11-бап. Сот төрелігiн соттың ғана жүзеге асыруы ҚР ҚПК Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексi
1. Қазақстан Республикасында қылмыстық iстер бойынша сот төрелігiн сот қана жүзеге асырады. Сот өкiлеттiгiн кiмнiң де болса иемденіп алуы заңда көзделген қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғады.
2. Соттың үкiмінсіз және заңға сәйкес емес түрде ешкiмді де қылмыстық құқық бұзушылық жасауға кiнәлi деп тануға, сондай-ақ қылмыстық жазаға тартуға болмайды.
3. Соттың құзыретi, оның юрисдикциясының шектерi, қылмыстық сот iсiн жүргiзудi жүзеге асыру тәртiбi заңда айқындалады және оны өз бетiнше өзгертуге болмайды. Қылмыстық iстердi қарау үшiн қандай атаумен болсын төтенше немесе арнаулы соттар құруға жол берiлмейдi. Төтенше соттардың, сондай-ақ өзге де заңсыз құрылған соттардың үкiмдерi мен басқа да шешiмдерiнiң заңдық күшi болмайды және олар орындалуға жатпайды.
4. Өзінің соттылығына жатпайтын iс бойынша қылмыстық сот iсiн жүргiзудi жүзеге асыратын, өз өкiлеттiктерiн асыра қолданған немесе осы Кодексте көзделген қылмыстық процесс қағидаттарын өзгедей түрде бұзған соттың үкiмi мен басқа да шешiмдерi заңсыз болады және олардың күшi жойылуға жатады.
5. Соттың қылмыстық iс бойынша үкiмi мен басқа да шешiмдерiн тиiстi соттар ғана осы Кодексте көзделген тәртiппен тексере алады және қайта қарай алады.
Қылмыстық-процестік кодексi, Қылмыстық кодекс, Қылмыстық кодекске түсініктеме (комментарии), Жоғарғы Соттың нормативтік қаулысы, Қылмыстық заңнама, Нормативті құқықтық актілер Қазақстан Республикасы