604-бап. Сотталған адамды немесе өзіне медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шаралары қолданылған адамды беру туралы мәселені шешу тәртібі ҚР ҚПК Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексi
1. Егер сотталған адам шет мемлекеттің азаматы болып табылса, қылмыстық-атқару жүйесінің мекемесі сотталған адамға Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасына немесе өзі азаматы болып табылатын мемлекеттің уәкілетті органына өзін осы Кодексте көзделген негізде және тәртіппен сол мемлекетте жазасын өтеу үшін беру туралы өтінішхатпен жүгіну құқығын түсіндіреді.
2. Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры материалдарды зерделегеннен және тексергеннен кейін олар тиісінше ресімделген жағдайда және осы Кодексте немесе Қазақстан Республикасының халықаралық шартында көзделген негіздер болған кезде осы Кодекстің 602-бабында көрсетілген шетелдік азаматтарды беруге қатысты шешім қабылдайды, ол туралы шет мемлекеттің тиісті органына және өзінің бастамасы бойынша осы адамды беру туралы мәселе қаралған адамға хабарлайды.
3. Шет мемлекеттің уәкілетті органынан сотталған адамды жазасын өтеу үшін немесе өзіне медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шаралары қолданылған адамды қабылдауға келісетіні туралы ақпарат алынғаннан кейін Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы тиісінше ішкі істер органына осы адамды қылмыстық-атқару жүйесінің мекемесінен немесе мәжбүрлеп емдеуді жүзеге асыратын медициналық ұйымнан шет мемлекетке беру орнын, уақыты мен тәртібін келісу және беруді ұйымдастыру туралы тапсырма береді.
Мемлекеттік органдар сотталған адамды шет мемлекетке беруді жүзеге асыруда ішкі істер органына өз құзыреті шегінде жәрдем көрсетеді.
4. Осы Кодекстің 602-бабында көрсетілген шетелдіктерді беру оларды шартты түрде мерзімінен бұрын босату, жазаның өтелмеген бөлігін неғұрлым жеңiл жазамен ауыстыру, кешірім жасау, сондай-ақ медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдануды тоқтату немесе өзгерту туралы Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен өтінішхат беру құқығынан айырмайды. Осы мәселені Қазақстан Республикасында қарау үшін қажетті кез келген құжат немесе ақпарат үкімді орындайтын немесе мәжбүрлеп емдеуді жүзеге асыратын мемлекеттің құзыретті органдарынан Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы арқылы сұратылуы мүмкін.
5. Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы үкім шығарған сотқа сотталған адамды беру туралы қабылданған шешім туралы хабарлайды, сондай-ақ сотты шет мемлекетте үкімді орындау нәтижелері туралы хабардар етуді қамтамасыз етеді.
6. Қазақстан Республикасында рақымшылық жарияланған жағдайда, сотталған адамды беру туралы ақпаратты алған сот мұндай сотталған адамға рақымшылық жасау туралы мәселені осы бапқа сәйкес қарайды. Қажет болған жағдайда, сот үкімді орындайтын мемлекеттің құзыретті органдарынан рақымшылық жасауды қолдану туралы мәселені қарау үшін қажетті ақпарат алу мақсатында Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасына өтініш жасай алады.
7. Осы баптың төртінші және алтыншы бөліктеріне сәйкес шартты түрде мерзімінен бұрын босату, жазаның өтелмеген бөлігін неғұрлым жеңіл жазамен ауыстыру, кешірім немесе рақымшылық жасауды қолдану, медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдануды тоқтату немесе өзгерту туралы шешім қабылданған жағдайда, Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы тиісті шешімнің көшірмесін үкімді орындайтын немесе мәжбүрлеп емдеуді жүзеге асыратын мемлекетке жібереді.
Ескерту. 604-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 27.12.2021 № 88-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
Қылмыстық-процестік кодексi, Қылмыстық кодекс, Қылмыстық кодекске түсініктеме (комментарии), Жоғарғы Соттың нормативтік қаулысы, Қылмыстық заңнама, Нормативті құқықтық актілер Қазақстан Республикасы