Талап арыз мүлікке келтірілген залалды өндіру туралы
Түркістан облысының Мақтаарал аудандық сотына
Мақтаарал ауданы, Мырзакент кенті, Мадиходжаев көшесі №17.
Талап қоюшы: ЭХА
ЖСН ...
Түркістан обл., Мақтаарао ауданы, Аль-Фараби ауылы, ...
Сенімхат бойынша өкілі:
«Заң және Құқық» адвокаттық кеңсесі
БСН 201240021767.
Қазахстан Республикасы, 050002, Алматы қаласы, Алмалы
ауданы, Абылай Хана даңғылы, 79/71 үй, 304 кеңсе.
info@zakonpravo.kz; www.zakonpravo.kz
+7 708 971 78 58 / +7 727 978 57 55.
Жауапкер: БИИ
ЖСН ....
Түркістан облысы, Мактаарал ауданы, Мактарал ауылдык округі, ...
8-775-....
Талап қою бағасы: 4 166 285 теңге.
ТАЛАП ҚОЮ
мүлікке келтірілген залалды өндіру туралы
Э ХА (әрі қарай - талап қоюшы) Түркістан облысы, Мақтаарал ауданы, Әл-Фараби ауылы, Тәуелсіздік көшесі №51 мекенжайында орналасқан тұрғын үйдің заңды меншік иесі болып табылады.
Талап қоюшының тұрғын үйіне тікелей жапсарлас Тәуелсіздік көшесі №49 мекенжайындағы БИИке (әрі қарай - жауапкер) тиесілі тұрғын үй орналасқан.
№49 және №51 тұрғын үйлер бір-біріне жапсарлас орналасқан және олардың конструктивтік элементтері өзара байланысты.
Жауапкер өзіне тиесілі №49 тұрғын үйде бұзу және демонтаждау жұмыстарын жүргізген.
Алайда аталған жұмыстар талап қоюшының келісімінсіз, көршілес №51 тұрғын үйдің конструктивтік ерекшеліктері мен қауіпсіздігі ескерілмей жүргізілген.
Жауапкердің бұзу жұмыстарынан кейін талап қоюшыға тиесілі №51 тұрғын үйдің қабырғалары мен конструктивтік элементтерінде жарықтар және өзге де зақымданулар пайда болып, тұрғын үйдің техникалық жай-күйі елеулі түрде нашарлаған.
Жауапкердің бұзу жұмыстарын жүргізгені мемлекеттік органмен ресми түрде тіркелген. Талап қоюшы өзінің меншік құқығының бұзылуына байланысты Мақтаарал ауданының жергілікті атқарушы органдарына жүгінген.
Өтініш негізінде Мақтаарал ауылдық округінің әкімі А. Джуматаев, ауылдық округ әкімі аппаратының бас маман-заңгері Т. Оразов және Мақтаарал ауданының сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің бас маманы Т. Әсілханов даулы объектінің орналасқан жеріне барып, зерделеу жұмыстарын жүргізген.
Зерделеу нәтижесі бойынша 2026 жылғы 23 шілдеде №3 «Тұрғын үйдің бір бөлігін бұзу фактісі бойынша зерделеу актісі» жасалған.
Аталған актімен:
біріншіден, №49 және №51 тұрғын үй бөліктерінің бір-біріне жапсарлас орналасқаны;
екіншіден, жауапкерге тиесілі тұрғын үй бөлігінің бұзылғаны;
үшіншіден, талап қоюшыға тиесілі екінші бөліктің сақталғаны;
төртіншіден, бұзу жұмыстары нәтижесінде тұрғын үй бөліктерінің бұрынғы жапсарласу аймағы ашық қалғаны;
бесіншіден, бұзылған бөліктің құрылыс материалдары мен қалдықтары нысан аумағында орналасқаны;
алтыншыдан, талап қоюшы өзінің тұрғын үйінің жапсарлас бөлігін бұзуға келісім бермегені;
жетіншіден, жауапкердің тарапынан талап қоюшының бұзу жұмыстарын жүргізуге берген қандай да бір жазбаша келісімі ұсынылмағаны анықталған.
Бұдан бөлек, актінің 6 және 7-тармақтарында бұзу жұмыстарына қатысты жобалау құжаттамасы, тұрғын үй конструкцияларының техникалық жағдайы туралы қорытынды және өзге рұқсат беру құжаттары зерделеу тобына ұсынылмағаны, сондай-ақ жауапкердің тұрғын үйді бұзу жұмыстарын жүргізуге құқықтық негіз болатын жобалау-сметалық, техникалық, сәулет-жоспарлау, эскиздік және өзге де рұқсат беру құжаттарының болмағаны анықталған.
Аталған мән-жайлар жауапкердің бұзу жұмыстарын жүргізгенін талап қоюшының біржақты мәлімдемесімен ғана емес, мемлекеттік органның лауазымды тұлғалары жасаған жазбаша актімен де растайды.
Мақтаарал ауданы әкімінің орынбасарының ресми жауабында да зерделеу нәтижесінде жауапкерге тиесілі бөліктің бұзылғаны және талап қоюшының тұрғын үйдің жапсарлас бөлігін бұзуға жазбаша келісім бермегені көрсетілген.
Жауапкер бұзу жұмыстарын талап қоюшының келісімінсіз жүргізген. Қазақстан Республикасының «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңының (әрі қарай - Заң) 4-бабына сәйкес пәтерлерді, тұрғын емес үй-жайларды және тұрғын үйдің өзге де бөліктерін пайдалану олардың қирауына немесе бүлінуіне алып келмеуге, басқа меншік иелерінің тұру жағдайларын бұзбауға және құрылыс, санитариялық, экологиялық, өртке қарсы және өзге де міндетті нормалар мен қағидаларға сәйкес келуге тиіс.
Сонымен қатар осы Заңның 40-бабында тұрғын үйдің конструкциялық бөлігін өзгертумен байланысты жұмыстарды Қазақстан Республикасының сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асыру талабы көзделген. Заңда көзделген жағдайларда конструкцияларға әсер ететін қайта жабдықтау және қайта жоспарлау үшін меншік иелерінің жазбаша келісімі талап етіледі.
Бұл ретте жауапкер №49 тұрғын үйді бұзу алдында талап қоюшыдан жазбаша келісім алмаған.
Керісінше, келісімнің болмағаны 2026 жылғы 23 шілдедегі №3 зерделеу актісімен тікелей бекітілген.
Осылайша, жауапкер өзінің меншік құқығын жүзеге асыру кезінде көршілес меншік иесінің мүліктік құқықтары мен заңды мүдделерін ескермей, жапсарлас орналасқан тұрғын үйдің конструктивтік қауіпсіздігіне әсер ететін әрекеттер жасаған.
Бұзу жұмыстарынан кейін №51 тұрғын үйдің техникалық жай-күйі нашарлаған. Жауапкердің әрекеттерінен кейін №51 тұрғын үйдің қабырғаларында жарықтар және өзге де зақымданулар пайда болғандықтан, талап қоюшы тұрғын үйдің нақты техникалық жағдайын және зақымдардың пайда болу себептерін анықтау мақсатында арнайы білімі бар маманға жүгінуге мәжбүр болды.
2026 жылғы 7 тамызда №51 тұрғын үйге техникалық зерттеу жүргізілді. Жауапкер зерттеу жүргізілетіні туралы алдын ала тиісті түрде хабардар етілді және оған зерттеуге қатысу мүмкіндігі берілді.
Зерттеу қорытындысы бойынша №49 үйдегі демонтаждау және бұзу жұмыстары кезінде пайда болған механикалық әсерлер мен құрылыс құралдарының вибрациялық күштері жапсарлас орналасқан №51 тұрғын үйдің саман қалауының байланыс тұтастығына әсер етіп, көтергіш және өздігінен көтергіш қабырғаларда зақымданулар мен кейінгі жарықтардың пайда болуына ықпал еткені анықталған.
Маман №51 тұрғын үйдің техникалық жай-күйін IV санатқа – апат алдындағы жағдайға жатқызған.
Тұрғын үй сейсмикалық күшейту жөніндегі тиісті іс-шараларды сақтай отырып, жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуді қажет етеді.
Ең маңыздысы, мемлекеттік органның өзі бұған дейін дәл осындай аккредитталған техникалық зерттеу жүргізуді ұсынған.
Мақтаарал ауданы әкімінің орынбасарының ресми жауабында көзбен шолу арқылы №51 тұрғын үйдің нақты техникалық жай-күйін, көтергіш конструкциялардың беріктігі мен орнықтылығын, зақымдардың пайда болу себептерін және залал мөлшерін анықтау мүмкін болмағандықтан, тиісті техникалық қорытынды алу қажеттігі көрсетілген.
Әкімдік мұндай техникалық қорытындыда, соның ішінде, анықталған зақымданулардың жүргізілген бұзу жұмыстарымен себептік байланысы және қалпына келтіру немесе конструкцияларды күшейту қажеттілігі анықталуға тиіс деп көрсеткен.
Талап қоюшы осы ұсынымды орындап, арнайы техникалық зерттеу жүргізген.
Талап қоюшыға келтірілген мүліктік залал 4 166 285 теңгені құрайды. Маманның жүргізген зерттеуінің нәтижесі бойынша №51 тұрғын үйді қалпына келтіру үшін қажетті жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарының құны: 4 166 285 (төрт миллион бір жүз алпыс алты мың екі жүз сексен бес) теңгені құрайды.
ҚР Азаматтық кодексінің 917-бабына сәйкес азаматтың мүлкіне құқыққа қайшы әрекеттермен келтірілген зиянды оны келтірген тұлға толық көлемде өтеуге тиіс.
ҚР АК-нің 934-бабына сәйкес зиянды өтеу туралы талапты қанағаттандырған кезде сот зиян үшін жауапты тұлғаны келтірілген залалды толық өтеуге немесе зиянды заттай өтеуге, оның ішінде бүлінген затты жөндеуге міндеттеуге құқылы.
Осы іс бойынша жауапкердің әрекеттері, олардың құқыққа қайшылығы, талап қоюшы мүлкінің зақымдануы және оны қалпына келтіруге қажетті шығындардың мөлшері өзара байланысты дәлелдемелер жиынтығымен расталады.
Жауапкер сотқа дейін талаптарды ерікті түрде орындаудан бас тартты. Дауды соттан тыс тәртіппен реттеу мақсатында талап қоюшы жауапкерге сотқа дейінгі талап жолдады.
Онда келтірілген залалды ерікті түрде өтеу ұсынылды.
Алайда жауапкер жазбаша пікірінде талаптармен келіспейтінін білдіріп, оларды ерікті түрде орындаудан бас тартты.
Бұл ретте жауапкердің өз жауабында талап қоюшыдан үйлерге қатысты бірлесіп әрекет етуге келісім сұрағанын көрсетуі тараптар арасында жапсарлас үйлердің конструктивтік жағдайына қатысты мәселе бұзу жұмыстарына дейін де талқыланғанын растайды.
Жауапкердің өзінің №49 үйі апатты жағдайда болғаны туралы уәжі оны көршілес №51 тұрғын үйге зиян келтіруге құқық бермейді.
Меншік иесінің өз мүлкін пайдалану құқығы басқа тұлғаның меншігіне зиян келтіру құқығын білдірмейді.
Бұдан бөлек, жауапкердің №49 тұрғын үйдің апатты жағдайда болғаны туралы уәжі объективті және тиісті дәлелдемелермен расталмаған. Атап айтқанда, аталған тұрғын үйдің апатты жағдайда екендігін уәкілетті мемлекеттік орган белгіленген тәртіппен анықтамаған және бұл жөнінде қандай да бір ресми шешім қабылданбаған. Сондықтан жауапкердің тұрғын үй бастапқыда апатты жағдайда болды деген ұстанымын даусыз факт ретінде қабылдауға болмайды. Оның үстіне мұндай уәждің өзі жауапкерге көршілес №51 тұрғын үйдің меншік иесінің құқықтарын бұза отырып, оның мүлкіне зиян келтіруге құқық бермейді.
Осыған байланысты дауды соттан тыс реттеу мүмкін болмады.
Талап қоюшыға келтірілген зақымдардың сипатын, олардың пайда болу себептерін, тұрғын үйдің техникалық жағдайын және қалпына келтіру жұмыстарының құнын анықтау арнайы техникалық білімсіз мүмкін болмаған.
Сондықтан талап қоюшы маманның зерттеуіне 400 000 (төрт жүз мың) теңге жұмсаған.
Бұл шығын жауапкердің әрекеттерінен кейін бұзылған құқықты қорғау және келтірілген зиянның көлемін анықтау қажеттілігінен тікелей туындаған.
ҚР АК-нің 9-бабының 4-тармағына сәйкес залал құрамына құқығы бұзылған тұлғаның бұзылған құқықты қалпына келтіру үшін жасаған немесе жасауға тиіс шығыстары да кіреді.
Осыған байланысты маманның зерттеуіне жұмсалған 400 000 теңге қажетті шығын ретінде жауапкерден өндіріп алынуға жатады.
Талап қоюшы өзінің бұзылған құқықтарын сот арқылы қорғау үшін кәсіби заң көмегіне жүгінуге мәжбүр болды.
ҚР АПК-нің 109-бабына сәйкес пайдасына шешім шығарылған тарапқа екінші тараптан іс бойынша жұмсалған сот шығыстары өндіріліп беріледі.
ҚР АПК-нің 113-бабының 1-бөлігіне сәйкес сот пайдасына шешім шығарылған тараптың өтінішхаты бойынша процеске қатысқан және онымен еңбек қатынастарында тұрмаған өкілдің көмегіне ақы төлеу бойынша іс жүзінде жұмсалған шығыстарды басқа тараптан өндіріп береді.
Талап қоюшы өкілдің заң көмегіне 1 000 000 теңге төлеген.
Осыған байланысты өкілдің көмегіне ақы төлеу бойынша шығыстарды және төленген мемлекеттік бажды жауапкерден өндіріп алу туралы талап қойылады.
Осы айтылғандардың негізінде, Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 917 және 934 баптарын, Қазақстан Республикасының «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңының 40-бабын басшылыққа ала отырып,
СОТТАН СҰРАЙМЫЗ:
· Жауапкер БИИтен талап қоюшы Э ХАтің пайдасына тұрғын үйге келтірілген мүліктік залалды өтеу ретінде 4 166 285 (төрт миллион бір жүз алпыс алты мың екі жүз сексен бес) теңге өндіріп алуды;
· Жауапкер БИИтен талап қоюшы Э ХАтің пайдасына маманның техникалық зерттеуін жүргізуге жұмсалған 400 000 (төрт жүз мың) теңге шығынды өндіріп алуды;
· Жауапкер БИИтен талап қоюшы Э ХАтің пайдасына өкілдің көмегіне ақы төлеуге жұмсалған шығыстар ретінде 1 000 000 (бір миллион) теңге өндіріп алуды;
· Жауапкер БИИтен талап қоюшы Э ХАтің пайдасына төленген мемлекеттік баж шығысы ретінде 41 663 (қырық бір мың алты жүз алпыс үш) теңге өндіріп алуды.
Құрметпен,
Сенімхат бойынша өкілі: И.М. Кеңесбек
Назар аударыңыз!
«Заң және Құқық» адвокаттық кеңсесі, бұл құжаттың жалпылама екендігіне және нақты сіздің жағдайыңыздың талаптарына сәйкес келмеуі мүмкіндігіне көңіл бөлуіңізді сұрайды. Біздің заңгерлер сіздің нақты жағдайыңызға сәйкес келетін кез келген құқықтық құжатты әзірлеп көмектесуге дайын.
Қосымша ақпарат алу үшін Заңгер/Адвокат телефонына хабарласуыңызға болады: +7 (708) 971-78-58; +7 (700) 978 5755, +7 (700) 978 5085.
Адвокат Алматы Заңгер Қорғаушы Заң қызметі Құқық қорғау Құқықтық қөмек Заңгерлік кеңсе Азаматтық істері Қылмыстық істері Әкімшілік істері Арбитраж даулары Заңгерлік кеңес Заңгер Адвокаттық кеңсе Қазақстан Қорғаушы Заң компаниясы