246-бап. Пошта жөнелтілімдері мен өзге де жөнелтілімдерді жасырын бақылау ҚР ҚПК Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексi
1. Хаттарда, жеделхаттарда, радиограммаларда, бандерольдарда, сауқаттарда және басқа да пошта жөнелтілімдерінде іс үшін маңызы бар мәліметтер, құжаттар және нәрселер қамтылған деп пайымдауға жеткілікті негіздер болған кезде оларға қатысты жасырын бақылау жүзеге асырылуы мүмкін.
2. Тергеуші, анықтаушы пошта жөнелтілімдері мен өзге жөнелтілімдерді жасырын бақылауды қажет деп тауып, уәжді қаулы шығарады.
Қаулыда: пошта-телеграф жөнелтілімдерін кідірту жөнінде міндет жүктелетін байланыс мекемесінің атауы, пошта-телеграф жөнелтілімдері жасырын бақылануға жататын адамдардың тегі, аты, әкесінің аты (ол болған кезде), олардың мекенжайы, жасырын бақылау қолданылатын пошта-телеграф жөнелтілімдерінің түрі, осы бақылау қолданылатын мерзім көрсетілуге тиіс.
Көрсетілген қаулы тергеу судьясына ұсынылады және ол санкция берген жағдайда, оны тергеуші, анықтаушы орындау үшін пошта мекемелеріне немесе жөнелтілімдерді жеткізу бойынша қызметтер көрсететін тұлғаларға жібереді.
3. Пошта мекемелері немесе жөнелтілімдерді жеткізу бойынша қызметтер көрсететін тұлғалар тергеушіні, анықтаушыны өздерінің иелігінде бақылануға жататын пошта жөнелтілімі мен өзге де жөнелтілімнің бар екендігі туралы дереу хабардар етеді.
Тергеуші, анықтаушы хабарламаны алған кезден бастап жиырма төрт сағат ішінде, қажет болған кезде пошта мекемесінің уәкілетті қызметкерінің немесе жөнелтілімдерді жеткізу бойынша қызметтер көрсететін тұлғаның қатысуымен жөнелтілімді қарап-тексереді және (немесе) оның құрамымен танысады, осы жөнелтілімнің құрамын тіркеп немесе онсыз, оны одан әрі жеткізу туралы шешім қабылдайды.
4. Пошта жөнелтілімі мен өзге де жөнелтілімді қарап-тексерудің және (немесе) олармен танысудың әрбір жағдайында тергеуші, анықтаушы осы Кодекстің 199-бабының талаптарын сақтай отырып, хаттама жасайды, онда іс-шараны жүргізуге қатысқан тұлғалардың деректері, қарап-тексеруге және (немесе) таныстырылуға жатқызылған пошта жөнелтілімі мен өзге де жөнелтілімнің атауы және түрі, жөнелтілімнің құрамын тіркеп немесе онсыз, оны одан әрі жеткізу туралы мәліметтер көрсетіледі.
5. Тергеуші, анықтаушы қажет болған жағдайларда пошта-телеграф жөнелтілімдерін қарап-тексеруге және алуға қатысу үшін тиісті маманды, сондай-ақ аудармашыны шақыруға құқылы.
6. Пошта жөнелтілімдері мен өзге жөнелтілімдерді жасырын бақылау шарасына қажеттілік жойылған кезде, бірақ кез келген жағдайда да тергеп-тексеру аяқталуынан кешіктірмей тергеуші (анықтаушы) тергеу судьясының санкциясымен осы шараның күшін жояды, бұл туралы пошта мекемесі немесе жөнелтілімдерді жеткізу бойынша қызметтер көрсететін тұлға үш тәулік ішінде хабардар етіледі.
Ескерту. 246-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 21.12.2017 № 118-VI Заңымен (01.03.2018 бастап қолданысқа енгізіледі).
Қылмыстық-процестік кодексi, Қылмыстық кодекс, Қылмыстық кодекске түсініктеме (комментарии), Жоғарғы Соттың нормативтік қаулысы, Қылмыстық заңнама, Нормативті құқықтық актілер Қазақстан Республикасы