⁠`

Қызметтер үшін төлем тек компанияның шотына төленеді. Сізге ыңғайлы болу үшін біз Kaspi RED / CREDIT /БӨЛІП ТӨЛЕУДІ іске қостық 😎

Басты бет / Жарияланымдар / Салықтық тексерулерді тағайындау туралы нұсқамаларға шағымдану және талап қоюды қамтамасыз ету

Салықтық тексерулерді тағайындау туралы нұсқамаларға шағымдану және талап қоюды қамтамасыз ету

АMANAT партиясы және Заң және Құқық адвокаттық кеңсесінің серіктестігі аясында елге тегін заң көмегі көрсетілді

Салықтық тексерулерді тағайындау туралы нұсқамаларға шағымдану және талап қоюды қамтамасыз ету

 

3.5.5.1 Осы мәселе бойынша «Агрофирма Приишимский» ЖШС-ның СҚО бойынша МКД-ге 2021 жылғы 2 шілдедегі № 108 нұсқаманың күшін жою туралы  талап қоюы бойынша МКД-нің кассациялық шағымы бойынша 2022 жылғы 12 мамырдағы №6001-22-00-6ап/281 қаулы шығарылды.

Серіктестік Департаменттің әкімшілік рәсімді жүргізу тәртібін бұзып, оның құқықтары мен заңды мүдделерін бұзуына әкеп соқтырғанына уәж келтіріп, сотқа шағыммен жүгінді. СҚО МАӘС-нің 2021 жылғы 11 қазандағы шешімімен Серіктестіктің талап қоюын қанағаттандырды, апелляциялық сатыдағы сот оны өзгеріссіз қалдырды.

Іс материалдарын қарағанда, 2021 жылғы 1 шілдеде МКК Серіктестікке қатысты жоспардан тыс тақырыптық салықтық тексеруді тағайындау туралы бұйрық шығарған және Департаментке 2020 жылғы 1 қаңтар - 31 желтоқсан аралығында Серіктестіктің КТС және ҚҚС бойынша салық міндеттемелерін орындау мәселелеріне тексеру жүргізу тапсырған.

Департамент ұйғарым шығарды, ол прокуратураның құқықтық статистика органдарында тіркелді. Содан кейін жоспардан тыс салықтық тексеру жүргізуге ұйғарым шығару туралы алдын ала шешімді тыңдау рәсімі жүргізілді, нәтижелері бойынша хаттама жасалды. Тыңдау хаттамасында Серіктестіктің өкілі С.О.Дудник айтылған бұзушылықтармен келіспейтіндігі көрсетілген. Әрі қарай нұсқама мен тексеру парағы табысталды. МКК Серіктестіктің шағымын қарады және шағымды қанағаттандырудан бас тарту туралы алдын ала шешім шығарды.

Әкімшілік рәсім деп азаматтар мен ұйымдарға қатысты билік өкілеттіктерін іске асыруға қатысты әкімшілік органның, мемлекеттік басқару саласындағы лауазымды адамның қызметін (іс-қимылдардың белгілі бір реттілігін) жүзеге асырудың заңмен қатаң регламенттелген тәртібі түсініледі.

Кәсіпкерлік кодекстің (КК) 155-бабы 1-тармағының 3) тармақшасына сәйкес бақылау және қадағалау субъектілері не олардың уәкілетті өкілдері бақылау мен қадағалауды жүзеге асыру кезінде тексеруді тағайындау туралы актіге, осы жағдайда нұсқамаға шағымдануға құқылы.

ӘРПК-нің 73-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік орган, лауазымды адам әкімшілік рәсімге қатысушыға әкімшілік іс бойынша алдын ала шешімге өз ұстанымын білдіруге мүмкіндік беруге міндетті, ол туралы әкімшілік рәсімге қатысушыға алдын ала, бірақ әкімшілік акт қабылданғанға дейін үш жұмыс күнінен кешіктірмей хабарланады.

Серіктестіктің атына хабарламада тыңдау күні мен уақыты туралы хабарланды, сондай-ақ жоспардан тыс салықтық тексеру жүргізу туралы нұсқама түрінде қабылданған алдын ала шешім туралы көрсетілді, бұл ретте алдын ала шешімнің өзі тапсырылмады.

ӘРПК-нің 74-бабы екінші бөлігінің 4) және 5) тармақшаларына сәйкес тыңдау хаттамасында: қаралатын мәселенің мазмұны; қатысушы адамдардың түсіндірмелерінің, сұрақтары мен жауаптарының, сөздерінің мазмұны көрсетіледі.

2021 жылғы 28 шілдедегі тыңдау хаттамасының мазмұнынан қаралатын мәселенің нақты мазмұнын анықтау мүмкін емес. Тексерудің нақты нысанасын, тексерілетін тексеру кезеңін көрсетпей, Серіктестікке қатысты уәкілетті органның шешімінің негізінде жоспардан тыс салықтық тексеру жүргізу туралы ғана көрсетілген.

Сонымен қатар, тыңдау хаттамасына сәйкес:

- көрсетілген бұзушылық фактілерімен келіскен жағдайда Серіктестік салық есептілігін ұсыну және (немесе) бюджетке салықтар мен төлемдер төлеу жолымен бұзушылықтарды өз бетінше жоюға құқылы;

- келіспеген жағдайда Комитеттің бұйрығына сәйкес жоспардан тыс салықтық тексеру тағайындалады.

Сонымен қатар, салық органы Серіктестікке салықтық тексеру нысанасын, тексерілетін тексеру кезеңін жеткізген жоқ. Оның ішінде салық органы белгілеген бұзушылықтар фактілері, сондай-ақ оған қандай кезең үшін қандай есеп беру қажет, яғни өз бетінше жою жолдары.

Тыңдау хаттамасында жоғарыда көрсетілген қаралатын мәселелердің мазмұны, сондай-ақ түсініктемелердің, сұрақтар мен жауаптардың, сөз сөйлеулердің мазмұны жоқ. Серіктестіктің өкілі С.О. Дудник хаттамада ережені бұзушылықтармен келіспейтінін айтты.

Серіктестікке тексеру нысанасын, оның кезеңін, жіберілген бұзушылықтарды, сондай-ақ бұзушылықтарды жою жолдарын тиісінше түсіндірген кезде, көрсетілген бұзушылықтармен келіскен жағдайда, тақырыптық тексеру жүргізуге арналған нұсқаманың күші жойылуға тиіс.

Бұдан басқа, әкімшілік рәсімге қатысушы және (немесе) әкімшілік іске қатысушы өзге де адам тыңдау хаттамасына олар әкімшілік істі қарау үшін маңызды деп санайтын нақты мән-жайлар туралы мәліметтерді енгізу туралы өтінішхат беруге құқылы (ӘРПК-нің 74-бабының үшінші бөлігі).

Ұсынылған тыңдау хаттамасы бойынша хаттамаға елеулі мән-жайлар туралы мәліметтерді енгізу туралы өтінішхатты мәлімдеу құқығы берілмеген.

Іс материалдарынан көрініп тұрғандай, іс жүзінде Серіктестік тыңдау рәсімінен соң 2021 жылғы 30 шілдеде берілген, салықтық тексеру нысанасымен тек даулы ұйғарымнан және  тексеру парағынан кейін танысқан.

Демек, тыңдау рәсімі формальды  түрде жүргізілген, ал бұл рәсім әкімшілік рәсімде тараптардың жариялылығы қағидатының маңызды құрамдас бөлігі болып табылады және Серіктестіктің құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қозғайтын алдын ала шешім қабылдауға әсер етеді.

Серіктестік мынадай құқықтардан айырылды: тексеру нысанасын білу, тыңдалғанға дейін алдын ала шешіммен танысу, бұзушылықтарды өз бетінше жою, өтінішхаттарды мәлімдеу, әкімшілік акт қабылданғанға дейін өз ұстанымын білдіру, бұл салық органының даулы шешіміне нұсқама нысанында тікелей әсер етеді.

Көрсетілген жағдайларда жергілікті соттардың даулы нұсқаманың күшін жою туралы тұжырымдары және осы нұсқамадан туындайтын барлық заңды салдарлар дұрыс болып табылады.

 

  • 2022 жылғы 31 мамырдағы 6001-22-00-6ап/568 іс бойынша қаулыда «Сеть plus» ЖШС-ның Қарағанды облысы бойынша МКД-ге және «Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің Қарағанды облысы бойынша басқармасы» ММ-ге талап қоюы бойынша ӘІСА мынадай қорытындыға келді.

Серіктестік Департаментке, Басқармаға салықтық тексеруді тағайындау жөніндегі, әкімшілік іспен таныспау жөніндегі әрекеттерді заңсыз деп тану туралы, 2021 жылғы 4 қарашадағы тексеруді тағайындау туралы актінің және 2021 жылғы 4 қарашадағы № 377 нұсқаманың күшін жою туралы, тексеруді тағайындау туралы актіні тіркеу жөніндегі әрекеттерді заңсыз деп тану және тексеру тағайындау туралы актіні тіркеудің күшін жою туралы талап қоюмен сотқа жүгінді. 

Қарағанды облысының МАӘС 2021 жылғы 28 желтоқсандағы ұйғарымымен талап қою қайтарылды. Қарағанды облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 3 ақпандағы ұйғарымымен соттың ұйғарымы күшінде қалды.

Іс материалдарын қарағанда, салық органы мен басқармасының шағым келтірілген әрекеттері мен актілері Қарағанды қаласы Октябрь аудандық сотының жеке тұлғаларға,  оның ішінде «Мустаng «корпорациясы» ЖШС басшысы (қазіргі уақытта «Сеть plus» ЖШС талап қоюшысы) А.М. Құсайыноваға қатысты ҚК-нің 235-бабының 1-бөлігі бойынша (1997 жылғы 16 шілдедегі редакцияда), ҚК-нің 216-бабының 3-бөлігі бойынша айып тағылған қылмыстық іс бойынша 2021 жылғы 9 қыркүйектегі қаулысын  орындау мақсатында жасалған, онымен  Серіктестіктің қызметіне салықтардың барлық түрі бойынша салық міндеттемесін және бюджетке басқа міндетті төлемдерді орындау мәселелері бойынша салықтық тексеру жүргізу тағайындалған.

Салық кодексінің 145-бабы 3-тармағының 3) тармақшасына сәйкес қылмыстық іс бойынша соттың жоғарыда көрсетілген қаулысы жоспардан тыс салықтық тексеру жүргізуге негіз болып табылады.

Қазақстан Республикасы қылмыстық-процестік кодексінің (бұдан әрі-ҚПК) 122-бабының екінші бөлігіне сәйкес қылмыстық процесті жүргізуші орган – сот уәкілетті органдар мен лауазымды адамдардан тексерулер мен тексерістер жүргізуді талап етуге құқылы.

Өз кезегінде, «Қазақстан Республикасы судьяларының сот жүйесі мен мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық Заңының 1-бабының 3-тармағына сәйкес судьялардың өкілеттіктерін жүзеге асыру кезіндегі сот актілері мен талаптары барлық мемлекеттік органдар мен олардың лауазымды адамдарының, жеке және заңды тұлғалардың орындауы үшін міндетті. Сот актілері мен судьяның талаптарын орындамау заңда белгіленген жауаптылыққа әкеп соғады.

Бұл жағдайда талап қоюшы  ӘРПК-де көзделген тәртіппен қылмыстық іс бойынша сот қаулысын орындайтын салық органының әрекеттерінің заңдылығына тексеру жүргізуді талап етеді.

Соттар осы талап бойынша Департамент пен Бсқарманың әрекетіне дау айтылған негіздер салық органынан Серіктестікке қатысты салықтық тексеру жүргізуді талап еткен қылмыстық іс бойынша соттың (2021 жылғы 9 қыркүйектегі қаулы) іс-әрекеттерінің заңдылығына күмән келтіретінін дұрыс атап өтті. Алайда қылмыстық іс бойынша сот актісінің заңдылығын тексеру ҚПК –де белгіленген тәртіппен жүргізілуге тиіс.

ӘРПК -нің 138-бабы екінші бөлігінің 11) тармақшасына сәйкес, егер іс әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен қарауға жатпаса, сот талап қоюды қайтару туралы ұйғарым шығарады.

Осылайша, мәлімделген талаптар ӘРПК-нің тәртібімен қарау нысанасы бола алмайтыны туралы ӘРПК-нің 3-бабы жетінші бөлігінің 2-тармағына, 102-бабы екінші бөлігіне сілтеме жасай отырып, сот сатыларының қорытындылары заңды және негізделген болып табылады.

Назар аударыңыз!

       «Заң және Құқық» адвокаттық кеңсесі, Бұл құжаттың жалпылама екендігіне және нақты сіздің жағдайыңыздың талаптарына сәйкес келмеуі мүмкендігіне көңіл бөлуіңізді сұрайды. Біздің заңгерлер сіздің нақты жағдайыңызға сәйкес келетін кез келген құқықтық кеңесті, құжатты әзірлеп көмектесуге дайын.

         Қосымша ақпарат алу үшін Заңгер/Адвокат телефонына хабарласуыңызға болады: +7 (708) 971-78-58; +7 (700) 978 5755, +7 (700) 978 5085.