19-бап. Сайлау комиссиясы мүшесiнiң мәртебесi Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы Конституциялық заңы
1. Сайлау комиссияларының мүшелерi мемлекеттiк органдардың өкiлдерi болып табылады және мемлекеттiң қорғауында болады.
2. Сайлау комиссиялары мүшелерiнiң құқықтық жағдайы Қазақстан Республикасының Конституциясымен, осы Конституциялық заңымен және өзге де заң актiлерiмен айқындалады.
2-1. Мыналар:
сотталғандығы заңда белгiленген тәртiппен өтелмеген немесе алып тасталмаған адам;
сот iс-әрекетке қабілетсiз немесе iс-әрекет қабілеті шектеулі деп таныған адам;
халықаралық ұйымдар мен халықаралық қоғамдық бірлестіктер, шетелдік мемлекеттік органдар, шетелдік заңды тұлғалар мен азаматтар, сондай-ақ азаматтығы жоқ адамдар тарапынан қаржыландырылатын саяси партияның немесе өзге де қоғамдық бірлестіктің ұсынысы негізінде ұсынылған және (немесе) сайланған адам сайлау комиссиясының мүшесі бола алмайды.
3. Орталық сайлау комиссиясының Төрағасы, мүшелері, оның аппаратының қызметкерлері, облыстық, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың аумақтық сайлау комиссияларының төрағалары, олардың орынбасарлары, хатшылары, мүшелері, сондай-ақ өзге де аумақтық сайлау комиссияларының төрағалары, орынбасарлары мен хатшылары өкілеттіктерін кәсіби тұрақты негізде жүзеге асырады.
Өкілеттіктерін кәсіби тұрақты негізде жүзеге асыратын аумақтық сайлау комиссиялары мүшелерінің еңбегіне ақы төлеу Қазақстан Республикасы Конституциясының 66-бабының 9-1) тармақшасына сәйкес белгіленеді.
Өкілеттіктерін кәсіби тұрақты негізде жүзеге асыратын аумақтық сайлау комиссиясының мүшесі кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға, шаруашылық жүргізуші субъектіні басқаруға дербес қатысуға, педагогтік, ғылыми немесе өзге де шығармашылық қызметті қоспағанда, ақы төленетін басқа да қызметпен айналысуға құқылы емес.
4. Сайлау комиссиясының осы баптың 3-тармағында аталмаған мүшелерi сайлау өткiзу кезеңiнде өздерiнiң келiсiмiнсiз жұмыс берушiнiң ұйғарымы бойынша жұмыстан шығарылмайды не басқа жұмысқа ауыстырылмайды.
5. Сайлау комиссиясының мүшесi:
1) тиiстi сайлау комиссиясының отырыстары туралы, жедел шешiм қабылдауды қажет ететiн жағдайларды қоспағанда, қырық сегiз сағат бұрын хабардар етiледi;
2) сайлау комиссиясының отырысында сөз сөйлеуге, тиісті сайлау комиссиясының құзыретіне жататын мәселелер бойынша ұсыныстар енгiзуге және олар бойынша дауыс берiлуiн талап етуге құқылы;
3) күн тәртiбiне сәйкес отырыстың басқа қатысушыларына сұрақтар қоюға және оларға мәнi бойынша жауаптар алуға құқылы;
4) өзi құрамында тұрған сайлау комиссиясының құжаттарымен және материалдарымен танысуға, олардың куәландырылған көшiрмелерiн алуға;
5) өзi құрамында тұрған сайлау комиссиясы мүшелерінің төрттен үшiнің даусымен расталған уәкiлеттігі бойынша төменгi тұрған сайлау комиссиясының қызметiн тексерудi жүзеге асыруға құқылы;
6) Қазақстан Республикасы Конституциясының, осы Конституциялық заңының және өзге де заңдарының талаптарын, жалпыжұрт таныған әдеп нормаларын сақтауға мiндеттi;
7) өзiне жүктелген мiндеттердi, сайлау комиссиясының және оның төрағасының, жоғары тұрған сайлау комиссиясының шешiмдерi мен нұсқауларын орындауға мiндеттi;
8) азаматтардың сайлау құқықтары мен заңды мүдделерiнің сақталуын және қорғалуын қамтамасыз етуге, шешiмдер қабылдау кезiнде әдiл және тәуелсiз болуға, сондай-ақ кандидаттар мен партиялық тiзiм ұсынған саяси партиялардың қызметiне жария баға беруден аулақ болуға мiндеттi;
9) өзi өкiлi болып табылатын саяси партияның не өзге де қоғамдық бiрлестiктiң шешiмдерiмен байланысты болмайды және олардың мүдделерiн қорғауға құқығы жоқ.
6. Сайлау комиссиясының мүшесi:
1) сайлау комиссиясының белгiленген өкілеттiк мерзiмi өткенде;
2) сайлау комиссиясының қызметі тоқтатылған кезде өз мiндеттерiнен босатылады.
Жоғары тұрған сайлау комиссиясының шешімі бойынша төмен тұрған сайлау комиссиясының мүшесі:
1) мiндеттерiн атқарудан босату туралы өз еркiмен өтiнiш берген;
2) Қазақстан Республикасының азаматтығын жоғалтқан;
3) тиiстi сайлау комиссиясының құрамын қалыптастырған мәслихат орналасқан әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiктiң шегiнен тыс тұрақты тұрғылықты жерге кеткен;
4) соттың оған қатысты айыптау үкiмi заңды күшiне енген;
5) соттың оны iс-әрекетке қабiлетсiз, iс-әрекетке қабiлетi шектеулi, хабар-ошарсыз кеткен деп тануы немесе оны қайтыс болған деп жариялағаны туралы шешімi заңды күшiне енген;
6) ол қайтыс болған;
7) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен саяси партия өзін ұсынған саяси партияны тарату туралы шешімді не сот өзін ұсынған саяси партияны тарату туралы заңды күшiне енген шешiмді қабылдаған жағдайларда, өз міндеттерінен босатылады.
7. Сайлау комиссиясының мүшесi лауазымдық өкiлеттiктерiн немесе осы Конституциялық заңның талаптарын бірнеше мәрте бұзған жағдайда, осы сайлау комиссиясының құрамын құрған мәслихат оны лауазымынан босатады.
8. Жоғары тұрған сайлау комиссиясы, қажет болған жағдайда, сайлау комиссиясының құрамын қалыптастыратын орган осы Конституциялық заңның 10-бабында белгіленген тәртіппен сайлау комиссиясының мүшесін сайлағанға дейін бос орынға сайлау комиссиясының мүшесін тағайындайды.
9. Осы Конституциялық заңның 23-бабының 3-тармағында көзделген сайлау учаскелерін құру жағдайларын қоспағанда, сайлау комиссиясы құрамының жартысынан көбі бір ұйымның жұмыскерлері болмауға тиіс.
10. Сайлау комиссиясының мүшесi осы комиссияның құрамын қалыптастырған мәслихат орналасқан әкiмшілік-аумақтық бiрлiктің аумағында тұруға тиiс.
Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 28 қыркүйектегі N 2464 Конституциялық заңы.
Қазақстан Республикасының
Президенті
Конституция Заң Кодекс Норматив Жарлық Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгер Қорғаушы Заң қызметі Құқық қорғау Құқықтық қөмек Заңгерлік кеңсе Азаматтық істері Қылмыстық істері Әкімшілік істері Арбитраж даулары Заңгерлік кеңес Заңгер Адвокаттық кеңсе Қазақстан Қорғаушы Заң компаниясы