220-бап. Мiндеттi зейнетақы жарналары есебiнен төленетін зейнетақы төлемдерiн алу құқығы Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексі
1. Міндетті зейнетақы жарналары есебінен төленетін зейнетақы төлемдері бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында зейнетақы жинақтары бар:
1) осы Кодекстің 207-бабының 1-тармағында көрсетілген;
2) егер мүгедектігі мерзімсіз болып белгіленсе, бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар адамдарға;
3) егер Қазақстан Республикасының заңдарында және Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерге тұрақты тұруға кеткен шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға;
4) қырық бес жасқа толған кезде осы Кодекстің 225-бабына сәйкес республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарында қолданыста болатын ең төмен күнкөріс деңгейі шамасының 70 пайызынан төмен болмайтын сақтандыру төлемін қамтамасыз ету үшін сақтандыру ұйымымен зейнетақы аннуитеті шартын жасасуға зейнетақы жинақтары жеткілікті болған кезде беріледі.
1-1. Адамдар елу бес жасқа толған және олар үшін жиынтығында кемінде сексен төрт ай міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары төленген кезде, еңбек жағдайлары зиянды жұмыстардағы еңбек қызметін тоқтатқан немесе зиянды өндірістік факторлардың әсерін болғызбайтын басқа жұмысқа ауысқан жағдайда олардың Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен міндетті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақы төлемдерін алуға құқығы болады.
ЗҚАИ-ның ескертпесі! 2-тармақтың 01.01.2028 бастап қолданыста енгізілетін редакциясын осы Кодекстің 263-бабынан қараңыз.
2. Егер осы баптың 1-тармағының 1) және 2) тармақшаларында көрсетілген адамдардың зейнетақы жинақтарының сомасы республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарында қолданыста болатын ең төмен зейнетақының он екі еселенген мөлшерінен аспаса, бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан зейнетақы жинақтарының сомасы бір рет төленеді.
3. Өзінің немесе жұбайының (зайыбының) немесе жақын туыстарының тұрғын үй жағдайларын жақсарту мақсатында және (немесе) өзі немесе жұбайы (зайыбы) немесе жақын туыстары үшін емделуге ақы төлеу үшін біржолғы зейнетақы төлемдері мынадай шарттардың бірі болған кезде:
егер міндетті зейнетақы жарналары салымшысының жеке зейнетақы шотындағы міндетті зейнетақы жарналары есебінен жинақталған зейнетақы жинақтарының сомасы Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен әдістемеге сәйкес айқындалған зейнетақы жинақтарының ең аз жеткіліктілік шегінен асса;
егер осы Кодекстің 207-бабының 1, 2 және 3-тармақтарында көрсетілген адамдар үшін зейнетақы мөлшері, сондай-ақ осы Кодекстің 207-бабының 4-тармағында көрсетілген адамдардың ай сайынғы қамтылым мөлшері Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған тәртіппен айқындалатын, алушының орташа айлық табысын 40 пайыздан төмен емес деңгейде алмастыру коэффициентін қамтамасыз етсе, жүргізіледі. Орташа айлық табысты алмастыру коэффициентін есептеу кезінде алушының зейнеткерлікке шығу күнінің алдындағы, бірақ республика бойынша орташа айлық кірістен аспайтын табысы ескеріледі;
егер міндетті зейнетақы жарналарының салымшысы сақтандыру ұйымымен зейнетақы аннуитеті шартын жасасса;
егер салымшы еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдерін алушы болып табылса, жүргізіледі.
4. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында міндетті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақы жинақтары бар адам қайтыс болған жағдайда олар Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен мұраға қалдырылады.
Әлеуметтік кодекс Азаматтық кодексi Қылмыстық-процестік кодексi, Қылмыстық кодекс, Қылмыстық кодекске түсініктеме (комментарии), Жоғарғы Соттың нормативтік қаулысы, Қылмыстық заңнама, Нормативті құқықтық актілер Қазақстан Республикасы