119-бап. Мердігерді таңдау Қазақстан Республикасының Құрылыс кодексі
1. Тапсырыс берушінің не оның уәкілетті адамының мемлекеттік сатып алуға жатпайтын мердігерлік жұмыстарды орындау үшін мердігерді (бас мердігерді) таңдауы:
1) егер осы жоба (бағдарлама) үшін Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше көзделмесе, конкурс өткізілмей;
2) жабық немесе ашық конкурстың (тендердің) нәтижелері бойынша;
3) конкурсқа (тендерге) қатысуға үміткерлердің алдын ала біліктілігі арқылы немесе онсыз жүзеге асырылуы мүмкін.
2. Мыналар мердігерлік жұмыстарға конкурстардың (тендерлердің) негізгі қатысушылары болып табылады:
1) тапсырыс берушінің не тапсырыс беруші өкілеттіктерінің негізінде әрекет ететін оның уәкілетті адамының атынан конкурстарды (тендерлерді) ұйымдастырушы (өткізуші);
2) конкурс жюриі (тендер комиссиясы) – конкурсты (тендерді) ұйымдастырушының (өткізушінің) тұрақты немесе уақытша алқалы жұмыс органы;
3) үміткерлер – конкурстарды (тендерлерді) ұйымдастырушыға (өткізушіге) ашық конкурсқа (тендерге) қатысу ниеті туралы өтінім беріп, ресми түрде жүгінген, конкурсқа (тендерге) қатысуға жіберілген тұлғалар, сондай-ақ жабық конкурсқа (тендерге) қатысуға шақыру алған тұлғалар.
3. Мердігерді (бас мердігерді) таңдау жөнінде конкурс (тендер) өткізу туралы шешім қабылдау кезінде, сондай-ақ құрылыс жобасын (бағдарламаны) іске асыру басталған кезде тапсырыс берушінің:
1) құрылыс үшін қажетті қаржыландыру көздері немесе құрылыс жобасын (бағдарламаны) іске асыру үшін талап етілетін уақыт кезеңінде қажетті сомаға билік ету құқығы болуға тиіс. Бұл ереже құрылысты мердігердің (бас мердігердің) қаржыландыруы жөніндегі талап конкурс (тендер) шарттарына енгізілген жағдайда қолданылмайды;
2) жер учаскесіне (құрылысқа арналған алаңға немесе трассаға) тиісті құқықтары немесе жергілікті атқарушы органның оны беру туралы шешімі болуға тиіс.
4. Егер мердігерді (бас мердігерді) таңдау жөніндегі конкурстың (тендердің) шарттарында инвестициялардың негіздемелерін жасау және жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу тапсырыс берушінің міндеттеріне кіретіні айқындалса, онда мердігерлік жұмыстарға конкурс (тендер) өткізу кезінде тапсырыс берушіде құрылыс жобаларының белгіленген тәртіппен бекітілген инвестициялардың негіздемесі және ведомстводан тыс кешенді сараптамасынан өткен жобалау-сметалық құжаттамасы болуы міндетті.
5. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, Қазақстан Республикасының аумағы мердігерді (бас мердігерді) таңдау жөніндегі ашық конкурс (тендер) ұйымдастырылатын және өткізілетін жер болып табылады.
6. Егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, конкурстың (тендердің) тәртібі мен шарттарын тапсырыс беруші немесе оның тапсырмасы бойынша конкурсты (тендерді) ұйымдастырушы (өткізуші) айқындайды.
7. Мыналар конкурстарға (тендерлерге) қатысуға жіберілмейді:
1) Қазақстан Республикасының аумағында шаруашылық қызметті жүргізуге Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен рұқсат етілмеген жеке және заңды тұлғалар;
2) банкрот деп жарияланған заңды тұлғалар;
3) конкурсты (тендерді) ұйымдастырушылар (өткізушілер) не конкурс жюриінің (тендер комиссиясының) мүшелері болып табылатын адамдар.
8. Тапсырыс беруші не конкурсты (тендерді) ұйымдастырушы (өткізуші) және конкурс жюриі (тендер комиссиясы) үміткерден оның коммерциялық құпиясы болып табылатын ақпаратты міндетті түрде беруді талап етуге құқылы емес.
9. Мердігерлік жұмыстарға өткізілген конкурсты (тендерді) өтті деп жариялау және тапсырыс берушінің конкурсқа (тендерге) қатысушылардың бірін жеңімпаз деп бекітуі (тануы) олардың арасында конкурс (тендер) талаптарында көзделген мердігерлік жұмыстарды орындауға құрылыс мердігерлігі шартын жасасуға негіз болып табылады.
10. Тапсырыс беруші, мердігерлік жұмыстарға арналған конкурсты (тендерді) ұйымдастырушы (өткізуші) және конкурс жюриі (тендер комиссиясы) өз міндеттемелерін орындамағаны немесе тиісінше орындамағаны үшін Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылықта болады.
11. Мемлекеттік сатып алуға жатпайтын мердігерлік жұмыстар тапсырыс беруші не оның уәкілетті адамы мен өздері таңдаған мердігер (бас мердігер) арасында жасалатын құрылыс мердігерлігі шартының негізінде орындалады.
Осы баптың 9-тармағына сәйкес жасалған құрылыс мердігерлігі шартында мердігер (бас мердігер) қосалқы мердігерлердің орындауына беруге ниеттеніп отырған мердігерлік жұмыстардың (көрсетілетін қызметтердің) түрлері мен көлемдері міндетті түрде көрсетіледі. Бұл ретте барлық мердігерлік жұмыстардың құрылыс мердігерлігі шартында көзделген құнының (мердігерлік бағаның) жиынтығында үштен екісінен астамын қосалқы мердігерлікке беруге жол берілмейді.
Мемлекеттік сатып алу шеңберінде орындалатын мердігерлік жұмыстарды (көрсетілетін қызметтердің) орындау не қызметтерді көрсету үшін қосалқы мердігерлерге (бірлесіп орындаушыларға) берілуі мүмкін осындай жұмыстардың шекті көлемдері Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасына сәйкес айқындалады.
12. Егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше көзделмесе, тапсырыс берушінің мердігер (бас мердігер) алдындағы және мердігердің (бас мердігердің) тапсырыс беруші алдындағы міндеттері мен жауапкершілігі құрылыс мердігерлігі шартында белгіленеді.
13. Құрылыс мердігерлігі шартында мердігердің (бас мердігердің) қаржылық жауаптылығын айқындайтын, құрылыс объектісі пайдалануға берілгеннен кейін оның орнықты жұмыс істеуінің кепілдік мерзімдері белгіленеді.
Құрылыс мердігерлігі шартында кепілдік мерзімдер белгіленбеген жағдайда осы Кодекстің 122-бабы 1-тармағының екінші бөлігінде көзделген норма қолданылады.
Қазақстан Республикасының 2026 жылғы 9 қаңтардағы № 253-VIII ҚРЗ Кодексі.
Осы Кодекс Қазақстан Республикасында сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметін жүзеге асыруға,
адам өмір сүретін және тіршілік ететін толыққанды ортаны қалыптастыруға, елді мекендерді, қонысаралық аумақтарды жоспарлауға және дамытуға, құрылыс объектілерінің пайдаланылу циклінің барлық кезеңінде олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге байланысты қоғамдық қатынастарды реттейді.
Қазақстан Республикасының
Президенті
© 2012. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты» ШЖҚ РМК
Конституция Заң Кодекс Норматив Жарлық Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгер Қорғаушы Заң қызметі Құқық қорғау Құқықтық қөмек Заңгерлік кеңсе Азаматтық істері Қылмыстық істері Әкімшілік істері Арбитраж даулары Заңгерлік кеңес Заңгер Адвокаттық кеңсе Қазақстан Қорғаушы Заң компаниясы