Әділет департаменті әрекеттеріне дау айту туралы
2.08.2023ж. №6001-22-00-6ап/2580
Талап қоюшы: А.Т.
Жауапкер: «облысы Әділет департаменті» РММ
Даудың мәні: әрекеттеріне дау айту туралы
Талап қоюшының келтірген кассациялық шағымы бойынша қайта қарау.
ІСТІҢ МӘНІ: 2022 жылғы 18 наурызда талап қоюшы "Құтты мекен" коммерциялық емес ұйымын тіркеу туралы өтінішпен жүгінген. Жауапкер 2022 жылғы 30 наурызда мемлекеттік тіркеуді тоқтату туралы № 234 бұйрық шығарып, кейіннен 2022 жылғы 3 мамырда тіркеуден бас тарту туралы № 325 бұйрық қабылдаған.
Талап қоюшы сотқа нақтыланған талап арызымен жүгініп, онда "Коммерциялық емес ұйымдар туралы" Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 16 қаңтардағы № 142 қолданыстағы Заңын басшылыққа ала отырып, осы Заңның 10-бабына сәйкес коммерциялық емес жеке мекеме құру туралы шешім қабылдағанын, оны құрудың мақсаты-мемлекеттік бағдарлама бойынша шетелден тарихи отанында тұрақты тұруға қоныс аударған отандас қазақтар мен оңтүстік облыстардан солтүстік өңірлерге қоныс аударған қазақ азаматтары үшін құқықтық-ақпараттық қызметтер көрсету үшін "Құтты мекен" коммерциялық емес жеке мекемесі деген атпен "Qūtty meken" komersialyq emes jeke menşık mekemesı латын графикасы негізінде толық атауы, құрып, мекеменің жарғысын 2022 жылғы 10 ақпандағы № 1 шешіммен бекіткенін.
Аталған ұйымды тіркеу мақсатында, жарғының 2 (екі) түпнұсқасын мемлекеттік тілде және жоғарыда аталған заңдарға сәйкес мемлекеттік баж төленгені туралы түбіртекпен бірге мемлекеттік тіркеуді жүргізу мақсатында "Азаматтарға арналған үкімет "МК" КЕАҚ Рудный қалалық филиалының № 1 Халыққа қызмет көрсету бөліміне жүгінгенін.
Алайда жауапкер 2022 жылғы 3 мамырдағы № 325 бұйрықпен заңды тұлғаның жарғысы екі данада қазақ және орыс тілдерінде ұсынылуы тиіс деген негізбен заңсыз бас тартқанын көрсетті.
Сот актілері:
1-і саты: талап қою қанағаттандырусыз қалдырылған.
Апелляция: шешім күшінде қалдырылған.
Кассация: сот актілерінің күші жойылып, талапты қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылданған.
Қорытынды: Төменгі сатыдағы соттар Қазақстан Республикасының «Заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу туралы» Заңның 6-бабына сәйкес, заңды тұлғаны мемлекеттiк тiркеу үшiн тіркеуші органға осы Заңның 7-бабында көрсетiлген, қазақ және орыс тiлдерiнде жасалған және екі данада ұсынылатын құрылтай құжаттары қоса беріле отырып, Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлiгi белгiлеген нысан бойынша өтiнiш берiлетінің негізге алып талапты қанағаттандырусыз қалдырған.
Алайда, төменгі саты соттарының мұндай тұжырымын заңды әрі негізді деп санауға болмайды. ӘРПК-нің 5-бабына сәйкес, әкімшілік сот ісін жүргізудің міндеті жария құқықтық қатынастарда жеке тұлғалардың бұзылған немесе дау айтылатын құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін, заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін тиімді түрде қорғау және қалпына келтіру мақсатында әкімшілік істерді әділ, бейтарап және уақтылы шешу болып табылады.
Қазақстан Республикасы Конституциясының 7-бабының бірінші бөлігінде Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл – қазақ тілі деп көрсетілген. Қазақстан Республикасының Тіл туралы 1997 жылғы 11 шілдедегі № 151 Заңының 4-бабына сәйкес: Мемлекеттік тіл - қазақ тілі. Мемлекеттік тiл - мемлекеттiң бүкiл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттік басқару, заң шығару, сот iсiн жүргiзу және iс қағаздарын жүргiзу тілі.
Қазақстан халқын топтастырудың аса маңызды факторы болып табылатын мемлекеттік тiлдi меңгеру - Қазақстан Республикасының әрбiр азаматының парызы.
Үкiмет, өзге де мемлекеттік, жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдар: Қазақстан Республикасында мемлекеттік тiлдi барынша дамытуға, оның халықаралық беделiн нығайтуға; Қазақстан Республикасының барша азаматтарының мемлекеттік тiлдi еркiн және тегiн меңгеруiне қажеттi барлық ұйымдастырушылық, материалдық техникалық жағдайларды жасауға; Қазақ диаспорасына ана тілін сақтауы және дамытуы үшiн көмек көрсетуге мiндеттi.
Аталған заңның 8-бабына сай: Мемлекеттік тiл Қазақстан Республикасы мемлекеттiк органдарының, ұйымдарының және жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының жұмыс және iс қағаздарын жүргiзу тiлi болып табылады.
Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің 2007 жылғы 23 ақпандағы № 3 қосымша қаулысында, Конституцияға сәйкес Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл - қазақ тілі. Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады.
Мемлекет Қазақстан халқының тілдерін үйрену мен дамыту үшін жағдай туғызуға қамқорлық жасайды (7-бап). Конституциялық Кенестің 1997 жылғы 8 мамырдағы № 10/2 қаулысында, Конституцияның «мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады» деген 7-бабының 2-тармағы мынадай деп түсіндіріледі: «аталған Конституциялық норма біржақты түсіндіріледі, мемлекеттік ұйымдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарында қазақ және орыс тілдері тең дәрежеде, ешбір жағдайдан тыс бірдей қолданылады».
Бұл мемлекеттік ұйымдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарының өз өкілеттіктерін іске асыруына байланысты қоғамдық қатынастарды реттейтін заңнама әркімнің де тілдердің қызмет ету саласында Конституциялық құқықтары жүзеге асырылуының механизмдерін көздеуге, сонын ішінде, жеке және заңды тұлғалардың мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарына өтініш беру және олардан Конституцияның 7-бабының 2-тармағын сақтай отырып - іс қай тілде жургізілуіне қатыссыз қазақ немесе орыс тілдерінде тең дәрежеде ақпарат алу мүмкіншілігін қамтамасыз етуге тиіс дегенді білдіреді.
ӘРПК-нің 2-бабына сай, Қазақстан Республикасы Конституциясының жоғары заң күші бар және ол Республиканың бүкіл аумағында тікелей қолданылады. Осы Кодекстің нормалары мен Қазақстан Республикасы конституциялық заңының арасында қайшылықтар болған жағдайда, конституциялық заңның ережелері қолданылады.
Осы Кодекстің нормалары мен өзге де заңдардың арасында қайшылықтар болған жағдайда, осы Кодекстің ережелері қолданылады.
Қазақстан Республикасының «Заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу туралы» Заңның 6-бабы Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің 2007 жылғы 23 ақпандағы № 3 қосымша қаулысы арасында қайшылықтар бар.
Сондықтан, конституциялық заңның ережелері қолданылады. Жауапкердің өкілі аталған фактілерді теріске шығарған жоқ.
Істің бұндай тұрығысында дауланып отырған бұйрық жоғарыда көрсетілген Заңның талаптарын қамтамасыз етпейді.
Сонымен қатар, әкімшілік органның әрекеттері Қазақстан халқының тілдерін үйрену мен дамыту үшін жағдай туғызуға кедергі болып табылады.
Назар аударыңыз!
«Заң және Құқық» адвокаттық кеңсесі, бұл құжаттың жалпылама екендігіне және нақты сіздің жағдайыңыздың талаптарына сәйкес келмеуі мүмкіндігіне көңіл бөлуіңізді сұрайды. Біздің заңгерлер сіздің нақты жағдайыңызға сәйкес келетін кез келген құқықтық құжатты әзірлеп көмектесуге дайын.
Қосымша ақпарат алу үшін Заңгер/Адвокат телефонына хабарласуыңызға болады: +7 (708) 971-78-58; +7 (700) 978 5755, +7 (700) 978 5085.
Адвокат Алматы Заңгер Қорғаушы Заң қызметі Құқық қорғау Құқықтық қөмек Заңгерлік кеңсе Азаматтық істері Қылмыстық істері Әкімшілік істері Арбитраж даулары Заңгерлік кеңес Заңгер Адвокаттық кеңсе Қазақстан Қорғаушы Заң компаниясы