23-бап. Сот iсiн жүргiзудi тараптардың жарыспалылығы мен тең құқылығы негiзiнде жүзеге асыру ҚР ҚПК Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексi
1. Қылмыстық сот iсiн жүргiзу айыптаушы және қорғаушы тараптардың жарыспалылығы мен тең құқылығы қағидаты негiзiнде жүзеге асырылады.
2. Қылмыстық қудалау, қорғау және соттың iстi шешуi бiр-бiрiнен бөлiнген және оларды әртүрлi органдар мен лауазымды адамдар жүзеге асырады.
3. Адамның қылмыстық құқық бұзушылықты жасаудағы кiнәлiлiгiн дәлелдеу және оның өзін қорғайтын дәлелдерін теріске шығару мiндетi – қылмыстық қудалау органдарына, ал сотта іс жүргізу кезінде мемлекеттік және жекеше айыптаушыларға жүктеледi.
4. Қорғаушы күдіктіні, айыпталушыны, сотталушыны, сотталған адамды, ақталған адамды қорғаудың заңда көзделген барлық құралдары мен тәсілдерін пайдалануға мiндеттi.
5. Сот қылмыстық қудалау органы болып табылмайды, айыптаушы немесе қорғаушы тарап жағында әрекет етпейді және құқық мүдделерiнен басқа қандай да болсын мүдделердi бiлдiрмейдi.
6. Сот объективтiлiктi және бейтараптылықты сақтай отырып, тараптардың өз процестік мiндеттерін орындауы және өздерiне берiлген құқықтарды жүзеге асыруы үшiн қажеттi жағдайларды жасауға міндетті.
7. Қылмыстық процеске қатысатын тараптар тең құқылы, яғни оларға Қазақстан Республикасының Конституциясына және осы Кодекске сәйкес өз ұстанымын қорғауға бiрдей мүмкiндiктер берілген. Сот процестік шешiмді тек тараптардың әрқайсысына бiрдей негiзде зерттелуіне қатысу қамтамасыз етiлген дәлелдемелерге ғана негiздейдi.
8. Тараптар қылмыстық сот iсiн жүргiзу барысында өзiнiң ұстанымын, оны қорғаудың тәсілдері мен құралдарын дербес және сотқа, басқа да органдар мен адамдарға тәуелсiз таңдайды. Сот тараптың өтiнiшхаты бойынша оған осы Кодексте көзделген тәртiппен қажеттi материалдарды алуға жәрдем көрсетедi.
9. Мемлекеттiк айыптаушы және жекеше айыптаушы белгiлi бiр адамды қылмыстық қудалауды жүзеге асыра алады немесе заңда көзделген жағдайларда қылмыстық қудалаудан бас тарта алады. Күдіктi, айыпталушы, сотталушы өзiнiң кiнәсiн еркін түрде теріске шығаруы немесе өзiн кiнәлiмiн деп мойындауы, жәбірленушімен татуласуы, процестік келісімді, медиация тәртібімен татуласуға қол жеткізу туралы келісімді жасасуы мүмкін. Азаматтық талапкер талап қоюдан бас тартуға немесе азаматтық жауапкермен татуласу келісімін жасасуға құқылы. Азаматтық жауапкер талап қоюды мойындауға немесе азаматтық талапкермен татуласу келісімін жасасуға құқылы.
10. Сот тараптардың істі бiрiншi және апелляциялық сатыларында қарау құқығын қамтамасыз етедi; сотталушы мен оның қорғаушысы және процеске басқа да қатысушылар істі кассациялық тәртіппен қарау кезiнде, жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша іс жүргізуді жүзеге асыру және үкімді орындауға байланысты мәселелерді қарау кезінде қатысуға жіберіледі. Сот әрбiр қылмыстық iстi қараған кезде айыптаушы тарап атынан мемлекеттiк не жекеше айыптаушы өкілдік етуге тиiс. Сот iстi қарағанда тараптардың қатысуы мiндеттi болатын басқа да жағдайлар осы Кодексте айқындалады.
Ескерту. 23-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР 31.10.2015 № 378-V Заңымен (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі).
Қылмыстық-процестік кодексi, Қылмыстық кодекс, Қылмыстық кодекске түсініктеме (комментарии), Жоғарғы Соттың нормативтік қаулысы, Қылмыстық заңнама, Нормативті құқықтық актілер Қазақстан Республикасы