Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің ішкі істер органдары арасындағы ақпарат алмасудың мемлекетаралық кіші жүйесінің тұжырымдамасы туралы
Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы Үкімет басшылары кеңесінің 1999 жылғы 4 маусымдағы шешімі
- Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы Үкімет басшыларының кеңесі
- шешті:
- Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің ішкі істер органдары арасындағы ақпарат алмасудың мемлекетаралық кіші жүйесінің тұжырымдамасы (қоса беріледі) бекітілсін.
- 1999 жылғы 4 маусымда Минск қаласында орыс тілінде бір түпнұсқа данада жасалды. Түпнұсқа Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Атқарушы комитетінде сақталады, ол осы Шешімге қол қойған әрбір мемлекетке оның куәландырылған көшірмесін жібереді.
- Әзербайжан Республикасының Үкіметі үшін Қырғыз Республикасының Үкіметі үшін
- Армения Республикасының Үкіметі үшін Молдова Республикасының Үкіметі үшін
- Беларусь Республикасының Үкіметі үшін Ресей Федерациясының Үкіметі үшін
- Қазақстан Республикасының Үкіметі үшін Тәжікстан Республикасының Үкіметі үшін
- Шешімге Грузия, Түрікменстан, Өзбекстан Республикасы, Украина қол қойған жоқ.
БЕКІТІЛГЕН
Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы
Үкімет басшылары кеңесінің
Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына
қатысушы мемлекеттердің ішкі істер
органдары арасындағы ақпарат
алмасудың мемлекетаралық кіші
жүйесінің тұжырымдамасы туралы
1999 жылғы 4 маусымдағы шешімімен
ТӘУЕЛСІЗ МЕМЛЕКЕТТЕР ДОСТАСТЫҒЫНА ҚАТЫСУШЫ МЕМЛЕКЕТТЕРДІҢ ІШКІ ІСТЕР ОРГАНДАРЫ АРАСЫНДАҒЫ АҚПАРАТ АЛМАСУДЫҢ МЕМЛЕКЕТАРАЛЫҚ КІШІ ЖҮЙЕСІНІҢ ТҰЖЫРЫМДАМАСЫ
Тұжырымдама Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің ішкі істер органдары арасындағы ақпарат алмасудың мемлекетаралық кіші жүйесін (МПИО-ОВД) құрудың негізгі қағидаттарын, міндеттерін, құрылымы мен кезеңдерін, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттер арасындағы ақпарат алмасудың автоматтандырылған жүйесінің (АСИО СНГ) кіші жүйесі ретінде айқындайды.
Осы Тұжырымдама мына құжаттардың негізінде әзірленді:
1996 жылғы 18 қазандағы ТМД Үкімет басшылары кеңесінің шешімімен бекітілген Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының ақпараттық кеңістігін қалыптастыру тұжырымдамасы;
1996 жылғы 17 мамырдағы ТМД Мемлекет басшылары кеңесінің шешімімен бекітілген ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің аумағында ұйымдасқан қылмысқа және қылмыстың өзге де қауіпті түрлеріне қарсы күрес жөніндегі 2000 жылға дейінгі кезеңге арналған бірлескен шаралардың мемлекетаралық бағдарламасы.
МПИО-ОВД-ның негізгі міндеттері, қағидаттары және құрылымы
1. МПИО-ОВД-ның міндеттері:
ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің ішкі істер министрлері кеңесін, оның ішінде Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің аумақтарындағы ұйымдасқан қылмысқа және қылмыстың өзге де қауіпті түрлеріне қарсы күресті үйлестіру бюросын ақпараттық қамтамасыз ету;
ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің ішкі істер органдарының қылмысқа қарсы күрестегі ынтымақтастықты дамыту жөніндегі ортақ мүдделерін ескере отырып, ақпараттық өзара іс-қимылын қамтамасыз ету;
ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің ішкі істер органдарының бірыңғай ақпараттық кеңістігін қалыптастыру және олардың қолда бар ақпараттық ресурстарға жедел қол жеткізуін қамтамасыз ету.
2. МПИО-ОВД мынадай негізгі қағидаттарға негізделеді:
ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің өз ақпараттық кеңістігін дербес қалыптастыруға қатысты егеменді құқықтарын сақтау;
Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясының, басқа да халықаралық құжаттардың және ақпарат алмасу саласындағы ТМД шеңберінде қабылданған келісімдер мен шарттардың негізгі қағидаттарын сақтау;
мемлекетаралық ақпарат алмасудың өзара тиімділігі;
ТМД-ға қатысушы әрбір мемлекеттің бірыңғай әдістемелік негізде ақпараттық қауіпсіздіктің жеткілікті деңгейін қамтамасыз етуі;
ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің қолданыстағы ақпараттық инфрақұрылымын сақтау, дамыту және тиімді пайдалану;
ұлттық ақпараттық жүйелердің өзара іс-қимылын қамтамасыз ететін келісілген ғылыми-техникалық саясатты, Халықаралық қылмыстық полиция ұйымы – Интерпол желісі бойынша ақпарат алмасуды ескере отырып жүргізу;
ақпарат алу және тарату құқығында тараптардың теңдігін тану.
3. МПИО-ОВД құру мыналарды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді:
бірыңғай автоматтандырылған телекоммуникациялық желіні, бірыңғайландырылған байланыс жүйелері мен құралдарын, автоматтандырылған жүйелерді, олардың кешендерін, кіші жүйелері мен компоненттерін пайдалану арқылы ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің ішкі істер органдарының ақпараттық өзара іс-қимылын қамтамасыз ету;
электрондық құжаттар мен өзге де ақпараттың аса сенімді, шынайы, жедел және қорғалған түрде берілуін қамтамасыз ету;
желілік сервистің заманауи түрлерін, оның ішінде қашықтағы жергілікті желілерге қол жеткізуді, сөйлеу мен бейнеақпаратты цифрлық түрде беруді қамтамасыз ету;
ақпараттың барлық түрлерін (деректерді, дауысты, факсимильдік хабарларды, бейнені) бірдей цифрлық байланыс арналары арқылы беру есебінен жүйені құруға жұмсалатын шығындарды үнемдеу;
магистральдық желінің қымбат қалааралық байланыс арналарын (оның ішінде талшықты-оптикалық және спутниктік арналарды) тиісті ведомстволардың бірлесіп пайдалануы есебінен мемлекеттік қаражатты жалпы үнемдеуді қамтамасыз ету;
технологияларды, техникалық құралдарды және т.б. бірыңғайландыру есебінен жүйені пайдаланудың тиімділігін арттыру.
4. МПИО-ОВД құрылымы.
ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің ішкі істер органдарының бірыңғай ақпараттық кеңістігі ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің ішкі істер органдарының ақпараттық өзара іс-қимылын қамтамасыз ететін бірыңғай қағидаттар мен деректер алмасудың келісілген ақпараттық хаттамалары негізінде жұмыс істейтін ұлттық ақпараттық ресурстардың, дерекқорлар мен деректер банктерінің, оларды жүргізу және пайдалану технологияларының, ақпараттық-телекоммуникациялық жүйелер мен желілердің жиынтығын білдіреді.
МПИО-ОВД мынадай құрамдас бөліктерден тұруға тиіс:
бірыңғай (өзара байланысты) телекоммуникациялық байланыс желісі;
бірыңғай (өзара байланысты) деректерді телеөңдеу жүйесі;
ақпаратты сақтау және өңдеу жүйелері;
ақпаратты қорғау жүйелері.
4.1. Бірыңғай (өзара байланысты) телекоммуникациялық желі.
ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің ішкі істер органдарының бірыңғай (өзара байланысты) телекоммуникациялық желісі жоғары сенімді мемлекетаралық магистральдық желіден және оған қосылатын ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің желілерінен тұруға тиіс. Өз кезегінде, ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің желілері де магистральдық желіден және өңірлік желілерден тұрады. Соңғы абоненттерді өңірлік желіге қосу абоненттік қолжетімділік желілері арқылы жүзеге асырылады. МПИО-ОВД телекоммуникациялық желілері ұлттық ақпараттық жүйелердің құрамдас бөліктері болуы мүмкін.
Магистральдық желі ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің астаналарында, сондай-ақ ірі облыс орталықтарында орналасқан ірі тораптар арасындағы байланысты және деректерді беруді қамтамасыз етеді.
Магистральдық желінің топологиясы қосылатын барлық ведомстволардың абоненттерінің мүдделерін ескере отырып, ақпарат ағындарының қолданыстағы және болжамды көлемдері мен жоғары жылдамдықты цифрлық байланыс арналарының болуына (оларды жалға алу мүмкіндігіне) қарай оңтайлы түрде таңдалады.
Магистральдық желі болашақтағы қажеттіліктерді ескеретін жеткілікті қорымен жоғары өткізу қабілетіне ие болуға және тәулік бойы жұмыс істеу режимінде жоғары сенімділікті қамтамасыз етуге тиіс.
Өңірлік желілер өңір ішіндегі ақпарат алмасу қажеттіліктерін, сондай-ақ өңірлік абоненттердің магистральдық желі арқылы орталық тораптың ақпараттық ресурстарына және басқа өңірлерге қол жеткізуін қамтамасыз етеді.
Магистральдық желілер сияқты, өңірлік желілерді де қалааралық арналары әртүрлі өңірлік құқық қорғау құрылымдарының мүддесінде пайдаланылатын бірыңғай ведомствоаралық аумақтық желілер ретінде құру орынды.
Абоненттік қолжетімділік желілері әртүрлі типтегі абоненттерді желінің ең жақын тораптарына қосуды қамтамасыз етеді.
Қолданыстағы желіден жаңа желіге біртіндеп, «кезең-кезеңімен» көшу қағидаты қазіргі уақытта пайдаланылып жүрген абоненттік бағдарламалық-аппараттық кешендердің барлық түрлерін желіге қосу үшін техникалық мүмкіндікті қамтамасыз ету қажеттілігін айқындайды.
4.1.1. ТМД шеңберінде деректер алмасу хаттамаларын стандарттау.
Қазіргі уақытта жұмыс істеп тұрған және әзірленіп жатқан ақпаратты жинау, өңдеу және жинақтаудың ұлттық ведомстволық және ведомствоаралық аумақтық бөлінген жүйелері жаңа ақпараттық технологияларды енгізу үшін негіз бола алады. ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің өңірлік деңгейлерінде деректер алмасуды ұйымдастыру нақты жағдайларға байланысты іріктеп құрылуы мүмкін. Мемлекетаралық деректер алмасу Достастықтың жұмыс тілін пайдалана отырып, халықаралық талаптарға, стандарттар мен алмасу хаттамаларына сәйкес келуге тиіс.
4.2. Деректерді телеөңдеудің бірыңғай (өзара байланысты) жүйесі.
Деректерді телеөңдеу деп пайдаланушылардың деректерді өңдеу жүйелерінің ресурстарына және байланыс құралдарының ресурстарына қашықтан қол жеткізуін қамтамасыз ететін әдістер жиынтығы түсініледі.
Деректерді телеөңдеудің бірыңғай жүйесі машинааралық алмасу негізінде қашықтағы пайдаланушылардың деректерді өңдеу жүйелерінің ресурстарын ұжымдық пайдалануын қамтамасыз етуге тиіс.
МПИО-ОВД құру ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің ішкі істер органдарының бұрыннан бар ақпараттық жүйелеріне міндетті түрде сүйенетінін ескере отырып, осы Тұжырымдама құқық қорғау қызметі саласындағы ақпарат алмасу бағытында техникалық саясатты айқындайтын негізгі стандартталған ережелерді бекітуді ұсынады.
Стандарттау объектілері ретінде мыналар болуы тиіс:
телекоммуникация құралдары;
деректерді ұсыну және сақтау технологиялары (дерекқорларды жобалау және жүргізу құралдары, сақтау ортасына қол жеткізу құралдары, файлдық жүйе және т.б.);
деректерді өңдеу процестерін ұйымдастыру жөніндегі жүйелік функцияларды қамтамасыз ететін құралдар (бағдарламалау тілдері, утилиталар, операциялық жүйелер және т.б.);
ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің орталық және өңірлік тораптарының деректер банктері деңгейіндегі пайдаланушы интерфейстері (нысандар мен есептер генераторлары, мәтіндік редакторлар, операциялық жүйелердің қабықшалары, командалық тілдер, «терезелік» интерфейстер, енгізу-шығару драйверлері, енгізу-шығаруды ұйымдастыру және т.б.).
Аталған стандарттар МПИО-ОВД құрудың нормативтік-құқықтық базасын әзірлеу кезінде келісіліп бекітілуге тиіс.
4.3. Ақпаратты сақтау және өңдеу жүйелері.
Ақпаратты сақтау және өңдеу жүйелері деп ұжымдық дерекқорлардың (деректер банктерінің) өзін және пайдаланушылардың оларға қол жеткізу бағдарламаларын түсіну қажет.
ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің ішкі істер органдарының жедел-іздестіру, іздестіру және жедел-анықтамалық мақсаттағы интеграцияланған деректер банктерін құру көзделеді.
Негіз ретінде Ресей Федерациясының Ішкі істер министрлігінде пайдаланылатын ақпараттық жүйелердің тізбесі немесе МПИО-ОВД құрудың нормативтік-құқықтық базасын әзірлеу кезінде бекітілетін басқа тізбе алынуы мүмкін.
4.4. Ақпаратты қорғау жүйелері.
Ақпаратты қорғау жүйелері ақпараттың тұтастығын қамтамасыз етуге және мемлекеттік маңызы бар жабық ақпаратқа қол жеткізе алатын адамдар тобын шектеуді қоса алғанда, қол жеткізуді шектеуге арналған.
Желідегі ақпаратты қорғау уәкілетті құзыретті органдар әзірлейтін техникалық және ұйымдастырушылық іс-шаралар кешені арқылы қамтамасыз етіледі.
МПИО-ОВД шеңберінде ашық іздестіру және есепке алу ақпаратымен, сондай-ақ құпия ақпаратпен алмасу және оны өңдеу көзделеді.
5. МПИО-ОВД құру кезеңдері.
Осы Тұжырымдама ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің тиісті ақпараттық ресурстарының технологиялық және нормативтік дайындығына сәйкес кезең-кезеңімен әзірлеу мен енгізуді көздейді.
Бірінші кезеңде:
мемлекетаралық ақпараттық өзара іс-қимылды қамтамасыз ететін нормативтік-құқықтық базаны құру;
жобалау жұмыстарының бөлінуі жөнінде ұсыныстар дайындау, ұйымдастырушылық-техникалық іс-шараларды өткізу;
құқық қорғау органдарының деректер банктерінде айналымда болатын ақпараттың құрамы, мазмұны мен сипаттамаларын жинауды және талдауды қамтамасыз ету, осының негізінде ақпарат тізілімін құру, құқық қорғау саласында ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің ақпараттық өзара іс-қимыл деңгейлерінің схемасын әзірлеу, онда ақпараттың құрамы мен оны ұсыну шарттарын регламенттеу;
жедел-іздестіру, іздестіру және жедел-анықтамалық мақсаттағы автоматтандырылған деректер банктерін құру жөніндегі жобаларды (оның ішінде үлгілік жобаларды) әзірлеу және іске асыру;
қолданыстағы телекоммуникациялық жүйелерге зерттеу жүргізу;
Бірыңғай (өзара байланысты) телекоммуникациялық желінің бірінші кезектегі жобасын әзірлеу және іске асыру.
Ашық іздестіру ақпаратымен алмасу міндетін жедел іске асыру үшін бірінші кезеңде желілік сервисті Ресей Федерациясы Ішкі істер министрлігінің ведомстволық деректер беру желісі арқылы және Интерполдың қолданыстағы арналары пайдаланылатын электрондық пошта режимін ұсынумен шектеуге болады.
ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің ішкі істер органдарының бірыңғай ақпараттық кеңістігін қалыптастыру жөніндегі жұмыстарды үйлестіру және тиісті нормативтік құжаттарды келісу үшін ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің мүдделі министрліктері мен ведомстволары өкілдерінен жұмыс тобын құру, сондай-ақ ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің ішкі істер органдарының орталық аппараттарында ішкі істер органдары арасындағы ақпарат алмасудың ұлттық кіші жүйелерін дамытуға жауапты бөлімшелер құру ұсынылады.
Екінші кезеңде:
құпия ақпаратпен алмасу мүмкіндігін қамтамасыз ету, магистральдық, өңірлік және абоненттік телекоммуникациялық желілерді салу немесе жаңғырту бойынша ауқымды жұмыстарды бастау, аппараттық және бағдарламалық қамтамасыз етуді сатып алу және әзірлеу;
ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің ішкі істер органдары қызметкерлерін құрылып жатқан жүйелерде жұмыс істеуге оқыту және қайта даярлау.
Үшінші кезеңде:
деректерді телеөңдеудің толық ауқымды Бірыңғай (өзара байланысты) жүйесін құруды аяқтау, абоненттік қолжетімділік желілерін барынша кеңейту, нақты уақыт режимінде автоматтандырылған деректер банктеріне қашықтан қол жеткізуді іске асыру, ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің ішкі істер органдарының деректер банктерін логикалық деңгейде біріктіру арқылы ақпараттық ресурстарды интеграциялаудың қажетті деңгейін қамтамасыз ету.
6. МПИО-ОВД әзірлеуді сүйемелдеу.
МПИО-ОВД әзірлеу мен енгізуді сүйемелдеуді Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Атқарушы комитетімен өзара іс-қимыл жасай отырып, ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің ішкі істер министрлері кеңесі жүзеге асырады.
ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің ішкі істер органдары арасындағы ақпарат алмасудың мемлекетаралық кіші жүйесін құру тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі Бас тапсырыс берушінің функцияларын Ресей Федерациясының Ішкі істер министрлігіне жүктеу орынды.
Конституция Заң Кодекс Норматив Указ Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгер Заңгерлік қызмет Заңгерлік консультация Азаматтық Қылмыстық Әкімшілік істер мен даулар Қорғау Төрелік Қазақстан заң компаниясы Адвокаттық кеңсе Сот істері Декларация Жарлық Бұйрық Қаулы Шешім Баяндама Қорытынды Өтініш Қорытынды Конвенция Шарт Меморандум Әдістеме Нормалар Нота Қағидалар Бағдарлама Жарғы Хартия Бап Түсініктеме Резолюция Регламент Хаттама Жоба Бағдарлама Қағидалар Жолдаулар