137-бап. Құрылыс объектісін пайдалануға жауапты тұлғаның міндеттері Қазақстан Республикасының Құрылыс кодексі
1. Құрылыс объектісінің меншік иесі (оның ішінде кондоминиум арқылы) немесе құрылыс объектісін өзге заңды негізде иеленетін тұлғалар не меншік иелері немесе құрылыс объектісін өзге де заңды негізде иеленетін тұлғалар құрылыс объектісін пайдалану жөніндегі шарттың негізінде құрылыс объектісін қауіпсіз пайдалану үшін тартатын тұлға (дара кәсіпкер немесе заңды тұлға) құрылыс объектісін пайдалану үшін жауапты тұлға болып табылады.
Бұл ретте сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті орган бекіткен талаптарға сәйкес келетін дара кәсіпкермен немесе заңды тұлғамен құрылыс объектісін пайдалану жөніндегі шарт жасалады.
2. Егер құрылыс объектісі меншік иелерінің саны екі және одан көп болса, құрылыс объектісін қауіпсіз пайдалану, оның ішінде оның ортақ мүлкінің мәселелері жөніндегі, құрылыс объектісін қауіпсіз пайдалануды қамтамасыз ету мақсатында құрылыс объектісін пайдалану жөніндегі шарттың негізінде дара кәсіпкерді немесе заңды тұлғаны тарту туралы және өзге де мәселелер жөніндегі шешімдерді мұндай меншік иелері құрылыс объектісінің жалпы алаңындағы әрқайсысының үлесіне мөлшерлес түрде қабылдайды. Үлестің мөлшері жеке (бөлек) меншіктегі құрылыс объектісі үй-жайлары ауданының құрылыс объектісінің барлық үй-жайлары аудандарының сомасына арақатынасымен айқындалады.
Екі және одан көп меншік иесі болған кезде құрылыс объектісін қауіпсіз пайдалану және өзге де мәселелер жөніндегі шешімдер ерікті негізде құрылған кондоминиумның жалпы жиналысында олардың әрқайсысының құрылыс объектісінің жалпы ауданындағы үлесіне мөлшерлестігі ескеріле отырып, сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті орган бекіткен кондоминиумның құрылыс объектісін қауіпсіз пайдалану жөніндегі қағидаларына сәйкес қабылдануы мүмкін.
3. Құрылыс объектісін пайдалану жөніндегі шарттың негізінде құрылыс объектісін қауіпсіз пайдалануды қамтамасыз ету мақсатында дара кәсіпкер немесе заңды тұлға тартылған жағдайда құрылыс объектісінің меншік иесі немесе оны өзге де заңды негізде иеленетін тұлғалар осы тұлғаға мынадай құжаттарды:
инженерлік ізденістердің нәтижелерін;
құрылыс жобаларының ведомстводан тыс кешенді сараптамасының оң қорытындысын алған жобалау ұйымы куәландырған жобалау-сметалық құжаттаманың көшірмелерін;
құрылыс жобаларының ведомстводан тыс кешенді сараптамасының оң қорытындысы мен сараптаманың барлық түзетулерінің көшірмелерін;
атқарушылық техникалық құжаттаманың көшірмелерін;
міндетті қосымшаларымен бірге құрылыс объектісін пайдалануға қабылдап алу актісінің көшірмесін;
жер учаскесіне құқықты белгілейтін құжаттың көшірмесін;
технологиялық жабдықтың паспортын;
құрылыс объектісін қауіпсіз пайдалану үшін қажет өзге де құжаттаманы беруге міндетті.
4. Орындалуға тиіс техникалық қызмет көрсету жөніндегі, құрылыс объектісінің тиісті техникалық жай-күйін сақтап тұру жөніндегі жұмыстардың кезеңділігі, құрамы (қажетті байқауларды, қарап-тексерулерді қоса алғанда) мемлекеттік нормативтік құжаттарға, құрылыс объектісінің техникалық жай-күйін бақылау нәтижелеріне сәйкес оларды салу, реконструкциялау, күрделі жөндеу және пайдалану жағдайлары негізге алына отырып айқындалуға тиіс.
5. Құрылыс объектісін пайдалану үшін жауапты адам жүргізілген қарап-тексерулердің, бақылау мақсатында тексерулердің және (немесе) құрылыс объектілерінің негіздерін, құрылыс конструкцияларын, инженерлік-техникалық қамтамасыз ету жүйелері мен желілерін, олардың элементтерін мониторингтеу күндері мен нәтижелері, құрылыс объектісіне техникалық қызмет көрсету бойынша орындалған жұмыстар туралы, құрылыс объектісіне ағымдағы жөндеу жүргізу туралы, құрылыс объектісін пайдалану процесінде анықталған бұзушылықтарды жою туралы мемлекеттік органдар берген нұсқамалардың күндері мен мазмұны туралы мәліметтер, осы бұзушылықтарды жою туралы мәліметтер енгізілетін құрылыс объектісін пайдалану журналын жүргізуге, сондай-ақ ол сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті орган бекіткен құрылыс объектісін пайдалану қағидаларының, ұлттық стандарттар мен техникалық регламенттердің талаптарын сақтауға міндетті.
6. Құрылыс объектісін пайдалану журналының нысанын және осындай журналды жүргізуге қойылатын талаптарды мүдделі мемлекеттік органдармен келісу бойынша сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті орган белгілейді.
7. Құрылыс объектісін қауіпсіз пайдалану үшін жауапты тұлға оны пайдалану кезінде ондағы авариялық жағдайлар туындаған әрбір жағдай туралы:
1) егер Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес құрылыс объектісін пайдалануға мемлекеттік бақылау және қадағалау жүзеге асырылса, мемлекеттік бақылау және қадағалау органдарына;
2) осы тармақтың 1) тармақшасында көрсетілген жағдайларды қоспағанда, жергілікті өзін-өзі басқару органдарына;
3) егер құрылыс объектісін пайдалану үшін жауапты тұлға құрылыс объектісін пайдалану жөніндегі шарттың негізінде тартылған дара кәсіпкер немесе заңды тұлға болып табылса, құрылыс объектісінің меншік иелеріне немесе оны өзге де заңды негізде иеленетін тұлғаларға хабарлауға міндетті.
8. Құрылыс объектісін қауіпсіз пайдалану үшін жауапты адам ауысқан жағдайда, құрылыс объектісін қауіпсіз пайдалану үшін жауапты болған адам құрылыс объектісін пайдалану үшін жауапты жаңа адамға құрылыс объектісін пайдалану журналын, құрылыс объектісін пайдалану процесінде анықталған бұзушылықтарды жою туралы мемлекеттік органдар берген нұсқамаларды, мемлекеттік органдардың көрсетілген нұсқамаларды орындауын тексеру актілерін, жергілікті атқарушы органның ұсынымдарын, құрылыс объектісіне техникалық қызмет көрсету, пайдалану мақсатында бақылау жасау, ағымдағы жөндеу жөніндегі жұмыстардың орындалуын растайтын өзге де құжаттарды он күн ішінде беруге міндетті.
9. Құрылыс объектісін қауіпсіз пайдалану үшін жауапты тұлға іргелес құрылыс объектілерін күтіп-ұстауға, оның ішінде қаржылық тұрғыдан қатысуға міндетті.
10. Осы баптың қолданысы "Тұрғын үй қатынастары туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес пайдаланылатын құрылыс объектілеріне қолданылмайды.
Ескертпе. Осы бап үшін қасбеттер, вестибюльдер, холлдар, дәліздер, баспалдақ марштары (алаңдар), инженерлік жабдық пен инженерлік желілерді орналастыруға арналған үй-жайлар, лифтілер, шатырлар, шатырастылар, ортақ инженерлік жүйелер мен жабдық, құрылыс объектісі орналасқан жер учаскесі және (немесе) іргелес жер учаскесі, абаттандыру элементтері және ортақ пайдаланылатын басқа да мүлік құрылыс объектісінің ортақ мүлкі деп танылады.
Қазақстан Республикасының 2026 жылғы 9 қаңтардағы № 253-VIII ҚРЗ Кодексі.
Осы Кодекс Қазақстан Республикасында сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметін жүзеге асыруға,
адам өмір сүретін және тіршілік ететін толыққанды ортаны қалыптастыруға, елді мекендерді, қонысаралық аумақтарды жоспарлауға және дамытуға, құрылыс объектілерінің пайдаланылу циклінің барлық кезеңінде олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге байланысты қоғамдық қатынастарды реттейді.
Қазақстан Республикасының
Президенті
© 2012. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты» ШЖҚ РМК
Конституция Заң Кодекс Норматив Жарлық Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгер Қорғаушы Заң қызметі Құқық қорғау Құқықтық қөмек Заңгерлік кеңсе Азаматтық істері Қылмыстық істері Әкімшілік істері Арбитраж даулары Заңгерлік кеңес Заңгер Адвокаттық кеңсе Қазақстан Қорғаушы Заң компаниясы