147-бап. Күзетпен ұстау ҚР ҚПК Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексi
1. Бұлтартпау шарасы ретінде күзетпен ұстау тек судьяның санкциясымен және басқа, қатаңдығы неғұрлым жеңіл бұлтартпау шараларын қолдану мүмкін болмаған кезде заңмен бес жылдан астам мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген қылмысты жасады деген күдіктіге, айыпталушыға, сотталушыға қатысты ғана қолданылады. Айрықша жағдайларда бұл бұлтартпау шарасы, егер:
1) оның Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұрғылықты жері болмаса;
2) оның жеке басы анықталмаса;
3) ол бұрын таңдалған бұлтартпау шарасын немесе процестік мәжбүрлеу шарасын бұзса;
4) ол қылмыстық қудалау органдарынан немесе соттан жасырынуға әрекет жасаса немесе жасырынса;
5) оған ұйымдасқан топтың немесе қылмыстық қоғамдастықтың (қылмыстық ұйымның) құрамында қылмыс жасады деген күдік келтірілсе;
6) оның бұрын жасалған ауыр немесе аса ауыр қылмысы үшін сотталғандығы болса;
7) оның қылмыстық әрекетті жалғастырып жүргендігі туралы деректер бар болса, заңда бес жылға дейін мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген қылмысты жасады деп күдік келтірілетін, айыпталатын, сотталатын адамға қатысты қолданылуы мүмкін.
1-1. Осы баптың бірінші бөлігінің 1) тармағында көзделген мән-жай күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын таңдау үшін бірден-бір негіз болып табылмайды.
2. Бұлтартпау шарасы ретінде күзетпен ұстауды таңдау қажет болған кезде сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам осы Кодекстің 140-бабына сәйкес сот алдында осы шараны қолдануға санкция беру туралы өтінішхатты қозғау туралы қаулы шығарады. Қаулыға өтінішхаттың негізділігін растайтын қылмыстық іс материалдарының расталған көшірмелері қоса беріледі.
Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам сот алдында күзетпен ұстауға санкция беру туралы өтінішхатты қозғау туралы қаулыда осы бұлтартпау шарасын таңдау себептерін және қатаңдығы неғұрлым жеңіл бұлтартпау шараларын қолданудың мүмкін еместігін негіздеуге міндетті.
Қылмыстық құқық бұзушылық жасады деп күдік келтірілген адам ұстап алынған мерзім ішінде прокурор осы Кодекстің 131-бабында көзделген тәртіппен өтінішхаттың негізділігін растайтын қылмыстық іс материалдарымен танысуға құқылы және күдікті ұсталып отырған жерде одан жауап алуға құқылы.
3. Прокурор сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамның өтінішхатын зерделеу нәтижелері бойынша өтінішхатқа келісім білдіреді не оны қолдаудан уәжді қаулымен бас тартады және (немесе) өзге бұлтартпау шарасын таңдау туралы мәселені шешеді. Қаулының көшірмесі мүдделі адамдарға жіберіледі.
Прокурор ұстап алу мерзімі өтерден кемінде сегіз сағат бұрын тергеу судьясына өтінішхаттың негізділігін растайтын қылмыстық іс материалдарының көшірмелерін қоса бере отырып, күзетпен ұстауды санкциялау жөнінде өтінішхат қозғау туралы қаулыны ұсынуға міндетті.
4. Алып тасталды - ҚР 21.12.2017 № 118-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
Ескерту. 147-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 07.11.2014 № 248-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі); 03.07.2017 № 84-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 21.12.2017 № 118-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 12.07.2018 № 180-VІ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 27.12.2019 № 292-VІ (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңдарымен.
Қылмыстық-процестік кодексi, Қылмыстық кодекс, Қылмыстық кодекске түсініктеме (комментарии), Жоғарғы Соттың нормативтік қаулысы, Қылмыстық заңнама, Нормативті құқықтық актілер Қазақстан Республикасы