Қызметтер үшін төлем тек компанияның шотына төленеді. Сізге ыңғайлы болу үшін біз Kaspi RED / CREDIT /БӨЛІП ТӨЛЕУДІ іске қостық 😎

Басты бет / Кейстер / Нормативтік құқықтық актілердің заңдылығын даулау туралы

Нормативтік құқықтық актілердің заңдылығын даулау туралы

Нормативтік құқықтық актілердің заңдылығын даулау туралы

Нормативтік құқықтық актілердің заңдылығын даулау туралы

              Нормативтік құқықтық актілердің заңдылығын даулау туралы азаматтық істерді қараудың сот практикасына жүргізілген қорту, азаматтар мен заңды тұлғалардың заңмен көзделген құқықтары мен бостандықтарын іс жүзінде қорғауға, соның нәтижесінде соттардың абыройын көтеруге бағытталған.

Осы қорытудың мақсаты, соттармен аталған санаттағы істерді қарау практикасын зерттеу, шығарылған шешімдердің материалдық және процессуалдық құқық нормаларына сәйкестігін анықтау, осы санаттағы істерді қарау барысында жіберілетін заң бұзушылықтардың себептерін анықтап, оларға жол бермеу шараларын қабылдау болып табылады.

Заңдылық – бұл дегенімізқоғам өмірінде біріншіден, сапалы және бірібіріне қайшы келмейтін заңнаманың болуы, екіншіден, қабылданған заң нормаларын азаматтар, ұйымдар, лауазымды тұлғалар және билік органдары сыйлап, орындайтын жағдайы болып табылады. Соңғы жылдары заңнамалар елеулі түрде өзгеруде, азаматтар мен ұйымдардың құқықтары және заңды мүдделерін сот арқылы қорғау мүмкіндігі кеңеюде.

Осы тұрғыда нормативтік құқықтық актілердің заңдылығынадау айту туралы азаматтық істер бойынша сот практикасын зерттеудің өзектілігі туындайды. Қазақстан Республикасы Конституциясының 13-бабының 2- бөлігіне сәйкес, әр азаматқа өз құқықтары мен бостандықтарын сот арқылы қорғалуына кепілдік берілген.

Мемлекеттік өкімет, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының, қоғамдық бірлестіктердің, ұйымдардың, лауазымды адамдар мен мемлекеттік қызметшілердің шешімдері мен әрекеттеріне (немесе әрекетсіздігіне) сотқа шағым келтіруге болады.

Нормативтік құқықтық актілердің заңдылығына дау айту туралы істер – өз сипатына қарай соттарда қаралатын жаңа санаттағы істер болып табылады.

Бұл жерде дау айту объектісі болып мемлекеттік билік органы немесе жергілікті өзін-өзі басқару органы қабылдаған нормативтік құқықтық акт табылады.

Нормативтік құқықтық акт – референдумда қабылданған не уәкілетті орган немесе мемлекеттің лауазымды адамы қабылдаған, құқықтық нормаларды белгілейтін, олардың қолданылуын өзгертетін, тоқтататын немесе тоқтата тұратын белгіленген нысандағы жазбаша ресми құжат, сондай-ақ жазбаша ресми құжатпен бірдей және электрондық цифрлық қолтаңба арқылы куәландырылған электрондық-цифрлық нысандағы құжат.

Қолданыстағы нормативтік құқықтық актілер барлық азаматтар мен заңды тұлғалар үшін міндетті болып табылады.

Егер азаматтың немесе ұйымның пікірі бойынша қолданыстағы акт (мысалы, министрдің бұйрығы) олардың құқықтарына нұқсан келтіруде деп ойласа не істеу қажет ? Төменгі сатыда қабылданған нормативтік құқықтық акті жоғарғы сатыдағы нормативтік құқықтық актіге қайшы келмеуге тиіс.

Егерәр сатыдағы нормативтік құқықтық актілер бірі-біріне қайшы келген жағдайда, жоғарғы сатының нормативтік құқықтық актісі қолданылады.

Нормативтік құқықтық актілерге дау айту туралы істер шегі белгіленбеген тұлғалардың мүддесін, яғни ортақ мүдделерді қозғайды. Қазақстан Республикасының Азаматтық іс жүргізу кодексінің (ары қарай – АІЖК) 283-бабының 1-бөлігіне сәйкес, өздеріне нормативтік құқықтық актінің күші қолданылатын, мемлекеттік органның немесе лауазымды адамның заңда көзделген тәртіппен қабылданып, жарияланған нормативтік құқықтық актісімен азаматтардың немесе заңды тұлғалардың Қазақстан Республикасының Конституциясында, заңдарында және Қазақстан Республикасы Президентінің жарлықтарында кепілдік берілген құқықтарыжәне заңмен қорғалған мүдделері бұзылып отыр деп санайтын азамат немесе заңды тұлға бұл актіні заңға толық немесе жекелеген бөлігінде қайшы келеді деп тану туралы арызбен сотқа жүгінуге құқылы.

Нормативтік құқықтық база

              Соттар заңдардың немесе өзгеде нормативтік құқықтық актілердің Конституцияға қайшы келетіні айқын көрініп тұрса және ешқандай күмән туғызбаса, онда Конституция баптарының нормаларын қолдануы қажет.

Қазақстан Республикасының «Нормативтік құқықтық актілер туралы» Заңында, нормативтік құқықтық актілердің ара қатынасы мен заң күшіне байланысты олардың сатылары белгіленген.

Атап айтқанда, Конституцияны қоспағанда, өзге нормативтік құқықтық актілердің заң күшінің арақатынасы мынадай төмендей беретін деңгейлерге сәйкес болады:

1) Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізетін Заңдар;

2) Қазақстан Республикасының Конституциялық Заңдары мен Қазақстан Республикасы Президентінің Конституциялық заң күші бар Жарлықтары;

3) Қазақстан Республикасының Кодекстері;

4) Қазақстан Республикасының Заңдары, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президентінің заң күші бар Жарлықтары;

5) Қазақстан Республикасының Парламенті мен оның палаталарының нормативтік қаулылары;

6) Қазақстан Республикасы Президентінің нормативік Жарлықтары;

7) Қазақстан Республикасы Үкіметінің нормативтік қаулылары;

8) Қазақстан Республикасының министрлері мен орталық мемлекеттік органдардың өзге де басшыларының нормативтік құқықтық бұйрықтары, орталық мемлекеттік органдардың нормативтік құқықтық қаулылары, Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының және Республикалық бюджеттік атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің нормативтік қаулылары;

9) мәслихаттардың нормативтік құқықтық шешімдері, әкімдіктердің нормативтік құқықтық қаулылары, әкімдердің нормативтік құқықтық шешімдері.

Ал Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының нормативтік қаулылары аталған сатыдан тыс тұрады.

 Төменгі деңгейдегі нормативтік құқықтық актілердің әрқайсысы жоғары дейгейдегі нормативтік құқықтық актілерге қайшы келмеуге тиіс.

Әр түрлі деңгейдегі нормативтік актілердің нормаларында қайшылықтар болған кезде неғұрлым жоғары деңгейдегі актінің нормалары қолданылады.

Заңдар нормаларының Қазақстан Республикасы кодекстерінің нормаларымен алшақтығы болған жағдайларда олар кодекстерге тиісті өзгерістер енгізілгеннен кейін ғана қолданылуы мүмкін.

Бір деңгейдегі нормативтік құқықтық актілердің нормаларында қайшылықтар болған кезде қолданысқа кейінірек енгізілген актінің нормалары қолданылады.

 

Қазақстан Республикасы Конституциясының 78-бабына сай, соттардың Конституциямен баянды етілген адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарына нұқсан келтіретін заңдар мен өзге де нормативтік құқықтық актілерді қолдануға хақысы жоқ.

Егер сот қолданылуға тиісті заң немесе өзге де нормативтік құқықтық акт Конституциямен баянды етілген адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарына нұқсан келтіреді деп тапса, іс жүргізуді тоқтата тұруға және осы актіні конституциялық емес деп тану туралы ұсыныспен Конституциялық Кеңеске жүгінуге міндетті.

Конституцияның 72-бабының 2-тармағында, Конституциялық Кеңес соттардың өтініштерін Конституцияның 78-бабында белгіленген реттерде қарайды деп көрсетілген. «Қазақстан Республикасының Конституциялық кеңесі туралы» Заңының 17-бабының 4-тармағы 2) тармақшасында, егер сот Конституцияның 78-бабына сәйкес қолданылуға жататын заң немесе өзге де нормативтік құқықтық акт адам мен азаматтың Конституцияда баянды етілген құқықтары мен бостандықтарына қысым жасайды деп қараса, Конституцияның 72-бабы 2-тармағына сәйкес соттардың актіні конституциялық емес деп тану туралы өтініштерін қарайды делінген. АІЖК-нің 6-бабында осыған ұқсас талаптар белгіленген.

Шығыс Қазақстан облысы Өскемен қалалық сотының 10.07.2015 жылғы ұйғарымымен арыз беруші Романова Светлана Анатольевнаның жауапкер Қазақстан Республикасы Қаржы Министрлігінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментіне «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сот төрелігін іске асыруды одан әрі жеңілдету, төрешілдік рәсімдерді азайту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» №254-V Заңының 1-бабы 5- тармағы 1) тармақшасын жарамсыз деп тану туралы арызын қабылдаудан төмендегі негіздер бойынша бас тартылған.

С.А.Романова Қазақстан Республикасы Қаржы Министрлігінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментіне «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сот төрелігін іске асыруды одан әрі жеңілдету, төрешілдік рәсімдерді азайту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» №254-V Заңының 1-бабы 5- тармағы 1) тармақшасын жарамсыз деп тану туралы сотқа арыз берген.

Арызында, аталған заң 14 қараша 2014 жылы қабылданғанын, оның қабылдануына Министрлік пен Департамент қатысқанын, заңның көрсетілген тармақшасы сот төрелігін іске асыруды одан әрі жеңілдету, төрешілдік рәсімдерді азайту деген атауына қайшы келеді деп санайтынын көрсеткен.

Бұл заң апелляциялық, кассациялық және қадағалау шағымдарын беру үшін қосымша кедергілер келтіретінін, яғни оның пікіріншесот төрелігін іске асыру жеңілдемегенін, керісінше төрешілдік рәсімдері көбейгенін, соның нәтижесінде оның сот әділдігі құқығына нұқсан келтірілгенін, себебі ол материалдық жағдайына байланысты шағым келтіру үшін төлеу керек мемлекеттік баж салығын төлей алмайтынын көрсеткен.

Кассациялық алқаның 13 сәуір 2015 жылғы ұйғарымымен оның апелляциялық сот алқасының 25 қыркүйек 2015 жылғы қаулысына берген шағымы мемлекеттік баж салығы төленбеуіне байланысты кері қайтарылған.

Осылардың негізінде,«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сот төрелігін іске асыруды одан әрі жеңілдету, төрешілдік рәсімдерді азайту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» №254-V Заңының 1-бабы 5-тармағы 1) тармақшасын жарамсыз деп тануды сұраған.

Қазақстан Республикасы АІЖК-нің 153-бабына сәйкес, арыз азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен қарауға және шешуге жатпаса судья талап арызды қабылдаудан бас тартады делінген.

Демек, жоғарыда көрсетілген негіздер бойынша нормативтік құқықтық актіні жарамсыз деп тану Конституциялық Кеңестің айрықша құзыретіне жатады.

Ал Конституциялық Кеңесегер сот қолданылуға жататын заң немесе өзге де нормативтік құқықтық акт адам мен азаматтың Конституцияда баянды етілген құқықтары мен бостандықтарына қысым жасайды деп қараса, актіні конституциялық емес деп тану туралы өтініштерін қарайды.

Істің мұндай тұрғысында, бірінші сатылы сот арызды қабылдаудан бас тарту жөнінде тұжырымға келген, яғни арыз азаматтық іс жүргізу тәртібімен қарауға жатпайды.

 

Парламент Республиканың бүкіл аумағында міндетті күші бар Қазақстан Республикасының заңдары, Парламенттің қаулылары, Сенат пен Мәжілістің қаулылары түрінде заң актілерін қабылдайды.

Республиканың заңдары Республика Президенті қол қойғаннан кейін күшіне енеді. Қазақстан Республикасы Конституциясының 72-бабының 1- тармағының 2) тармақшасына сай, Конституциялық Кеңес Парламент қабылдаған заңдардың Республика Конституциясына сәйкестігін Президент қол қойғанға дейін қарайды.

Тексерілуі Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің құзыретіне жатқызылған нормативтік құқықтық актілердің заңдылығына дау айту туралы арыздар сотта қаралуға тиісті емес.

Азамат Н.Н.Завьялов сотқа «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жол жүрісі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 17 сәуір 2014 жылғы №195-V Заңына дау айту туралы арыз берген. Солтүстік Қазақстан облысының Петропавл қалалық №2 сотының 07 қазан 2014 жылғы ұйғарымымен Н.Н.Завьяловтың нормативтік құқықтық актінің заңдылығына дау айту туралы арызын қабылдаудан бас тартылған. Н.Н.Завьялов соттың аталған ұйғарымымен келіспей, жеке шағым келтіріп, шағымында оның арызы дәлелді негіздермен қайтарылмағанын көрсеткен.

Солтүстік Қазақстан облыстық сотының азаматтық және әкімшілік істер жөніндегі апелляциялық сот алқасы, бірінші сатылы соттың арыз АІЖК-нің 153-бабының 1-бөлігі 1) тармақшасы негізінде азаматтық іс жүргізу тәртібімен қаралуға жатпайтыны жөніндегі тұжырымы дұрыс деп есептеп, алқаның 14 қараша 2014 жылғы ұйғарымымен азамат Н.Н.Завьяловтың нормативтік құқықтық актінің заңдылығына дау айту туралы арызын қабылдаудан бас тарту туралы Солтүстік Қазақстан облысының Петропавл қалалық №2 сотының 07 қазан 2014 жылғы ұйғарымы өзгеріссіз, ал Н.Н.Завьяловтың жеке шағымы қанағаттандырусыз қалдырылған.

 

Қазақстан Республикасының «Нормативтік құқықтық актілер туралы» Заңының 3-бабына сәйкес, нормативтік құқықтық актілер негізгі және туынды актілер болып бөлінеді, негізгі актілердің біріне Қазақстан Республикасы Үкіметінің нормативтік қаулылары жатады. Ал туынды актілердің біріне қағида жатады. Қағида – бұл қандай да бір қызмет түрін ұйымдастыру және жүзеге асыру тәртібін белгілейтін нормативтік құқықтық акт.

Туынды түрлердегі нормативтік құқықтық актілер негізгі түрлердегі нормативтік құқықтық актілер арқылы қабылданады немесе бекітіледі және олармен біртұтастық құрайды.

Туынды түрдегі нормативтік құқықтық актінің нормативтік құқықтық актілер сатысында алатын орны негізгі түрдегі актінің деңгейімен анықталады.

Жоғарыда көрсетілгендердің негізінде, Астана қалысының МАЭС-ның 15.09.2014 жылғы шешімімен талапкер «Сагиданов С.С.» ЖК-нің жауапкер Қазақстан Республикасы Үкіметіне, үшінші тұлға «Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасына» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 31.12.2013 жылғы «Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасына міндетті мүшелік жарналардың шекті мөлшерін бекіту туралы» қаулысымен бекітілген «Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасына міндетті мүшелік жарналарды төлеу қағидаларының» 3 тармағын заңға қайшы деп тану туралы азаматтық ісі бойынша талапкердің талабын қанағаттандырудан бас тартылған.

Талапкер өз талабын мыналарға негіздеген, Қазақстан Республикасы Конституциясының 69-бабының 3-тармағында «Үкіметтің қаулылары және Премьер-Министрдің өкімдері Конституцияға, заң актілеріне, Республика Президентінің жарлықтары мен өкімдеріне қайшы келмеуге тиіс» - деген.

Талапкердің пікірі бойынша Үкіметтің қаулысы Конституцияға және Салық кодексіне қайшы келеді. Үкіметтің және Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері талапкердің арызымен келіспей, оның негізсіз екеніне сілтеме жасаған.

Дау айтылып отырған нормативтіктік құқықтық акт «Казахстанская правда» газетінің 08.02.2014 жылғы №27 санында және «Егеменді Қазақстан» газетінің 08.02.2014 жылғы №27 санында жарияланған. «Қазақстан Республикасының Үкіметі туралы» Конституциялық Заңының 10-бабында, республика Үкіметі Республика Конституциясының, заңдарының, Президент актілерінің, өзге де нормативтік құқықтық актілердің және оларды орындау үшін нормативтік және жеке қаулылар шығарады.

 Қазақстан Республикасы Үкіметінің31.12.2013 жылғы «Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасына міндетті мүшелік жарналардың шекті мөлшерін бекіту туралы» қаулысы 04.07.2013 жылғы Қазақстан Республикасының «Ұлттық кәсіпкерлер палатасы туралы» Заңын орындау мақсатында шығарылған, яғни аталған нормативтік құқықтық актіні қабылдау Қазақстан Республикасы Үкіметінің құзырына жатады.

«Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасына міндетті мүшелік жарналарды төлеу қағидаларының» 3 тармағы 04.07.2013 жылғы Қазақстан Республикасының «Ұлттық кәсіпкерлер палатасы туралы» Заңына сәйкес келеді және Қазақстан Республикасы Конституциясына қайшы емес.

Қазақстан Республикасы АК-нің 393-21 бабына сәйкес, соттардың заңды күшіне енген шешімдерінің, қаулыларының және ұйғарымдарының күші осы Кодекстің 364-бабының бірінші бөлігінде көзделген негіздер бойынша кассациялық тәртіппен жойылуға жатады.

Атап айқанда: іс үшін маңызы бар мән-жайлар шеңберінің дұрыс анықталмауы және дұрыс айқындалмауы; брінші сатыдағы сот белгіленген іс үшін маңызы бар мән-жайлардың дәлелденбеуі; бірінші сатыдағы сот шешіміне баяндалған қорытындылардың істің мән-жайына сәйкес келмеуі; материалдық нормалардың немесе іс жүргізу құқығы нормаларының бұзылуы немесе дұрыс қолданылмауы негіз болып табылады.

Қарағанды қаласының №2 Қазыбек би аудандық сотының 19 қараша 2013 жылғы шешімімен талапкер Г.А.Жукованың жауапкерлер Н.Е.Гузенковаға, Л.П.Бандуркаға, «Қарағанды қаласы жер қатынастары бөлімі» ММ-не және Қарағанды қаласы әкімдігіне мемлекеттік органдардың жер беру туралы актісінің заңдылығына дау айту туралы талап арызын қанағаттандырудан бас тартылған.

Қарағанды облыстық сотының азаматтық және әкімшілік істер жөніндегі апелляциялық сот алқасының 11 наурыз 2014 жылғы шешімімен Г.А.Жукованың талап арызы қанағаттандырылып, төмендегідей шешім шығарылған: Қарағанды қаласының 26 ақпан №10/68 санды Н.Е.Гузенковаға қосымша 0,0206 га жер учаскесін беру туралы қаулысы және оның негізінде Қарағанды қаласы Қазыбек би ауданы Мицкевич көшесі №9 үй 2 пәтер мекен-жайы бойынша берілген жер учаскесіне мемлекеттік актісі заңсыз деп танылған.

Қарағанды қаласы әкімдігінің 10 қазан 2011 жылғы №45/68 санды қаулысымен Л.П.Бандурка, И.П.Бандурка және О.В.Нагорныхқа жер учаскесін беру туралы қаулысын және соның негізінде Қарағанды қаласы Мицкевич көшесі №11 үй 2 пәтер мекен-жайы бойынша берілген жер учаскесіне берілген мемлекеттік актісі жарамсыз деп танылған.

Қарағанды қаласы әкімдігі мен «Қарағанды қаласы жер қатынастары бөлімі» ММ-не соттың шешімі заңды күшіне енгеннен бастап бір айдың ішінде талапкер Г.А.Жукованың заңды мүдделері мен құқықтарын нұқсан келтірген кемшіліктерді жою міндеттелді.

Алқаның шешіміне берген шағымдарында:

1) Н.Е.Гузенкова және Л.П.Бандурка апелляциялық сот алқасының шешімін бұзып, аудандық соттың шешімінкүшінде қалдырып, екінші сатылы соттың шешімінде көрсетілген іске И.П.Бандурка мен О.В.Нагорныхты жауапкер ретінде қатыстыру жөніндегі қорытындылар негізсіз екенін, себебі бұл жерде мемлекеттік органдардың актілерінің заңдылығына дау айту туралы іс қаралып жатқанын, ал мұрагерлік бойынша ешқандай дау туындамағанын көрсеткен. Сондай-ақ, жер учаскесін беру мәселесі көршілермен келісілгенін, алқаның шешімінде атқарушы органдар жерді беру кезінде қандай заң нормаларын бұзғандығы жөнінде ешбір заңға сілтеме жасалмағанын көрсеткен.

2) «Жер қатынастары бөлімі» ММ-сі алқаның ұйғарымы мен шешімін бұзуды сұрай отырып, прокурор басқа қорытынды оқығанын, сонымен қатар, жергілікті атқарушы органдардың шешімдерін бұза отырып, апелляциялық сот алқасы мемлекеттік органдармен жерді беру барысында Қазақстан Республикасының қандай заң нормалары бұзылғандығы жөнінде ешқандай дәлелдемелер келтірмеген деген. Прокурор берген наразылығында, апелляциялық сот алқасының ұйғарымы мен шешімін бұзып, аудандық соттың шешімін күшінде қалдыруды сұрап, апелляциялық сот алқасымен процессуалдық құқық нормалары бұзылғанын көрсеткен, себебі арыз ерекше іс жүргізу тәртібімен берілген деген.

Қазақстан Республикасы АІЖК-нің 383-13 бабының 1-бөлігінде, істі кассациялық тәртіппен қараған кезде сот істе бар материалдар бойынша шағымның, наразылықтың дәлелдерді шегінде бірінші және апелляциялық сатының сот актілерінің заңдылығы мен негізділігін тексереді делінген.

Сот сатыларымен істі қарау барысында, Н.Е.Гузенкова 13.07.2009 жылғы сатып алу – сату туралы келісім шарты бойынша жеке меншік құқығындағы көлемі 0,0676 га бөлінетін жер учаскесімен бірге Қарағанды қаласы, Қазыбек би ауданы, Мицкевич көшесі 9 үй, 2 пәтер мекен-жайы тұрғын үйді сатып алған.

Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 43-бабы 3-тармағы негізінде, 27.12.2012 жылы Н.Е.Гузенкова жеке тұрғын үйді пайдалану үшін қосымша жер учаскесін жеке меншік құқығымен беру туралы жергілікті атқарушы органға арыз берген.

Жер учаскесін беру жөніндегі комиссиясының 05.02.2013 жылғы шешімімен оң қорытынды беріліп, жеке меншік құқығымен қосымша жер учаскесі берілді.

Қарағанды қаласы әкімдігінің 26.02.2013 жылғы қаулысымен жерге орналастыру жобасы негізінде, Н.Е.Гузенковаға Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 44-бабының 4-бөлігіне сай, Қарағанды қаласы Қазыбек би ауданы, Мицкевич көшесі 9 үй, 2 пәтер бойынша тұрғын үй мен шаруашылық құрылыстарды пайдалану үшін қосымша жер учаскесі жеке меншік құқығымен берілген.

Қазақстан Республикасының Жер кодексінің 43-бабы 10-бөлігіне сәйкес, жер учаскесінің шекарасын белгілегеннен кейін Н.Гузенковаға жер учаскесі жеке меншік құқығында берілгені жөнінде мемлекеттік акт берілген.

Екі жер учаскесінің мақсатты пайдалануы бірдей болғандықтан, екі жерде меншік құқығымен берілген, «Қарағанды Жер кадастр» ЖШС-мен Н.Е.Гузенкованың арызы негізінде, 21.05.2013 жылы көлемі 0,0882 га жер учаскелерін біріктіру туралы Акт жасалып, мақсатты пайдалануы өзгертілмей Мицкевич көшесі №9 үй, 2 пәтер деп жеке кадастрлық нөмірі берілген.

«Қарағанды қаласының жер қатынастары бөлімі» ММ-нің 28.05.2013 жылғы №1187 санды бұйрығымен жер учаскелерін біріктіру жөніндегі жерге орналастыру жобасы бекітілген. Осыдан кейні жер учаскесі жеке меншікке берілген туралы мемлекеттік акт алынған.

Қарағанды қаласының Әділет басқармасында аталған құжаттар тіркелген, бұл жағдай 20.06.2013 жылғы меншік иесі туралы мәліметтермен және 25.10.2013 жылғы жылжымайтын мүліктің техникалық сипаттамалары мен жерге тіркелген өзге де құқықтар туралы анықтамамен расталады.

Қарағанды облыстық сотының кассациялық сот алқасының 15.05.2014 жылғы қаулысымен апелляциялық сот алқасының қаулысында баяндалған қорытындылардың істің мән-жайларына сәйкес келмеуіне байланысты бұзылып, бірінші сатылы соттың шешімі күшінде қалдырылған.

 

Мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарының заңсыз нормативтік актілерінен сот арқылы қорғалуына кепілдік берілуі құқықтық мемлекеттік негізгі атрибуттарының бірі болып табылады.

Батыс Қазақстан облысының МАЭС-ның 07 қараша 2013 жылғы шешімімен талапкер «Премиум» ЖШС-нің «Қазақстан Республикасы қаржы министрлігінің Батыс Қазақстан облысы бойынша салық департаменті» ММне 05.09.2013 жылғы №18 салық тексерісі бойынша хабарламасын заңсыз деп тану туралы азаматтық ісі бойынша арызды қанағаттандырудан бас тартылған.

Батыс Қазақстан облыстық сотының азаматтық және әкімшілік істер жөніндегі апелляциялық сот алқасының 09 қаңтар 2014 жылғы ұйғарымымен Батыс Қазақстан облысының МАЭС-ның шешімі бұзылып, 09.01.2014 жылы арызды қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылданған.

Бірінші сатылы сот, ЖШС-тің арызын қанағаттандырудан бас тарта отырып, жылдық жиынтық табыстан дивиденттер алынып тасталғанын және тексеру кезеңінде арызданушыда салық салуға жататын табыстар болмағанын, сондықтан шығындар шегерімге жатпайтынын көрсеткен.

«Премиум» ЖШС-гі инвестициялық – қаржы қызметін атқарғанын, серіктестіктің құрылтайшыларына двиденттер төленген кезден бастап салық төлеу қажеттігі туындайтынын, сондықтан, инвестициялық-қаржылық қызметті жүзеге асырумен байланысты шығындар бойынша табыстың түспеуіне байланысты салықтың болмауы шегерімге жатпайтыны көрсетілген.

Қазақстан Республикасы Салық кодексінің 100-бабының 1-бөлігінде, осы Кодекске сәйкес шегерімге жатпайтын шығыстарды қоспағанда, салық төлеушінің табыс алуға бағытталған қызметті жүзеге асыруға байланысты салық салынатын табысты айқындау кезінде шегерімге жатады делінген.

Салық кодексінің 115-бабының 1-бөлігіне сәйкес, табыс алуға бағытталған қызметке байланысты емес шығындар шегерімге жатпайтын шығындар болып есептеледі.

Аталған іс бойынша табыс алынған, олар корпоративті табыс салығы жөніндегі декларацияда көрсетілген, сондықтан салық төлеушінің табыс табуға бағытталған қызметі бойынша кеткен шығындары шегерімдерге жатады. Істің мұндай тұрғысында апелляциялық сатыдағы сот «Премиум» ЖШС-нің арызын негізді деп санаған.

 

Қазақстан Республикасы «Нотариат туралы» Заңының 71-бабына сәйкес, нотариус заң бойынша мұраға құқық туралы куәлік берген кезде тиісті айғақтарды талап ету арқылы мұра қалдырушының қайтыс болу фактісін, мұраның ашылған уақыты мен жерін, мұраға құқық туралы куәліктің берілуі жөнінде өтініш беруші адамдарды заң бойынша мұраны иелену үшін негіз болып табылатын қатынастардың болуын, мұралық құрамы мен тұрған орнын тексереді. Ақмола облысының Целиноград аудандық сотының 25.08.2014жылғы шешімімен К.Ж.Мусинаның, А.Ж.Акпанованың Ақмола облысы Целиноград ауданының жеке нотариусы К.Ж.Турегелдиеваның нотариалдық әрекеттерді жасаудан бас тарту туралы қаулысына шағым келтіру азаматтық ісі бойынша шағымды қанағаттандырудан бас тартылған.

Олар жеке нотариус К.Ж.Турегелдиеваға жер учаскесіне мұрагерлік құқықтарын рәсімдеу үшін жүгінген, себебі мұра қалдырушы өмір сүрген кезінде жеке тұрғын үй құрылысын жүргізу үшін берілген жер учаскесінің жалға алу мерзімін ұзартпаған.

Осыған орай олар нотариуске мемлекеттік органдарға жүгіну құқығын беретін куәлікті рәсімдеу үшін жүгінген. Жеке нотариус К.Ж.Турегелдиева 13.08.2014 жылғы қаулысымен нотариалды әрекеттерді жасаудан бас тарту туралы куәлік берген.

Арызданушылар жеке нотариус К.Ж.Турегелдиеваның әрекеттері заңсыз деп санайды, себебі олар заң бойынша мұра алу туралы куәлік беруді сұрамаған, тек мемлекеттік органдарға жүгінуге құқық беретін куәлік беруді сұраған.

Жеке нотариус К.Ж.Турегелдиева сотта, оған арыз берушілердің қолдарында жер учаскесіне құқық беретін құжаттардың түпнұсқасы болмағанын көрсеткен. Сонымен қатар, қайтыс болған мұраға қалдырушыға аталған жер учаскесі жалға алу келісім-шарты бойынша тиесілі болған, оның мерзімі 2005 жылы өтіп кеткен.

Мұра қалдырушы 2007 жылы қайтыс болған. Ол тірі болған кезінде жер учаскесін жалға алу мерзімін создырмаған. Сондай-ақ, мұраны қабылдау жөнінде раыз беру мерзімі де өткізілген.

Соған байланысты, нотариус заң бойынша мұра алуға құқық беретін және мемлекеттік органдарға жүгінуге құқық беретін куәлікті бере алмаған.

Ақмола облысы Целиноград ауданының Кощин ауылдық округі әкімінің 30.06.2004 жылғы №88-р өкіміне сәйкес, Ж.А.Мусинге Кощин ауылдық округі, Кощи ауылында тұрғын үйге жобалау және құрылысын жүргізу үшін бір жыл мерзімге 0,10 га жер учаскесі уақытша берілген.

Аталған жер Ж.Мусин сәулет және қала құрылысы бөлімімен жеке тұрғын құрылысын жүргізу үшін жер учаскесін игеру жөнінде келісім алу қажет шарты бойынша берілген.

Әкім қаулысының 2-тармағында өкімнің күші көрсетілген мерзім өткеннен кейін жойылады деп көрсетілген. Осыған орай, жеке нотариус К.Ж.Турегелдиеваға жүгінген кезінде заңға сай жер учаскесін рәсімдеу үшін құқығы болмаған, яғни әкім өкімінің күші 30.06.2005 жылы күші жойылған. Ж.Мусин тірі кезінде жер учаскесін игермеген.

Тұрғын үй құрылысы жүргізілмеген. Жер учаскесін жалға беру мерзімі ұзартылғаны жөнінде сотқа ешқандай құжаттар ұсынылмаған. Істің мұндай тұрғысында шағым негізсіз және қанағаттандыруға жатпайды.

 

Қазақстан Республикасы Үкіметінің №773 қаулысының 40 тармағында, егер Қазақстан Республикасының заңнамасында нормативтік құқықтық актіні міндетті түрде келісу көзделген жағдайда, сондай-ақ, онда басқа мемлекеттік органдарға қатысты ережелер, нормалар мен тапсырмалар қамтылса, мұндай нормативтік құқықтық актінің жобасы тиісті мүдделі мемлекетті органдармен алдын-ала келісуге жіберілуі мүмкін.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 16.08.2006 жылғы №778 қаулысымен бекітілген, Нормативтік құқықтық актілерді тіркеу қағидасының 10 тармағы бойынша, мемлекеттік тіркеуге ұсынылатын құқықтық акті мынадай талаптарға сәйкес келуі тиіс, қолданыстағы заңнамаға, сондай-ақ, егер келісу қажет болса, нормативтік құқықтық актінің келісу болуы қажет.

Қазақстан Республикасы «Нормативтік құқықтық актілер туралы» Заңының 38-бабының 2-тарамғында, егер нормативтік құқықтық акт мемлекеттік тіркеу қағидаларында белгіленген тәртіпті, сондай-ақ, мемлекеттік тіркелуге жататын нормативтік құқықтық актілерді ресімдеу мен келісу тәртібі бұзыла отырып қабылданса, әділет органдары мұндай актіні мемлекеттік тіркеуден бас тартады делінген.

Ақтөбе облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 12.12.2014 жылғы шешімімен талапкер «Ақтөбе облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы» ММ-нің, «Ақтөбе облысы әкімінің аппараты» ММ-нің жауапкер «Ақтөбе облысының әділет департаменті» ММ-не нормативтік құқықтық актіні тіркеуден бас тартуды заңсыз деп тану туралы азаматтық ісі бойынша талап арызды қанағаттандырудан бас тартылған. Нормативтік құқықтық актімен қамтылған мәселесі – бұл су қорғау аймақтарын белдеулері мен режимі, оларды пайдалану тәртібі.

Ақтөбе облысы әкімдігінің 01.10.2014 жылы «Ақтөбе облысының Ырғыз, Торғай өзендерінің және Тобыл-Торғай көлдерінің бассейндерінде су қорғау аймағы мен белдеулерін белгілеу және оларды шаруашылықта пайдалану тәртібі мен режимін бекіту туралы» №345 санды Қаулысы шығарылған.

Аталған қаулы 07.10.2014 жылы Ақтөбе облысы әкімінің аппаратымен «Ақтөбе облысының әділет депатраменті» ММ-не тіркеуге алу үшін жолданған. Алайда жауапкер 04.11.2014 жылы Қазақстан Республикасы Су кодексінің 116-бабының талаптарын сақталмағандықтан аталған қаулыны тіркеуден өткізуден бас тартқан.

Жоғарыда көрсетілген заңнамалардың талаптарын бұза отырып Ақтөбе облысының әкімдігі 01.10.2014 жылғы №345 санды қаулысын қабылдап, мемлекеттік тіркеуге келісусіз жолданған, атап айтқанда, уәкілетті органмен, халықтыңсанитариялық–эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы уәкiлеттi органмен, қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк органмен, жер ресурстарын басқару жөніндегі аумақтық органмен келісілмей жіберген.

Сот мұндай жағдайда, жауапкердің нормативтік құқықтық актіні тіркеуден бас тартқанын заңды және негізді деп танып таныған.

Назар аударыңыз!

«Заң және Құқық» адвокаттық кеңсесі, бұл құжаттың жалпылама екендігіне және нақты сіздің жағдайыңыздың талаптарына сәйкес келмеуі мүмкендігіне көңіл бөлуіңізді сұрайды.

Біздің заңгерлер сіздің нақты жағдайыңызға сәйкес келетін кез келген құқықтық құжатты әзірлеп көмектесуге дайын.

Қосымша ақпарат алу үшін Заңгер/Адвокат телефонына хабарласуыңызға болады: +7 (708) 971-78-58; +7 (700) 978 5755, +7 (700) 978 5085.

            Адвокат Алматы Заңгер Қорғаушы Заң қызметі Құқық қорғау Құқықтық қөмек Заңгерлік кеңсе Азаматтық істері Қылмыстық істері Әкімшілік істері Арбитраж даулары Заңгерлік кеңес Заңгер Адвокаттық кеңсе Қазақстан Қорғаушы  Заң компаниясы

Құжатты жүктеп алу