597-бап. Қылмыстық қудалауды жүзеге асыру туралы сұрау салудың (тапсырманың, өтінішхаттың) мазмұны ҚР ҚПК Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексi
1. Қылмыстық қудалауды жүзеге асыру туралы сұрау салуда (тапсырмада, өтінішхатта):
1) шет мемлекеттің құзыретті мекемесінің атауы;
2) қылмыстық процесті жүргізетін органның атауы;
3) Қазақстан Республикасының тиісті халықаралық шартына сілтеме;
4) оған байланысты қылмыстық қудалауды жүзеге асыру туралы тапсырма жіберілетін іс-әрекеттің сипаттамасы;
5) қылмыстың жасалу уақытын, орнын және мән-жайларын мейлінше неғұрлым нақты көрсету;
6) күдіктінің немесе сотталушының тегі, аты және әкесінің аты (ол болған кезде), туған күні мен туған жері, оның азаматтығы, сондай-ақ оның жеке басы туралы басқа да мәліметтер;
7) қылмыспен келтірілген залалдың мөлшерін көрсету қамтылуға тиіс.
2. Қылмыстық қудалауды жүзеге асыру туралы сұрау салуға (тапсырмаға, өтінішхатқа) мынадай құжаттар:
1) қылмыстық іс материалдары;
2) іс-әрекетті қылмыс деп тануға негіз болған қылмыстық заңның, сондай-ақ іс бойынша іс жүргізу үшін едәуір маңызы бар басқа да заңнамалық нормалардың мәтіні;
3) адамның азаматтығы туралы мәліметтер қоса беріледі.
3. Істегі құжаттың әрбір беті қылмыстық қудалау органының елтаңбалы мөрімен куәландырылуға тиіс.
4. Қылмыстық қудалауды жүзеге асыру туралы сұрау салумен (тапсырмамен, өтінішхатпен) және осы баптың екінші бөлігінде көзделген құжаттармен бірге шет мемлекеттің құзыретті органына қолда бар заттай дәлелдемелер берілуі мүмкін.
5. Қазақстан Республикасында қылмыстық іс бойынша іс жүргізетін органда қылмыстық іс материалдарының көшірмелері сақталады.
Қылмыстық-процестік кодексi, Қылмыстық кодекс, Қылмыстық кодекске түсініктеме (комментарии), Жоғарғы Соттың нормативтік қаулысы, Қылмыстық заңнама, Нормативті құқықтық актілер Қазақстан Республикасы