101-бап. Жария сауда-саттықты өткiзу тәртiбi Мемлекеттік мүлік туралы Заңы
1. Сауда-саттық өткізу туралы хабарламаны сатушы оны өткізуден кемінде күнтізбелік он бес күн бұрын жариялауға тиіс. Хабарлама мемлекеттік мүлік тізілімінің веб-порталында қазақ және орыс тілдерінде жариялануға тиіс.
Хабарламада сауда-саттықтың уақыты, орны мен түрi, сату объектiсi және сауда-саттықты өткiзу тәртiбi туралы, оның iшiнде сауда-саттыққа қатысуды ресiмдеу, сауда-саттықты ұтып алған тұлғаны айқындау шарттары туралы мәлiметтер, сондай-ақ бастапқы баға мен кепiлдiкті жарнаның мөлшерi туралы мәлiметтер қамтылуға тиiс.
2. Сатушы сауда-саттық шарттарын өзгерткен жағдайда ол барлық өзгерістер туралы хабарламаны осы баптың 1-тармағында белгiленген тәртiппен және мерзiмде жасауға тиiс.
Сауда-саттық шарттарын өзгерту туралы хабарлама жарияланғанға дейiн оған қатысуға өтiнiм берген және осыған байланысты оған қатысудан бас тартқан тұлғалар кепiлдiк жарнасының және өздеріне келтірілген шығыстардың қайтарылуын талап етуге құқылы.
3. Сатушы сауда-саттық өткiзiлгенге дейін үш жұмыс күнінен кешіктірмей сауда-саттыққа қатысуға өтiнiм берген тұлғаларға келтірілген нақты зиянды өтей отырып, олардан бас тартуға құқылы.
Сауда-саттықты өткізудің мүмкін болмауына байланысты ол өткізілмеуі мүмкін. Егер сауда-саттықты өткізу сатушыға байланысты емес себептер бойынша еңсерілмейтін күштің салдарынан мүмкін болмаса, сатушы сауда-саттыққа қатысуға өтiнiм берген тұлғаларға келтірілген нақты зиянды өтеуден босатылады.
4. Сауда-саттыққа қатысушылар сауда-саттық өткiзу туралы хабарламада көрсетiлген мөлшерде, мерзiмдерде және тәртiппен кепiлдiкті жарнаны енгізеді. Егер сауда-саттық өткізілмесе, кепiлдiкті жарна қайтарылуға жатады. Кепiлдiкті жарна өтінім берген, бірақ сауда-саттыққа қатыспаған, сауда-саттыққа қатысқан, бiрақ оны ұтпаған тұлғаларға және сауда-саттық өткiзуден кемінде үш жұмыс күні бұрын оған қатысудан жазбаша бас тартқан тұлғаларға да қайтарылады.
Кепілдік жарналар сауда-саттыққа қатысушының кепілдік жарнаны қайтару туралы осы қатысушының деректемелерін көрсете отырып берген өтініші негізінде қайтарылады.
Сауда-саттықты ұтқан тұлғамен сатып алу-сату шартын жасау кезінде ол енгiзген кепiлдiк жарнаның сомасы жасалған шарт бойынша мiндеттемелердi орындау шотына есептеледі.
4-1. Аукцион екі әдіспен:
бағаны көтеру;
бағаны төмендету әдісімен өткізіледі.
Бағаны көтеру әдісі қолданылатын аукционды өткізу кезінде жекешелендіру объектісінің бастапқы бағасы осы Заңның 100-1-бабының 1-тармағына сәйкес айқындалған жекешелендіру объектісінің алғашқы бағасына тең болады.
Бағаны төмендету әдісі қолданылатын аукционды өткізу кезінде жекешелендіру объектісінің бастапқы бағасы алғашқы бағаны 3-ке тең болатын арттыру коэффициентіне көбейту жолымен айқындалады.
Жекешелендіру объектісі бірінші сауда-саттыққа бағаны көтеруге арналған әдіс қолданылатын аукционға шығарылады.
Екінші сауда-саттыққа жекешелендіру объектісі алғашқы бағаның жетпіс пайызы мөлшерінде ең төмен баға белгіленіп, бағаны төмендетуге арналған әдіс қолданылатын аукционға шығарылады.
Үшінші сауда-саттыққа жекешелендіру объектісі бастапқы бағаның елу пайызы мөлшерінде ең төмен бағаны белгілей отырып, бағаны төмендетуге арналған әдіс қолданылатын аукционға шығарылады.
Әрбір кейінгі аукцион алдыңғы аукцион күнінен бастап күнтізбелік отыз күннен кешіктірілмей өткізіледі.
Төртінші сауда-саттыққа жекешелендіру объектісі бастапқы бағаның отыз пайызы мөлшерінде ең төмен бағаны белгілей отырып, бағаны төмендетуге арналған әдіс қолданылатын аукционға шығарылады.
Бесінші және одан кейінгі сауда-саттықтарға жекешелендіру объектісі кепілдік жарна мөлшерінен төмен болмайтын ең төмен бағаны белгілей отырып, бағаны төмендетуге арналған әдіс қолданылатын аукционға шығарылады.
4-2. Жекешелендіру объектісі бірінші тендерге шығарылған кезде жекешелендіру объектісінің бастапқы бағасы алғашқы бағаға тең болады.
Жекешелендіру объектісі екінші тендерге шығарылған кезде бастапқы баға алғашқы бағаның жетпіс пайызына тең.
Әрбір кейінгі тендер алдыңғы тендер күнінен бастап күнтізбелік отыз күннен кешіктірілмей өткізіледі.
Жекешелендіру объектісі үшінші тендерге шығарылған кезде бастапқы баға алғашқы бағаның елу пайызына тең.
Жекешелендіру объектісі төртінші тендерге шығарылған кезде бастапқы баға алғашқы бағаның отыз пайызына тең.
Жекешелендіру объектісі бесінші және одан кейінгі тендерлерге шығарылған кезде бастапқы баға кепілдік жарнаның мөлшеріне тең.
4-3. Жекешелендіру объектілерін сату бойынша аукциондар мен тендерлер мынадай негіздердің бірі бойынша өткізілмеді деп танылады:
1) аукционға немесе тендерге қатысуға ұсынылған өтінімдердің болмауы;
2) жалғыз қатысушының аукционда бастапқы немесе жарияланған бағаны растамауы немесе тендерде жекешелендіру объектісінің бастапқы бағасын ұсынбауы;
3) аукцион немесе тендер жеңімпазының осы баптың 6-тармағында белгілеген мерзімде сатып алу-сату шартына қол қоймауы.
Осы тармақта көзделген жағдайларда сатушы өткізілмеген аукцион немесе тендер туралы актіге қол қояды және жекешелендіру объектісі қайтадан сауда-саттыққа шығарылады.
5. Сауда-саттықты ұтқан тұлға және сатушы аукцион немесе тендер өткiзiлген күнi сауда-саттықтың нәтижелерi туралы хаттамаға қол қояды.
6. Тараптар сатып алу-сату шартына сауда-саттық аяқталғаннан кейiн күнтізбелік он күннен кешiктiрмей қол қоюға тиiс.
Сауда-саттықты ұтқан тұлға сауда-саттықтың нәтижелерi туралы хаттамаға немесе сатып алу-сату шартына қол қоюдан жалтарған кезде өзi енгізген кепiлдiк жарнасынан айрылады және кепiлдiк жарнамен жабылмаған бөлiгiнде сатушыға өзі келтірген нақты залалды өтеуге мiндеттi.
Сауда-саттықты ұтқан тұлға осы Заңның 93-бабының талаптарына сай келмейтін жағдайлардан басқа, сатушы сауда-саттық нәтижелерi туралы хаттамаға және сауда-саттықты ұтқан тұлғамен сатып алу-сату шартына қол қоюдан жалтаруға құқылы емес.
Сатып алу-сату шартының талаптары сауда-саттық талаптарына қайшы келмеуге тиiс.
Кәсіпорынды мүліктік кешен ретінде сатып алу-сату шарттарында мерзімдер туралы талаптар қамтылуға тиіс, осы мерзімдер ішінде сатып алушы кәсіпорын қызметінің тоқтатылуын тіркеу үшін "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясына өтініш жасайды.
7. Сатып алу-сату шарты Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында белгіленген коммерциялық және Қазақстан Республикасының заңдарымен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәліметтерді жария етуге қойылатын талаптарды сақтай отырып, мүдделі адамдардың талап етуі бойынша оларға танысу үшін беріледі.
8. Осы бапта белгiленген қағидаларды бұза отырып өткiзiлген сауда-саттықты сот мүдделi тұлғаның, тиісті уәкілетті органның не прокурордың талап-арызы бойынша жарамсыз деп тануы мүмкiн.
Сауда-саттықты жарамсыз деп тану осындай сауда-саттықтың қорытындысы бойынша жасалған сатып алу-сату шартының маңызсыздығына алып келеді.
9. Егер осы Заңның 102, 104-баптарында өзгеше көзделмесе, сауда-саттық өткiзу кезiнде осы бапта белгiленген қағидалар қолданылады.
Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 1 наурыздағы N 413-IV Заңы.
Осы Заң мемлекеттік мүліктің құқықтық режимін, мемлекеттік мүлікті, оның ішінде мемлекеттік заңды тұлғаларға бекітіліп берілген мүлікті және заңды тұлғалардың жарғылық капиталындағы мемлекетке тиесілі акциялар мен қатысу үлестерін басқарудың құқықтық негіздерін, мемлекеттік мүлікке құқықтарға ие болудың және оларды тоқтатудың құқықтық негіздерін айқындайды және мемлекеттің мемлекеттік мүлікке меншік иесінің құқықтарын және өзге де құқықтарды иеленушінің тиімді жүзеге асыруын қамтамасыз етуге бағытталған.
Қазақстан Республикасының
Президенті
© 2012. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты» ШЖҚ РМК
Конституция Заң Кодекс Норматив Жарлық Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгер Қорғаушы Заң қызметі Құқық қорғау Құқықтық қөмек Заңгерлік кеңсе Азаматтық істері Қылмыстық істері Әкімшілік істері Арбитраж даулары Заңгерлік кеңес Заңгер Адвокаттық кеңсе Қазақстан Қорғаушы Заң компаниясы