Адамның кінәлі екендігі жөніндегі кез келген күдік айыпталушының пайдасына қарастырылуы тиіс
Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 2017 жылғы 27 қаңтардағы үкімімен: Р. бұрын сотталмаған, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің (бұдан әрі – ҚК) 24-бабының үшінші бөлігімен, 99-бабының бірінші бөлігімен 8 жылға бас бостандығынан айыруға, жазасын түзеу колониясының қатаң режимінде өтеуге сотталған. Сот үкімімен А. жәбірленуші Е.-нің құқығына қарсы оны қасақана қазаға ұшыратуға оқталғаны үшін кінәлі деп танылған. Алматы қалалық сотының қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық сот алқасының 2017 жылғы 6 сәуірдегі қаулысымен сот үкімі өзгеріссіз қалдырылған. Үкімнің сипаттау-уәждеу бөлігінен «сотталғанның жауаптылығы мен жазасын ауырлататын мән-жай ретінде атыс қаруын қолданып жасаған» - деген сөздер артық деп саналып, алынып тасталған. Сотталған А. өтінішхатында жасаған қылмысы үшін өзінің кінәсін мойындағанын, алайда сот оның іс-әрекеттерін дұрыс сараламағанын, іс бойынша басқа да болжамдардың қаралмағанын көрсетіп, іс-әрекеттерін ҚК-нің 24-бабының үшінші бөлігі, 99-бабының бірінші бөлігінен ҚК-нің 293-бабының үшінші бөлігіне қайта саралап асырауында әйелі мен жас баласы бар екендігін, жасаған қылмысына өкінетіндігін, жәбірленушінің оған қоятын талабы жоқ екендігін ескеріп, әділ жаза тағайындауды сұраған. Қазақстан Республикасы Конституциясының 77-бабы үшінші бөлігінің 8-тармағына сәйкес заңды қолданған кезде адамның кінәлі екендігі жөніндегі кез келген күдік айыпталушының пайдасына қарастырылады.
Адамның кінәлі екендігі жөніндегі кез келген күдік айыпталушының пайдасына қарастырылуы тиіс
Алайда қылмыстық істі қараған соттар бұл қағидатқа жете мән бермеген. Қылмыстық іс материалдарынан анықталғандай, 2016 жылғы 4 шілдеде сағат 23:00 шамасында техникалық жөндеу орталығында (бұдан әрі – ТЖО) «Т» маркалы автокөлігінің (бұдан әрі – автокөлік) айнасы сынғаны үшін А. мен жәбірленуші Е. араларында ұрыс-керіс болған, екеуі де өзінің достарын ТЖО-ға шақырған. Олардың араларында төбелес басталып кеткен. А. мен оның досы Т. көлікке қарай қашқан, арттарынан қуып шыққан адамдарға күші жетпейтінін білген А. көлігінен мылтық алып, арттарынан қуып келе жатқан жігіттерге қарай екі рет оқ атқан. Соның салдарынан Е.-нің денсаулығына ауыр дәрежедегі зиян келген. Сотталған А.-ның сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында өз кінәсін мойындауы, беттестіруі, айғақтарды оқиға болған жерде тексеруі, нақтылау кезінде және сотта берген біркелкі жауаптарымен анықталған. Яғни ол оқиға болған күні ТЖО-да кешкі сағат 23:00 шамасында досы К., жәбірленуші Е. мен М. атты жігіттерден автокөліктің айнасын кім сындырғанын сұраған. А. олардың ерегесіп тұрғанын көріп, қастарына барып, «қойсаңдаршы, автокөліктің айнасын сындырдыңдар ма, орнына қойыңдар немесе ақшасын төлеңдер»-деп айтқан. Алайда Е. оны балағаттап, екеуі ерегесіп қалған. Өзі Е.-нің кеудесінен жұдырықпен бір рет ұрып жіберген, ал Е. болса оны екі рет теуіп жіберген. Арада төбелес өршігіп, ақырында сол жердегі жігіттер оларды ажыратып алған. Одан соң 10-15 минуттен кейін бейтаныс жігіттер келіп, оның ішінен біреуі өзін Е.-нің інісімін деп таныстырған.
Сол жерде Е. өзінің інісіне болған оқиғаны айтып берген. Е.-нің інісі автокөліктің айнасын жасап беретінін айтып, А.-мен өзара келісіп, сол жерден кетіп қалған. Е.-нің қасындағы Ғ. атты жігіт оны «дерзкийсің бе?» деп қасына шақырған. А. оған барған кезде Ғ. атты жігіт оны бетінен жұдырықпен бір рет ұрып, жерге құлатқан. Осы жерде досы Т. екеуін сол жерде болған жәбірленушінің достары ұрып-соққан. Алайда екеуі жан сақтау үшін олардан қашқан, өзі арттарынан қуған жігіттерді қорқыту үшін тауып алған мылтықты көліктен алып, иығына қойып, аспанға қарай екі рет атып жіберген. Артынан кім қуып келе жатқанын, олардың арасында Е. болғанын немесе болмағанын аңғармаған. Себебі аталған мән-жай оқыс әрі жылдам болған. Алайда сотталған А.-ның осы жауаптары жоққа шығарылмаған, керісінше істегі басқа дәлелдемелермен және іс материалдарымен бекіген. Жәбірленуші Е.-нің сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында, сотталғанмен беттестіру кезінде және сотта берген жауабында да А.-ны бұрын көрмегенін және танымайтынын, онымен бас араздығы болмағанын, өзіне кім оқ атқанын көрмегенін, тек шамамен алты-жеті метр ара қашықтықтан мылтықтың атылған дыбысын естіп, жерге отырып қалғанын, сол уақытта құлағына оқ тигенін атап көрсеткен. Сонымен қатар куә Т. сотта берген жауабында А. екеуін бір топ жігіттер ұрғанын, екеуі ТЖО-дан қашып шыққандарын, өзі А.-ның көлігіне отырғанын, көліктен мылтықты алып, иығына салып, арттарынан қуып келе жатқан жігіттерге оқ атқанын көрсеткен. Сот-медициналық сараптама қорытындысына сәйкес Е.-ге төмендегідей дене жарақаттар келтірілген: жабық бас сүйек-ми зақымы, бас мидің орта деңгейдегі соғылуы, басы мен бетінің жұмсақ еттерінің көп ошақты бытыралы оқ тиген жарақаттары, ми қабықшасының астына қан құйылуы, оң жақ самай сүйегінің ішіне, бет сүйек доғасының оң жақтағы және мұрын сүйектерінің батық сынықтары.
Аталған жарақаттар жәбірленушінің денсаулығына ауыр дәрежелі зиян келтіргені анықталған. Криминалистік сараптама қорытындысына сәйкес оқиға болған жердегі оқ тиген есікке зерттеу жүргізген. Оның нәтижесінде есік аумағындағы және есік айналасындағы қабырғадағы жарақаттар шамамен 10 метрден 24 метрге дейінгі қашықтықта атыс нәтижесінде пайда болған. Есік пен қабырға арасындағы ара қашықтық шамамен 11 метрді құрайды, яғни бұл сотталушы екі рет оқ атқанда, оны көздемей екі түрлі жаққа оқ атқанын айқындайды. Оқиға орнын қарау хаттамасына және криминалистік сараптамаға сәйкес атыс болған жерден 2 резина оқ, 3 оқ тығындары, 4 бытыра, шеге суырғыш табылған. Сот-балистикалық сараптама қорытындысына сәйкес табылған резина оқ-дәрілер «Оса», «Стражник» атты өзін-өзі қорғау травматикалық оқтарға жататындығы, оқ тығыны 16 калибрлі аңшылық бытыралы оқтарға арналғанын, бытыралар спорттық-аңшылық тегіс ұңғылы қаруға тиесілі екендігін анықтаған. Тергеу органы тапқан оқтардың оқиға орнында қалай пайда болғанына, кімге тиесілі екендігіне баға берілмеген, сондай-ақ сотталған А. мен оның досы Т. оларды жәбірленушінің қасында болған бір топ жігіттердің ұрып-соққаны жөніндегі жауаптары тексерілмей, іс бойынша оларға сот-медициналық сараптамасы тағайындалмаған, яғни оларға тиісті баға берілмеген. Сотталған А.-ның жәбірленушіні өлтіруге ниеті болмағаны және көздемей оқ атқаны жөніндегі уәждері тергеу органы мен сотта теріске шығарылмаған. Мұндай жағдай сотталғанның қасақана кісі өлтіруге оқталу қылмыс құрамының субъективтік жағының тікелей ниеті жоқ екенін дәлелдейді. Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 19-бабы үшінші бөлігінің талаптарына сәйкес сотталушының кінәлілігіне сейілмеген күмән оның пайдасына түсіндіріледі. Қылмыстық және қылмыстықпроцесстік заңдарды қолдану кезінде туындаған күмән да сотталушының пайдасына шешілуге тиіс. «Адамның өмірі мен денсаулығына қарсы кейбір қылмыстық құқық бұзушылықтарды саралау туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2007 жылғы 11 мамырдағы № 1 нормативтік қаулысының 30-тармағының бірінші бөлігінің талаптарына сәйкес адамға заңға қарсы қасақана қаза келтіруді абайсызда қаза келтіруге әкелген, денсаулығына ауыр зиян келтірумен ұштасқан басқа қасақана жасалған қылмыстық құқық бұзушылықтардан ажырату, кінәлі ниетінің бағытын, оның жәбірленушіге қаза келтірген өз әрекетінің нәтижесіне субъективтік қатынасын айқындау арқылы ажырату қажет.
Осы көрсетілгеннің негізінде А.-ның іс-әрекетінде адамның денсаулығына бұзақылық ниетпен қасақана ауыр зиян келтіру қылмысының белгілері бар екендігі көрінеді. Алайда айыптау актісіне сәйкес сотталғанның айыбына «бұзақылық ниетпен» - деген қылмыс белгісі тағылмаған. Сондықтан сотталған А.-ға қатысты сот актілері өзгертіліп, оның ісәрекеті ҚК-нің 24-бабының үшінші бөлігі 99-бабының бірінші бөлігінен ҚК-нің 106-бабы бірінші бөлігімен (2014 жылғы 3 шілдегі редакциясы) адам денсаулығына қасақана ауыр зиян келтірген белгілері бойынша қайта саралануға жатады. Сотталған А.-ға жазаның түрін және мөлшерін анықтағанда, сот алқасы іс бойынша оның жауапкершілігі мен қылмыстық жазаны жеңілдететін мән-жайларды, сонымен қатар жәбірленуші тараптың қылмыстық құқық бұзушылыққа түрткі болған әрекеттерін, жәбірленушінің пікірін, оның талабы жоқтығын, іс бойынша жазаны ауырлататын мәнжайлар анықталмағанын, ҚК-нің 55-бабы екінші бөлігі 2-тармағының жаза мөлшері жөніндегі шектеулерін басшылыққа алады. Сонымен қатар қылмыс оқиғасы 2016 жылғы 4 шілдеде орын алғандықтан, сотталған А.-ға «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің жиырма бес жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» 2016 жылғы 13 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Заңының 4-бабы екінші бөлігінің талаптарына сәйкес тағайындалған жазаның өтелмеген бөлігі төрттен бірге қысқартылуға жатады.
Адамның кінәлі екендігі жөніндегі кез келген күдік айыпталушының пайдасына қарастырылуы тиіс
Іс материалдары бойынша сотқа дейінгі тергеу кезінде А. тұтқынға алынғанға дейін үйқамақта болған, алайда ҚК-нің 62-бабының төртінші бөлігінің талаптарына сәйкес ол күндері заңға сәйкес жазаны өтеу мерзіміне сай есептемеген. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы сотталған А.-ға қатысты жергілікті соттардың сот актілерін өзгертті, яғни сотталған А.-ның іс-әрекеті ҚК-нің 24-бабының
үшінші бөлігі, 99-бабының бірінші бөлігінен ҚК-нің 106-бабының бірінші бөлігіне қайта сараланып, оған 4 жыл 8 айға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің жиырма бес жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» 2016 жылғы 13 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Заңының 4-бабының екінші бөлігіне сәйкес тағайындалған жазаның өтелмеген бөлігі төрттен бірге қысқартылып, А.-ға түпкілікті өтеуге 3 жыл 2 ай 29 күн бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. ҚК-нің 62-бабы төртінші бөлігінің талабына сәйкес А.-ның 2016 жылғы 18 шілдеден 15 тамызға дейін үйқамақта болған уақыты барлығы 27 күннің екі күні бір күн бас бостандығынан айыру жазасына есептеліп, барлығы 14 күн жазаны өтеу мерзіміне қоса есептелді. Сот актілерінің қалған бөлігі өзгеріссіз қалдырылды. Сотталған А.-ға тағайындалған жазаны толық өтеуіне байланысты ол тұтқыннан дереу босатылды. А.-ның өтінішхаты қанағаттандырылды.