⁠`

Қызметтер үшін төлем тек компанияның шотына төленеді. Сізге ыңғайлы болу үшін біз Kaspi RED / CREDIT /БӨЛІП ТӨЛЕУДІ іске қостық 😎

Басты бет / Кейстер / Сот шешімдерінің орындалуын кейінге қалдыру, оның мерзімін ұзарту туралы

Сот шешімдерінің орындалуын кейінге қалдыру, оның мерзімін ұзарту туралы

Сот шешімдерінің орындалуын кейінге қалдыру, оның мерзімін ұзарту туралы

Сот шешімдерінің орындалуын кейінге қалдыру, оның мерзімін ұзарту туралы

              Қазақстан Республикасының Конституциясының 76-бабының 1 тармағы және Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (әрі - АПК) 21-бабына сәйкес заңды күшіне енген сот актілері оларға қатысты барлық мемлекеттік органдар және олардың лауазымды адамдары азаматтар мен заңды тұлғалар үшін орындауға міндетті.

Сот актілерінің тиісті түрде орындалуы азаматтық іс жүргізудің қорытынды сатысы болып табылады және мемлекетте сот төрелігі атқарылуының маңыздылығын айқындайды. Атқару өндірісінің мақсаты бұзылған немесе даулы құқықтарын және заңмен қорғалатын мүдделерін іс жүзінде қорғау болып табылады.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің 238-бабына сәйкес, істi қараған және шешім шығарған сот iске қатысатын тұлғалардың арызы бойынша тараптардың мүлiктiк жағдайын немесе басқа дәлелді себептерді негiзге ала отырып, шешiмді орындауды кейiнге қалдыруға немесе оның мерзiмiн ұзартуға, сондай-ақ оны орындау тәсілі мен тәртiбiн өзгертуге құқылы.

Сот шешімді орындауды кейінге қалдыру, оның мерзімін ұзарту немесе орындау тәсілі мен тәртібін өзгерту туралы арызды, өтінішхатты арыз сотқа келіп түскен күннен бастап он жұмыс күні ішінде қарайды және шешеді.

Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көрсетілген арыздар сот отырысында қаралады. Iске қатысатын адамдарға отырыстың уақыты мен орны туралы хабарландырылады. Көрсетілген тұлғалардың келмеуi соттың алдына қойылған мәселенi шешуге кедергi болмайды.

Шешiмдi орындауды кейiнге қалдыру немесе оның мерзiмiн ұзарту туралы, оны орындау тәсілі мен тәртiбiн өзгерту туралы мәселе бойынша сот ұйғарымына шағым жасалуы, наразылық білдірілуі мүмкін.

Борышкердің мүліктік жағдайына байланысты оған орындау мерзімін кейінге қалдыруға немесе оның мерзімін ұзартуға негіз ретінде АК-нің 20 және 44-баптарында көзделген өзіне тиесілі мүлікті өткізу есебінен борышкердің міндеттемені толық өз еркімен немесе мәжбүрлі түрде бір мезгілде орындай алмауы саналады.

Сот шешімін орындауды кейінге қалдыру немесе оның ұзартуға байланысты мәселе қарау кезінде өндіріп алушының мүліктік жағдайы ескерілмейді.

Егер мерзімді кейінге қалдырудың немесе мерзімді ұзарту кезеңдерінің аяқталатын уақытына дейін сот актісін орындау үшін борышкердің жеткілікті мүлікке ие болатынын растайтын дәлелдемелер сотқа берілген жағдайда ғана, борышкердің мүліктік жағдайы ескеріліп, атқарушылық әрекеттерді жасаудың мерзімі кейінге қалдырылуы немесе мерзімі ұзартылуы мүмкін.

 Ал егер АПК-нің 246 бабына сай борышкерден өндіріп алуға болатын мүлік болмаса, атқарушылық әрекеттерді жасау мерзімін кейінге қалдыру немесе мерзімін ұзарту берілмейді, мұндай жағдайда атқару құжаты «Атқару өндірісі және сот орындаушылардың мәртебесі туралы» Заңының 48 бабының 1 тармағы 2) тармақшасы негізінде өндіріп алушыға қайтарылады.

Сот актілерін орындау мерзімін кейінге қалдыруға немесе мерзімін ұзартуға АПК-нің 238-бабына негіз болатын өзге де мән-жайлар деп сот шешімімен белгіленген мерзімде ерікті түрде орындауды дәлелді себептер бойынша борышкерден өндіріп алушының қабылдай алмауын немесе сот актісінде ұйғарылған әрекеттерді дәлелді себептер бойынша борышкердің ерікті түрде жасай алмауы болып табылады.

Аталған баптың айрықшылығы: егер сот актісі АПК-нің 143 немесе 241-баптарында көзделген тәртіппен мәжбүрлеп орындатуға жіберілмесе, АПК-нің 238-бабында көзделген негіздер бойынша сот актісінің орындалуы кейінге қалдырылуы, оның мерзімі ұзартылуы немесе орындау тәсілі мен тәртібі өзгертілуі мүмкін.

Бұл жағдайда сот актісінің күшіне енген-енбегені, даулы мүлік бөлініске жататыны немесе жатпайтыны туралы мәселенің құқықтық маңызы болмайды.

АПК-нің 246-бабына сай іс бойынша шешім немесе сот бұйрығын шығарған сот, сондай-ақ шешім орындалатын жердегі сот өндіріп алушысы мемлекет болып табылатын атқарушылық іс жүргізулер бойынша мемлекеттік сот орындаушысының өтінішхаты бойынша және (немесе) тараптардың арызы бойынша, егер атқарушылық әрекеттер жасауды қиындататын немесе мүмкiн емес ететiн мән-жайлар туындаса, шешімді орындау тәсiлiн немесе тәртiбiн өзгертуі, атқарушылық iс жүргiзудегі тараптардың арызы бойынша сот шешімін орындауды кейінге қалдыруы немесе оның мерзімін ұзартуы мүмкін.

Яғни, АПК-нің 246-бабында көзделген негіздер бойынша, егер сот орындаушысы атқарушылық іс жүргізуді қозғаса; ал заңның осы нормасында көзделген негіздер сот орындаушысы атқарушылық әрекеттерді жасаған уақытта болса және орындауды қиындатса немесе оларды орындау мүмкін болмаса және ол жөнінде дәлелдемелер жеткілікті болса, сот актісін орындау мерзімі кейінге қалдырылуы немесе оның орындау мерзімі ұзартылуы мүмкін.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2017 жылғы 31 наурыздағы № 1 «Соттардың атқарушылық іс жүргізу туралы заңнаманың кейбір нормаларын қолдануы туралы» нормативтік қаулысының 20 тармағына сәйкес, егер сот орындаушысы атқарушылық іс жүргізуді қозғаса және заңның осы нормасында көзделген негіздер сот орындаушысының атқарушылық әрекеттерді жасауы кезінде болса, АПК-нің 246-бабында көзделген негіздер бойынша сот актісін орындауды кейінге қалдыру, оның мерзімін ұзарту немесе орындау тәсілі мен тәртібін өзгерту ұсынылуы мүмкін.

АПК-нің 246-бабында көзделген негіздер бойынша атқарушылық әрекеттерді жасаған уақытта орындауды қиындату немесе оларды орындау мүмкін болдырмайтын дәлелді негіздер деп сот орындаушы борышкер мен өндіріп алушының қатысуларынсыз әрекеттер жасай алмайтын атқарушылық өндіріс саналады.

Ондай дәлелді себептерге, мысалы, өндіріп алушы мен борышкердің стационарлы түрде ем алуы немесе он күннен асатын мерзімде қызметтік іссапарда болулары, ҚР Қарулы Күштері, басқа да әскерлер және әскери құрылғылар қатарында жедел әскери қызмет атқарып жатырғаны түсіндіріледі.

Атқарушылық іс жүргізу тараптарының арызы бойынша сот олардың арасында жасалған татуласу келісімін немесе дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы келісімді бекітуге құқылы.

Сот актілерін орындау мерзімін кейінге қалдыру – бұл сот актісін мәжбүрлеп орындауға жіберу күнін немесе қозғалған атқарушылық іс жүргізу бойынша сот орындаушысы атқарушылық әрекеттер жасауды бастайтын күнді неғұрлым кешірек мерзімге ауыстыру туралы соттың процестік шешімі сот актісін орындауды кейінге қалдыруды білдіреді.

Сот шешімін орындау мерзімін кейінге қалдырған немесе оның мерзімін ұзартқан кезде соттың шешімін орындаудың белгіленген тәртібі АК-нің 6 бабында көзделген ақылға сыйымдылық, әділдік талаптарына сай келетіндей және атқарушылық іс жүргізуге қатысатын тұлғалардың кепілдік берілген құқықтарының мәнін, сондай-ақ үшінші тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қозғамайтындай етіп өндіріп алушының және борышкердің құқықтары мен заңды мүдделерінің теңгерімін негізге алуға тиіс.

Сот актісін мәжбүрлеп орындатуға жіберу мерзімін кейінге қалдыру «Атқарушылық іс жүргізу туралы» Заңның 11-бабында белгіленген мерзімнен аспауы тиіс. Егер борышкерде өндіріп алатын мүлкі болмаса, онда АПК-нің 246- бабына сәйкес орындау кейінге қалдырылмайды.

Он төрттен он сегіз жасқа дейінгі кәмелетке толмағанның келтірген мүліктік залалы үшін, егер осы кезеңде кәмелетке толмағанның мүлкі немесе табысы болмаса, одан өндіріліп алынатын сот актісін орындау мерзімі жауапкер кәмелетке толғанға дейін кейінге қалдырылуы мүмкін.

Егер сот шешімін орындау мерзімін кейінге қалдыруға негіз болған жағдайлар жойылғанда, борышкердің немесе сот орындаушының өтініштері бойынша , сот өзінің сот шешімін орындау мерзімін кейінге қалдыру туралы ұйғарымының күшін жояды.

АПК-нің 243 және 244-баптарында көзделген жағдайларда сот шешімін орындау не атқарушылық әрекеттер жасау мерзімін кейінге қалдыруға жол берілмейді.

АПК-нің 29 және 30-тарауларында көзделген істер бойынша сот шешімін орындау мерзімін кейінге қалдыруға немесе оның мерзімін ұзартуға болмайды, ал сот шешімімен белгіленген орындаудың тәсілі мен тәртібі өзгертіле алмайды.

Сот шешімінің орындау мерзімін кейінге қалдыру туралы ұйғарымында сот оның орындау мерзімімен, қандай әрекеттер жасалғанға дейін орындалуға жататыны көрсетілуі тиіс(мысалы, борышкердің материальдық жағдайы немесе денсаулығы түзелуі т.б. ).

Сот шешімінің орындау мерзімін кейінге қалдыру, оның мерзімін ұзарту немесе атқарушылық әрекет жасау сотпен белгіленген мерзімде күшінде болады. Егер орындау нысанасы бөлінетін зат болып табылса (мысалы, ақша, орындалатын жұмыс және т.б.), сот актісін сот белгілеген мерзімнің ішінде борышкердің өз еркімен бөліп орындауы немесе атқарушылық іс жүргізумен сот орындаушысының мәжбүрлеп орындатуы туралы соттың процестік шешімі сот актісін орындау мерзімін ұзартуды білдіреді.

Сот әрбір нақты жағдайларды мұқият зерттеп, сот шешімін орындауды кейінге қалдыру немесе орындау мерзімін ұзартуға негіз барын анықтауы тиіс.

Бұл жағдайда сот борышкер мен өндіріп алушының заңды мүдделерін және олардың мүліктік жағдайларын және басқалай маңызы бар жәйттерді ескере отырып, негізделген түпкілікті ұйғарым шығарады.

Міндеттемені орындау мерзімін кезеңдік төлемдер (алименттер, денсаулыққа келтірілген зиянды өтеу, асыраушысының қайтыс болуына байланысты жоғалтылған жалақы және т.б.) түрінде ұзартуға жол берілмейді, өйткені мұндай міндеттемелерді орындауға мүмкіндіктің болмауы заңнамалық актілерде белгіленген өзге тәртіппен қаралады (алименттер бойынша берешекті есептеу, өтелетін зиянның мөлшерін азайту, банкроттық және басқалар).

Сот шешімін орындау мерзімін ұзарту туралы ұйғарымда сот оның нақты орындау мерзімін, борышкерден өндірілуге тиіс ақша төлемдерінің мөлшерін немесе атқаратын жұмыстарды (қызметтерді) көрсетуге міндетті.

Борышкер, өндіріп алушы, сот орындаушылардан басқа өкілеттіктері жоқ адамдар өз аттарынан шешiмді орындауды кейiнге қалдыруға немесе оның мерзiмiн ұзартуға, сондай-ақ оны орындау тәсілі мен тәртiбiн өзгерту туралы сотқа арыз беруге құқықтары жоқ.

Ондай арыздар АПК-нің 154 бабының 1 бөлігінің 5) тармақшасының негізінде арыз берушіге қайтарылуы тиіс.

 Соттың мерзімді ұзарту туралы ұйғарымында қандай күнтізбелік кезеңнің ішінде және қандай нақты бөліктермен борышкер міндеттемені орындайтыны көрсетілуге тиіс.

Сот шешiмін орындауды кейiнге қалдыруға немесе оның мерзiмiн ұзарту туралы арыз (сот орындаушының өтініші) АПК-нің 148-149 баптарында белгіленген тәртіпке ұқсас түрде беріледі және онда:

- сот актісін шығарған сот атауы;

- арыз берушінің және мүдделі тараптың мәліметтері (тегі, аты, жөні, мекен-жайы, заңды тұлғаның атауы және орналасқан мекені);

- борышкердің сот актісі бойынша міндеттемесі;

- сот актісін орындамаудың нақты себептері немесе орындауды қиындататын мәселелер;

- арыз берушінің өтінішінде сот шешiмін орындауды қанша мерзімге кейiнге қалдыру немесе оның орындау мерзімін қандай тәртіпте ұзартуды сұрайтыны көрсету қажет.

Арызға өтініш беруге негіз болған жағдайларды қуаттайтын құжаттар тіркеледі. Егер сот шешiмін орындауды кейiнге қалдыруға немесе оның мерзiмiн ұзарту туралы арыз (сот орындаушының өтініші) ол бойынша сот актісі шыққанға дейін қайтарылып алынса, сот АПК-нің 279 бабының 8) тармақшасы негізінде қайтаруға жатады.

Сот шешiмін орындауды кейiнге қалдыруға немесе оның мерзiмiн ұзарту туралы арыз (сот орындаушының өтініші) бойынша "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" Қазақстан Республикасының кодексінің (Салық кодексі) 541 бабына сәйкес мемлекеттік баж төлеуден босатылады.

Сот шешiмін орындауды кейiнге қалдыруға немесе оның мерзiмiн ұзарту туралы екінші қайтара арыз түскен жағдайда сот тараптармен келтірген мән-жайларды мұқият зерттеп, борышкердің өтініші сот актісін орындаудан жалтару мақсатында беріп жатырғанына назар аударуы тиіс.

Борышкерден өндіріп алушыға ақша өндіру бойынша сот шешiмін орындауды кейiнге қалдыруға немесе оның мерзiмiн ұзарту мерзімдерінде борышкерге АК-нің 353 бабында көзделген жауапкершіліктер жүктеуге жатпайды.

Сот шешiмін орындауды кейiнге қалдыруға немесе оның мерзiмiн ұзарту туралы сот практикасы қалыпты, сот актілерінің бұзылу және өзгерту жағдайлары сот тұжырымдарының істің мән-жәйларына сәйкес келмеген кемшіліктері бойынша орын алған.

Мысалы, Ақмола облысы Шортанды аудандық соты «ЕБ» АҚ-ның борышкер М. несие берешектерін өндіру туралы 2016 жылғы 20 маусымдағы сот шешімінің орындау мерзімін кейінге қалдыру жөнінде өтінішін қанағаттандырудан бас тарту барысында арыз беруші тарапынан оның өтініші бойынша тағайындалатын мерзім ішінде сот актісін орындауға жеткілікті мүліктік жағдайын қуаттайтын дәлелдеме ұсынбағанын негізге алған.

Дегенмен, сот шешiмін орындауды кейiнге қалдыруға немесе оның мерзiмiн ұзарту туралы арыздарды қарау кезінде соттар сол кезде қолданыста болған ҚР Жоғарғы Сотының 2009 жылғы 29 маусымдағы №6 «Азаматтық істер бойынша сот актілерін орындаудың кейбір мәселелері туралы» нормативтік қаулысы және АПК-нің 238,246 баптарына сай өтініштерді қарау сот практикасы әртүрлі болғанын атап өту қажет.

Мысалы, Алматы облысы Талдықорған қалалық сотының 20.05.2016 жылғы ұйғарымымен азаматша П. өндіріп алушы «МКО А-К» ЖШС-нің берешектерін өндіру туралы сот шешімінің мерзімін кейінге қалдыру туралы өтініші қананағаттандырылып, сот актісін орындау 1 жыл мерзімге кейінге қалдырған. Өтінішті қанағаттандыру барысында сот борышкердің мүліктік ауыр жағдайымен негіздеген.

Алайда сот, арыз қарау кезінде қолданыста болған ҚР Жоғарғы Сотының «Азаматтық істер бойынша сот актілерін орындаудың кейбір мәселелері туралы» нормативтік қаулысының 8 тармағы бойынша сот егер мерзімді кейінге қалдырудың немесе мерзімді ұзарту кезеңдерінің аяқталатын уақытына дейін сот актісін орындау үшін борышкердің жеткілікті мүлікке ие болатынын растайтын дәлелдемелер сотқа берілген жағдайда ғана, борышкердің мүліктік жағдайы ескеріліп, атқарушылық әрекеттерді жасаудың мерзімі кейінге қалдырылуы немесе мерзімі ұзартылуы мүмкін екенін ескермеген.

Осыған ұқсас кемшілік Қарағанды облысы Балқаш аудандық сотымен жол берілген. Яғни, аталған соттың 2016 жылғы 06 қыркүйектіге ұйғарымымен «Қарағанды облысы ТЖД Балқаш қаласы ТЖБ ҚР ТЖМ» ММ-нің «Б-С» МКК ғимаратты пайдалануды тоқтата тұру туралы азаматтық ісі бойынша Қарағанды облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2012 жылғы 13 қыркүйектегі сот шешімінің мерзімін кейінге қалдыру туралы өтініші қанағаттандырылған.

Борышкердің өтінішін қанағаттандыру барысында сот оның ауыр материальдық жағдайын негізге алған. Алайда, сот шешімі 2012 жылғы 28 қыркүйектегі заңды күшіне енгенін және сот актісі 4 жылдан астам орындалмай отырғанына сот назар аудармаған.

Сонымен қатар, сот арызды оның соттылық бағыныштылығын сақтамай қараған, себебі АПК-нің 238 бабының 1 бөлігінің талабы бойынша аталған арыз бастапқы шешім қабылдаған Қарағанды облысының МАЭС қарауға жатады.

Қорыту кезінде зерттелген сот актілерін оқу нәтижесінде соттармен сот шешімінің мерзімін кейінге қалдыру және оның мерзімін ұзарту туралы арыздардың мағыналық айырмашылықтарына назар аудармайтыны анықталды.

Бұл жағдайда сот шешімін кейінге қалдыру мерзімі ақылға сыйымдылық, әділдік талаптарына сай келетіндей және өндіріп алушының заңды мүдделерінің сақталуы ескерілуі тиіс және борышкердің сот актісін орындаудан жалтаруына жол бермеу қажет.

Алайда, үйден шығаруға байланысты сот шешімін кейінге қалдыру және оның мерзімін ұзарту туралы арыздар қарау кезінде соттармен әртүрлі сот практикасы қалыптасқан.

Заң талабы бойынша сот актісінің орындалуын кейінге қалдыру деп сот актісін мәжбүрлеп орындатуға айналдыру күнін немесе сот орындаушысының қозғалған атқарушылық іс жүргізу бойынша атқарушылық әрекеттерін жасауды бастайтын күнді кейінгі мерзімге ауыстыру туралы соттың іс жүргізу шешімі түсіндіріледі.

Сот актісін орындаудың мерзімін ұзарту деп борышкердің сот шешімін немесе орындау нысаны бөлінетін зат болғанда (мысалы, ақша, орындалатын жұмыс және т.б.) сот орындаушының атқарушылық өндірісін ерікті түрде орындауын сотпен белгілеген кезеңімен орындау түсіндіріледі.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының нормативтік қаулысында атап көрсетілген сот актісінің орындалуын кейінге қалдыру және сот актісін орындаудың мерзімін ұзарту бойынша бұл әрекеттер айырмашылығы түсіндірілгеніне қарамастан кейбір соттар олардың айырмашылықтарын ажырата бермейді.

Мысалы, Батыс-Қазақстан облысы Бөрлі аудандық соты 2016 жылғы 2 қарашадағы ұйғарымымен азаматшы К. сот шешімін орындаудың мерзімін ұзарту туралы өтінішін қанағаттандырған. Сот ұйғарымының қарар бөлігінде 2015 жылғы 22 қыркүйектегі сот шешімінің орындау мерзімін 2017 жылғы 15 сәуірге дейін ұзартылсын деп көрсетілген.

Сот мұндай тұжырым қабылдау барысында атқару өндірісі 2015 жылғы 22 қыркүйектен бері орындалмай отырғаны ескерілмеген, сот пікірі бойынша борышкердің бағымында кәмелетке толмаған үш баласы барлығы, басқа баспанасы жоқтығы және борышкер сот орындаушының хабарламасын тек 2016 жылғы 12 қазанда алғаны оның өтінішін қанағаттандыруға негіз болады деп түйіндеген.

Бірінші сатыдағы сот тарапынан арыз қарау нәтижесі бойынша қате тұжырым жасағаны жоғары сатыдағы сот арқылы түзетілген келесі азаматтық істі мысалға келтіруге болады.

Борышкер «Т» ЖШС сотқа берген арызында «В» ШҚ пайдасына 6 221 600 теңге өндіру туралы Қостанай МАЭС 2015 жылғы 15 ақпандағы шешімінің орындау мерзімін кейінге қалдыруды сұраған. Өндіріп алушы «В» ШҚ сотқа арыз беріп, «Т» ЖШС ақша өндіру туралы сот шешімінің орындау тәртібі мен тәсілін өзгертіп, борышкердің ауылшаруашылық техникалары мен автокөліктерін алып беру арқылы орындатуды сұраған.

Бірінші сатыдағы сот екі арызды бір өндіріске біріктіріп қараған. Сот отырысында сот орындаушы сот актісі ұзақ уақыттан бері орындалмай отырғанын көрсетіп, «В» ШҚ өтінішін қанағаттандыруды сұраған.

Сот борышкер «Т» ЖШС арызын қанағаттандырудан бас тарту туралы ұйғарым қабылдау барысында борышкер сот шешімінің орындау мерзімін кейінге қалдырған кезде, сот актісін толық орындайтыны туралы дәлелдеме келтіре алмағанын көрсеткен және борышкердің мүліктері үшінші тұлғада кепілде тұрғанын негізге алған.

«В» ШҚ өтінішін ішінара қанағаттандырып, сот шешімінің орындау тәртібі мен тәсілін өзгертіп, борышкердің 4 505 000 теңге құрайтын 4 автокөлігін алып беру арқылы сот актісін орындауды міндеттеген.

«Атқару өндірісі және сот орындаушылардың мәртебесі туралы» Заңының 57 бабына сай, борышкерде кепілге салынбаған мүлкі жеткіліксіз болған кезде борышкердің мүлкіне кепіл құқығы жоқ өндіріп алушылардың талаптарын қанағаттандыру үшін, қамтамасыз етілген облигациялар бойынша қамтамасыз ету болып табылатын мүлікті және ипотекалық тұрғын үй қарызы міндеттемесі бойынша қамтамасыз ету болып табылатын жылжымайтын мүлікті қоспағанда, кепілге салынған мүлікке өндіріп алу сот ұйғарымы негізінде талаптары кепіл ұстаушының талабынан басым болатын, кепіл ұстаушылар болып табылмайтын өндіріп алушылардың мүдделеріне қолданылуы мүмкін.

Қостанай облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы 2016 жылғы 4 сәуірдегі ұйғарымымен борышкердің 4 505 000 теңге құрайтын 4 автокөлігін алып беру арқылы орындауды міндеттеген сот тұжырымы АПК-нің 246 бабының және «Атқару өндірісі және сот орындаушылардың мәртебесі туралы» Заңының 55 бабының талаптарына қайшы келетін көрсетіп, сот ұйғарымының бұл бөлігін бұзып, сот актісінің қалған бөлігін өзгеріссіз қалдырған.

Сот актілерін оқу барысында соттармен борышкердің өтінішін қанағаттандыру барысында іс үшін маңызы бар мән-жәйлар ауқымын дұрыс айқындамайтыны анықталады.

Мысалы, борышкерлер Л. және Б. сотқа берген арыздарында Ақмола облысы Көкшетау қалалық сотының 2015 жылғы 1 сәуірдегі шешімімен талап қоюшы Д. пайдасына олардың әрқайсысынан 14 600 000 теңге өндіріліп, сот шешімі күшіне енгенін, соған байланысты сот орындаушы Б. атқарушылық өндірісін қозғап, сот актісін олардың жылжымайтын мүліктері арқылы орындауға әрекет жасап жатырғанын және бұл жағдай отбасы мүшелеріне қолайсыздық тудырып жатырғанын көрсетіп, сот шешімінің орындау мерзімін кейінге қалдыруды сұраған.

Көкшетау қалалық сотының 2016 жылғы 22 қаңтардағы ұйғарымымен борышкерлердің өтініштерін ішінара қанағаттандырып, сот шешімін орындау 2 ай мерзімге созылған. Ақмола облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы 05.03.2016 жылғы қаулысымен сот ұйғарымы келесі себептерге байланысты бұзылған.

Апелляциялық сот отырысында борышкерлер «С» ЖШС-нің құрылтайшылары және оның басшылары екендері, сонымен қатар, сот шешімі алты айдан астам бері орындалмай отырғанын және борышкерлер басқа жылжымайтын мүліктерін сату арқылы сот актісін орындауға толық мүмкіндіктері барлығын анықтаған.

Осы секілді, процессуальдық заң талаптарының сақталмауы апелляциялық сатыда сот актілерінің бұзылуына негіз болған.

Қостанай облысының МАЭС 2016 жылғы 5 наурыздағы ұйғарымымен борышкер «Д» ШҚ өтініші қанағаттандырылып, «Д» ШҚ-нан «АШҚҚ» АҚ Қостанай филиалының пайдасына 6 351 529 теңге өндіру туралы сот шешімін орындау мерзімі 9 айға кейінге қалдырылған. Қостанай облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы 2016 жылғы 16 маусымдағы ұйғарымымен сот актісін бұзып, істі қайта қарауға жолдауына келесі себептер негіз болған.

Іс материалдары бойынша Қостанай облысының МАЭС 2014 жылғы 11 наурыздағы сот ұйғарымымен Д» ШҚ-нан «АШҚҚ» АҚ Қостанай филиалының пайдасына 6 351 529 теңге өндірілген. Осы соттың 2015 жылғы 14 мамырдағы тараптар арасында татуласу келісімі бекітіліп, ол бойынша өндіріп алушы аталған соманы борышкердің мүлкі арқылы өндіру туралы талап арызынан бас тартқан, борышкер 2015 жылғы 1 қарашаға дейін 6 351 529 теңге төлеуді міндетіне алған.

Апелляциялық сот отырысында өндіріп алушының өкілі бірінші сатыдағы сот оларды және сот орындаушыны борышкердің арызы бойынша сот отырысына шақырмағанын, сот отырысының болатын уақыты тиісті түрде хабарламағанын және сот атқарушылық өндіріс зерттемегенін, борышкермен сот бұйрығы 2 жылдан бері орындамай отырған себептерін зерттемегенін мәлімдеген.

Апелляциялық сот алқасы аталған мән-жәйларды ескеріп, бірінші сот ұйғарымын бұзып, істі басқа сот құрамында қарауға жолдаған.

Мысалы, Ақмола облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2016 жылғы 4 наурыздағы ұйғарымымен талап қоюшы Н. мен «Е-А» ЖШС арасында татуласу келісімі бекітіліп, оның талабы бойынша жауапкер «Е-А» ЖШС талап қоюшы Н. 2016 жылғы 20 қазанға дейін ЖШС Жарғылық капиталы есебінен 2014 жылғы 18 тамыздағы сату, сатып алу келісім шарты бойынша жалпы көлемі 127,7 га, соның ішінде 85,4 га егістік, 42,3 га жайылымдық жер участкесін Н. серіктестік құрамынан шығу құжаттарымен дайындап беру және оның шығындарын көтеруге міндеттелген, ал Н. аталған жер участкесін қабылдап, 2016 жылы ол жерлерді (жер жырту, егін егу т.б.) мақсаты бойынша пайлануға және талап арызын қайтарып алуға тиіс болған. Кейін 2016 жылғы 17 қарашада «Е-А» ЖШС сотқа берген арызында аталған жерлер кепілде тұрғанын көрсетіп, сот актісінің орындалу мерзімін 2017 жылғы 30 наурызға дейін ұзартуды сұраған.

Бірінші сатыдағы сот арызды қарау барысында серіктестік мұндай жағдайда өндіріп алушыға берген міндеттемесі бойынша басқа жер участкесін беру мүмкінідігі бар екенін, яғни борышкер тарапынан сот шешімін орындау мүмкін емес немесе атқарушылық өндірісті орындауға қиындық тудырып отырған жағдай орын алмағанын дұрыс анықтаған.

Соған байланысты Ақмола облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2016 жылғы 2 желтоқсандағы ұйғарымымен «Е-А» ЖШС өтінішін қанағаттандырусыз қалдырған. Ақмола облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы 2017 жылғы 7 ақпандағы ұйғарымымен сот актісін өзгеріссіз қалдырған.

Бірінші сатыдағы соттың ұйғарымында баяндалған тұжырымдар істің мән-жәйларына сәйкес келмеуі сот актілеріне тиісті түзетулер енгізуге себеп болып жатады, яғни борышкерлердің арыздарын қанағаттандыру барысында сот іс үшін маңызы мән-жәйларды дұрыс анықтамайды.

Мысалы, Қостанай облысы Жетіқара аудандық сотының 2016 жылғы 5 қыркүйектегі ұйғарымымен арыз берушілер Ш.,Ш. және Ш. сот шешімін орындау мерзімін ұзарту туралы өтініштерін қанағаттандырып, борышкерлерді Жетіқара аудандық сотының 2016 жылғы 05 қыркүйектегі шешімінің орындау мерзімін ай сайын 20000 теңгеден төлеу арқылы 1 жылға, яғни 2017 жылғы 5 қыркүйекке дейін ұзартқан.

Борышкерлердің арыздарын қанағаттандыру барысында сот борышкерлердің бірі зейнеткер, екіншісі ауыратын себепті және үшіншісінің тұрақты жұмысы жоқтығымен негіздеген. Қостанай облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2016 жылғы 29 қарашадағы ұйғарымымен сот актісі өзгертіліп, сот шешімін орындау мерзімі 4 айға дейін қысқартылған, ұйғарымның қалған бөлігін өзгеріссіз қалдырған.

Сот актісін өзгерту барысында апелляциялық алқа бірінші сатыдағы соттың борышкерлердің арызын қанағаттандыру туралы АПК-нің 246- бабының талабына сай келетін себепті онымен келісетінін, алайда оларға берілген мерзім тым ұзақ екенін көрсетіп, аталған мерзімді 4 айға дейін азайтқан.

Апелляциялық сот алқасы тарапынан негізсіз бұзылған жағдайлар

Яғни, Қостанай облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2016 жылғы 03 қазандағы ұйғарымымен Қостанай облысының МАЭС 2016 жылғы 9 қыркүйектегі «ТПК «Қ» ЖШС-нің Ростов облысының Арбитраждық сотының 2015 жылғы 26 маусымдағы шешімінің орындау мерзімін кейінге қалдыру туралы арызын бас тарту туралы ұйғарымы бұзылып, борышкер «ТПК «Қ» ЖШС-нің өтініші қанағаттандырылған, яғни сот шешімінің орындау мерзімі 2016 жылғы 25 желтоқсанға дейін кейінге қалдырылған.

Іс материалдары бойынша Ростов облысының Арбитраждық сотының 2015 жылғы 26 маусымдағы шешімімен «ТПК «Қ» ЖШС-нен (ҚР) талап қоюшы «А.A.S.» компаниясының (Франция) пайдасына 1 717 967,10 АҚШ доллары –негізгі қарыз, 666513,70 АҚШ доллары – айыппұл, 200000 АҚШ доллары мемлекеттік баж өндірілген.

Шетел мемлекетінің сот шешімі заңды күшіне енген соң, ҚР аумағына мәжбүрлеп орындау үшін жолданған. Сот отырысында борышкерде 508 581 000 теңге құрайтын 10000 тонна бидай барлығы, сонымен қатар, қосымша 260 884 700 теңгеге бидай, қосымша бөлшектер, жанар-жағар май сатып алғаны анықталған.

Арызды қанағаттандырудан бас тарту барысында сот борышкердің сот шешімін орындауға мүліктік жағдайлары барлығын, алайда ол сот актісін орындаудан әдейі жалтарып отырғанын негізге алған.

Бірінші сатыдағы соттың бұл тұжырымымен келіспеген апелляциялық сот алқасы «ТПК «Қ» ЖШС ауылшаруашылық кәсіпорны болып табылатынын, астық егу және жинау жұмыстарымен айналысатынын, 2016 жылы астық егіп, оның сату арқылы пайда әкелетінін, алайда сот орындаушы оның мүліктері мен есеп-шотын тоқтам салу арқылы борышкердің жұмыс жасауына кедергі келтіргенін көрсетіп, сот актісін бұзған.

Апелляциялық сот алқасы борышкермен шетел мемлекетінің сот актісі 2015 жылдың қазан айынан бері орындалмай отырғанын, ҚР мемлекетінің халықаралық келісім шарттарын орындау туралы міндеттемелеріне селкеу түсетінін, сол арқылы мемлекетіміздің абыройына нұсқан келетінін ескермеген.

Сонымен қатар, осы облыстық сот алқасымен дәл осыған ұқсас сот актісі бойынша қарама-қайшы шешім қабылдап, соның салдарынан әртүрлі сот практикасын қалыптастырғаны байқалады. Атап айтқанда, Қостанай облысының МАЭС 2016 жылғы 4 тамыздағы ұйғарымымен «П-250» ЖШС-нің сот шешімінің орындау мерзімін кейінге қалдыру туралы арызы қанағаттандырылған.

Сот ұйғарымы бойынша 2016 жылғы 21 сәуірдегі сот шешімінің орындау мерзімі ұзартылып, оны орындау келесідей тәртіпте белгіленген: - 15 қыркүйек 2016 ж. дейін - 5.000.000 теңге; - 15 қазан 2016 ж. дейін - 5.000.000 теңге; - 15 қараша 2016 ж. дейін - 5.000.000 теңге; - 15 желтоқсан 2016 ж. дейін - 46.574.383 теңге төлеу міндеттелген.

Бірінші сатыдағы сот «П-250» ЖШС-нің өтінішін қанағаттандыру барысында борышкер ауылшаруашылық кәсіпорны екенін және егін егу жұмыстарымен айналысатынын, қәзіргі таңда серіктестік 3800 га жерге жұмсай бидай, 800 га жерге – бидайық, 600 га жерге – арпа еккенін, серіктестікте 38 дана ауылшаруашылық техникалар тіркелгенін негізге алған.

Апелляциялық сот алқасы бірінші сатыдағы соттың «П-250» ЖШСнің өтінішін қанағаттандыру туралы ұйғарымын бұзып, арызды қанағаттандырудан бас тарту туралы шешім қабылдау барысында борышкер сот шешімінің орындау мерзімін кейінге қалдыру жөнінде белгілеген мерзімде сот актісін орындауға жеткілікті мүлікке және қаражатқа ие болатыны туралы тиісті дәлелдеме келтірмегенін негізге алған.

Сот шешімін орындау мерзімін кейінге қалдыру, оның мерзімін ұзарту туралы арыздарды (өтініштер) қарау барысында соттар істің мән-жайларын мұқият зерттеп, тек заң талаптарында көзделген негіздер бойынша қанағаттандыру немесе қанағаттандырудан бас тарту туралы шешім қабылдаулары тиіс.

Сот шешімін орындау мерзімін кейінге қалдыру, оның мерзімін ұзарту мәселелері бойынша заң нақты талаптар қоймайды.

Сот шешімін орындау мерзімін кейінге қалдыру, оның мерзімін ұзарту туралы арыздарды қарау кезінде соттар әрбір арызды мұқият зерттеп, арызды қанағаттандыруға негіз бар жоғын айқындауы тиіс.

Арыздарды қарау нәтижесі бойынша сот ұйғарымының дәлелдеу бөлігінде сот борышкердің мүліктік қаржылық жағдайын, өндіріп алушы пікірін ескере отырып, сондай-ақ үшінші тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қозғамайтындай етіп өндіріп алушының және борышкердің құқықтары мен заңды мүдделерінің теңгерімі көрсетілуі тиіс.

Аталған санаттағы арыздарды қарау кезінде сот актілерін орындау мерзімін кейінге қалдыру немесе оның мерзімін ұзарту соңғы шара екенін және ол борышкердің атқарушылық құжатты орындауына кедергі келтіретін сотқа жүгіну кезінде жойылмайтын мән-жайлар үшін негіздер болып табылатынын назарда ұстауылары тиіс.

Соттар мұндай арыздар бойынша мәселелерді шешу барысында борышкердің отбасылық, мүліктік жағдайлары оған орындау мерзімін кейінге қалдыруға немесе оның мерзімін ұзартуға негіз ретінде АК-нің 20 және 44-баптарында көзделген өзіне тиесілі мүлікті өткізу есебінен борышкердің міндеттемені толық өз еркімен немесе мәжбүрлеп бір мезгілде орындай алмайтынын анықтау, сондай-ақ орындауды кейінге қалдыру немесе орындау мерзімін ұзарту кезеңдерінің аяқталу уақытына борышкерде сот актісін орындауға жеткілікті мүлік пен табыстың болатынын растайтын дәлелдемелерін зерттеу қажет.

Сонымен қатар, соттар сот шешімін орындау мерзімін кейінге қалдыру немесе ұзарту туралы арыздарды негізсіз қанағаттандыру өндіріп алушының заңды құқықтарын бұзып қана қоймай, сот актілерінің беделін төмендететіндігін естен шығармауы қажет.

Борышкердің ауыр мүліктік жағдайы, сондай-ақ орындауға едәуір қиындық келтіретін себептер болған жағдайлар анықталған кезде ғана сот актілерін орындау мерзімін кейінге қалдыру немесе оның мерзімін ұзартылу мүмкін.

Қорыту нәтижелері бойынша республика соттарымен негізінен сот актілерін орындау мерзімін кейінге қалдыру немесе оның мерзімін ұзартылу туралы арыздарды қарауда дұрыс сот практикасы қалыптасқан.

Сонымен қатар, сот актілерін орындау мерзімін кейінге қалдыру немесе оның мерзімін ұзартылу туралы өтініштер іс үшін маңызы бар мән-жәйлар жеткілікті түрде зерттелмей, негізсіз қанағаттандырған жағдайлар жалғасуда.

Сот қателіктері істегі дәлелдемелерді жеткілікті зертемеу, іс үшін маңызы бар мән-жәйлар ауқымдарын анықтамау, процессуалдық заңды дұрыс қолданбау салдарынан орын алған. Борышкер сот шешімін орындау мерзімін кейінге қалдыру мерзімі немесе оның мерзімін ұзарту кезеңдері аяқталған соң ол соттың шешімін орындау мүмкіндігі болатынына көз жеткілуі тиіс.

Егер борышкер сот шешімін орындау мерзімін кейінге қалдыру мерзімі немесе оның мерзімін ұзарту бойынша сот белгілеген мерзімде жеткілікті мүлік болмайтыны анықталса, оның өтініші қанағаттандыруға жатпайды.

Сот шешімін орындау мерзімін кейінге қалдыру мерзімі немесе оның мерзімін ұзарту «Атқару өндірісі және сот орындаушылардың мәртебесі туралы» Заңның 39-бабында белгіленген мерзімнен аспауы тиіс.

Сот актілерінің орындалу уақытылы орындалуын және маңыздылығын, атқарушылық іс жүргізуге қатысушы тараптардың заңды мүдделерін ескере отыра, кемшіліктерді жою бағытында және бірқалыпты сот практикасын қалыптастыру мақсатында:

- іс үшін маңызы бар тараптар ауқымын дұрыс анықтау, анықталған мәнжәйларды мұқият зерттеп, тиісті баға беру;

- сот шешімін орындау мерзімін кейінге қалдыру мерзімі немесе оның мерзімін ұзарту бойынша мәселелерді «Атқару өндірісі және сот орындаушылардың мәртебесі туралы» Заңның 39-бабында бекітілген заң талаптарына талаптар мен қағидаттарына сәйкес шешу.

Нормативтік заңнамалар

- Қазақстан Республикасының Конституциясы 1995 жылғы 30 тамыз;

- Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексі 2015 жылғы 31 қазан №377-V ҚРЗ;

- Қазақстан Республикасының Азаматтық істер жүргізу кодексі 1999 жылғы 31 қазандағы № 411(күші жойылған);

- «Атқару өндірісі және сот орындаушылардың мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Заңы 2010 жылғы 2 сәуір № 261-ІV;

- «Азаматтық істер бойынша сот актілерін орындау кезінде туындайтын кейбір мәселелер туралы» Қазақтан Республикасы Жоғарғы Сотының 2009 жылғы 29 шілдедегі №6 нормативтік қаулысы (қорыту жүргізу мерзімінде қолданыста болған, 31 наурыз 2017 жылы күші жойылған)

- «Соттардың атқарушылық іс жүргізу туралы заңнаманың кейбір нормаларын қолдануы туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2017 жылғы 31 наурыздағы № 1 нормативтік қаулысы.

Назар аударыңыз!

«Заң және Құқық» адвокаттық кеңсесі, бұл құжаттың жалпылама екендігіне және нақты сіздің жағдайыңыздың талаптарына сәйкес келмеуі мүмкендігіне көңіл бөлуіңізді сұрайды.

Біздің заңгерлер сіздің нақты жағдайыңызға сәйкес келетін кез келген құқықтық құжатты әзірлеп көмектесуге дайын.

Қосымша ақпарат алу үшін Заңгер/Адвокат телефонына хабарласуыңызға болады: +7 (708) 971-78-58; +7 (700) 978 5755, +7 (700) 978 5085.

            Адвокат Алматы Заңгер Қорғаушы Заң қызметі Құқық қорғау Құқықтық қөмек Заңгерлік кеңсе Азаматтық істері Қылмыстық істері Әкімшілік істері Арбитраж даулары Заңгерлік кеңес Заңгер Адвокаттық кеңсе Қазақстан Қорғаушы  Заң компаниясы

 

Құжатты жүктеп алу