6-бап. Еуразиялық экономикалық одақтың және (немесе) Қазақстан Республикасының кеден заңнамасында белгіленетін мерзімдерді есептеу тәртібі Қазақстан Республикасындағы кедендік реттеу туралы кодексі
1. Еуразиялық экономикалық одақтың және (немесе) Қазақстан Республикасының кеден заңнамасында белгіленген мерзім күнтізбелік күн немесе жылдармен, айлармен, күндермен немесе сағаттармен есептелетін уақыт кезеңінің өтуі бойынша айқындалады.
Мерзім басталуға тиіс оқиғаны немесе жасалуға тиіс әрекетті көрсете отырып та айқындалуы мүмкін.
2. Егер Еуразиялық экономикалық одақтың және (немесе) Қазақстан Республикасының кеден заңнамасында мерзімдерді есептеудің арнайы тәртібі белгіленбесе, Еуразиялық экономикалық одақтың және (немесе) Қазақстан Республикасының кеден заңнамасында уақыт кезеңімен айқындалған мерзімдердің басталуын және аяқталуын айқындау үшін осы баптың 3, 4, 5, 6, 7, 8 және 9-тармақтарында көзделген қағидалар қолданылады.
3. Жылдармен, айлармен немесе күндермен есептелетін уақыт кезеңімен айқындалған мерзімнің өтуі оқиғаның басталуы айқындалған күнтізбелік күннен немесе ол басталған күннен кейінгі келесі күні, ал сағатпен есептелетін мерзімнің өтуі – басталуы айқындалған оқиға басталған сағаттан кейінгі сағаттан басталады.
4. Жылдармен есептелетін мерзім мерзімнің соңғы жылының тиісті айында және күнінде бітеді.
5. Айлармен есептелетін мерзім мерзімнің соңғы айының тиісті күнінде бітеді.
Егер айлармен есептелетін мерзімнің аяқталуы тиісті күні жоқ айға тура келетін болса, онда мерзім осы айдың соңғы күнінде бітеді.
6. Егер мерзімнің соңғы күні жұмыс істемейтін күнге тура келетін болса, одан кейінгі жақын жұмыс күні мерзімнің аяқталу күні болып есептеледі.
7. Егер мерзім қандай да бір әрекетті жасау үшін белгіленсе, ол осы тармақтың екінші және үшінші бөліктерінде көзделген жағдайларды қоспағанда, мерзімнің соңғы күні сағат жиырма төртке дейін жасалуы мүмкін.
Егер бұл әрекет ұйымда жасалуға тиіс болса, онда мерзім осы ұйымда тиісті операциялар белгіленген қағидалар бойынша тоқтатылған сағатта бітеді.
Егер жазбаша өтініштер мен хабарламалар пошта байланысы мекемесіне (ұйымына) мерзімнің соңғы күні сағат жиырма төртке дейін тапсырылған болса, белгіленген мерзім өткізіп алынған болып есептелмейді.
8. Егер мерзім жұмыс күндерімен есептелетін болса, жұмыс күндері деп:
1) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жұмыс істемейтін күн деп жарияланған күндер тура келмейтін, аптаның дүйсенбіден жұмаға дейінгі күндері;
2) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жұмыс күндері ауыстырылған демалыс күндері түсініледі.
9. Егер тауарларды Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы өткізетін жерлерде және кеден органдары орналасқан өзге де жерлерде кеден органдарының жұмыс істемейтін күндерде жұмыс істеу уақыты белгіленген жағдайда, осы кеден органдарының жұмыс күндерімен есептелетін кедендік операциялар жасау мерзімі жұмыс істемейтін күндерді қамтиды.
Қазақстан Республикасындағы кедендік реттеу туралы Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы Экология кодексі Әлеуметтік кодекс Азаматтық кодексi Қылмыстық-процестік кодексi, Қылмыстық кодекс, Қылмыстық кодекске түсініктеме (комментарии), Жоғарғы Соттың нормативтік қаулысы, Қазақстан Республикасы