Қызметтер үшін төлем тек компанияның шотына төленеді. Сізге ыңғайлы болу үшін біз Kaspi RED / CREDIT /БӨЛІП ТӨЛЕУДІ іске қостық 😎

Басты бет / НҚА / 14-бап. Аквашаруашылық субъектілерінің құқықтары мен міндеттері Аквашаруашылық туралы Қазақстан Республикасының Заңы

14-бап. Аквашаруашылық субъектілерінің құқықтары мен міндеттері Аквашаруашылық туралы Қазақстан Республикасының Заңы

АMANAT партиясы және Заң және Құқық адвокаттық кеңсесінің серіктестігі аясында елге тегін заң көмегі көрсетілді

14-бап. Аквашаруашылық субъектілерінің құқықтары мен міндеттері Аквашаруашылық туралы Қазақстан Республикасының Заңы   

      1. Аквашаруашылық субъектілерінің:

      1) аквашаруашылыққа арналған ғимараттарға, құрылыстар мен өзге де құрылысжайларға, конструкцияларға, балық өсіру тоғанына, балық өсіру бассейніне және өсірілген аквашаруашылық объектілеріне, оның ішінде олардан алынған өнімге меншік құқығы;

      2) Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен және шарттарда аквашаруашылық мұқтажы үшін жер учаскелерін алуға;

      3) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптардың сақталуын қамтамасыз ете отырып, инженерлік коммуникациялар тартуды қоса алғанда, су қорғау белдеуінде балық өсіру объектілерін, балық өсіру тоғандарын салуға және пайдалануға, балық өсіру бассейндерін орналастыруға;

      4) Қазақстан Республикасының Жер кодексіне сәйкес бекітіп берілген балық шаруашылығы су айдындарында және (немесе) учаскелерінде көл-тауар және (немесе) тор қоршама шаруашылық қызметін жүзеге асыру үшін жер учаскелерінің меншік иелерінен және (немесе) жер пайдаланушылардан сервитут беруді талап етуге;

      5) Қазақстан Республикасының су заңнамасына сәйкес арнайы су пайдалануға, оның ішінде ұңғымаларды (құдықтарды) бұрғылауға;

      6) осы Заңға және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарына сәйкес ұсынылатын аквашаруашылықты мемлекеттік ынталандыру шараларын алуға;

      7) коммерциялық құпияны құрайтын ақпаратты, сондай-ақ мемлекеттік құпияларды және Қазақстан Республикасының заңдарымен қорғалатын өзге де құпияны қамтитын мәліметтерді қоспағанда, аквашаруашылықтың ақпараттық жүйесінен мәліметтерді алуға және пайдалануға;

      8) аквашаруашылықтың ақпараттық жүйесіне өтеусіз қол жеткізуге;

      9) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес аквашаруашылыққа арналған ғимараттарды, құрылыстар мен өзге де құрылысжайларды, конструкцияларды, балық өсіру тоғандарын салуға және пайдалануға, балық өсіру бассейндерін орналастыруға құқығы бар.

      2. Көл-тауар және (немесе) тор қоршама шаруашылық қызметін жүзеге асыратын аквашаруашылық субъектілері осы баптың 1-тармағында көзделген құқықтардан басқа, Қазақстан Республикасының аквашаруашылық саласындағы заңнамасына сәйкес уәкілетті органға шартқа және аквашаруашылық субъектісін дамыту жоспарына өзгерістер енгізу жөнінде ұсыныстар енгізуге құқылы.

      3. Тор қоршама шаруашылық қызметін жүзеге асыратын аквашаруашылық субъектілері осы баптың 1 және 2-тармақтарында көзделген құқықтардан басқа, арнаулы құрылғылар (тор қоршамалар) орнатылған орындарды кеме қатынасы қауіпсіздігіне және өзге де жүзу құралдарының қозғалысына кедергі келтірмейтін, сондай-ақ ортақ пайдаланудағы су объектілерін пайдалануды шектеуге жол бермейтін арқандармен және қалтқылармен қоршап қоюға құқылы.

      4. Көл-тауар шаруашылық қызметін жүзеге асыратын аквашаруашылық субъектілері осы баптың 1 және 2-тармақтарында көзделген құқықтардан басқа, бекітіп берілген балық шаруашылығы су айдындарында және (немесе) учаскелерінде балық өсіруге арналған арнаулы құрылғыларды (тор қоршамаларды) биологиялық негіздемеге сәйкес орнатуға құқылы.

      5. Көл-тауар және (немесе) тоған шаруашылық қызметін жүзеге асыратын аквашаруашылық субъектілері осы баптың 1, 2, және 4-тармақтарында көзделген құқықтардан басқа, әуесқой (спорттық) балық аулауды ұйымдастыруға құқылы.

      6. Аквашаруашылық субъектілері:

      1) биологиялық негіздемеде көзделген аквашаруашылық объектілерін көбейтуге және (немесе) күтіп-ұстауға, өсіруге байланысты қызметті жүзеге асыруға;

      2) аквашаруашылықты су биологиялық ресурстарына және оларды қоршаған ортаға зиян келтіруге жол бермейтін тәсілдермен және әдістермен жүргізуді қамтамасыз етуге;

      3) уәкілетті орган бекіткен қағидаларға сәйкес биологиялық негіздемені әзірлеуді қамтамасыз етуге;

      4) уәкілетті органға әкімшілік деректерді мемлекеттік статистика саласындағы уәкілетті органмен келісу бойынша бекітілген аквашаруашылық саласындағы әкімшілік деректерді жинауға арналған нысандарға сәйкес ұсынуға;

      5) уәкілетті орган бекіткен қағидаларға сәйкес қарсы міндеттемелерді орындау бойынша ақпарат беруге;

      6) су объектілерінде аквашаруашылық объектілерінің бөгде немесе генетикалық модификацияланған түрлерін интродукциялауға жол бермеуге;

      7) ветеринариялық (ветеринариялық-санитариялық) талаптарды, сондай-ақ халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы қағидалар мен талаптарды сақтауға;

      8) уәкілетті орган айқындаған тәртіппен аквашаруашылықтың ақпараттық жүйесінде тіркелуге;

      9) Құрып кету қаупі төнген жабайы фауна мен флора түрлерімен халықаралық сауда туралы конвенцияның I және II қосымшаларына түрлері енгізілген жануарларды жасанды жолмен өсіру жөніндегі қызметті жүзеге асыруды бастағаны немесе тоқтатқаны туралы хабарламаны Қазақстан Республикасының жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы заңнамасына сәйкес жіберуге;

      10) Қазақстан Республикасының экология заңнамасының талаптарын сақтауға, сондай-ақ қоршаған ортаны қорғау жөніндегі шараларға жәрдемдесуге міндетті.

      7. Тоған, өсімді молайту және (немесе) индустриялық шаруашылық қызметін жүзеге асыратын аквашаруашылық субъектілері осы баптың 6-тармағында көзделген міндеттерден басқа, жерүсті су объектілерінен су алу кезінде балық қорғау құрылғыларын орнатуға міндетті.

      8. Көл-тауар шаруашылық қызметін жүзеге асыратын аквашаруашылық субъектілері осы баптың 6-тармағында көзделген міндеттерден басқа:

      1) Қазақстан Республикасының су заңнамасына сәйкес ортақ пайдаланудағы жерүсті су объектілерін пайдалануды шектеуге жол бермеуге;

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!      2) тармақшаның қолданысы 01.01.2027 дейін тоқтатыла тұрады, тоқтатыла тұру кезеңінде бұл тармақша осы Заңның 23-бабы 4-тармақтағы редакцияда қолданыста болады.

      2) көл-тауар және (немесе) тор қоршама шаруашылық қызметін жүзеге асыруға арналған шартты және аквашаруашылық субъектісін дамыту жоспарын орындауға, сондай-ақ шарттың талаптары мен аквашаруашылық субъектісін дамыту жоспарының орындалуы туралы ақпаратты аквашаруашылықтың ақпараттық жүйесі арқылы уәкілетті орган бекіткен қағидаларға сәйкес беруге;

      3) біріктіру, қосу немесе қайта құру нысанында заңды тұлғаны қайта ұйымдастыру жағдайларын қоспағанда, көл-тауар және (немесе) тор қоршама шаруашылық қызметін жүзеге асыруға арналған шарт бойынша үшінші тұлғаларға құқықтар мен міндеттемелерді беруге және (немесе) басқаға беруге және (немесе) мұндай құқықтар мен міндеттемелердің мұрагерлік бойынша әмбебап құқықтық мирасқорлық тәртібімен үшінші тұлғаға ауысуына жол бермеуге;

      4) аквашаруашылық объектілерін заңсыз аулауға жол бермеу мақсатында балық шаруашылығы су айдындарын және (немесе) учаскелерін күзетуді қамтамасыз етуге;

      5) уәкілетті орган ведомствосының аумақтық бөлімшесіне Қазақстан Республикасының жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы заңнамасына сәйкес бақылау үшін аулауды жүзеге асыру құқығын беруге;

      6) Қазақстан Республикасының жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы заңнамасына сәйкес аншлагтарды орнатуға;

      7) Қазақстан Республикасының су және экология заңнамасында, халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы нормативтік құқықтық актілерде және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамасында белгіленген талаптарға сәйкес балық шаруашылығы су айдындарының және (немесе) учаскелерінің жағалаулары пайдаланылатын жерлерде оларды күтіп-ұстауға;

      8) көл-тауар және (немесе) тор қоршама шаруашылық қызметін жүзеге асыруға арналған шарт мерзімінен бұрын бұзылған немесе оның мерзімі өткен жағдайда, аквашаруашылық үшін тұрғызылған ғимараттарды, құрылыстар мен өзге де құрылысжайларды, конструкцияларды қисынды мерзімде демонтаждауды, бұзып тастауды жүзеге асыруға;

      9) бекітіп берілген балық шаруашылығы су айдынына аквашаруашылық субъектісін дамыту жоспарына сәйкес балық жіберуді жүргізуге;

      10) бекітіп берілген балық шаруашылығы су айдынында Қазақстан Республикасының су заңнамасына және Қазақстан Республикасының жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы заңнамасына сәйкес балық шаруашылығы мелиорациясын жүргізуге;

      11) Қазақстан Республикасының жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы заңнамасына сәйкес биологиялық негіздеме негізінде балық шаруашылығы су айдынының ихтиофаунасын толық және (немесе) ішінара ауыстыруды жүзеге асыруға міндетті.

      Осы тармақтың бірінші бөлігінің 1), 2), 3), 4), 5), 6), 7) және 8) тармақшаларында көрсетілген талаптар тор қоршама шаруашылық қызметін жүзеге асыратын аквашаруашылық субъектілерінің де орындауы үшін міндетті.

      9. Аквашаруашылық субъектілері өзге де құқықтары мен міндеттерін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырады. 

 

 

Қазақстан Республикасының Заңы 2025 жылғы 12 маусымдағы № 193-VIII ҚРЗ. 

Қазақстан Республикасының  

Президенті  

© 2012. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты» ШЖҚ РМК  

      Конституция Заң Кодекс Норматив Жарлық Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгер Қорғаушы Заң қызметі Құқық қорғау Құқықтық қөмек Заңгерлік кеңсе Азаматтық істері Қылмыстық істері Әкімшілік істері Арбитраж даулары Заңгерлік кеңес Заңгер Адвокаттық кеңсе Қазақстан Қорғаушы  Заң компаниясы