1-бап. Осы Заңда қолданылатын негізгі ұғымдар Топырақты қорғау туралы Қазақстан Республикасының Заңы
Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар қолданылады:
1) агрохимиялық зерттеп қарау – өсімдіктерді минералды қоректендіру элементтерінің мөлшерін, топырақтағы ортаның, органикалық заттардың, микроэлементтердің реакциясын және қайта сортаңдану химиясын айқындау үшін жүргізілетін топырақты зерттеп қарау;
2) мелиорациялық зерттеп қарау – топырақтың қайта сортаңдануының, тұздануының, батпақтануының және эрозиясының белгілері бар топырақ контурларының шекарасын анықтау және нақтылау үшін жүргізілетін топырақты зерттеп қарау;
3) топырақ – биотикалық, абиотикалық және антропогендік факторлардың ұзақ уақыт әсер етуі нәтижесінде жер бетінде пайда болған, минералдық қатты бөлшектер мен органикалық заттардан, су мен ауадан тұратын және өзіндік ерекше генетикалық-морфологиялық белгілері, өсімдіктердің өсуі мен дамуы үшін тиісті жағдай жасайтын қасиеттері бар өздігінен табиғи түрде жылдар бойы қалыптасқан дербес органикалық-минералды табиғи дене;
4) топырақ сапасы – адамның, өсімдіктер мен жануарлардың тіршілік әрекеті үшін қолайлы ортаны қамтамасыз етуге топырақтың қатысу сипаты мен тиімділігін айқындайтын топырақ қасиеттерінің жиынтығы;
5) топырақ саулығы – адамның, өсімдіктер мен жануарлардың тіршілік әрекетін қамтамасыз ету үшін топырақтың өнімділік пен биоәртүрлілікті сақтап тұру қабілеті;
6) топырақты бонитеттеу – топырақтың сапасын және ауыл шаруашылығы алқаптарының табиғи өнімділік қабілетін салыстырмалы бағалау;
7) топырақты зерттеп қарау – белгілі бір аумақтағы топырақтың қасиеттерін, жай-күйін және кеңістіктегі орнын зерделеу мен анықтау мақсатында жүргізілетін топырақты зерттеп қарау;
8) топырақты қалпына келтіру – топырақтың сапасын, құнарлылығын, саулығы мен құрылымын қалпына келтіруге бағытталған іс-шара;
9) топырақты қорғау – топырақты ұтымды пайдалану мен сақтауға, оның тозуын болғызбауға, табиғи, антропогендік және техногендік сипаттағы әсерден қорғауға бағытталған құқықтық, ұйымдастыру, экономикалық және өзге де шаралар кешені;
10) топырақты қорғау саласындағы талаптар – шаруашылық және өзге де қызметке қойылатын, Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген міндетті шарттар және (немесе) шектеулер;
11) топырақты қорғау саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) – жер қатынастары саласында реттеуді жүзеге асыратын орталық мемлекеттік орган;
12) топырақты мониторингтеу – топырақтың жай-күйін жүйелі түрде байқау;
13) топырақтың бүлінуі – топырақ құнарлылығының төмендеуіне және оның тозуына алып келетін, топырақ пен оның астыңғы қабаттары құрылысының қолайсыз өзгеруі;
14) топырақтың жай-күйі – топырақтың құрамын, құрылымын және қасиеттерін сипаттайтын көрсеткіштер жиынтығы;
15) топырақтың құнарлы қабаты – өсімдіктердің өсуі мен дамуы үшін қолайлы химиялық, физикалық және биологиялық қасиеттері болатын топырақ кескінінің үстіңгі қарашірінді бөлігі;
16) топырақтың құнарлылығы – өсімдіктердің өсуі мен дамуы үшін топырақтың оларды қажетті қоректендіру элементтерімен қамтамасыз ету және қолайлы жағдай жасау қабілеті;
17) топырақтың құнарсыздануы – топырақ құнарлылығының төмендеу, биоәртүрліліктің азаю және органикалық әрі қоректік заттар мөлшерінің кему процесі;
18) топырақтың ластануы – топырақта ластаушы заттардың топырақ сапасының экологиялық нормативтерінде белгіленгеннен асатын концентрацияда болуы;
19) топырақтың тозуы – топырақ сапасының нашарлауымен, құнарлылығының төмендеуімен, биоәртүрлілігінің азаюымен, топырақ құрылымының табиғи, антропогендік және техногендік сипаттағы әсерден бұзылуымен сипатталатын процесс;
20) топырақты ұтымды пайдалану – топырақтың тозуын болғызбау, оның құнарлылығын сақтау мен жақсарту жөніндегі шараларды қамтитын, оның ықтимал мүмкіндіктері және шектеулер ескеріліп, топырақты оңтайлы пайдалану;
21) топырақ эрозиясы – топырақ құнарлылығының төмендеуіне алып келетін, табиғи және антропогендік сипаттағы әсерден шайылу және жел қағу салдарынан топырақтың үстіңгі қабатының бұзылу процесі;
22) тыңайтқыштарды қолданудың ғылыми негізделген жүйесі – органикалық және минералды тыңайтқыштарды ұтымды пайдалануға бағытталған агрохимиялық және агротехникалық іс-шаралар кешені.
Топырақты қорғау туралы Қазақстан Республикасының Заңы 2026 жылғы 8 шiлдедегi № 341-VIII ҚРЗ
Осы Заң топырақты қорғау саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейді және олардың құқықтық, экономикалық және ұйымдастыру негіздерін айқындайды.
Қазақстан Республикасының
Президенті
Конституция Заң Кодекс Норматив Жарлық Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгер орғаушы Заң қызметі Құқық қорғау Құқықтық қөмек Заңгерлік кеңсе Азаматтық істері Қылмыстық істері Әкімшілік істері Арбитраж даулары Заңгерлік кеңес Заңгер Адвокаттық кеңсе Қазақстан Қорғаушы Заң компаниясы Декларация Жарлық Бұйрық Қаулы Шешім Баяндама Қорытынды Өтініш Конвенция Келісімшарт Меморандум Әдістеме Нормалар Нота Ережелер Бағдарлама Жарғы Мақала Түсініктеме Қарар Регламент Хаттама Жоба Жолдау