146-бап. Қазақстан Республикасының сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы заңнамасын бұзғаны үшін сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі субъектілерінің жауаптылығы Қазақстан Республикасының Құрылыс кодексі
1. Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметінің субъектілері жол берген Қазақстан Республикасының сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы заңнамасында белгіленген нормалар мен талаптарды (шарттарды, қағидаларды, шектеулерді) бұзушылықтар Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа алып келеді.
Көрсетілген бұзушылықтарға мыналар жатады:
1) аумақтардың бекітілген функционалдық мақсатынан, қала құрылысы регламенттерінен, айрықша реттеудің және қала құрылысын регламенттеудің белгіленген режимінен ауытқу;
2) егжей-тегжейлі жоспарлау жобасының елді мекеннің бекітілген бас жоспарынан немесе даму және құрылыс салу схемасынан (оңайлатылған бас жоспардан) ауытқуы және оларға сәйкес келмеуі;
3) мемлекет мұқтажын қамтамасыз етуге байланысты қала құрылысы мақсаттарына арналған жер учаскелерiн таңдау мен берудiң (пайдалануға рұқсатты), сондай-ақ алып қоюдың Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiбiнен ауытқу;
4) іздестіру, жобалау, құрылыс-монтаждау жұмыстарын Қазақстан Республикасы заңнамасының және мемлекеттік нормативтік құжаттардың талаптарын бұза отырып орындау;
5) қала құрылысы құжаттамасын әзірлеудің, келісудің, сараптаудың және бекітудің белгіленген тәртібінен ауытқу, сол сияқты Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен бекітілген құжаттамадан ауытқу не Қазақстан Республикасының сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы заңнамасында белгіленген талаптарды сақтамай, оған өзгерістер енгізу;
6) жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеудің, сараптаудың және бекітудің белгіленген тәртібінен ауытқу, сол сияқты Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен бекітілген құжаттамадан ауытқу не Қазақстан Республикасының сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы заңнамасында белгіленген талаптарды сақтамай, оған өзгерістер енгізу;
7) Қазақстан Республикасының рұқсаттар және хабарламалар туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы мен қадағалауын жүзеге асыратын мемлекеттік органдарды хабардар етпей құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізу;
8) осы Кодексте міндеттілігі көзделген жағдайларда құрылысты авторлық сүйемелдеусіз және техникалық қадағалаусыз жүзеге асыру;
9) ғимараттар, құрылысжайлар, олардың бөліктері немесе жекелеген конструкциялық элементтер беріктігінің, орнықтылығының, сенімділігінің төмендеуіне және жоғалуына, тұрғызылған құрылыс объектілерінің пайдаланылу сапасының нашарлауына, қоршаған ортаға теріс әсер етуге алып келуі мүмкін бекітілген мемлекеттік нормативтік құжаттардың талаптарын бұза отырып, құрылыс объектілері мен олардың кешендерін салуды (реконструкциялауды, реставрациялауды, кеңейтуді, техникалық қайта жарақтандыруды, жаңғыртуды, күрделі жөндеуді) жүзеге асыру;
10) рұқсат алмай құрылыс салу, сол сияқты елді мекеннің сәулеттік келбетін өзгерту, дизайн-кодты сақтамау, құрылыс объектілерін, құрылыс объектілерінің жекелеген үй-жайларын және (немесе) бөліктерін реконструкциялау (қайта жоспарлау, қайта жабдықтау, қайта бейіндеу);
11) елді мекендерді жоспарлау және оларда құрылыс салу кезінде белгіленген қызыл сызықтар мен құрылыс салу сызықтарынан, сондай-ақ сейсмикалық қауіптілігі жоғары аудандардағы (аймақтардағы) сары сызықтардан ауытқу;
12) құрылыс объектісін жобалау, сараптау, салу және кейіннен пайдалану процесінде нормативтік құжаттардың нормалары мен талаптарын, сондай-ақ Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінде, оның ішінде еңбекті қорғау, өрт және жарылыс қауіпсіздігі, азаматтық қорғаныс, санитариялық және экологиялық қауіпсіздік, халықтың жүріп-тұруы шектеулі топтары үшін әлеуметтік, көліктік және рекреациялық инфрақұрылымдардың құрылыс объектілеріне қол жеткізуді қамтамасыз ету жөніндегі нормативтік құқықтық актілерде белгіленген талаптарды сақтамау, сондай-ақ мемлекеттік инвестициялар есебінен қаржыландырылатын құрылыс объектілерінде тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің және оларды ұсынушылардың дерекқорына енгізілген отандық өндірістің материалдарын, жабдықтарын, бұйымдары мен конструкцияларын қолданбау;
13) құрылыс объектілерін пайдалануға қабылдап алу, сондай-ақ пайдалану процесінде оларды күтіп-ұстау тәртібін бұзу;
14) елді мекендерді (елді мекендердің бөліктерін), жобаланатын құрылыс объектілерін жоспарлауға және оларда құрылыс салуға (реконструкциялауға) байланысты шешімдерді дайындау және қабылдау туралы, сондай-ақ өмір сүру және тіршілік ету ортасының жай-күйі мен жеке және заңды тұлғалардың, мемлекеттің мүдделерін тікелей қозғайтын, болжанатын өзгерістер туралы ақпарат беруден уәжсіз бас тарту не анық емес ақпарат беру;
15) құрылыс-монтаждау жұмыстары барысында әзірленген және белгіленген тәртіппен бекітілген жобалау-сметалық құжаттамадан ауытқу;
16) сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы қызмет түрлерін рұқсатсыз жүзеге асыру;
17) пайдалануға қабылдап алынған көппәтерлі тұрғын үйдің кондоминиум объектісін тіркеуді жүзеге асырмау;
18) жобалау-сметалық құжаттамаға сәйкес көппәтерлі тұрғын үйдің сыртқы инженерлік желілері мен құрылысжайларын коммуналдық меншікке беруді қамтамасыз етпеу;
19) жер учаскесін көппәтерлі тұрғын үйдің кондоминиум объектісі ортақ мүлкінің құрамына енгізуді қамтамасыз етпеу;
20) мемлекеттік қала құрылысы кадастрының автоматтандырылған цифрлық жүйесін толықтыру үшін ақпарат және (немесе) мәліметтер беру жөніндегі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптарды бұзу;
21) мемлекеттік қала құрылысы кадастрының автоматтандырылған цифрлық жүйесінде кезекші топографиялық жоспарды жүргізу мен жаңартып отырудың Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртібін бұзу;
22) өмір сүру және тіршілік ету ортасы жай-күйінің нашарлауына, азаматтардың, оның ішінде халықтың жүріп-тұруы шектеулі топтарының және тұтас қоғамның құқықтары мен заңды мүдделеріне нұқсан келтіруге, мемлекеттік мүдделерге залал келтіруге себеп болатын, Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа алып келетін өзге де әрекеттер.
2. Жол берілген бұзушылықты (шарттарды, қағидаларды, шектеулерді) және оның салдарын жою, сондай-ақ келтірілген залалды (зиянды) өтеу жөніндегі міндеттер көрсетілген бұзушылықтарға (шарттарға, қағидаларға, шектеулерге) жол берген сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі субъектісіне жүктеледі.
3. Сәулет, қала құрылысы және (немесе) құрылыс қызметі субъектілерінің кепілдік мерзімін сақтамау фактілері Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің нормаларына, сондай-ақ осы Кодекстің 122-бабына сәйкес белгіленеді.
4. Жобалау-сметалық құжаттамада Қазақстан Республикасы заңнамасының, сондай-ақ қала құрылысы регламенттері мен техникалық регламенттердің талаптарын, құрылыс объектісінің беріктігіне, орнықтылығына және сенімділігіне тікелей әсер ететін мемлекеттік және мемлекетаралық нормативтік құжаттардың нормалары мен ережелерін бұзушылықтар, сондай-ақ қала құрылысы жобасындағы бұзушылықтар, жобаларға сараптама жүргізу процесінде нормалар мен талаптарды бұзушылық анықталған және анықталған бұзушылықтар сараптама жүргізудің белгіленген мерзімдерінде жойылмаған жағдайларда, жобалау-сметалық құжаттаманы, қала құрылысы жобаларын әзірлеген жобалау ұйымы Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылықта болады.
Теріс сараптама қорытындысы жобалау-сметалық құжаттаманы және қала құрылысы жобаларын әзірлеу кезінде анықталған бұзушылықтарды растау болып табылады.
Құрылыс процесінде жобалау-сметалық құжаттамада Қазақстан Республикасы заңнамасының, сондай-ақ қала құрылысы регламенттері мен техникалық регламенттердің талаптарын, салынып жатқан құрылыс объектісінің беріктігіне, орнықтылығына және сенімділігіне тікелей әсер ететін мемлекеттік және мемлекетаралық нормативтік құжаттардың нормалары мен ережелерін бұзушылықтар анықталған кезде жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеген жобалау ұйымы, сондай-ақ жобалау-сметалық құжаттама бойынша оң сараптама қорытындысын берген сарапшы Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылықта болады.
Қала құрылысы жобасындағы нормалар мен талаптарды бұзушылықтар анықталған кезде қала құрылысы жобасын әзірлеген жобалау ұйымы, сондай-ақ қала құрылысы жобасы бойынша оң сараптама қорытындысын берген сарапшы мен мемлекеттік сараптама ұйымы Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылықта болады.
Анықталған бұзушылықтар мен сарапшылардың ескертулері уәжді болуға және Қазақстан Республикасының тиісті нормативтік құқықтық актілеріне, қала құрылысы регламенттері мен техникалық регламенттердің талаптарына, мемлекеттік және мемлекетаралық нормативтік құжаттардың нормалары мен ережелеріне сілтемелермен негізделуге тиіс. Ұсынымдық сипаттағы ескертулер беруге жол берілмейді.
Құрылыстың есептік немесе сметалық құнының негізділігін және (немесе) анықтығын бұзу Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жүргізілген сот сараптамасымен расталады.
Сот сараптамасы құрылыстың есептік немесе сметалық құнының негізсіз көтерілгенін және (немесе) төмендетілгенін растаған жағдайда, жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеген және ол бойынша құрылыс жобаларының ведомстводан тыс кешенді сараптамасын жүргізген тұлғалар Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылықта болады.
5. Қазақстан Республикасы заңнамасының, сондай-ақ қала құрылысы регламенттері мен техникалық регламенттердің талаптарын, мемлекеттік және мемлекетаралық нормативтік құжаттардың нормалары мен ережелерін бұза отырып келісілген және берілген сәулет-жоспарлау тапсырмасы, келісілген эскиздік жоба, сондай-ақ оң сараптама қорытындысы, ғимараттың және құрылысжайдың жай-күйі туралы техникалық зерттеп-қарау қорытындысы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен кері қайтарып алынуға не олардың күші жойылуға тиіс.
Сәулет-жоспарлау тапсырмасын, келісілген эскиздік жобаны кері қайтарып алу және олардың күшін жою сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті орган, астананың, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы мен қадағалауын жүзеге асыратын жергілікті атқарушы органы берген нұсқаманың және заңды күшіне енген сот актісінің негізінде жүргізіледі.
Ғимараттың және құрылысжайдың жай-күйі туралы техникалық зерттеп-қарау қорытындысын кері қайтарып алу және оның күшін жою астананың, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы мен қадағалауын жүзеге асыратын жергілікті атқарушы органы берген нұсқаманың және заңды күшіне енген сот актісінің негізінде жүргізіледі.
Сараптама қорытындысын кері қайтарып алуды осы Кодекстің 115-бабына сәйкес мемлекеттік сараптама ұйымы немесе сараптама ұйымдары жүргізеді.
Қазақстан Республикасының 2026 жылғы 9 қаңтардағы № 253-VIII ҚРЗ Кодексі.
Осы Кодекс Қазақстан Республикасында сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметін жүзеге асыруға,
адам өмір сүретін және тіршілік ететін толыққанды ортаны қалыптастыруға, елді мекендерді, қонысаралық аумақтарды жоспарлауға және дамытуға, құрылыс объектілерінің пайдаланылу циклінің барлық кезеңінде олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге байланысты қоғамдық қатынастарды реттейді.
Қазақстан Республикасының
Президенті
© 2012. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты» ШЖҚ РМК
Конституция Заң Кодекс Норматив Жарлық Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгер Қорғаушы Заң қызметі Құқық қорғау Құқықтық қөмек Заңгерлік кеңсе Азаматтық істері Қылмыстық істері Әкімшілік істері Арбитраж даулары Заңгерлік кеңес Заңгер Адвокаттық кеңсе Қазақстан Қорғаушы Заң компаниясы