⁠`

Қызметтер үшін төлем тек компанияның шотына төленеді. Сізге ыңғайлы болу үшін біз Kaspi RED / CREDIT /БӨЛІП ТӨЛЕУДІ іске қостық 😎

Басты бет / Кейстер / Салық органдарының заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлерді мәжбүрлеп тарату мен қызметін тоқтату туралы

Салық органдарының заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлерді мәжбүрлеп тарату мен қызметін тоқтату туралы

Салық органдарының заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлерді мәжбүрлеп тарату мен қызметін тоқтату туралы

Салық органдарының заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлерді мәжбүрлеп тарату мен қызметін тоқтату туралы

   Сотқа бағыныстылық және соттылық бойынша. Сот ісін жүргізу тілі. Істі сотта қарауға әзірлеу

              АІЖК-нің 24-бабына сәйкес егер бұзылған немесе даулы құқықтарды, бостандықтарды және заңмен қорғалатын мүдделерді қорғау осы Кодекске және басқа да заңдарға сәйкес өзгеше сот тәртібімен жүзеге асырылмаса, оларды қорғау туралы істерді соттар азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен қарайды.

Соттар азаматтық (корпоративтік дауларды қоса алғанда) қатынастардан және басқа да құқықтық қатынастардан, оның ішінде бір тараптың екінші тарапқа билік бағыныстылығына негізделген қатынастардан туындайтын даулар бойынша істерді қарайды.

АІЖК-нің 30-бабына сәйкес, мамандандырылған ауданаралық экономикалық соттары тараптары заңды тұлға құрмай кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асыратын азаматтар, заңды тұлғалар болып табылатын мүлiктiк және мүлiктiк емес даулар жөнiндегi, корпоративтік даулар жөніндегі азаматтық iстердi, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларда қаржы ұйымдарын және бас ұйым ретінде банк конгломератына кіретін және қаржы ұйымдары болып табылмайтын ұйымдарды қайта құрылымдау туралы азаматтық істерді қарайды.

 Аталған кодекстің 32-бабының 3-бөлігіне сәйкес заңды тұлға филиалының немесе өкілдігінің қызметінен туындайтын талап та филиалдың немесе өкілдіктің орналасқан жері бойынша қойылуы мүмкін.

Жоғарыда аталған заң талаптарына сәйкес қорыту жасалынған санат істері мамандандырылған ауданаралық экономикалық соттарының қарауына жатады.

Аталған кодекстің 14-бабында бекітілгендей, азаматтық істер бойынша сот ісі мемлекеттік тілде жүргізіледі, ал қажет болған жағдайда сот ісін жүргізуде мемлекеттік тілмен орыс тілі немесе басқа тілдер бірдей қолданылады.

Сот ісін жүргізу тілі сотқа талап арыз (арыз) берілген тілге қарай сот ұйғарымымен белгіленеді. Сол бір азаматтық іс бойынша іс жүргізу бастапқы белгіленген сот ісін жүргізу тілінде жүзеге асырылады.

Егер істі бірінші сатыдағы сотта қарауға дайындық барысында талапкердің өз өкілі талап арыз (арыз) берген тілді білмейтіндігі анықталса, онда сот талапкердің жазбаша өтінішхаты бойынша сот ісін жүргізу тілін өзгерту туралы ұйғарым шығарады.

Азаматтық істерді қарауға әзірлеу кезінде соттар АІЖК, «Азаматтық істерді соттың қарауына әзірлеу туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының нормативтік қаулысын басшылыққа алады.

Азаматтық істерді соттың қарауына әзірлеу бірінші және апелляциялық сатыдағы соттың іс жүргізу сатысындағы міндетті бөлігі болып табылады және ол тараптар ұсынған дәлелдемелер мен қолданылуға жататын материалдық құқық нормаларына сәйкес тараптардың заңды құқықтары мен міндеттерін, олар ұсынған дәлелдемелерді сот отырысында толық, жанжақты және объективті түрде зерттеп, заңды және негізді сот актісін шығару үшін қажетті жағдайлар тудырады.

АІЖК-нің 168-бабына сәйкес судья әр іс бойынша, оның ішінде соттылығы бойынша басқа соттардан келіп түскен істер бойынша да істі соттың қарауына әзірлеу туралы ұйғарым шығаруы тиіс. Ұйғарымда, даудың санатын ескере отырып, оның сот отырысында уақытылы және дұрыс шешілуіне қажет болып табылатын нақты әрекеттер көрсетілуі керек.

Құқықтық негіздер

Қазақстан Республикасының Конституциясының 35-бабына сәйкес заңды түрде белгіленген салықтарды, алымдарды және өзге де міндетті төлемдерді төлеу әркімнің борышы әрі міндеті болып табылады. Қазақстан Республикасының Салық кодексінің 12-бабында төмендегі ұғымдар түсіндірілген:

салықтар - осы Кодексте көзделген жағдайларды қоспағанда, мемлекет біржақты тәртіппен заң жүзінде белгілеген, белгілі бір мөлшерде жүргізілетін, қайтарымсыз және өтеусіз сипатта болатын, бюджетке төленетін міндетті ақшалай төлемдер;

басқа да міндетті төлемдер – осы Кодексте белгіленген мөлшерде және жағдайларда жүргізілетін кедендік төлемдерін қоспағанда, бюджетке төленетін төлемақылар, алымдар, баждар түріндегі міндетті ақша аударымдары.

Қолданыстағы салық заңнамасымен шаруашылық қызмет субъектілеріне қатысты салық органдарына кең өкілеттіктер берілген.

Салық және басқа да міндетті төлемдерді есептеу мен төлеу тәсілдері, мемлекет пен салық төлеуші арасындағы салықтық міндеттемелерге қатысты қарым-қатынастар Қазақстан Республикасының Салық кодексімен реттеледі. Қазақстан Республикасының Салық кодексінің 19-бабының 12- тармағында салық органдары Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 49-бабы 2-тармағының 1) және 2) тармақшаларында көзделген негіздер бойынша мәмілелерді жарамсыз деп тану, заңды тұлғаны тарату туралы соттарға қуынымдар беруге, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де қуынымдар беруге құқылы.

Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің 49-бабының 2- бөлімінің 1,2-тармақтарына сәйкес, соттың шешiмi бойынша заңды тұлға банкрот болған және заңды тұлғаны құру кезiнде заңдардың түзетуге келмейтiн сипатта бұзылуына жол берiлуiне байланысты оны тiркеу жарамсыз деп танылған жағдайда таратылуы мүмкін.

Жеке кәсіпкерлік субъектілерінің қызметін тоқтату(тарату) ерекшеліктері Қазақстан Республикасының «Жеке кәсіпкерлік туралы» заңында қарастырылған. Бұл негiздер бойынша заңды тұлғаны тарату туралы талапты заң актiлерiнде осындай талап қоюға құқық берiлген мемлекеттiк орган, ал банкрот болған жағдайда - несие берушiлер де сотқа беруi мүмкiн.

Заңды тұлғаны тарату туралы сот шешiмiмен заңды тұлғаны таратуды жүзеге асыру жөнiндегi мiндеттер оның мүлкiн меншiктенушiге, меншiк иесi уәкiлдiк берген органға, заңды тұлғаны таратуға оның құрылтай құжаттарында уәкiлдiк берiлген органға, не сот тағайындаған басқа органға (тұлғаға) жүктелуi мүмкiн. Заңды тұлғалар болып табылатын салық органдары сотта талап қоюшы немесе жауапкер бола алады. Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотының 2013 жылғы 27 ақпандағы №1 «Салық заңнамасын қолданудың сот тәжірибесі туралы» Нормативтік қаулысының 4,5-тармақтарында салық қызметі органдарының Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес соттарға талаптар қою, яғни заңды тұлғаны тарату туралы талаптар қою құқығы туралы көрсетілген.

Салық кодексінің 18-бабы 1-тармағының 1) тармақшасынан салық қызметі органдарының негізгі міндеті салықтың және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің толық және уақытылы түсуін қамтамасыз ету болып табылатындығы туындайды.

Салық органы заңды тұлғаны құру кезiнде заңдардың түзетуге келмейтiн сипатта бұзылуына жол берiлуiне байланысты оны тiркеуді жарамсыз деп тану негіздемесі бойынша заңды тұлғаны тарату туралы соттарға талап арыздармен жүгінуге құқылы (АК-нің 49-бабы 2 тармағының 2) тармақшасы).

Соттың осындай талап арыздарды қанағаттандыруы таратылған заңды тұлға үшін де, оның контрагенттері үшін де белгілі бір құқықтық салдарға әкеледі.

 Сондықтан соттар заңды тұлғаны құру кезінде жол берген бұзушылықтарды олардың өз қызметін жүзеге асыру кезінде жол берген бұзушылықтардан ажыратуы керек. «Заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 1-бабының заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу туралы ережелері, атап айтқанда мемлекеттік тіркеуге ұсынылған құжаттардың Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкестігін тексеруді қамтитыны ескеруге жатады. Бұл ретте заңнамалық актілерді бұзушылық түзетілмейтін болуы тиіс.

Мысалы, коммерциялық емес ұйымның жарғысында оның негізгі мақсаты ретінде пайда табуды немесе жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің жарғысында жарғылық капиталдың бастапқы мөлшерін «Жауапкершілігі шектеулі және қосымша жауапкершілігі бар серіктестіктер туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 23-бабының 2-тармағында белгіленген сомадан аз көрсету.

Шетелдік жеке тұлғаның құрылатын заңды тұлғаның басшысы болып тағайындалуына байланысты, уәкілетті органның шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсатының жоқтығы, салық есебін ұсынбауы, заңды тұлғаның тіркеу деректерінде көрсетілген тұрғылықты жері бойынша болмауы АК-нің 49-бабы 2-тармағының 2)-тармақшасында көрсетілген заңнаманы бұзушылыққа жатпайды.

Осы бұзушылықтар өз қызметін жүзеге асыру кезінде заңды тұлғаның жол берген бұзушылықтары болып табылады.

Заңды тұлғаны оны құруға қатысы жоқ адамға тіркеу (қайта тіркеу) фактісі АІЖК-нің 55-бабындағы тәртіппен прокурордың талап арызы бойынша осы тіркеудің (қайта тіркеудің) күшін жоюға негіз болып табылады.

Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің 49-бабының 2- бөлімінің 1,2-тармақтарына сәйкес соттың шешімі бойынша заңды тұлға банкрот болған және заңды тұлғаны құру кезінде заңдардың түзетуге келмейтін сипатта бұзылуына жол берілуіне байланысты оны тіркеу жарамсыз деп танылған жағдайларда таратылуы мүмкін.

СК-нің 579-бабыны 2-тармағына сілтеме жасап, АК-нің 33-бабының 1- тармағы негізінде жауапкердің салық есебін тапсырмайтынын, 2010 жылдан бастап ешқандай салық төлемейтінін, әрекет етпейтінін, несие берешегі немесе басқа мүлкі жоқтығын, заңды тұлға мен құрылтайшысының тіркелген орында жоқтығын қатерге алып, сот салық органының талабы қанағаттандырылуға жататыны туралы дұрыс шешім алған.

Сондай-ақ аталған сотпен дәл осындай негіздермен 2015 жылғы 13 мамырда салық органының «Камышлов толық емес орта мектебі» ММ-не жолдаған талап арызын қанағаттандыру туралы шешім алынған. АК-нің 49-бабының 2-тармағының 5-тармақшасындағы негіздермен қаралған істердің көпшілігі осы мәселені реттейтін заң қабылдануына байланысты болды.

 Атап айтқанда, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне салық салу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының 2012 жылғы 26 желтоқсандағы № 61-V Заңының 2 бабында заңды тұлғалардың, филиалдардың, өкілдіктердің және дара кәсіпкерлерді мәжбүрлеп тарату (есептiк тiркеуден шығару, қызметін тоқтату) тәртібі мен оларға қойылатын талаптар (шарттар) айқындалған.

Аталған заңға сәйкес салық органдары 2013 жылғы 1 шілдеге дейін осы бапта айқындалған тәртіппен мәжбүрлеп таратылуға (есептiк тiркеуден шығарылуға, қызметін тоқтатуға) жататын заңды тұлғалардың, филиалдардың, өкілдіктердің және дара кәсіпкерлердің түпкілікті тiзбесiн қалыптастыруға міндетті. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген тiзбеге мыналар:

1) резидент заңды тұлғалар, заңды тұлғалардың филиалдары мен өкілдіктері;

2) филиалдар, өкілдіктер ашпай, тұрақты мекеме арқылы қызметін жүзеге асыратын резидент емес заңды тұлғалар;

3) Сәйкестендiру нөмiрлерiнiң ұлттық тiзiлiмiнде олар туралы ақпарат жоқ резидент заңды тұлғалар, резидент заңды тұлғалардың филиалдары мен өкілдіктері;

4) дара кәсіпкерлер енгізілуге жатады.

Осы баптың 2-тармағында көрсетiлген субъектілер (бұдан әрі – субъектілер) бiр мезгiлде мынадай талаптарға сай келуге тиіс:

 - 2012 жылғы 1 қаңтарға дейін, бірақ «Салық және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексiнде (Салық кодексi) белгіленген талап ету мерзімінен кешіктірмей:

- салық есептілігiн ұсынбаған; - экспорт-импорт операцияларын жасамаған;

- егер төлемнің және (немесе) ақша аударымының сомасы күнтізбелік жыл ішінде республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарына қолданыста болған ең төменгі жалақының 12 еселенген мөлшерінен аспайтын, сондай-ақ зейнетақы және (немесе) әлеуметтік төлемдерді алу жағдайларын қоспағанда, банк шоттары бойынша төлемдердi және (немесе) ақша аударымдарын жүзеге асырмаған;

- қосылған құн салығын төлеуші ретінде тіркеу есебінде тұрмаған;

2) 2012 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша:

 - қосылған құн салығын төлеушi ретiнде тiркеу есебiнде тұрмаған;

- Қазақстан Республикасының салық заңнамасында белгіленген тәртіппен салық есептілігiн тапсыруды тоқтата тұрмаған;

- аталған салықтарды жеке тұлғаларға салу объектiлерiн қоспағанда, меншiк құқығында мүлік, көлік құралдары салығы, жер салығы, бірыңғай жер салығы салынатын объектiлерi жоқ.

Осы тармақта айқындалған шарттар осы баптың 2-тармағы 3) тармақшасында көрсетілген субъектілерге қолданылмайды.

Салық қызметі органдары:

1) 2013 жылғы 1 ақпаннан кешіктірмей осы баптың 3-тармағының шарттарына сай келетін субъектілердің бастапқы тiзбесiн қалыптастырады;

2) 2013 жылғы 1 наурыздан кешіктірмей мынадай мәліметтерді көрсете отырып, қалыптастырылған субъектілер тiзбесін бұқаралық ақпарат құралдарында орналастырады:

- салық төлеушiнiң тiркеу нөмiрi;

- сәйкестендiру нөмiрi (ол бар болса);

- субъектінің тегiн, атын, әкесiнiң атын (ол бар болса) не атауын;

 - салық төлеушiнiң тiркеу нөмiрi, заңды тұлға басшының, заңды тұлғаның құрылымдық бөлімшесі басшысының сәйкестендiру нөмiрi (ол бар болса) тегi, аты, әкесiнiң аты (ол бар болса) (мұндай мәліметтер болған кезінде);

- субъектінің орналасқан (келген) жері бойынша салық органының атауын;

- кредиторлардың және (немесе) субъектіні мәжбүрлеп таратқан (есептiк тiркеуден шығарған, ол қызметін тоқтатқан) жағдайда, құқықтары мен заңды мүдделерi қозғалатын өзге де тұлғалардың өтiнiштерiн (наразылықтарын) қабылдау үшін салық органының мекенжайы;

3) 2013 жылғы 1 сәуірден кешіктірмей қалыптастырылған субъектілер тiзбесiн бұқаралық ақпарат құралдарында жариялағаннан кейін мәліметтер алу үшін: осы баптың 3-тармағының 1) тармақшасында айқындалған төлемдер және (немесе) ақша аударымдары туралы

– банктерге және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарға;

мүлкінің, көлік құралдарының, жер учаскелерінің бар-жоқ екендігі туралы – уәкілетті мемлекеттік органдарға;

Сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық тізілімдерінде бар-жоқ екендігі туралы - әділет органдарына сұрау салу жібереді.

 Осы баптың 4-тармағының 3) тармақшасында көрсетілген мәліметтер салық қызметі органдарына 2013 жылғы 1 мамырдан кешіктірілмей ұсынылуға жатады.

Кредиторлардың және (немесе) өзге де тұлғалардың өтiнiштерiн (наразылықтарын) қойып отырған наразылықтардың заңдылығын растайтын құжаттармен бірге салық қызметі органдары 2013 жылғы 1 мамырға дейін қабылдайды.

Салық қызметі органдары осы баптың 4-тармағының 3) тармақшасында көрсетілген мәліметтерді алғаннан кейін 2013 жылғы 1 шілдеден кешіктірмей мәжбүрлеп таратуға (есептік тіркеуден шығаруға, қызметін тоқтатуға) жататын субъектілердің түпкілікті тізбесін қалыптастырады.

Салық қызметі органдары осы баптың 7-тармағында көрсетілген тізбеге енгізілген субъектілерге қатысты 2015 жылғы 1 қаңтардан кешіктірмей мәжбүрлеп тарату (есептік тіркеуден шығару, қызметін тоқтату) үшін сотқа талап арыздар береді. Жоғарыда айтылып өткендей, аталған заңды іске асыру үшін салық органдарына уақыт беріліп, олар төрт кезеңнен тұратын әрекеттерді жүзеге асыруға тиіс болды.

              Салық органдарының талап арыздары соттармен төмендегі негіздерге байланысты қабылдаудан бас тартылған:

- сол тараптардың арасындағы дау бойынша, сол нысана туралы және сол негіздер бойынша шығарылған соттың заңды күшіне енген шешімі немесе талап қоюшының талап қоюдан бас тартуына байланысты іс бойынша сот ісін жүргізуді тоқтату туралы немесе тараптардың бітімгершілік келісімін немесе дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы келісімді бекіту туралы сот ұйғарымы болғандықтан.

АІЖК-нің 153-бабының 1-тармағының 2-тармақшасына сәйкес арызды қабылдаудан бас тарту туралы сот ұйғарымдары заңды шығарылған.

Талап арыздар АІЖК-нің 154-бабына сәйкес соттармен төмендегідей негіздер бойынша қайтарылған:

- іс осы соттың соттауына жатпағандықтан,

- осы немесе басқа бiр соттың не төреліктің немесе аралық соттың iс жүргiзуiнде сол тараптар арасындағы дау бойынша, сол нысана туралы және сол негiздер бойынша iс болғандықтан,

- бұл туралы талап қоюшы мәлімдегендіктен. Жоғарыда көрсетілген негіздермен талап арызды қайтару кезінде соттармен заң талаптары сақталған, талап қоюшы – салық органдарымен сот ұйғарымдары дауланбаған. АІЖК-нің 155-бабына сәйкес соттар талап арызда төмендегі мәліметтер көрсетілмегендіктен келесі негіздермен қозғалыссыз қалдырған (АІЖК-нің 150-б.):

- арызда арыз берілетін соттың атауы,

- талап қоюшының атауы, оның туған күні, айы, жылы, тұрғылықты жері, тұрғылықты жерi бойынша тiркелгенi туралы мәлiметтер немесе, егер талап қоюшы ұйым болса, оның тұрған жері, сәйкестендiру нөмiрi мен банктік реквизиттері, сондай-ақ, егер арызды оның өкілі берсе, өкілдің атауы мен мекен-жайы, бұдан басқа, егер олар бар болса, талапкер мен өкілдің ұялы байланыстың абоненттік нөмірі мен электрондық мекенжайы туралы мәліметтер,

- жауапкердің тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілсе), туған жылы, айы, күні, оның тұрғылықты немесе болатын жері, ұялы байланыстың абоненттік нөмірі және электрондық мекенжайы (егер олар бар болса), сондай-ақ қосымша сәйкестендіру нөмірі, электрондық мекенжайы, егер бұл деректер талапкерге белгілі болса, - талап қоюшының құқықтарын, бостандықтарын немесе заңды мүдделерін және оның талап қою талаптарын бұзудың немесе бұзу қаупінің мәні,

- талап қоюшы өзінің талаптарын негіздейтін мән-жайлар, және бұл мәнжайларды растайын дәлелдемелер, - егер талап қою бағалауға жатса, талап қоюдың бағасы, - арызға қоса тіркелетін құжаттардың тізбесі көрсетілуге тиіс,

- арызда дауды шешу үшін маңызы бар өзге де мәліметтер көрсетілуі, сондай-ақ талапкердің өтініші баяндалуы мүмкін,

- арызға талап қоюшы немесе талап арызға қол қоюға және оны ұсынуға өкілеттігі болған кезде оның өкілі қол қоюы тиіс,

- арыз электрондық құжат нысанында берілген кезде ол талап қоюшының электрондық цифрлық қолтаңбасымен куәландырылады.

Өкілеттігі болған кезде талап арыз өкілдің электрондық цифрлық қолтаңбасымен куәландырылуы тиіс. Сонымен бірге талап арызға қоса тіркелетін құжаттар болуы тиіс:

- жауапкерлер мен үшінші тұлғалардың санына қарай талап арыздың көшірмесі,

- мемлекеттік баж төлеуді растайын құжат,

- өкілдің өкілеттігін куәландыратын сенімхат немесе өзге де құжат,

- талапкер өз талаптарын негіздейтін мән-жайларды растайтын құжаттар, егер көшірмелер оларда болмаса, жауапкерлер мен үшінші тұлғалар үшін бұл құжаттардың көшірмелері.

              Соттар талап арызды АІЖК-нің 249-бабының 3,9-тармақтарында көзделген талап қоюшының талап арызды қайтару туралы арызы бойынша және талап арызға тиісті емес тұлғаның қол қоюы себебінен заң талаптарын сақтай отырып қараусыз қалдырған.

Азаматтық істі АІЖК-нің 247-бабының 2,3,6-тармақтарына сәйкес қысқарту туралы сот ұйғарымдары заңды қабылданған.

Мысалы ОҚО мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2015 жылғы 23 қаңтардағы ұйғарымымен салық органының «Тохташов М.Н.» ЖК мәжбүрлеп тарату туралы азаматтық іс АІЖК-нің 247-бабының 2- тармағына сәйкес қысқартылған.

Өйткені аталған тараптардың арасындағы дәл осындай іс бойынша 12.05.2014ж. заңды күшіне енген сот шешімі бар екені сотта нақты анықталған.

 Сот практикасын зерттеу көрсеткеніндей, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне салық салу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының 2012 жылғы 26 желтоқсандағы № 61-V Заңының қабылдануына байланысты салық органдары АІЖК-нің талаптарын сақтамастан соттарға жаппай талап арыз беруді бастаған.

Барлық талап қоюшыларға тән қателіктер деп төмендегілерді атауға болады: -бір талап арыз әртүрлі жолмен сотқа жолданған: жазба және электронды тәсілмен, мұндай жағдайда соттар талап арыздың осыған дейін сот өндірісіне қабылданғанына сілтеме жасап қайтарған /АІЖК 154 б.1 б. 5т./

Сондай-ақ соттар осы іс бойынша осы тараптар арасында осы дау туралы заңды күшіне енген сот шешімі болғандықтан да талап арызды сот өндірісіне қабылдаудан бас тартқан.

Мысалы, ШҚО мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2015 жылғы 06 қаңтардағы ұйғарымымен дәл осындай арыздың басқа судьяның өндірісінде болуына байланысты талап қоюшыға қайтарылған.

Сондай-ақ бұрын заңды күшіне енген сот шешімінің болуына байланысты талап арыздарды сот өндірісіне қабылдаудан бас тарту туралы ұйғарымдар көптеп шығарылғаны көрінеді. Жоғарыда аталған заңның 8 тармағында салық органдарының талап арызды 2015 жылдың 1 қаңтарына дейін сотқа тапсыруы міндеттелген, бұл нақты айқындалған мерзім, сақталуы міндетті.

Алматы облысының МАЭС-ның 2015 жылғы 2 сәуірдегі ұйғарымымен осы негіздермен салық органының «Ауыл шаруашылығы басқармасы облыстық мектебі» заңды тұлғаны мәжбүрлеп тарату туралы талап арызы талап қоюшыға қайтарылып, оған АК-нің 49-бабы негізінде талап қою құқы түсіндірілген.

Сот ұйғарымы дұрыс шығарылған, алайда сот АІЖК-не қате сілтеме жасаған. Жоғарыда көрсетілгендей негідермен – салық органының заңда көзделген мерзімді өткізіп алуына байланысты «Атырауқұрылыс-А+» ЖШС мәжбүрлеп тарату туралы талап арызды қанағаттандырудан бас тартылып, Атырау облысның МАЭС-ның 2015 жылғы 25 қыркүйегінде шешім шығарылған. 800 жуық талап арызды қанағаттандырудан бас тарту туралы шешім алуға салық органының тиісті мерзімде талап қоймауы негіз болған.

Алайда, сот практикасын зерттеу көрсеткеніндей, дәл осындай жағдайда кейбір соттар қарама-қайшы шешім алатыны көрінеді.

Мысалы, Алматы облысының МАЭС-ның 2015 жылғы 05 маусымдағы шешіміне қарағанда, салық органының «Гимназия» ММ мәжбүрлеп тарату туралы талабы қанағаттандырылған. Талап арызды сотқа қабылдау туралы ұйғарым 2015 жылғы 8 мамырда шығарылған.

Сот шешімінде салық органы 2015 жылғы 1 қаңтарға дейін сотқа талап арыз беруге тиістілігін көрсете тұрғанымен, талапты қанағаттандыру туралы шешім алған.

Сот шешімі жоғарыда көрсетілген арнайы заң талабына сәйкес келмейді. Азаматтық іс бойынша сотпен сырттай шешім алынған. АІЖК 150-бабының талабы сақталмай, Әділет Департаменті жауапкер немесе үшінші тұлға ретінде тартылмаған. Мұндай істер бойынша соттар Әділет Департаментін (әрі қарай-ӘД) жауапкер ретінде тарту үшін қосымша талап арыздар қабылдаған немесе ӘД үшінші тұлға ретінде тартып, ұйғарымдар шығарған. Көптеген соттар істі әділет органдарының қатысуынсыз қараған.

Дұрысы, мұндай істер бойынша ӘД үшінші тұлға ретінде қатыстырылғаны жөн. Аталған санат істері көбінесе тараптардың қатысуынсыз қаралған. Салық органдары істі талап қоюшының қатысуынсыз қарауды сұраған немесе сот отырысына қатыспаған. Әлбетте, бұл істер бойынша жауапкерлер сотқа қатыспаған. Істі тараптарсыз қараған кезде соттар /Алматы облысы,Маңғыстау, ОҚО, БҚО бойынша / сырттай шешім шығарған.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2004 жылғы 18 маусымдағы №5 «Өздерінің қызметін заңнаманы өрескел бұза отырып жүзеге асыратын заңды тұлғаларды таратудағы сот тәжірибесі туралы» Нормативтік қаулысының 11 тармағына сәйкес аталған қаулыда талқыланып отырған санат істері сырттай өндірісте қаралмайды.

Сондықтан қорытылып отырған санат істері бойынша сырттай шешім шығару да дұрыс емес деп санаймыз. Бұл туралы 2014 жыл қорытындысымен жасалған қорытуда көрсетілген болатын.

Алайда соттар әлі де осы істер бойынша сырттай шешім алу тәжірибесін жалғастыруда. Мысалы Маңғыстау облысының МАЭС 2015 жылғы 15 қаңтарда салық органының «Көмек-Ш» қоғамдық қорын мәжбүрлеп тартау туралы сырттай шешім алынған.

 Аталған санат істерін қарау барысында республика соттары жалпы алғанда заңды дұрыс қолданып, талапты қанағаттандыру немесе бас тарту туралы дұрыс шешім алған. Негізінен соттарда іс қарау барысында біркелкі тәжірибе қалыптасқан.

Алматы облысының МАЭС салық органының «қалалық медициналық айықтырғыш» мәжбүрлеп тарату туралы талабы бойынша азаматтық іс қаралып, заңда көзделген шарттарға сәйкес келгендіктен аталған мекемені мәжбүрлеп тарату туралы талап дұрыс қанағаттандырылған.

Талапты қанағаттандырудан бас тарту туралы сот шешімдері де арнайы заң талаптары дұрыс қолданыла отырып қабылданғаны көрінеді. Жамбыл облысының МАЭС салық органының ЖК «Бекпенбетов Ж.С» мәжбүрлеп қызметін тоқтату туралы талап арызы бойынша жеке кәсіпкерліктің әрекет етуші тұлға екенін, банктік несие шартына сәйкес борышын өндіру туралы сот шешімі шығарылғанын ескеріп, сот талапты қанағаттандырудан бас тарту туралы заңды шешім алған. Өйткені жауапкер арнайы заңның 2-тармағында көзделген талаптарға сай емес.

Қорыту барысында анықталғанындай, орыс тіліндегі сот шешімдерінің қарар бөлігі соттармен әртүрлі жазылады. Барлық соттармен таратылуға жататын субьектке қарамастан, сот шешімінде мәжбүрлеп тарату туралы көрсетілген.

Қостанай, БҚО, ШҚО соттарымен заңды тұлғаларды мәжбүрлеп тарату, дара кәсіпкердің қызметін тоқтату туралы дұрыс шешімдер алынған. Кейбір сот шешімдерінде мәжбүрлеп тарату қай органға жүктелетіні жазылмайды, ал кейбір шешімдерде мәжбүлеп таратылып отырған субьектіні есептен шығару, сот шешімдерін орындау үшін салық немесе әділет органына жолдау туралы көрсетілген.

Заңдық база  

Қазақстан Республикасының Конституциясы. Қазақстан Республикасының Салық кодексі (Салық кодексі).

Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексі (АК).

Қазақстан Республикасының Азаматтық іс жүргізу кодексі (АІЖК).

Қазақстан Республикасының №61-V «Қазақстан Республикасының салық салу мәселесіне қатысты кейбір заң актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 26.12.2012ж. заңы.

Қазақстан Республикасының «Оңалту және банкроттық туралы» 07.03.2014ж. заңы.

Қазақстан Республикасының «Жеке кәсіпкерлік туралы» 31.01.2006ж. заңы.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2013 жылғы 27 ақпандағы №1 «Салық заңнамасын қолданудың сот тәжірибесі туралы» Нормативтік қаулысы.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2004 жылғы 18 маусымдағы №5 «Өздерінің қызметін заңнаманы өрескел бұза отырып жүзеге асыратын заңды тұлғаларды таратудағы сот тәжірибесі туралы» Нормативтік қаулысы.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2000 жылғы 28 сәуірдегі №3 «Қазақстан Республикасы соттарының банкроттық туралы заңды қолданудың кейбір мәселелері туралы» Нормативтік қаулысы.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2001 жылғы 13 желтоқсандағы №21 «Азаматтық істерді сотта қарауға әзірлеу туралы» Нормативтік қаулысы.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2003 жылғы 11 шілдедегі №5 «Сот шешімі туралы» Нормативтік қаулысы.

Назар аударыңыз!

«Заң және Құқық» адвокаттық кеңсесі, бұл құжаттың жалпылама екендігіне және нақты сіздің жағдайыңыздың талаптарына сәйкес келмеуі мүмкендігіне көңіл бөлуіңізді сұрайды.

Біздің заңгерлер сіздің нақты жағдайыңызға сәйкес келетін кез келген құқықтық құжатты әзірлеп көмектесуге дайын.

Қосымша ақпарат алу үшін Заңгер/Адвокат телефонына хабарласуыңызға болады: +7 (708) 971-78-58; +7 (700) 978 5755, +7 (700) 978 5085.

            Адвокат Алматы Заңгер Қорғаушы Заң қызметі Құқық қорғау Құқықтық қөмек Заңгерлік кеңсе Азаматтық істері Қылмыстық істері Әкімшілік істері Арбитраж даулары Заңгерлік кеңес Заңгер Адвокаттық кеңсе Қазақстан Қорғаушы  Заң компаниясы

Құжатты жүктеп алу