340-бап. Басты сот талқылауының шегi ҚР ҚПК Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексi
1. Осы баптың екінші бөлігінде көзделген жағдайды қоспағанда, басты сот талқылауы тек сотталушыға қатысты және оның сотқа берілген айыптау шектерінде ғана жүргiзiледi.
2. Егер айыптауды өзгерту айыпталушының қорғалу құқығын бұзбаса, айыптауды өзгертуге жол берiледi.
3. Егер басты сот талқылауы барысында қаралып отырған істі басқа қылмыстық іспен біріктіру, егер басқа адамдардың әрекеттері қаралып жатқан іспен байланысты болса және оларға қатысты iстi бөлек қарау мүмкiн болмаса, басқа адамдарды қылмыстық жауаптылыққа тарту қажеттігі туындаса, сот айыптаушы тараптың өтiнiшхаты бойынша, процестiң басқа қатысушыларының пiкiрiн ескере отырып, істі қарауда үзіліс жасайды және осы Кодекстің 321-бабында көзделген тәртіппен алдын ала тыңдауды өткiзеді.
4. Алдын ала тыңдауда қарастырылып жатқан қылмыстық істі жаңадан келіп түскен іспен біріктірген кезде сот прокурорға жаңа айыптау актісін, сотқа дейінгі жеделдетілген тергеп-тексеру хаттамасын, айыптау хаттамасын жасау үшін уақыт береді.
5. Егер басты сот талқылауы барысында сотталушыға неғұрлым ауыр немесе бастапқыдан ерекшеленетін айыптау тағу қажеттігі туындаса, сот істі қарауды кейінге қалдырып, прокурорға жаңа айыптау актісін, сотқа дейінгі жеделдетілген тергеп-тексеру хаттамасын, айыптау хаттамасын жасау үшін уақыт береді.
6. Біріктірілген іс бойынша сот ісін жүргізу осы Кодекстің 7-бөлімінде көзделген тәртіппен жүзеге асырылады. Сот жаңа айыптау актісі, сотқа дейінгі жеделдетілген тергеп-тексеру хаттамасы, айыптау хаттамасы жасалғанға дейін зерттеген дәлелдемелерді қайтадан зерттеу сот осындай қажеттілік бар деп таныған жағдайда жүзеге асырылады.
Ескерту. 340-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 27.12.2021 № 88-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
Қылмыстық-процестік кодексi, Қылмыстық кодекс, Қылмыстық кодекске түсініктеме (комментарии), Жоғарғы Соттың нормативтік қаулысы, Қылмыстық заңнама, Нормативті құқықтық актілер Қазақстан Республикасы