1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар Жасанды интеллект туралы Заңы
Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) дерекнама – жасанды интеллект модельдерін оқып-үйренуге жарамды құрылымдалған және (немесе) топтастырылған деректер жиынтығы;
2) дерекнаманы әзірлеуші – жасанды интеллект модельдерін оқып-үйренуге жарамды деректерді жинауды, өңдеуді және құрылымдауды ұйымдастырған адам;
3) жасанды интеллект – адамның интеллектуалды қызметінің нәтижелерімен салыстырылатын немесе олардан асып түсетін нәтижелерді қамтамасыз ететін, адамға тән когнитивті функцияларды имитациялай алатын функционалдық қабілет;
4) жасанды интеллект жүйелері қызметінің синтетикалық нәтижелері – жасанды интеллект жүйесі жасаған немесе өзгерткен, жеке тұлғаның сыртқы келбетін, дауысын, мінез-құлқын немесе іс жүзінде болмаған оқиғаларды имитациялайтын кескін, бейне, аудио, мәтіндер немесе олардың комбинациялары;
5) жасанды интеллект жүйесі – жасанды интеллектінің бір немесе бірнеше моделі негізінде жұмыс істейтін ақпараттандыру объектісі;
6) жасанды интеллект жүйесі қызметінің нәтижесі – ұсынылу нысандарына қарамастан, ақпарат немесе шешім немесе жасанды интеллект жүйесі өндіретін жұмыстарды және (немесе) көрсететін қызметтерді қоса алғандағы әрекеттер;
7) жасанды интеллект жүйесін пайдаланушы (бұдан әрі – пайдаланушы) – нақты функцияны және (немесе) міндетті орындау үшін жасанды интеллект жүйесін пайдаланатын адам;
8) жасанды интеллект моделі – арнаулы міндеттерді орындау үшін әзірленген және өзгеріп отыратын жағдайларға бейімделе алатын, жинақталған тәжірибе негізінде оқып-үйренуге болатын және өз қызметінің процестері мен нәтижелерін оңтайландыра білетін бағдарламалық өнім;
9) жасанды интеллект моделін оқып-үйрену – ұсынылған немесе жинақталған деректерді модельдің интеллектуалды міндеттерді орындау қабілетін қалыптастыру немесе жетілдіру мақсатында өңдеу процесі;
10) жасанды интеллект саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) – жасанды интеллект саласында басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
11) жасанды интеллектінің ұлттық платформасы – дерекнамаларды жинауға, өңдеуге, сақтау мен таратуға және жасанды интеллект саласында көрсетілетін қызметтерді ұсынуға арналған технологиялық платформа;
12) жасанды интеллектінің ұлттық платформасының бағдарламалық өнімі (бұдан әрі – платформалық бағдарламалық өнім) – жасанды интеллектінің ұлттық платформасында әзірленген, орналастырылған бағдарламалық өнім;
13) жасанды интеллектінің ұлттық платформасының операторы – жасанды интеллектінің ұлттық платформасын дамыту мен оның жұмыс істеуін қамтамасыз ету жүктелген заңды тұлға;
14) машина оқитын нысан – жасанды интеллект жүйелерінің не өзге де бағдарламалық қамтылымның ақпаратты автоматтандырылған түрде оқуына және өңдеуіне мүмкіндік беретін оның ұсынылу нысаны;
15) мәтіндік сұрау салу – жасанды интеллект жүйесі қызметінің нәтижесін алу үшін оған жіберілетін, пайдаланушының жазбаша түрдегі немесе электрондық нысандағы сұрау салуы, тапсырмасы немесе өзге де хабарламасы.
Қазақстан Республикасының Заңы 2025 жылғы 17 қарашадағы № 230-VIII ҚРЗ
Қазақстан Республикасының
Президенті
© 2012. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты» ШЖҚ РМК
Конституция Заң Кодекс Норматив Жарлық Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгер Қорғаушы Заң қызметі Құқық қорғау Құқықтық қөмек Заңгерлік кеңсе Азаматтық істері Қылмыстық істері Әкімшілік істері Арбитраж даулары Заңгерлік кеңес Заңгер Адвокаттық кеңсе Қазақстан Қорғаушы Заң компаниясы