1-бап. Қылмыстық сот iсiн жүргiзу тәртiбiн айқындайтын заңнама ҚР ҚПК Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексi
1. Қазақстан Республикасының аумағында қылмыстық сот iсiн жүргiзу тәртiбi Қазақстан Республикасының Конституциясында, Қазақстан Республикасының Конституциясына және халықаралық құқықтың жалпыға бірдей танылған қағидаттары мен нормаларына негiзделген Қазақстан Республикасының конституциялық заңдарында, Қылмыстық-процестік кодексiнде айқындалады. Қылмыстық сот iсiн жүргiзу тәртiбiн реттейтiн өзге де заңдардың ережелерi осы Кодекске енгiзiлуге жатады.
2. Қазақстан Республикасының халықаралық шарттық және өзге де мiндеттемелерi, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының және Жоғарғы Сотының қылмыстық сот iсiн жүргiзу тәртiбiн реттейтiн нормативтiк қаулылары қылмыстық-процестік құқықтың құрамдас бөлiгi болып табылады.
3. Егер қылмыстық iс бойынша iс жүргiзу барысында азаматтық немесе әкiмшiлiк құқыққа сәйкес шешiлуге тиiсті мәселенi қарау қажеттiгi туындаса, ол азаматтық немесе әкiмшiлiк iс жүргiзу тәртiбiмен шешiледi.
Ескерту. 1-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 05.11.2022 № 157-VII (01.01.2023 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
Қылмыстық-процестік кодексi, Қылмыстық кодекс, Қылмыстық кодекске түсініктеме (комментарии), Жоғарғы Соттың нормативтік қаулысы, Қылмыстық заңнама, Нормативті құқықтық актілер Қазақстан Республикасы