14-2-бап. Ветеринария саласындағы жедел ден қою шаралары және оларды қолдану тәртібі Ветеринария туралы Заңы
1. Мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру барысында және (немесе) оның нәтижелері бойынша мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық инспекторлар адамдардың өмірі мен денсаулығына, жануарлардың өмірі мен саулығына, қоршаған ортаға, сондай-ақ Қазақстан Республикасының азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей қатер төндіретін талаптарды бұзушылықтар анықталған жағдайларда жедел ден қою шараларын қолданады.
2. Осы бапта көзделген, тексеруді, бақылау және қадағалау субъектісіне бару арқылы профилактикалық бақылауды және тергеп-тексеруді, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің 129-бабы 4-тармағының 4) және 7) тармақшаларына, 9-тармағының 2) тармақшасына сәйкес мемлекеттік бақылауды жүргізуді жүзеге асыру барысында және (немесе) оның нәтижелері бойынша қолданылатын бақылау және қадағалау субъектілеріне (объектілеріне) әсер ету тәсілдері жедел ден қою шаралары болып табылады.
3. Жедел ден қою шараларына мыналар жатады:
1) Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы заңнамасының талаптарына, Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына және Еуразиялық экономикалық одақ құқығын құрайтын актілерге сәйкес келмейтін орны ауыстырылатын (тасымалданатын) объектілерді әкелуге, әкетуге, транзиттеуге, тасымалдауға, (орын ауыстыруға), өндіруге, қолдануға және өткізуге тыйым салу, орны ауыстырылатын (тасымалданатын) объектілерді қайтару;
2) ветеринария саласындағы рұқсат беру құжатының қолданысын тоқтата тұру, одан айыру (оны кері қайтарып алу), тоқтату;
3) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес қызметке немесе жекелеген қызмет түрлеріне тыйым салу, оларды тоқтата тұру;
4) жануарлардың саулығы мен адамның денсаулығына қауіп төндіретін жануарларды, жануарлардан алынатын өнімдер мен шикізатты алып қою және жою;
5) көлік құралын тоқтату және орны ауыстырылатын (тасымалданатын) объектілерді ұстау.
4. Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген, Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің 129-бабы 4-тармағының 4) және 7) тармақшаларына, 9-тармағының 2) тармақшасына және 143-бабына сәйкес мемлекеттік бақылау нысанасы болып табылатын талаптарды бұзу жедел ден қою шараларын қолдануға негіз болып табылады.
Қазақстан Республикасы заңнамасы талаптарының бұзылу себептерін анықтау және көрсетілген талаптардың бұзылуына жол берген бақылау және қадағалау субъектілерін (объектілерін) айқындау үшін тергеп-тексеру жүргізу кезінде жедел ден қою шаралары тексеру парақтарында белгіленген талаптардың бұзылуына қатысты ғана қолданылады.
5. Мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық инспекторлар жедел ден қою шараларын қолдануға негіз болып табылатын, талаптарды бұзушылықтар анықталған кезде уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша қадағалау актісін ресімдейді.
Қадағалау актісі Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің 153-бабына сәйкес ресімделіп, бақылау және қадағалау субъектісіне табыс етіледі.
6. Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің 129-бабы 4-тармағы 4) және 7) тармақшаларының, 9-тармағы 2) тармақшасының негізінде мемлекеттік бақылау нәтижелері бойынша қадағалау актісі ресімделгеннен кейін ветеринариялық-санитариялық инспектор жедел ден қою шарасын қолдануды тікелей жүзеге асырады.
7. Қадағалау актісі қолма-қол табыс етілген кезде оны қабылдаудан бас тартылған жағдайда, оған тиісті жазба жасалады және қадағалау актісін қабылдаудан бас тарту фактісін тіркейтін бейнежазу жүзеге асырылады.
Қадағалау актісі бақылау және қадағалау субъектісінің заңды мекенжайы, тұрған жері немесе нақты мекенжайы бойынша табыс етілгені туралы хабарламасы бар тапсырысты хатпен жіберіледі.
8. Қадағалау актісін алудан бас тарту оны орындамауға негіз болып табылмайды.
9. Мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру барысында және (немесе) оның нәтижелері бойынша анықталған, жедел ден қою шараларын қолдануға негіз болып табылатын, талаптарды бұзушылықтар бақылау және қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылау және (немесе) тексеру, тергеп-тексеру нәтижелері туралы актілерде, сондай-ақ Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы заңнамасы талаптарының анықталған бұзушылықтарын жою туралы нұсқамада көрсетіледі.
10. Бақылау және қадағалау субъектісі жедел ден қою шарасын қолдануға негіз болып табылатын, талаптарды анықталған бұзушылықтарды тергеп-тексеру актісінде, сондай-ақ Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы заңнамасының анықталған бұзушылықтарын жою туралы нұсқамада көрсетілген мерзімдерде жоюға міндетті.
11. Тергеп-тексеру актісінде, Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы заңнамасының анықталған бұзушылықтарын жою туралы нұсқамада көрсетілген талаптарды бұзушылықтарды жою мерзімдері өткеннен кейін жедел ден қою шарасын қолдануға негіз болып табылатын, талаптарды анықталған бұзушылықтарды жоюды бақылау бойынша жоспардан тыс тексеру жүргізіледі.
Қадағалау актісінің қолданысы уәкілетті орган ведомствосының аумақтық бөлімшесі Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің 144-бабы 5-тармағының 2-1) тармақшасына сәйкес жоспардан тыс тексеру нәтижелері туралы актінің негізінде жедел ден қою шарасын қолдануға негіз болып табылатын, талаптарды анықталған бұзушылықтардың жойылғанын растаған жағдайда тоқтатылады.
12. Жедел ден қою шарасын қолдануға негіз болып табылатын, талаптарды анықталған бұзушылықтар жойылмаған жағдайда, бұзушылықтарға жол берген адамдарды Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен жауаптылыққа тарту жөнінде шаралар қабылданады.
13. Анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқамада, тергеп-тексеру актісінде көзделген мерзімдер өткенге дейін бақылау және қадағалау субъектісі бұзушылықтың жойылу фактісін дәлелдейтін материалдарды (қажет болған кезде) қоса бере отырып, анықталған бұзушылықтардың жойылғаны туралы ақпаратты ұсынуға міндетті.
Осы тармақтың бірінші бөлігінде көзделген ақпарат ұсынылған жағдайда, осы баптың 10-тармағының екінші бөлігіне сәйкес жоспардан тыс тексеру жүргізіледі.
14. Жедел ден қою шараларын қолдануға алып келген мемлекеттік бақылау нәтижелерімен келіспеген жағдайда бақылау және қадағалау субъектісі қадағалау актісін жарамсыз деп тану және оның күшін жою туралы шағым бере алады.
Шағым Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің 29-тарауында көзделген тәртіппен жоғары тұрған мемлекеттік органға не Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен сотқа беріледі.
Шағым беру қадағалау актісінің орындалуын тоқтата тұрмайды.
15. Қадағалау актісін жарамсыз деп тану және оның күшін жою үшін мыналар негіз болып табылады:
1) жедел ден қою шараларын қолдануға негіздің болмауы;
2) осы шараға сәйкес келмейтін негіз бойынша жедел ден қою шараларын қолдану;
3) мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық инспекторлардың өздерінің құзыретіне кірмейтін мәселелер бойынша жедел ден қою шараларын қолдануы.
16. Жедел ден қою шараларын қолдану туралы ақпарат өз құзыреті шегінде мемлекеттік құқықтық статистика және арнайы есепке алу саласындағы қызметті жүзеге асыратын мемлекеттік органға Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы айқындаған тәртіппен жіберіледі.
Ескерту. 14-2-баппен толықтырылды – ҚР 06.04.2024 № 71-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
Қазақстан Республикасының 2002 жылғы 10 шілдедегі N 339 Заңы.
Осы Заң ветеринария саласындағы қызметті жүзеге асырудың құқықтық, ұйымдастырушылық және экономикалық негіздерін айқындайды және ветеринариялық-санитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған.
Қазақстан Республикасының
Президенті
© 2012. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты» ШЖҚ РМК
Конституция Заң Кодекс Норматив Жарлық Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгер Қорғаушы Заң қызметі Құқық қорғау Құқықтық қөмек Заңгерлік кеңсе Азаматтық істері Қылмыстық істері Әкімшілік істері Арбитраж даулары Заңгерлік кеңес Заңгер Адвокаттық кеңсе Қазақстан Қорғаушы Заң компаниясы