21-бап. Қазақстан Республикасының бірыңғай телекоммуникация желiсi 3-тарау. Байланыс желілері Байланыс туралы Заңы
1. Қазақстан Республикасының бiрыңғай телекоммуникация желiсi Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан және мынадай санаттардағы телекоммуникация желілерінен:
1) ортақ пайдаланылатын телекоммуникация желiлерiнен;
2) телекоммуникацияның ведомстволық желiлерiнен;
3) телекоммуникацияның, бөлектелген желiлерiнен;
4) арнаулы мақсаттағы телекоммуникация желiлерiнен;
5) корпорациялық және ақпаратты электромагниттiк сигналдар арқылы беретін басқа да желiлерден тұратын телекоммуникация желiсi болып табылады.
2. Президенттік байланыс желілерін қоспағанда, Қазақстан Республикасының бірыңғай телекоммуникация желiсiн құрайтын желiлер үшiн ұлттық қауіпсіздік органдары мыналарды:
халықаралық түйісу нүктелерін ұйымдастыруды, тіркеуді және пайдалануды;
ұйымдастырушылық-техникалық iс-шаралар кешенiн, басқарушылық параметрлерін қалыптастыруды;
қолданылатын байланыс құралдарына және оларды басқаруға қойылатын талаптарды, байланыс желілерінде ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуді, байланыс желілерін іске қосуды және олардың орындалуын бақылауды;
қалааралық және халықаралық байланыс операторларының Қазақстан Республикасының телекоммуникация желілерін орталықтандырылған басқару жүйесінің жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін қажетті байланыс жолдары мен арналарын беруін қамтитын Қазақстан Республикасының телекоммуникация желiлерiн орталықтандырылған басқару жүйесінің жұмыс істеу тәртiбiн айқындайды.
3. Барлық санаттағы желілердің байланыс операторларының Қазақстан Республикасының аумағында байланыс желісін басқару орталығының болуы міндетті.
Функционалдық міндеттеріне жедел-іздестіру және қарсы барлау іс-шараларын жүргізу құралдарымен жұмыс істеу және оларға қызмет көрсету, сондай-ақ қызметтік ақпаратты жинау мен сақтауды қамтамасыз ететін жүйелерге қызмет көрсету кіретін байланыс операторларының жұмыскерлері Қазақстан Республикасының азаматтары болуға тиіс. Байланыс операторларының өз байланыс желілерін қандай да бір басқару түрінде өзге адамдарға беруіне тыйым салынады.
Телекоммуникация желiлерiн құру кезiнде байланыс операторлары байланыс желiлерінің телекоммуникациялық жабдығының жедел-iздестiру және қарсы барлау iс-шараларын жүргiзуді қамтамасыз ету жөнiндегi талаптарды белгiлейтiн ұлттық стандарттарға технологиялық тұрғыдан сәйкес келуін қамтамасыз етедi.
ЗҚАИ-ның ескертпесі! 3-тармақты төртінші бөлікпен толықтыру көзделген – ҚР 30.06.2025 № 205-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
Байланыс операторларына, телекоммуникация желілерінің иелеріне жергілікті телекоммуникациялар желісінде, қалааралық, халықаралық және ұялы байланыста санкцияланбаған трафикті (фродты) өткізуге тыйым салынады."
4. Ортақ пайдаланылатын телекоммуникация желiлерi Қазақстан Республикасының аумағындағы барлық пайдаланушыларға телекоммуникация қызметтерiн көрсетуге арналған телекоммуникацияның өзара байланысты желiлерiнің кешенi болып табылады.
Ортақ пайдаланылатын телекоммуникация желiсi:
1) қызмет көрсетiлетiн аумақ пен нөмiрлеу ресурсы аясында географиялық тұрғыда (жергілікті телекоммуникация желілері);
2) Қазақстан Республикасының шегiнде белгiлi бiр географиялық аумақпен және нөмiрлеу ресурсымен байланыспаған, географиялық емес тұрғыда айқындалатын телекоммуникация желiлерi болып бөлiнедi.
3) алып тасталды - ҚР 28.12.2017 № 128-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
Ортақ пайдаланылатын телекоммуникация желiлерi шет мемлекеттердің ортақ пайдаланылатын телекоммуникация желiлерiмен әрекеттестік жасайды.
5. Телекоммуникацияның ведомстволық желiлерi мемлекеттiк органдар мен жергiлiкті өзiн-өзi басқару органдарының басқарушылық және ұйымдастырушылық мақсаттарын өз өкілеттіліктеріне сәйкес iске асыруын қамтамасыз етуге, сондай-ақ мемлекеттiк кәсiпорындар мен мекемелердiң өндiрiстік және басқарушылық мақсаттарды қамтамасыз етуiн iске асыруға арналған.
Ведомстволық телекоммуникациялар желiлері бір-бірімен мемлекеттік органдардың бірыңғай көліктік ортасы арқылы, оның ішінде Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен пайдаланылатын мемлекеттік шифрлау құралдарын және ақпаратты қорғаудың бсқа да құралдарын пайдалана отырып өзара іс-қимыл жасайды.
5-1. Байланыс операторлары мемлекеттік органдардың бірыңғай көліктік ортасына кірмейтін және радиоэлектрондық құралдарды пайдаланып ақпарат беруді жүзеге асыратын байланыс жолдары мен арналарын ұсына отырып, мемлекеттік органдарға байланыс қызметтерін көрсету кезінде осы байланыс жолдары мен арналарында уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен ақпаратты қорғау құралдарын қолдануды өтеусіз негізде қамтамасыз етеді.
6. Телекоммуникацияның бөлектелген желiлерi телекоммуникация желiлерiнің дербес санаты болып табылады және пайдаланушылардың шектеулi тобына телекоммуникация (электрлi байланыс) қызметтерiн көрсетуге арналған және:
1) әрекеттесе алады, бiрақ Қазақстан Республикасының ортақ пайдаланылатын телекоммуникация желiлерiне немесе ортақ пайдаланылатын телекоммуникация желiлерiне қосылған кез келген басқа желiлерге, сондай-ақ шет мемлекеттердiң ортақ пайдаланылатын телекоммуникация (электрлi байланыс) желiлерiне қосылмайды;
2) егер ортақ пайдаланылатын телекоммуникация желiлерінің жұмыс iстеуiн регламенттейтiн талаптарға сәйкес келсе, оларды ортақ пайдаланылатын телекоммуникация желiсінің санатына ауыстыра отырып, ортақ танылатын телекоммуникация желiлерiне қосуға болады. Бұл ретте осы бөлектелген желiге бұрын берiлген географиялық емес код алып тасталады;
3) осы телекоммуникация желілері операторларының байланыс қызметін көрсетуі лицензияның негізінде жүзеге асырылады.
Бөлектелген желілерді ұйымдастыру үшін қолданылатын байланыс технологиялары мен құралдарын, сондай-ақ құру принциптері мен нөмірлеу жүйесін осы желілердің иелері белгілейді. Желілердің осы санатына ұлттық ресурстан нөмірлер (географиялық емес код) бөлінбейді.
7. Арнаулы мақсаттағы телекоммуникация желілері ортақ пайдаланылатын телекоммуникация желілерін негіз ретінде пайдалана алатын Қазақстан Республикасының уәкілетті мемлекеттік органдарының, Мемлекеттік күзет қызметінің, әскери басқару, ұлттық қауіпсіздік және ішкі істер органдарының қажеттіліктерін қамтамасыз етуге арналған.
Егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, арнаулы мақсаттағы телекоммуникация желілері байланыс қызметтерін өтеулі түрде көрсету үшін пайдаланылмайды.
Арнаулы мақсаттағы телекоммуникация желілерін құру, басқару, пайдалану, нөмірлеуді бөлу, жұмыс істеуін, ақпараттық қауіпсіздігін, трафик өткізуді, өзара іс-қимыл жасау және пайдалануға қабылдау (пайдаланудан шығару) шарттарын ұйымдастырушылық-техникалық қамтамасыз ету тәртібін осы желілер қажеттілігін қамтамасыз етуге арналған Қазақстан Республикасының уәкілетті мемлекеттік органдарының, Мемлекеттік күзет қызметінің, әскери басқару, ұлттық қауіпсіздік және ішкі істер органдарының басшылары айқындайды.
8. Телекоммуникацияның корпорациялық желiлерi заңды тұлғалардың басқару және ішкі өндiрiстiк мақсаттарын iске асыруды қамтамасыз етуге арналған.
Телекоммуникацияның корпорациялық желiлерi:
1) егер олар тиiстi нөмiрлеу ресурсын бөлектей отырып, желінің түрлі әкімшілік аумақтар бойынша бөлiнген учаскелерiн бiрiктiретiн болса, әкiмшілік аумақ шеңберiнде мекемелiк коммутациялық станция арқылы корпорациялық клиент ретiнде немесе Қазақстан Республикасының халықаралық коммутация орталығының транзиттік торабы деңгейiнде ортақ пайдаланылатын телекоммуникация желiлерiне қосылуы;
2) осы Заңның 17-бабына cәйкес кәсiпкерлiк қызметті жүзеге асыруға лицензия алған жағдайда байланыс қызметтерiн өтеулі көрсету үшiн (егер олардың қолданылу аймағында ортақ пайдаланылатын телекоммуникация желілерi операторларының желiлерi болмаса) пайдаланылуы мүмкін.
9. Телевизия және радио хабарларын тарату желiлерi бiрыңғай телекоммуникация желiсiнің құрамдас бөлiгi болып табылады және Қазақстан Республикасы мен шет мемлекеттердiң аумағына телевизия және радио бағдарламаларын тарату әрi трансляциялау үшiн пайдаланылатын, жердегi және жерсеріктік хабар тарату жүйелерiнiң бiртұтас өндiрiстік-технологиялық кешенiн құрайды. Жердегi жүйелерге мемлекеттік және коммерциялық бағдарламаларды трансляциялауға арналған радиорелелi және кәбiлдi байланыс желiлерi, қуаты әртүрлі радиотаратқыштар мен басқа да құралдар кiредi. Жерсеріктік жүйелерге халықаралық жерсерiктік ұйымдарға, жекелеген мемлекеттерге тиесiлі орбиталық байланыс жерсерiктерi мен жердегi таратушы және қабылдаушы станциялар кiредi.
10. Алып тасталды - ҚР 2012.01.18 № 546-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік отыз күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
11. Алып тасталды - ҚР 2012.01.18 № 546-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік отыз күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 5 шілдедегі N 567 Заңы.
Осы Заң Қазақстан Республикасының аумағында байланыс саласындағы қызметтің құқықтық негіздерін белгілейді, мемлекеттік органдардың аталған қызметті реттеу жөніндегі өкілеттіктерін, байланыс қызметтерін көрсететін немесе пайдаланатын жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен міндеттерін айқындайды.
Қазақстан Республикасының
Президенті
© 2012. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты» ШЖҚ РМК
Конституция Заң Кодекс Норматив Жарлық Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгер Қорғаушы Заң қызметі Құқық қорғау Құқықтық қөмек Заңгерлік кеңсе Азаматтық істері Қылмыстық істері Әкімшілік істері Арбитраж даулары Заңгерлік кеңес Заңгер Адвокаттық кеңсе Қазақстан Қорғаушы Заң компаниясы