пакеттік ұсыныстарды сапалы қалыптастыру мәселесін пысықтау қажет болады. Осындай ұсыныстардың бірі ретінде Қазақстан тарапынан Каспий теңізі бойынша пакеттік турлар ұсынылуы мүмкін, өйткені Каспий маңы елдерінің бірқатарында құмар ойындарға тыйым салынған.
Туристік өнімдерді дамыту туризмнің мынадай басым бағыттарын ескере отырып та жүргізіледі:
Экологиялық туризм
Экологиялық туризмді дамытуға орнықты басқару нысандарын енгізу мақсатында мынадай шаралар көзделеді:
1) туризм саласындағы қолданыстағы практикалар мен заңнама негізінде, оның ішінде ЕҚТА-да экологиялық туризмді дамыту;
2) сапаны бағалау жүйесі шеңберінде экотуризм субъектілерін ерікті сертификаттауды енгізу;
3) тізілім құру және сертификатталған қонақ үйлерді онлайн-брондау платформасын құру мәселесін пысықтау;
4) орнықты дамудың нысандары мен стандарттары БТА-да жүйелі негізде енгізіледі және табиғатқа ұқыпты қарау жөніндегі ақпараттық науқан шеңберінде бүкіл ел бойынша ілгерілетіледі.
Агротуризм (ауылдық туризм)
Агротуризммен айналысу қағидаты туристерді ауылдарға (ауыл шаруашылығы жерлеріне) тарту және оларға ауыл шаруашылығы қызметімен танысу, шеберлік сабақтарын өткізу, өнімді көрсету және дәмін татқызу және т.б. сияқты қызметтер көрсету, сондай-ақ оларға өндірілген өнімді сату болып табылады.
Осыған байланысты мынадай шаралар қабылданады:
1) ауылдық жерлерде агротуристік объектілерді ЖАО-ның дамытуы: агротуризмді дамытуға дайын перспективалы нүктелер мен бастамашыл топтарды іздеу және анықтау жүзеге асырылатын өңірлерге барып далалық зерттеулер жүргізу;
2) Қазақстан өңірлерінің ауыл тұрғындары үшін оқыту іс-шараларын өткізу. Кіріспе курстар барысында ауыл тұрғындары ауылдарда туристерге қандай қызметтер көрсетуге болатыны, клиенттерді тарту тәсілдері және т.б. туралы ақпарат ала алады;
3) агротуризмде қызмет көрсететін субъектілердің тізілімін жасау және жүргізу, өңірлерге инвестициялар тарту, ауылдардың инфрақұрылымын жақсарту және аумақтың брендингін дамыту;
4) фермерлерге ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерде агротуризммен айналысу мүмкіндігін беру бөлігінде заңнаманы жетілдіру. Бұл шараны дамыту ауыл халқын қосымша жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету арқылы ауылдық аумақтардың әл-ауқатын арттыруға ықпал етеді (жылына орта есеппен 2,2 мың адам немесе барлық фермерлік және шаруа қожалықтарының 1%-ы).
Этнографиялық туризм және қолөнер
Этнографиялық туризмді дамыту мынадай жолдармен жүзеге асырылады:
1) ауылдық өңірлерде туризм саласында шағын бизнес жүргізу мүмкіндіктері туралы ақпаратты әзірлеу және тарату (ұлттық қонақжайлылық пен этнографиялық элементтерге баса назар аударатын қонақ үйлер ашу), оның ішінде туристік өнімдерді дистрибуциялау бойынша;
2) Қазақстанның табиғи, мәдени және басқа да көрікті жерлеріне байланысты қазақ аңыздарының суреттелген жинақтарын шығару.
Туристің мәдени ортаға енуіндегі маңызды фактор қолөнерді дамыту болып табылады. 2020 жылы туристік өнімнің құрамдас бөлігі ретінде қолөнерге кешенді зерттеу жүргізілді, оның қорытындысы бойынша қолөнер саласының жүйелі проблемаларын еңсеру жөніндегі мынадай тәсілдер әзірленді:
1) қолөнерді дамыту саласындағы нормативтік құқықтық актілер жетілдіріледі (қолөнершілер мәртебесін бекіту, ЭҚЖЖ жаңа кодын енгізу және т.б.) және Қазақстанда қолөнерді дамыту тұжырымдамасы өзектендіріледі;
2) қолөнершілер мәртебесін бекіте отырып, Қазақстан қолөнершілерінің ұлттық тізілімі қалыптастырылады;
3) БТА-да қолөнер шеберханалары желісін құра отырып, қолөнершілер орталықтарын ашу жоспарлануда;
4) ұлттық және өңірлік қолөнер өнімдерінің (кәдесый өнімдері) стандарттары мен визуалды айдентикасын әзірлеу;
5) қолөнер өнерін кеңінен ілгерілету және Қазақстандағы қолөнершілердің мәртебесін арттыру, қолөнер бойынша қолданыстағы онлайн-платформаларды қолөнер өнімдерін өткізуге арналған бірыңғай маркетплейспен интеграциялау;
6) қолөнершілерді маркетингке және сату дағдыларына оқыту;
7) Қазақстанда қолөнер саласында өзін-өзі реттейтін ұйым құруға жәрдемдесу.
Дамыған елдердің заманауи қалалары мен туристік локацияларына тән міндетті атрибуттардың бірі сауда көшелері болып табылады, олар Қазақстанда мұндай саудаға бейімделген құрылыстардың болмауына байланысты іс жүзінде дамымаған.
Сауда көшелері халық шығармашылығы бұйымдары мен ұлттық тағамдары бар кәдесый дүкендерінің көптігімен келушілерді тартатын туристік локацияларға айналуы мүмкін. Дамытудың бір жолы автомобиль көлігі үшін көшелерді жабу және олардың арасында жаяу жүргіншілер ағыны өтетін, мерзімсіз орналастырылатын сауда павильондарын орнату болуы мүмкін.
Туристік саладағы сауда инфрақұрылымын дамыту кәсіпкерлік субъектілерінің дамуына серпін береді, сондай-ақ ұлттық-мәдени бірегейлікті айқындайтын ажырамас бөлік болып табылатын қолөнерді қызмет түрі ретінде қайта жандандырады.
Кемпингтік туризм және автокараванинг
Кемпингтік туризм мен автокараванингті табысты дамыту мақсатында мынадай шаралар іске асырылады:
1) дамыған елдердің халықаралық стандарттары негізінде санатына қарай кемпингтерді жобалау және олардың қызметі стандарттарын (көрсетілетін қызметтер тізбесі мен сервис деңгейін) әзірлеу, рекреациялық көлік құралдары үшін қолайлы жол қозғалысын қамтамасыз ету бойынша халықаралық тәжірибені ескере отырып, Қазақстанның Жол жүрісі қағидаларын жетілдіру (белгілер және т.б.);
2) мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетіктерін пайдалана отырып, ең танымал автомобиль маршруттарының бойында кемпингтер, трейлерлік парктер, глэмпингтер («сәнді» кемпинг), этноауылдар желісін құруға жәрдемдесу;
3) «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ-мен бірлесіп, караванинг тұрақтары мен күзетілетін TIR-тұрақтарды ұйымдастыруға жәрдемдесу.
Балалар-жасөспірімдер (бұдан әрі – БЖТ) және жастар туризмі
БЖТ-ны ынталандыру мақсатында мынадай шараларды іске асыру көзделеді:
1) инфрақұрылымдық және заңнамалық кедергілерді еңсеру, балалардың қауіпсіз демалысын қамтамасыз ету, жазғы лагерьлер мен БЖТ-ның басқа да субъектілері үшін тиісті мамандар даярлау жөніндегі нақты шараларды қамтитын БЖТ-ны дамыту жол картасын әзірлеу;
2) «Тірі сабақтар» жобасын ЖАО-ның одан әрі іске асыруымен трансформациялау;
3) «Тірі сабақтар» жобасын мектеп бағдарламасына енгізу мәселесін пысықтау;
4) балалар туристік топтарына арналған экскурсия жетекшілерін даярлау;
5) балалар аудиториясына бағытталған туристік өнімдер желісін кеңейту.
Жастарды туризмді дамытуға ынталандыру мақсатында мынадай шаралар көзделеді:
1) жастарға арналған арнайы турлар қалыптастыру;
2) туризмде жаңа тауашаларды ашу мақсатында жастар кәсіпкерлігін дамыту;
3) ірі туристік іс-шараларға жұмыспен қамту мақсатында жастар өкілдерін тарту (сервис, гид қызметтері және т.б.).
Емдеу-сауықтыру және медициналық туризм
Емдеу-сауықтыру және медициналық туризмді дамытудың мақсаты медициналық туризмнің жаһандық нарықтық жүйесіне интеграцияланған бәсекеге қабілетті денсаулық сақтау секторын құру болып табылады.
Қазақстанда медициналық туризмді (ішкі және келу туризмін) дамыту үшін, оның ішінде күрделі ем алу мақсатында үлкен әлеует бар, сондықтан шетелдік пациенттерді тарту үшін денсаулық сақтау ұйымдарының әлеуетін және сервистік қызметтерді арттыруға назар аударылады. Сондай-ақ жетекші медициналық және санаторий-курорттық ұйымдар базасында сапалы инновациялық медициналық және сауықтыру қызметтері қалыптастырылады.
Осыған байланысты емдеу-сауықтыру және медициналық туризм түрлерін табысты дамыту мақсатында мынадай шаралар іске асырылады:
1) халыққа санаторий-курорттық, рекреациялық, сауықтыру қызметтерін нығайтуға, дамытуға және олардың сапасын арттыруға бағытталған қызметті салааралық үйлестіру;
2) жыл бойы сапалы емдеу-сауықтыру қызметтерінің ұсынысын арттыру мақсатында медициналық ұйымдар мен санаторий-курорттық ұйымдардың туроператорлармен ынтымақтастығын дамыту;
3) медициналық ұйымдардағы сервис пен менеджментті дамыту;
4) Қазақстанның медициналық туристік өнімдерін қалыптастыру және шетелдік нарықта ілгерілету;
5) табысты халықаралық тәжірибені ескере отырып, осы бағытты дамытуды ынталандыру және қолдау.
5.3. Туристік әлеуетті өңірлік және халықаралық деңгейлерде ілгерілету, Қазақстан Республикасы аумағында MICE туризмін дамыту
Қазақстанның елдік туристік брендін қалыптастыру және оның оң имиджін жасау мемлекеттің туристік әлеуетінің тартымдылығын арттырудың қуатты құралы болып табылады.
Бренді бар ел туристерді тартады, ал оның ұлттық бизнесі мен тауарлары бәсекелестік күресте елеулі қолдауға ие болады. Осыған байланысты халықаралық нарықта Қазақстанның оң туристік имиджін қалыптастыру бәсекеге қабілеттілікті арттырудың маңызды элементі болып табылады.
Қазақстан Республикасының туристік әлеуеті туралы хабардарлықты арттыру мақсатында интернетте цифрлық жарнаманы орналастыру, теледидарда және/немесе интернетте бейнереклама жасау, әлеуметтік желілерде ілгерілету, PR-ілгерілету (оның ішінде танымал тұлғалармен, салалық ықпал етуші агенттермен және пікір көшбасшыларымен ынтымақтастық; танымал телешоуларды тарту және т.б.), әлемде танымал туристік сайттармен және порталдармен ынтымақтастық, оның ішінде осындай ресурстарда Қазақстан туралы ақпарат орналастыру, баспасөз турлары, блог-турлар және т.б. сияқты құралдарды пайдалана отырып, бірегей табиғи көрікті жерлерді халықаралық нарықта ілгерілету және жарнамалау жұмысын жалғастыру қажет.
Халықаралық тәжірибеге сәйкес жарқын әрі танымал іс-шараларды өткізу туристік ағынды ұлғайтудың ең тиімді тетіктерінің бірі болып табылады.
Бұл тәсіл отандық туристік бизнеске сұранысты зерттеу, өнімдік, баға, коммуникациялық саясат және өткізу саясаты салаларында тиімді маркетингтік іс-шаралар өткізу бойынша практикалық құзыреттерді арттыруды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Қазақстандық туристік өнімдерді табысты ілгерілету үшін стратегиялық фокус пен кешенді тәсілдің болуы маңызды. Ресурстар отандық дестинацияларға туристік ағындардың көлемін едәуір арттыруды қамтамасыз ете алатын перспективалы географиялық нарықтарда ең тартымды ұлттық туристік өнімдерді ілгерілетуге шоғырландырылады.
Осыған байланысты елдің туристік имиджін қалыптастыруда дұрыс тәсілді әзірлеу мақсатында ілгерілету және маркетинг стратегиясы әзірленеді.
Қазақстандық MICE туризмінің үлкен әлеуетін ескере отырып, осы бағытты одан әрі дамыту жөнінде табысты халықаралық тәжірибені ескере отырып ұсыныстар қалыптастырылады.
Сонымен бірге Қазақстанның MICE дестинацияларын халықаралық аренада, оның ішінде ICCA, MPA және басқа да халықаралық қауымдастықтардың арнайы платформаларын пайдалана отырып, ілгерілету жұмыстары жүргізіледі.
Туризмнің осы сегментін дамыту үшін «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ саланың негізгі субъектілерімен бірлесіп, Қазақстанға түрлі MICE іс-шараларын тарту бойынша бірыңғай өтінім беру арқылы шетелдік тендерлік алаңдарға (биддинг) қатысуды жалғастырады.
MICE іс-шараларын тартуға MICE туризмінің елшілері белсенді түрде тартылады.
Қазақстанды шетелде ілгерілету кезінде бірінші кезеңде инфрақұрылым және туристік ұсыныстар тұрғысынан неғұрлым дайын Қазақстан өңірлеріне: Астана қаласы мен Ақмола облысына (Щучинск-Бурабай курорттық аймағы), Алматы қаласы мен Алматы облысына, Шымкент қаласы мен Түркістан облысына, сондай-ақ Ақтау қаласына негізгі назар аударылады.
Қазақстанның туристік әлеуетін ашу және ілгерілету сыртқы және инвестициялық саясатты, экспорттық брендтерді, мәдениет пен спортты іске асыру арқылы да көзделеді.
Бұл ретте ілгерілетудің осы арналары арқылы елдің тарихи бірегейлігі, оның табиғи байлықтары, қазақстандық халықтың көпұлттылығы, өзіндік ерекшелігі мен бейбітсүйгіштігі, саясаттағы, спорттағы, ғылымдағы және тағы басқа әлемдік ауқымдағы заманауи жетістіктері көрсетілетін болады.
Халықаралық тәжірибеге ұқсас дестинацияларды мәдениет, тарихи мұра және табиғат элементтерімен байланыстыру бойынша жұмыс жүргізіледі: Жапония – сакура, Фудзияма, шай рәсімі; Қытай – Ұлы Қытай қорғаны, панда, қытай тағамдары; Австралия – кенгуру; Мысыр – маржан рифтері, пирамидалар және т.б.
Туристік брендті ілгерілетудің тиімді арналарын қалыптастыру және дамыту мақсатында мыналар жүзеге асырылады:
1) танымал тұлғаларды, салалық ықпал етуші агенттер мен пікір көшбасшыларын (селебрити, блогерлер, танымал спортшылар, актерлер, әншілер және т.б.) тарту;
2) қазақстандық туризмді танымал ету мәселелері бойынша Қазақстандағы нысаналы нарық елдерінің елшіліктерімен және өкілдіктерімен жұмысты жандандыру;
3) қазақстандық туризмді ілгерілету үшін қазақ диаспорасы мен шетелдегі қазақстандық студенттердің ресурстарын пайдалану;
4) нысаналы нарық елдерінде хабар тарату арналарын ашу мүмкіндігін қарау;
5) туристік брендті кәсіби аудитория, әлеуетті шетелдік инвесторлар мен әріптестер арасында ілгерілету мақсатында ірі салалық қауымдастықтармен ынтымақтастықты және оларға мүшелікті жандандыру (Дүниежүзілік туристік ұйым (UNWTO), Туристік агенттіктер қауымдастықтарының біріккен федерациясы (UFTAA), Халықаралық қонақүйлер мен мейрамханалар қауымдастығы (IH&RA), Дүниежүзілік саяхат және туризм кеңесі (WTTC), Дүниежүзілік туристік агенттіктер қауымдастығы (WATA), Азия және Тынық мұхиты елдерінің туристік қауымдастығы (PATA), Дүниежүзілік туристік форум (WTF) және т.б.);
6) Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасындағы өткізу пункттерінде шетелдіктердің қолданыстағы ағынын пайдалану (ақпараттық флаерлер, буклеттер, брошюралар, лотереялар, кәдесыйлар және т.б.).
Әлеуетті қамтуды ұлғайту мақсатында Қазақстанның көрмелерге қатысу тұжырымдамасын өзгерту, Қазақстанның бірыңғай стенді астында отандық туристік бизнес субъектілерін (қонақүйлер, автомобиль және авиакөлік тасымалдаушылары, туроператорлар және т.б.), ЖАО біріктіру, сондай-ақ Қазақстанға халықаралық іс-шараларды тарту үшін MICE тақырыбы бойынша, adventure, экотуризм және басқа да мамандандырылған нишалық көрмелерге қатысуды көздеу жоспарлануда.
Арнайы іс-шараларға қатысу әзірленген ілгерілету және маркетинг стратегиясы шеңберінде жүзеге асырылады.
Нысаналы аудиториялардың медиатұтыну ерекшеліктеріне байланысты түпкілікті тұтынушыны (туристі) Қазақстанға саяхаттауға ынталандыру белсенді PR-ілгерілету және жарнама арқылы жүзеге асырылады.
6. 2029 жылғы нысаналы индикаторлар мен күтілетін нәтижелер
Тұжырымдаманы іске асыру тиімділігі мынадай нысаналы индикаторлармен өлшенетін болады:
1. Туризм саласындағы ЖҚҚ көлемін 6,3 трлн теңгеге дейін ұлғайту.
2. Орналастыру және тамақтану қызметтеріне инвестицияларды 260 млрд теңгеге дейін ұлғайту.
3. Туризм саласындағы жұмыспен қамтуды 800 мың адамға дейін ұлғайту.
Сондай-ақ Тұжырымдаманы іске асыру қорытындысы бойынша 2029 жылы мынадай нәтижелерге қол жеткізу күтіледі:
1. Ішкі туристер санын 11 млн адамға дейін ұлғайту.
2. Келу туристерінің санын 4 млн адамға дейін ұлғайту.
3. ДЭФ-тің Саяхаттар мен туризмді дамытудың жаһандық индексі рейтингінде 50-орынға ие болу.
| | Қазақстан Республикасының туристік саласын дамытудың 2023 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасына қосымша || - | ---------------------------------------------------------------------------------------- |
Қазақстан Республикасының туристік саласын дамытудың 2023 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспары
Ескертпе. Жоспар – ҚР Үкіметінің 13.07.2026 жылғы № 613 қаулысының редакциясында.
1-қосымша
| Р/с № | Атауы | Аяқталу нысаны | Орындау мерзімі | Жауапты орындаушылар | Қаржыландыру көлемі | Қаржыландыру көзі |
|---|---|---|---|---|---|---|
| 1-бағыт. Инженерлік-коммуникациялық және көлік инфрақұрылымын дамыту | ||||||
| Нысаналы индикатор 1. Туризм саласындағы жалпы қосылған құн көлемінің 6,3 трлн теңгеге дейін өсуі: 2023 жыл – 3,5 трлн теңге; 2024 жыл – 3,9 трлн теңге; 2025 жыл – 4,2 трлн теңге; 2026 жыл – 4,7 трлн теңге; 2027 жыл – 5,1 трлн теңге; 2028 жыл – 5,6 трлн теңге; 2029 жыл – 6,3 трлн теңге | ||||||
| 2-бағыт. Туристік бизнес үшін қолайлы жағдайлар қалыптастыру және инвестициялар тарту | ||||||
| Нысаналы индикатор 2. Орналастыру және тамақтану қызметтеріне инвестициялардың 260 млрд теңгеге дейін өсуі: 2023 жыл – 131 млрд теңге; 2024 жыл – 140 млрд теңге; 2025 жыл – 160 млрд теңге; 2026 жыл – 180 млрд теңге; 2027 жыл – 200 млрд теңге; 2028 жыл – 220 млрд теңге; 2029 жыл – 260 млрд теңге | ||||||
| 3-бағыт. Визалық-көші-қон режимін жетілдіру | ||||||
| 4-бағыт. Туристік өнімдерді дамыту | ||||||
| Нысаналы индикатор 3. Туризм саласындағы жұмыспен қамтуды 800 мың адамға дейін ұлғайту: 2023 жыл – 520 мың адам; 2024 жыл – 550 мың адам; 2025 жыл – 590 мың адам; 2026 жыл – 640 мың адам; 2027 жыл – 690 мың адам; 2028 жыл – 740 мың адам; 2029 жыл – 800 мың адам | ||||||
| 5-бағыт. Маркетинг және ілгерілету | ||||||
| 6-бағыт. Туризм саласын кадрлармен қамтамасыз ету |
| Р/с № | Іс-шараның атауы | Аяқталу нысаны | Орындау мерзімі | Жауапты орындаушылар | Қаржыландыру көлемі | Қаржыландыру көзі |
|---|---|---|---|---|---|---|
| 1 | Инженерлік және көлік инфрақұрылымымен қамтамасыз етілуін бағалау мақсатында туристік дестинацияларды түгендеуді жүргізу, инфрақұрылымды дамытуды маңызды бағыт ретінде айқындау | инфрақұрылымдық жобалардың тізбесі | жыл сайын | ЖАО, «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ (келісу бойынша) | талап етілмейді | талап етілмейді |
| 2 | Ұлттық табиғи парктер мен қорықтардың аумақтарындағы туристік маршруттарды қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ете отырып жайластыру | абаттандыру жоспары | жыл сайын | ЭТРМ, ЖАО | көзделген қаражат шеңберінде | ЖИ, ЖБ |
| 3 | Инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру мониторингін жүргізу | ұсынымдар | жыл сайын | ЖАО, «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ (келісу бойынша) | талап етілмейді | талап етілмейді |
| 4 | Қазақстан Республикасының 50.1.9-2023 «Туристік соқпақтар. Жалпы талаптар» ұлттық стандартына сәйкес соқпақтарды жайластыру | есеп | 2028 жыл | ЖАО, ЭТРМ | көзделген қаражат шеңберінде | ЖБ |
| 5 | Туристік дестинацияларды байланыспен және Интернет желісіне қолжетімділікпен қамтамасыз ету мәселесін пысықтау | меморандум | 2028 жылдың IV тоқсаны | ЖИЦДМ, ЖАО | көзделген қаражат шеңберінде | ЖБ |
| 6 | Курорттық аймақтардың қатты тұрмыстық қалдықтар полигондарымен, сондай-ақ туристік жүктеменің нақты және болжамды көлемін ескере отырып, қалдықтарды бөлек жинау, сұрыптау және қайта өңдеу инфрақұрылымымен қамтамасыз етілуіне талдау жүргізу | қорытынды | 2028 жылдың I тоқсаны | ЖАО, ЭТРМ, «Жасыл даму» АҚ (келісу бойынша), «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ (келісу бойынша) | талап етілмейді | талап етілмейді |
| 7 | Курорттық аймақтардың аумақтарындағы жағажай аймақтарын жағажайларды абаттандыру стандартына сәйкес жайластыру | объектілерді пайдалануға қабылдау актісі | жыл сайын | ЖАО | көзделген қаражат шеңберінде | ЖБ |
| 8 | Туристік инфрақұрылымның даму деңгейі бойынша өңірлерді ұлттық рейтингтік бағалауды енгізу | әдістеме | 2027 жылдың IV тоқсаны | ТСМ, «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ (келісу бойынша) | талап етілмейді | талап етілмейді |
| 9 | Жайлы вагондары бар пойыздар санын ұлғайту мәселесін пысықтау | ККМ-ге ұсыныс | жыл сайын | ККМ | талап етілмейді | талап етілмейді |
| 10 | Туристер арасында сұранысқа ие әуе маршруттарындағы шетелдік лоукостерлердің үлесін ұлғайту мәселесін пысықтау | ККМ-ге ұсыныс | жыл сайын | ККМ | талап етілмейді | талап етілмейді |
| 11 | Қазақстан Республикасының шалғай орналасқан қалаларынан Ақтау қаласына авиарейстер санын ұлғайту мәселесін пысықтау | ККМ-ге ұсыныс | жыл сайын | ККМ | талап етілмейді | талап етілмейді |
| 12 | Курорттық аймақтардың мәртебесін, шекараларын және арнайы жұмыс істеу режимін айқындай отырып, олардың қызметін құқықтық реттеуді енгізу | Үкімет Аппаратына ұсыныс | 2027–2028 жылдар | ТСМ, ЖАО | талап етілмейді | талап етілмейді |
| 13 | «ҚДБ» АҚ және «Даму» қоры» АҚ желісі бойынша, сондай-ақ әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың құралдарын пайдалану арқылы туризм саласындағы жобаларды жеңілдікпен кредиттеу бағдарламасын іске асыру | туризм саласындағы инвестициялық жобалардың тізбесі | жыл сайын | ЖАО, «Бәйтерек» ҰИХ» АҚ (келісу бойынша) | көзделген қаражат шеңберінде | РБ |
| 14 | Түркістан және Маңғыстау курорттық аймақтарында сауда аймақтарын (аутлеттерді) іске қосу, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар желісі бойынша қолдау шараларын көздеу | объектіні пайдалануға қабылдау актісі | 2027 жыл | Маңғыстау және Түркістан облыстарының әкімдіктері, СИМ, ТСМ | көзделген қаражат шеңберінде | ЖБ |
| 15 | Инвесторларды тарта отырып, өңірлерде туристік объектілерді (орналастыру орындары, тақырыптық парктер) жыл сайын салу | объектіні пайдалануға қабылдау актісі | жыл сайын | ЖАО, СІМ, ТСМ | бюджеттен тыс қаражат есебінен | ЖИ |
| 16 | Туризм саласындағы ірі инвестициялық жобалардың мониторингі | инвестициялық жобалардың тізбесі | жыл сайын | СІМ, ЖАО, «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ (келісу бойынша) | талап етілмейді | талап етілмейді |
| 17 | Облыстардың даму жоспарларына туризмді дамыту жөніндегі бөлімдерді енгізу, оларды уәкілетті органмен (ТСМ) міндетті түрде келісу | облыстардың даму жоспарлары | жыл сайын | ЖАО, ҰЭМ | талап етілмейді | талап етілмейді |
| 18 | Туристердің шекарадан өтуі және жеке көлікті (автомобильдер, мотоциклдер, автодомдар, туристік автобустар) әкелу жөніндегі қолданыстағы рәсімдерге талдау жүргізу, ұлттық қауіпсіздік пен елдің фискалдық мүдделеріне нұқсан келтірмей, оларды оңайлату жөнінде ұсыныстар әзірлеу | «жасыл дәліз» | 2027 жыл | «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ (келісу бойынша), ІІМ, ҚМ, КНБ (келісу бойынша) | талап етілмейді | талап етілмейді |
| 19 | Қазақстан Республикасының шекарасындағы өткізу пункттерін туристердің қажеттіліктерін ескере отырып жаңғырту | объектіні пайдалануға қабылдау актісі | жыл сайын | ККМ, ҚМ, КНБ (келісу бойынша) | көзделген қаражат шеңберінде | РБ |
| 20 | Азаматтардың өз бетінше демалуына арналған арнайы орындарды жабдықтау және абаттандыру жөнінде шаралар қабылдау | объектілер тізбесі | жыл сайын | ЖАО | көзделген қаражат шеңберінде | ЖБ |
| 21 | Мемлекеттік қолдау шараларын іске асыру бойынша цифрлық платформаны әзірлеу және енгізу | цифрлық платформа | 2027 жыл | ТСМ, «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ (келісу бойынша) | талап етілмейді | талап етілмейді |
| 22 | Қонақүй және мейрамхана бизнесінің жетекші әлемдік франшизаларын тарту мәселесін пысықтау | франшизалар тізбесі | 2026–2028 жылдар | ЖАО, ТСМ | талап етілмейді | талап етілмейді |
| 23 | Туристерді статистикалық есепке алуды жүргізуді жақсарту жөнінде ұсыныстар әзірлеу | Ұлттық статистика бюросына ұсыныс | 2027 жыл | ТСМ, «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ (келісу бойынша) | талап етілмейді | талап етілмейді |
| 24 | Туристік әлеуеті бар табиғи объектілерді абаттандыруды жүргізу | объектілер тізбесі | 2026–2029 жылдар | ЖАО | көзделген қаражат шеңберінде | ЖБ |
| 25 | Курорттық аймақтарда, сондай-ақ ұлттық парктерде орналасқан елді мекендердің бас жоспарларын әзірлеу және цифрландыру | бас жоспарлар | 2027 жыл | ЖАО, ЭТРМ, ЖИЦДМ | көзделген қаражат шеңберінде | ЖБ |
| 26 | Курорттық аймақтардағы теміржол станциялары мен автовокзалдардың аумақтарын абаттандыру мәселесін пысықтау | объектілер тізбесі | жыл сайын | ЖАО | көзделген қаражат шеңберінде | ЖБ |
| 27 | Туристік ағынды ынталандыру мақсатында Қазақстан Республикасына визасыз кіру режимі бар елдердің тізбесін кеңейту жөніндегі шараларды пысықтау | визасыз режимі бар елдердің тізбесі | 2028 жыл | СІМ, ҰҚК (келісу бойынша), ІІМ | талап етілмейді | талап етілмейді |
| 28 | Біріккен Араб Әмірліктерінің резиденттері үшін болу мерзімі 30 күнге дейінгі визасыз режим енгізу | ұсынымдар | 2027 жыл | СІМ | талап етілмейді | талап етілмейді |
| 29 | Өңірдің туризм саласына шетелдік жұмыс күшін тартуға квоталар бөлу мәселесін тиісті өтінімдерді ЕХӘҚМ-ге беру арқылы пысықтау | ТСМ-ге ұсыныс | 2027 жыл | ЖАО, ЕХӘҚМ | талап етілмейді | талап етілмейді |
| 30 | Туристік қызметтердің сапасын ерікті бағалауды (сапа белгісін) іске асыру | «Сапа белгісі» сертификаттары | жыл сайын | «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ (келісу бойынша) | көзделген қаражат шеңберінде | РБ |
| 31 | Туристерді орналастыру орындарын жіктеу жүйесін жетілдіру | Үкімет Аппаратына ұсыныс | 2028 жыл | ТСМ, «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ (келісу бойынша) | талап етілмейді | талап етілмейді |
| 32 | Tax Free тетігінің жұмыс істеуін барлық ірі қалаларға тарату және оны тұрақты негізге көшіру | ККМ-ге ұсыныс | 2029 жыл | ҚМ | талап етілмейді | талап етілмейді |
| 33 | Туристік ресурстарға ұқыпты қарау мәдениетін және жауапты туризм қағидаттарын қалыптастыру және ілгерілету | талдамалық ақпарат | 2027–2029 жылдар | ТСМ, «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ (келісу бойынша), МАМ, ЭТРМ, ОАМ | талап етілмейді | талап етілмейді |
| 34 | Агротуристік қызметті, қолөнерді және киіз үй өндірісін дамыту үшін гранттық қаржыландыру ұсыну тетігін әзірлеу мәселесін пысықтау | ТСМ-ге ұсыныс | 2028–2029 жылдар | ЖАО, «Атамекен» ҰКП (келісу бойынша) | талап етілмейді | талап етілмейді |
| 35 | Трофейлік аң аулауды ұйымдастыру арқылы аңшылық туризмді дамытуды көздейтін заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізу | Үкімет Аппаратына ұсыныс | 2029 жыл | ЭТРМ, ТСМ | талап етілмейді | талап етілмейді |
| 36 | Туризмнің нишалық түрлерін (аңшылық, агротуризм, медициналық және басқалары) дамыту жөнінде шаралар қабылдау | шаралар пакеті | 2027–2028 жылдар | ТСМ, «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ (келісу бойынша) | талап етілмейді | талап етілмейді |
| 37 | Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың басқарылатын рекреациялық сыйымдылығын есептеу әдістемесін әзірлеу | әдістеме | 2027 жыл | ЭТРМ | талап етілмейді | талап етілмейді |
| 38 | «Tourism Village» жобасы шеңберінде туристік ауылдық елді мекендерді ілгерілету | «Tourism Village» жобасын іске асыру | 2027–2029 жылдар | «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ (келісу бойынша), ЖАО | көзделген қаражат шеңберінде | РБ |
| 39 | Атпен жүретін маршруттарды паспорттау, таңбалау, жолсілтегіштерін әзірлеу және жариялау | паспорттар | 2027 жыл | Ақмола, Алматы, Шығыс Қазақстан, Павлодар облыстарының, Ұлытау, Абай және Жетісу облыстарының әкімдіктері | көзделген қаражат шеңберінде | ЖБ |
| 40 | «Жанды сабақтар» жобасын іске асыруды қоса алғанда, балалар мен жасөспірімдер туризмін дамыту жөніндегі шараларды іске асыру | балалар мен жасөспірімдер туризмін дамыту жөніндегі шаралар | 2027–2029 жылдар | ЖАО, ОАМ, «Атамекен» ҰКП (келісу бойынша) | көзделген қаражат шеңберінде | ЖБ |
| 41 | Туристік топтар құрамындағы гидтерге, экскурсия жетекшілеріне және туризм нұсқаушыларына мемлекеттік туристік объектілер мен туристік ресурстарға тегін қолжетімділікті қамтамасыз ету | объектілер тізілімі | 2027 жыл | ТСМ, МАМ, ЭТРМ, ЖАО, «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ (келісу бойынша) | талап етілмейді | талап етілмейді |
| 42 | Байланыс деректері ашық қолжетімді болатын қолөнершілер тізілімін жүргізу | тізілім | 2027 жыл | МАМ, ТСМ, ЖАО | талап етілмейді | талап етілмейді |
| 43 | Қолөнер өнімдерін көрсету және өткізу үшін жыл бойы жұмыс істейтін алаңдар ұйымдастыру | қолөнершілер орталығы | 2028–2029 жылдар | ЖАО, МАМ | көзделген қаражат шеңберінде | ЖБ |
| 44 | Халықаралық көрмелерге қатысу, халықаралық және ішкі нарықтарда B2B кездесулер өткізу | туристік әлеуеттің таныстырылымы | жыл сайын | ТСМ, «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ (келісу бойынша) | көзделген қаражат шеңберінде | РБ |
| 45 | MICE туризмінің елшілері ретінде тағайындау үшін адамдарды айқындау | тізбе | 2027–2029 жылдар | «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ (келісу бойынша), ЖАО | көзделген қаражат шеңберінде | РБ |
| 46 | Қазақстан Республикасында халықаралық қауымдастықтардың конгрестерін өткізуге кемінде 100 өтінім беру | тізбе | 2027–2029 жылдар | «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ (келісу бойынша), ЖАО | талап етілмейді | талап етілмейді |
| 47 | Халықаралық іс-шараларды ұйымдастырушылар үшін ақпараттық және техникалық турлар өткізу | ақпараттық турлар | 2027–2029 жылдар | «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ (келісу бойынша), ТСМ, ЖАО | көзделген қаражат шеңберінде | РБ |
| 48 | Халықаралық MICE іс-шараларын өткізуге қолдау көрсетуді қамтамасыз ету | іс-шаралар | жыл сайын | «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ (келісу бойынша), ЖАО | көзделген қаражат шеңберінде | РБ |
| 49 | Ұлттық гастрономиялық жолсілтегішті (Gault&Millau) құру | жолсілтегіш | 2027–2029 жылдар | ЖАО, ТСМ, «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ (келісу бойынша) | көзделген қаражат шеңберінде | РБ |
| 50 | Аспазшылар мен мекемелер командаларының қатысуымен халықаралық гастрономиялық көрмелерге қатысу | іс-шаралар | 2027–2029 жылдар | ЖАО, «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ (келісу бойынша) | көзделген қаражат шеңберінде | ЖБ |
| 51 | Ел бойынша бірыңғай туристік жолсілтегіш әзірлеу | жолсілтегіш | 2027 жыл | ТСМ, «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ (келісу бойынша), ЖАО | талап етілмейді | талап етілмейді |
| 52 | Керуенинг тұрақтарын орнату және жайластыру орындарын айқындау | керуенинг тұрақтарының тізбесі | жыл сайын | ЖАО, «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ (келісу бойынша) | көзделген қаражат шеңберінде | ЖБ |
| 53 | Балалар, жасөспірімдер және жастар арасында туристік және экскурсиялық жұмысты дамыту және жетілдіру | ТСМ-ге ұсыныс | 2027 жыл | ОАМ, МАМ, «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ (келісу бойынша) | талап етілмейді | талап етілмейді |
| 54 | Ауыл тұрғындары үшін қонақ үйлерді жүргізуді қоса алғанда, экотуризм және агротуризм бойынша практикалық сабақтар өткізу | практикалық сабақтар | жыл сайын | «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ (келісу бойынша), ЖАО | көзделген қаражат шеңберінде | ЖБ |
| 55 | Қалалар, курорттар және көрікті жерлер бойынша өлкетану экскурсияларының мәтіндерін әзірлеу | жинақ | 2028 жыл | ЖАО, «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ (келісу бойынша) | көзделген қаражат шеңберінде | ЖБ |
| 56 | Елдің негізгі іс-шараларының ұлттық оқиғалар күнтізбесін әзірлеу | ұлттық оқиғалар күнтізбесі | жыл сайын | «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ (келісу бойынша), ЖАО | талап етілмейді | талап етілмейді |
| 57 | Түгендеу жүргізе отырып, өңіраралық туристік маршруттарды дамыту әдістемесін әзірлеу | әдістеме | 2027 жыл | ТСМ, «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ (келісу бойынша), ЖАО | талап етілмейді | талап етілмейді |
| 58 | Қазақстанның бірыңғай туристік брендін халықаралық алаңдарда ілгерілету | іс-шаралар | жыл сайын | ТСМ, «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ (келісу бойынша), ЖАО | көзделген қаражат шеңберінде | РБ |
| 59 | Шетелдік туристік операторлар, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері үшін ақпараттық турлар өткізу | ақпараттық турлар | жыл сайын | ТСМ, «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ (келісу бойынша), ЖАО | көзделген қаражат шеңберінде | РБ |
| 60 | Қазақстан мен өңірлердің халықаралық салалық туристік іс-шараларға қатысуының бірыңғай күнтізбесін құру: халықаралық туристік көрмелерге қатысу (келу туризмі бойынша кемінде 1–3 туроператорды қамтамасыз ету), роуд-шоу өткізу, нысаналы нарықтардың шығу туризмі операторларын, медиа өкілдерін, блогерлерді және (немесе) пікір көшбасшыларын қолдау мақсатында ақпараттық турлар ұйымдастыру | күнтізбе | 2027–2029 жылдар | ТСМ, ЖАО, СІМ, «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ (келісу бойынша) | көзделген қаражат шеңберінде | РБ |
| 61 | Қазақстанның онлайн-платформалар мен әлеуметтік желілердегі қатысуын арттыру: OTA-мен бірлескен маркетингтік науқандар, нысаналы нарықтар туристерінің тілінде әлеуметтік желілерді жүргізу, іздеу жарнамасы, контент-маркетинг, AI-құралдары | әлеуметтік желілердегі контент | 2027–2029 жылдар | ТСМ, ЖАО, «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ (келісу бойынша) | көзделген қаражат шеңберінде | РБ |
| 62 | Балалар топтарына арналған гидтер мен экскурсия жетекшілерін қоса алғанда, гидтер мен экскурсия жетекшілерін кәсіби даярлауды ұйымдастыру | гидтер мен экскурсия жетекшілерін даярлау | жыл сайын | ЖАО, «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ (келісу бойынша) | көзделген қаражат шеңберінде | ЖБ |
| 63 | Туризм саласындағы цифрлық платформаны, оның ішінде гидтердің қызметін цифрландыру үшін дамыту | цифрлық платформа | жыл сайын | ТСМ, «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ (келісу бойынша) | көзделген қаражат шеңберінде | РБ |
| 64 | Туристік бизнес субъектілерін ESG тәсілдері мен орнықты практикаларға оқыту | оқыту іс-шараларын өткізу | жыл сайын | ЖАО, ЭТРМ, «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ (келісу бойынша), «Атамекен» ҰКП (келісу бойынша) | көзделген қаражат шеңберінде | ЖБ |
| 65 | Туристермен байланыста болатын сабақтас салалар қызметкерлеріне (шекара қызметінің, полицияның, әуежайлар мен вокзалдардың қызметкерлері, медицина персоналы, такси жүргізушілері) арналған қысқа мерзімді тренингтер ұйымдастыру | тренингтер | жыл сайын | ЖАО, «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ (келісу бойынша), ІІМ, ККМ, ДСМ, ҰҚК (келісу бойынша) | көзделген қаражат шеңберінде | ЖБ |
| 66 | «Skills on wheels» қағидаты бойынша мобильді оқу командаларын құру және кадрларды оқыту | мобильді оқу командаларын қалыптастыру | жыл сайын | «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ (келісу бойынша), ЖАО | көзделген қаражат шеңберінде | РБ |
Ескертпе: аббревиатуралардың толық жазылуы:
НПП «Атамекен» – Қазақстан Республикасы «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы;
«Бәйтерек» ҰИХ» АҚ – «Бәйтерек» ұлттық инвестициялық холдингі» акционерлік қоғамы;
«Даму» қоры» АҚ – «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» акционерлік қоғамы;
ДСМ – Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі;
ЕХӘҚМ – Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі;
ЖИЦДМ – Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі;
«Жасыл даму» АҚ – «Жасыл даму» акционерлік қоғамы;
ЖИ – жеке инвестициялар;
ЖАО – жергілікті атқарушы органдар;
ЖБ – жергілікті бюджет;
ККМ – Қазақстан Республикасының Көлік министрлігі;
«ҚДБ» АҚ – «Қазақстанның Даму Банкі» акционерлік қоғамы;
ҚМ – Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі;
МАМ – Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі;
ОАМ – Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігі;
РБ – республикалық бюджет;
СИМ – Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрлігі;
ҰСБ – Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросы;
СІМ – Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі;
ТСМ – Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрлігі;
ҰҚК – Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті;
ҰЭМ – Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігі;
ҮА – Қазақстан Республикасы Үкіметінің Аппараты;
ІІМ – Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі;
ЭТРМ – Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрлігі;
«Kazakh Tourism» ҰК» АҚ – «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы.
| Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 28 наурыздағы № 262 қаулысына қосымша |
|---|
Қазақстан Республикасы Үкіметінің күші жойылған кейбір шешімдерінің тізбесі
1. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 30 маусымдағы № 406 «Қазақстан Республикасының туристік саласын 2023 жылға дейін дамыту тұжырымдамасын бекіту туралы» қаулысы.
2. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 31 мамырдағы № 360 «Қазақстан Республикасының туристік саласын дамытудың 2019–2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын бекіту туралы» қаулысы.
3. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 4 ақпандағы № 34 ««Ұлттық ғылыми кардиохирургиялық орталық» коммерциялық емес акционерлік қоғамын құру мәселелері туралы» қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың 4-тармағы.
Конституция Заң Кодекс Нормативтік акт Жарлық Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы заңгері Заң қызметі Заңгерлік консультация Азаматтық Қылмыстық Әкімшілік істер мен даулар Қорғау Төрелік Қазақстанның заң компаниясы Адвокаттық кеңсе Сот істері Декларация Жарлық Бұйрық Шешім Баяндама Қорытынды Өтініш Қорытынды Конвенция Шарт Меморандум Әдістеме Нормалар Нота Қағидалар Бағдарлама Жарғы Хартия Бап Түсіндірме Резолюция Регламент Хаттама Жоба Бағдарлама Қағидалар Хабарламалар