8-бап. Темiржол көлiгiндегi шарттар Теміржол көлігі туралы Заңы
1. Тасымалдау шарттарының мiндеттi талаптары Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiнде, осы Заңда және соларға сәйкес шығарылған тасымалдау ережелерiнде белгiленедi. Тараптар тасымалдау шарттарының өзге де талаптарын белгiлеуге ерiктi.
2. Жолаушылар тасымалдарын ұйымдастыру кезінде Ұлттық теміржол компаниясының, жолаушылар қозғалысындағы локомотивтік тартқыш операторының және тасымалдаушылардың мемлекеттік басқару органдарымен өзара қарым-қатынастары Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес шарттардың талаптарымен жүзеге асырылады.
2-1. Вагондар мен локомотивтерді сатып алуға кредит беру және қаржы лизингі кезінде сыйақы мөлшерлемесін субсидиялауға арналған шарттар уәкілетті орган бекітетін үлгілік шарт негізінде жазбаша түрде жасалады.
2-2. Әлеуметтік маңызы бар қатынастар бойынша жолаушылар қозғалысындағы локомотивтік тартқыш операторының шығыстарын ұзақ мерзімді субсидиялауға арналған шарттар жазбаша нысанда жасалады. Әлеуметтік маңызы бар қатынастар бойынша жолаушылар тасымалдарын жүзеге асыруға байланысты тасымалдаушының шығыстарын ұзақ мерзімді субсидиялауға арналған шарттар уәкілетті орган бекітетін үлгілік шарт негізінде жазбаша нысанда жасалады.
Осы тармақтың бірінші абзацында көрсетілген шарттың заңнамаға сәйкес бұзылуы жағдайында уәкілетті орган мен облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергiлiктi атқарушы органдары әлеуметтік маңызы бар қатынастар бойынша жолаушылар тасымалын жүзеге асыратын және кредиттік қаражатты қайтару мен жолаушылар вагондарын сатып алуға берілетін қаржылық лизингті төлеу міндеттемелерін орындауды қамтамасыз ететін жаңа тасымалдаушыны айқындай алады.
Осы тармақтың екінші абзацында көрсетілген тасымалдаушыны айқындау тәртібі шығыстары бюджет қаражаты есебінен ұзақ мерзімді субсидиялануға жататын әлеуметтік маңызы бар қатынастар бойынша теміржол жолаушылар тасымалын жүзеге асыратын тасымалдаушыларды айқындау бойынша ашық тендер негізінде конкурс өткізу қағидаларында белгіленеді.
2-3. Уәкілетті орган және (немесе) облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары мынадай міндеттемелер бойынша шарттар жасаса алады:
1) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес әлеуметтік маңызы бар қатынастар бойынша жолаушылар қозғалысындағы локомотивтік тартқыш операторының шығыстарын ұзақ мерзімді субсидиялау;
2) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес әлеуметтік маңызы бар қатынастар бойынша жолаушылар тасымалдарын жүзеге асыруға байланысты тасымалдаушының шығыстарын ұзақ мерзімді субсидиялау;
3) осы баптың 2-2-тармағының екінші бөлігінде аталған тасымалдаушыны айқындау;
4) осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамасында көзделген басқа да міндеттемелер.
2-4. Магистральдық теміржол желісін және теміржол көлігінің жылжымалы құрамын дамыту мақсатында шығарылған тасымалдаушының облигациялары бойынша купондық сыйақы мөлшерлемесін субсидиялауға арналған шарттар уәкілетті орган бекітетін үлгілік шарт негізінде жазбаша нысанда жасалады.
Магистральдық теміржол желісін және теміржол көлігінің жылжымалы құрамын дамыту мақсатында шығарылған тасымалдаушының облигациялары бойынша купондық сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен жүзеге асырылады.
3. Тасымалдаушы өздерiнiң құзыретiне сәйкес мәлiмделген ерекше маңызды тасымалдарды жүзеге асыру туралы мемлекеттiк органдардың жазбаша нұсқауларын (шешiмдерiн) орындауға мiндеттi. Тиiстi нұсқауларда (шешiмдерде) осындай тасымалдар үшiн есеп айырысу тәртiбi мен мерзiмдерi туралы мәлiметтер болуға тиiс.
4. Темiржол көлiгiмен халықаралық қатынаста және транзитпен жолаушыларды, багажды, жүктi және жүк-багажды тасымалдау Қазақстан Республикасының заңдарына және Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына сәйкес жүзеге асырылады.
Қазақстан Республикасы қатысушысы болып табылатын халықаралық келісімдер, шарттар (келісімшарттар) шеңберінде жүзеге асырылатын, Қазақстан Республикасының аумағымен, оның ішінде транзитпен және Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерге əскери тасымалдарды акцияларының бақылау пакеті Ұлттық теміржол компаниясына тиесілі заңды тұлға (экспедитор) орындайды.
5. Локомотивтiк тартқыш операторы шарттар негiзiнде және уәкiлеттi орган белгiлеген тәртiппен локомотивтiк тартқыш қызметтерiн көрсетедi.
Локомотивтiк тартқыш операторы шартқа сәйкес локомотивтік инфрақұрылым операторының қызметтерін пайдаланады.
Локомотивтік тартқыш операторы бiрiншi кезекте арнайы және әскери тасымалдарды орындау үшiн ұлттық тасымалдаушыларға локомотивтiк тартқыш көрсететiн қызметтердi ұсынуға мiндеттi.
Ескерту. 8-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2004.07.09 № 596, 2010.12.28 № 369-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 04.07.2013 № 132-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 09.04.2016 № 494-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 13.06.2017 № 69-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 27.12.2019 № 295-VІ (01.01.2020 бастап қолданысқа енгізілді); 27.12.2019 № 290-VІ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 29.12.2022 № 174-VII (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-б. қараңыз) Заңдарымен.
Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 8 желтоқсандағы N 266 Заңы.
Осы Заң темiржол көлiгiмен жолаушылар, багаж, жүк, жүк-багаж және почта жөнелтiлiмдерiн тасымалдарын жүзеге асыру кезiндегi тасымалдаушылар, темiржол көлiгi ұйымдары, мемлекеттiк органдар, жолаушылар, жөнелтушiлер, алушылар, жүк жөнелтушiлер, жүк алушылар, басқа да жеке және заңды тұлғалар арасындағы қоғамдық қатынастарды реттейдi.
© 2012. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты» ШЖҚ РМК
Конституция Заң Кодекс Норматив Жарлық Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгер Қорғаушы Заң қызметі Құқық қорғау Құқықтық қөмек Заңгерлік кеңсе Азаматтық істері Қылмыстық істері Әкімшілік істері Арбитраж даулары Заңгерлік кеңес Заңгер Адвокаттық кеңсе Қазақстан Қорғаушы Заң компаниясы