Трансұлттық корпорациялар туралы
Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы. 1998 жылғы 6 наурыздағы Конвенция
депозитарийге үшінші ратификациялық грамотаны сақтауға тапсырған күннен бастап отызыншы күні күшіне енеді. Оны кейінірек ратификациялаған Тараптар үшін Конвенция өздерінің ратификациялық грамоталарын сақтауға тапсырған күннен бастап 30-күні күшіне енеді.
қол қойғандар: Армения Республикасы, Беларусь Республикасы, Қырғыз Республикасы, Молдова Республикасы, Ресей Федерациясы, Тәжікстан Республикасы, Украина
хабарламалар тапсырғандар:
Ресей Федерациясы – 2003 жылғы 10 шілдеде сақтауға тапсырылды (Конвенцияға қатысушы болмау ниеті туралы).
ратификациялық грамоталарды сақтауға тапсырғандар:
Беларусь Республикасы – 1998 жылғы 25 қарашада сақтауға тапсырылды;Тәжікстан Республикасы – 1999 жылғы 14 маусымда сақтауға тапсырылды;Украина – 1999 жылғы 16 желтоқсанда сақтауға тапсырылды;Армения Республикасы – 2000 жылғы 24 қазанда сақтауға тапсырылды;Қырғыз Республикасы – 2002 жылғы 25 қаңтарда сақтауға тапсырылды.
Конвенция 2000 жылғы 14 қаңтарда күшіне енді.
мемлекеттер үшін күшіне енді:
Беларусь Республикасы – 2000 жылғы 14 қаңтар;Тәжікстан Республикасы – 2000 жылғы 14 қаңтар;Украина – 2000 жылғы 14 қаңтар;Армения Республикасы – 2000 жылғы 22 қараша;Қырғыз Республикасы – 2002 жылғы 23 ақпан.
Төменде Тараптар деп аталатын Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттер 1993 жылғы 24 қыркүйектегі Экономикалық одақ құру туралы шарттың ережелерін іске асыра отырып,
Достастыққа қатысушы мемлекеттердің экономикаларын құрылымдық қайта құруды, ғылыми-техникалық прогресті жеделдетуді қамтамасыз етуді қажет деп санай отырып,
Достастыққа қатысушы мемлекеттердің кәсіпорындары арасындағы өндірістік кооперацияны қолдау мен дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасауға ұмтыла отырып,
Достастыққа қатысушы мемлекеттердің кәсіпорындарының экспорттық әлеуеті мен бәсекеге қабілеттілігін арттыруға деген ұмтылысты растай отырып,
белсенді өнеркәсіптік саясатты жүргізуге, интеграцияны тереңдетуге және инвестициялар тартуға жәрдемдесе отырып,
өндірістік, инвестициялық, коммерциялық және қаржы-кредиттік қызмет саласындағы өзара іс-қимылдың қазіргі заманғы нысандарын пайдалануға маңызды мән бере отырып,
1994 жылғы 15 сәуірдегі Өндірістік, коммерциялық, кредиттік-қаржылық, сақтандыру және аралас трансұлттық бірлестіктерді құруға және дамытуға жәрдемдесу туралы келісімді басшылыққа ала отырып,
төмендегілер туралы келісті:
1-бөлім. Жалпы ережелер
**1-бап
Трансұлттық корпорациялардың қызметінің құқықтық негіздері**
1. Осы Конвенциямен трансұлттық корпорацияларды (бұдан әрі – корпорация) құру және олардың қызметі саласындағы Тараптар ынтымақтастығының жалпы негіздері белгіленеді.
2. Осы Конвенциямен реттелмеген қатынастар Тараптар арасындағы екіжақты келісімдермен, сондай-ақ олардың ұлттық заңнамасымен реттеледі.
3. Осы Конвенцияны қолдану мәселелерін реттеуді корпорацияны тіркеуді жүзеге асыратын Тараптың осыған уәкілеттік берілген мемлекеттік органы жүзеге асырады.
4. Тараптар Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы органдары тарапынан құрылатын корпорациялар туралы деректер банкін жүргізуді Экономикалық одақтың Мемлекетаралық экономикалық комитеті жүзеге асырады деп келісті.
5. Корпорацияны қалыптастыру кезінде әрбір Тарап басқа Тараптың заңды тұлғаларының өз аумағында орналасқан мүлкіне меншік құқықтарын қорғау қажеттілігін негізге алады.
6. Тараптар корпорация Тараптар заңнамасының талаптарына сәйкес құрылатынына және әрекет ететініне келісті.
**2-бап
«Трансұлттық корпорация» ұғымы**
1. Тараптар «трансұлттық корпорация» ұғымы деп мынадай заңды тұлғаны (заңды тұлғалар жиынтығын) таниды:
екі немесе одан да көп Тараптың аумағында меншігінде, шаруашылық жүргізуінде немесе жедел басқаруында оқшауланған мүлкі бар;
екі немесе одан да көп Тараптың заңды тұлғалары құрған;
осы Конвенцияға сәйкес корпорация ретінде тіркелген заңды тұлға.
2. Осы Конвенцияда «трансұлттық корпорация» ұғымы әртүрлі трансұлттық құрылымдарды, оның ішінде қаржы-өнеркәсіптік топтарды, компанияларды, концерндерді, холдингтерді, бірлескен кәсіпорындарды, шетелдік қатысуы бар акционерлік қоғамдарды және т.б. қамтиды.
3. Корпорация Тараптардың аумақтарында Тараптардың заңнамасында тыйым салынбаған қызметтің кез келген түрін жүзеге асыруға құқылы.
**3-бап
Корпорацияға қатысушылар**
1. Корпорацияға қатысушылар кез келген ұйымдық-құқықтық нысандағы, оның ішінде үшінші елдердің заңды тұлғалары болуы мүмкін.
2. Мемлекеттік, муниципалдық және унитарлық кәсіпорындар өз мүлкінің меншік иесі айқындайтын тәртіппен және шарттарда корпорацияға қатысушылар бола алады.
2-бөлім. Корпорацияны қалыптастыру және оның қызметі
**4-бап
Корпорацияны құру және тіркеу тәртібі**
Корпорация үкіметаралық келісімдер негізінде де, Тараптардың заңнамасында тыйым салынбаған өзге де тәсілдермен ерікті түрде құрылады.
Корпорацияны тіркеу тәртібі ол тіркелетін мемлекеттің заңнамасымен айқындалады.
Тіркеу корпорацияның толық атауы мен ұйымдық-құқықтық нысаны көрсетілген және оның атауына міндетті түрде «трансұлттық корпорация» сөз тіркесі енгізілген белгіленген үлгідегі куәлік беру арқылы расталады.
**5-бап
Корпорацияның ұйымдастырушылық жобасы**
Корпорацияны тіркеу кезінде корпорацияның ұйымдастырушылық жобасы ұсынылады.
Корпорацияның ұйымдастырушылық жобасы деп корпорацияны тіркеуді жүзеге асыратын Тараптың уәкілетті мемлекеттік органына ұсынылған құжаттар пакеті түсініледі. Ұйымдастырушылық жоба корпорацияны тіркеу туралы шешім қабылдау үшін қажетті мақсаттар мен міндеттер туралы мәліметтерді, сондай-ақ өзге де қажетті мәліметтерді қамтиды.
**6-бап
Корпорацияны басқару органдары**
Басқару құрылымы (жоғары, атқарушы және бақылау органдарының құрамы) корпорацияның құрылтай құжаттарында корпорация тіркелген мемлекеттің заңнамасы негізінде айқындалады.
**7-бап
«Корпорация қызметі» ұғымы**
Корпорация қызметі деп Тараптар корпорация қатысушылары мен бас кәсіпорынның (орталық компанияның) корпорацияның құрылтай құжаттарына, корпорация құрамына кіретін заңды тұлғалары бар Тараптардың заңнамасына және оның ұйымдастырушылық жобасына сәйкес оқшауланған активтерді пайдалана отырып жүзеге асыратын қызметін түсінеді.
**8-бап
Корпорация қызметін мемлекеттік қолдау және ынталандыру**
Тараптар корпорацияны құру мен оның қызметін ынталандыруға бағытталған, Тараптардың заңнамасына қайшы келмейтін шараларды паритеттік негізде қабылдай алады, оның ішінде:
корпорацияға немесе оның қатысушысына мемлекеттерге тиесілі корпорацияға қатысушы кәсіпорындардың акциялар пакеттерін сенімгерлік басқаруға беру;
акциялары инвестициялық конкурстарда (сауда-саттықтарда) өткізілетін кәсіпорынның берешегін корпорация – сатып алушы үшін инвестициялық конкурс (сауда-саттық) талаптарында көзделген инвестициялар көлеміне есепке жатқызу;
кепіл тетігін пайдалану арқылы қоса алғанда, әртүрлі инвестициялық ресурстарды тарту үшін мемлекеттік кепілдіктер беру;
корпорация мен оның кәсіпорын-қатысушылары жұмыс істейтін Тараптардың аумағында корпорацияға қатысушыларға қосарланған салық салуды жою;
корпорацияға қатысушылар арасында жабдықтарды, өнімдерді, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді және капиталды бажсыз әкелу мен әкетуді жүзеге асыру;
корпорацияға қатысушы және онда инвестициялық қызметті жүзеге асыратын банктерге олардың инвестициялық белсенділігін арттыру мақсатында міндетті резервтеу нормаларын төмендетуді және басқа нормативтерді өзгертуді көздейтін жеңілдіктер беру;
корпорация жобаларын іске асыру үшін корпорацияға қатысушы банктерге Мемлекетаралық банк арқылы инвестициялық кредиттер және өзге де қаржылық қолдау көрсету.
Әрбір нақты жағдайда Тараптардың осы мәселе бойынша саясаты жеке сипатта болады және тиісті нормативтік актімен айқындалады.
**9-бап
Қатысушылардың жауапкершілігі**
Корпорацияның және/немесе бас кәсіпорынның (орталық компанияның) корпорация қызметіне қатысу нәтижесінде туындаған міндеттемелері бойынша қатысушылар құрамына кіретін заңды тұлғалары бар Тараптардың заңнамасына сәйкес жауаптылықта болады.
**10-бап
Корпорацияның есептілігі және оның қызметін бақылау**
1. Корпорация есептілікті корпорация тіркелген мемлекеттің заңнамасына сәйкес ұсынады.
2. Корпорация құрамына кіретін заңды тұлғалар есептілікті өздерінің орналасқан жері бойынша ұсынады.
3. Корпорация тіркелген мемлекеттің уәкілетті мемлекеттік органы осы мемлекеттің заңнамасына сәйкес корпорация қызметіне аудиторлық тексерулер тағайындауға құқылы.
**11-бап
Корпорацияның пайда мен өндірілген өнімге меншік құқығы**
1. Корпорацияның және оның құрамына кіретін басқа да заңды тұлғалардың пайда мен өндірілген өнімге меншік құқығы корпорация құрамына кіретін заңды тұлғалары бар Тараптардың заңнамасымен немесе жеке үкіметаралық келісім негізінде айқындалады.
2. Корпорация құрамына кіретін заңды тұлғаларға салық салу олардың орналасқан жері бойынша болу мемлекетінің заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
**12-бап
Корпорациядағы әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеудің құқықтық негіздері**
Корпорациядағы әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу, егер мемлекетаралық шарттарда (келісімдерде) өзгеше көзделмесе, оның қатысушылары орналасқан Тараптардың аумағында қолданылатын заңнама негізінде жүзеге асырылады.
**13-бап
Корпорацияны тарату**
Корпорация корпорация тіркелген мемлекеттің заңнамасында көзделген негіздер бойынша, сондай-ақ тиісті үкіметаралық келісімнің қолданылуы тоқтатылуына байланысты таратылуы мүмкін.
3-бөлім. Қорытынды ережелер
**14-бап
Конвенцияның халықаралық шарттармен арақатынасы**
Осы Конвенция Тараптар қатысушылары болып табылатын басқа халықаралық шарттардың ережелерін қозғамайды.
**15-бап
Конвенцияның күшіне ену тәртібі**
1. Осы Конвенция депозитарийге үшінші ратификациялық грамотаны сақтауға тапсырған күннен бастап 30-күні күшіне енеді.
2. Оны кейінірек ратификациялаған Тараптар үшін Конвенция өздерінің ратификациялық грамоталарын сақтауға тапсырған күннен бастап 30-күні күшіне енеді.
**16-бап
Конвенцияның қолданылу мерзімі**
1. Осы Конвенция күшіне енген күннен бастап 10 жыл бойы қолданылады. Осы мерзім өткеннен кейін, егер Тараптар өзгеше шешім қабылдамаса, Конвенция әр жолы бес жылдық кезеңге автоматты түрде ұзартылады.
2. Әрбір Тарап депозитарийге шығатыны туралы жазбаша хабарлама жіберу арқылы осы Конвенциядан шыға алады. Мұндай хабарлама шығуға дейін кемінде 12 ай бұрын жіберілуге тиіс.
**17-бап
Конвенцияға қосылу тәртібі**
Осы Конвенция күшіне енгеннен кейін оған басқа мемлекеттер депозитарийге қосылу туралы құжаттарды беру арқылы қосыла алады.
**18-бап
Конвенцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу тәртібі**
Тараптардың өзара келісімі бойынша осы Конвенцияға хаттамамен ресімделетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.
**19-бап
Дауларды шешу**
Осы Конвенцияның ережелерін қолдануға немесе түсіндіруге байланысты даулы мәселелер мүдделі Тараптардың консультациялары мен келіссөздері арқылы, сондай-ақ Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Экономикалық Сотына немесе Тараптар келісілген және шешімі міндетті деп танылатын басқа сот органына жүгіну арқылы шешіледі.
1998 жылғы 6 наурызда Мәскеу қаласында орыс тіліндегі бір түпнұсқа данада жасалды. Түпнұсқа данасы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Атқарушы хатшылығында сақталады, ол осы Конвенцияға қол қойған әрбір мемлекетке оның куәландырылған көшірмесін жібереді.
Конституция Заң Кодекс Нормативтік акт Указ Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгері Заңгерлік қызмет Заңгерлік кеңес беру Азаматтық Қылмыстық Әкімшілік істер даулар Қорғау Арбитраждық Қазақстан заң компаниясы Адвокаттық кеңсе Сот істері Декларация Жарлық Бұйрық Қаулы Шешім Баяндама Қорытынды Өтініш Қорытынды Конвенция Шарт Меморандум Әдістеме Нормалар Нота Ережелер Бағдарлама Жарғы Хартия Бап Түсініктеме Резолюция Регламент Хаттама Жоба Бағдарлама Ережелер Жолдаулар