Әкімшілік құқық бұзушылықта көлік құралын басқару құқығынан айыру түріндегі қосымша жазаны айыппұлмен қатар қолдануға болмайды
Атырау облысы Махамбет аудандық сотының 2012 жылғы 20 желтоқсандағы қаулысымен С. Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің (бұдан әрі- ӘҚБтК) 468-1-бабымен кінәлі деп танылып, оған 200 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде 323 600 теңге әкімшілік айыппұл салынып, 2 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айыру жазасы тағайындалған. Атырау облыстық соты апелляциялық сот алқасының 2013 жылғы 14 қаңтардағы ұйғарымымен сот қаулысы өзгеріссіз қалдырылған. Қазақстан Республикасы Бас прокурорының орынбасары наразылығында Махамбет аудандық сотының қаулысын және Атырау облыстық соты апелляциялық сот алқасының ұйғарымын өзгертіп, сот актілерінің қарар бөлігіндегі С.-ны 2 жыл мерзімге көлік басқару құқығынан айыру жазасын алып тастауды сұраған. Наразылықтың уәждерін қуаттаған прокурордың қорытындысын тыңдап, іс материалдарын зерделеп, қадағалау сот алқасы прокурордың наразылығы төмендегі негіздерге байланысты қанағаттандыруға жатады деген тұжырымға келеді.
Әкімшілік құқық бұзушылықта көлік құралын басқару құқығынан айыру түріндегі қосымша жазаны айыппұлмен қатар қолдануға болмайды
Сот қаулысына сәйкес, С. Атырау-Орал тас жолының бойында «Ваз-21070» маркалы автокөлігін жүргізіп келе жатып, Жол қауіпсіздігі ережесін сақтамай, «Renault» маркалы жүк автокөлігінің сол жақ бетіне жанама соқтығыс жасап, өзі жолдың оң жақ бетіне аударылған. Жол-көлік оқиғасының нәтижесінде «Ваз-21070» автокөлігінде отырған жолаушы Т.- ның денсаулығына орташа ауырлықтағы зиян келтірілген. «Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы заңнаманы соттардың қолдануының кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2004 жылғы 26 қарашадағы №18 нормативтік қаулысының 14- тармағына сәйкес, әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін әкімшілік жаза тек ӘҚБтК-нің ерекше бөлігі баптарының санкциясы шегінде ғана қолданылады. ӘҚБтК-нің 468-1-бабында автокөлікті, троллейбусты, трамвайды не басқа да механикалық көлiк құралын жүргiзушi адамның жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы абайсызда адамның денсаулығына орташа ауырлықтағы зиян келтiруі –екі жүзден бес жүзге дейiнгі айлық көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға не қырық бес тәулікке дейін әкімшілік қамауға және бір жылдан екі жылға дейінгі мерзімге көлік құралын жүргізу құқығынан айыруға соғатыны көрсетілген. Аталған баптың санкциясындағы «не» сөзі баламалы мағынаны білдіретін біртектес сөйлемдер мен сөз тіркестерін бөліп көрсетіп, оларды бір-бірімен байланыстыру үшін пайдаланылатын жалғастырушы сөз болып табылады. Сол себепті, ӘҚБтК-нің 468-1-бабында көзделген көлік құралын жүргізу құқығынан айыру түріндегі қосымша жаза әкімшілік қамауға алу жазасын қолданған кезде ғана тағайындалуы қажет. Яғни, көлік құралын басқару құқығынан айыру түріндегі қосымша жазаны айыппұлмен қатар қолдануға болмайды. Осыған орай, айыппұл салу мен көлік құралын басқару құқығынан айыру түріндегі жазаларды тағайындау ӘҚБтК-нің 44-бабының 2-бөлігінің талаптарына қайшы келеді, себебі, әкiмшiлiк жаза әлеуметтiк әдiлеттiлiктi қалпына келтiру және құқық бұзушылықты жасаған адамды заң талаптарын сақтау және құқық тәртiбiн құрметтеу рухында тәрбиелеу, сондай-ақ құқық бұзушының өзiнiң де, сол сияқты басқа адамдардың да жаңа құқық бұзушылық жасауының алдын алу мақсатында қолданылады. ӘҚБтК-нің 665-бабының 2-бөлігіне сәйкес, әкімшілік жауапкершілік туралы заңды дұрыс қолданбау әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша қаулының күшін жоюға немесе оны өзгертуге негіз болады. Осы айтылғандардың негізінде, С.-ға қатысты сот актілерінің қарар бөлігінен оны екі жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айыру жазасы алынып тасталуға жатады.
Назар аударыңыз!
«Заң және Құқық» адвокаттық кеңсесі, бұл құжаттың жалпылама екендігіне және нақты сіздің жағдайыңыздың талаптарына сәйкес келмеуі мүмкіндігіне көңіл бөлуіңізді сұрайды. Біздің заңгерлер сіздің нақты жағдайыңызға сәйкес келетін кез келген құқықтық құжатты әзірлеп көмектесуге дайын.
Қосымша ақпарат алу үшін Заңгер/Адвокат телефонына хабарласуыңызға болады: +7 (708) 971-78-58; +7 (700) 978 5755, +7 (700) 978 5085.
Адвокат Алматы Заңгер Қорғаушы Заң қызметі Құқық қорғау Құқықтық қөмек Заңгерлік кеңсе Азаматтық істері Қылмыстық істері Әкімшілік істері Арбитраж даулары Заңгерлік кеңес Заңгер Адвокаттық кеңсе Қазақстан Қорғаушы Заң компаниясы