111-1-бап. Партиялық тізімдер бойынша дауыс беру қорытындылары бойынша депутаттық мандаттарды бөлу Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы Конституциялық заңы
1. Тиісті аумақтық сайлау комиссиясы дауыс беруге қатысқан сайлаушылар дауысының бес және одан да көп пайызын алған әрбір партиялық тізім үшін тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік бойынша берілген сайлаушылар дауысының жиынтығын есептеп шығарады. Бес пайыздық кедергіні еңсерген саяси партиялар үшін берілген сайлаушылар дауысының жиынтығы таратылатын депутаттық мандаттар санына бөлінеді. Алынған нәтиже алғашқы сайлау бөлінді саны (квота) болып табылады.
2. Егер дауыс беруге қатысқан сайлаушылар дауысының бес пайызын тек қана бір саяси партия алса, онда депутаттық мандаттарды бөлуге көрсетілген саяси партияның тізімі, сондай-ақ дауыс беруге қатысқан сайлаушылар дауысының келесі көп санын жинаған партияның партиялық тізімі жіберіледі.
Екі саяси партия үшін берілген сайлаушылар дауысының жиынтығы таратылатын депутаттық мандаттар санына бөлінеді. Алынған нәтиже алғашқы сайлау бөлінді саны (квота) болып табылады.
3. Депутаттық мандаттарды бөлуге қатысатын әрбір партиялық тізім алған дауыстардың саны алғашқы сайлау бөлінді санына бөлінеді.
Бес пайыздық кедергіні еңсермеген және осы баптың 2-тармағына сәйкес мандаттарды бөлуге қатысатын партияның тізімі алған дауыстардың саны алғашқы сайлау бөлінді санына бөлінеді және 0,7 түзету коэффициентіне көбейтіледі.
Санды бөлу нәтижесінде алынған тұтас бөлік партиялық тізімді қалыптастырған тиісті саяси партия алатын депутаттық мандаттар саны болып табылады.
Бес пайыздық кедергіні еңсермеген және осы баптың 2-тармағына сәйкес мандаттарды бөлуге қатысатын саяси партия кемінде бір мандат алады.
4. Егер осы баптың 3-тармағына сәйкес жүргізілген әрекеттерден кейін бөлінбеген мандаттар қалса, оларды қайта бөлу жүргізіледі. Бөлінбеген мандаттар осы баптың 3-тармағына сәйкес бөлудің нәтижесінде алынған санның ең көп бөлшектенген бөлігіне (қалдығына) ие болған партиялық тізімдерге бір-бірден беріледі. Ең көп қалдық тең болған кезде бұрын тіркелген партиялық тізімге артықшылық беріледі.
Осы баптың 2-тармағына сәйкес мандаттарды бөлу кезінде бөлінбеген мандаттар дауыс беру қорытындылары бойынша бес пайыздық кедергіні еңсерген партиялық тізімге беріледі.
5. Депутаттық мандаттарды бөлу кезектілігін саяси партияның тиісті филиалының (өкілдігінің) басшы органы партиялық тізімге енгізілген кандидаттардың арасынан сайлау қорытындылары жарияланған күннен бастап бес күннен кешіктірмей айқындайды.
6. Депутат мерзімінен бұрын шығып қалған жағдайда оның мандаты тиiстi аумақтық сайлау комиссиясының қаулысымен партиялық тiзiмге енгiзiлген кандидаттардың арасынан саяси партияның тиісті филиалының (өкілдігінің) басшы органы айқындайтын келесі кандидатқа берiледi.
Егер тиісті партиялық тізімде кандидаттар қалмаса, мандат мәслихат депутаттарының келесі сайлауына дейін бос қалады.
Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 28 қыркүйектегі N 2464 Конституциялық заңы.
Қазақстан Республикасының
Президенті
Конституция Заң Кодекс Норматив Жарлық Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгер Қорғаушы Заң қызметі Құқық қорғау Құқықтық қөмек Заңгерлік кеңсе Азаматтық істері Қылмыстық істері Әкімшілік істері Арбитраж даулары Заңгерлік кеңес Заңгер Адвокаттық кеңсе Қазақстан Қорғаушы Заң компаниясы