248-бап. Өсiмдiктердi қорғау құралдарын, минералдық тыңайтқыштарды және қызметте, жаңа препараттарды жасауда пайдаланылатын басқа да препараттарды тасу, сақтау және қолдану кезiндегі экологиялық талаптар Қазақстан Республикасының Экология кодексі
1. Өсімдіктерді қорғау құралдарын, минералдық тыңайтқыштарды және қызметте, жаңа препараттарды жасауда пайдаланылатын басқа да препараттарды тасу, сақтау және қолдану кезінде жеке және заңды тұлғалар көрсетілген препараттарды тасу, сақтау және қолдану қағидаларын сақтауға және жануарлардың ауруы мен қырылуын болғызбауды қамтамасыз ету жөніндегі іс-шараларды жүзеге асыруға міндетті.
2. Жаңа препараттарды жасау кезінде оларды қоршаған ортада қолдану жөніндегі нормативтер әзiрленуге тиiс.
3. Жануарлардың қырылуын және олардың мекендеу ортасының нашарлауын болғызбау мақсатында жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы уәкілетті мемлекеттік органның және (немесе) балық шаруашылығы саласындағы уәкілетті органның ұсынуы бойынша қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган пестицидтерді, улы химикаттарды және басқа да химиялық препараттарды қолдану шектелетін немесе тыйым салынатын жекелеген аумақтарды айқындай алады.
4. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органмен және халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік органмен келісу бойынша өсімдіктерді қорғау жөніндегі уәкілетті орган бекіткен пестицидтер тізіміне енгізілген пестицидтерді қолдануға рұқсат етіледі.
5. Осы баптың 4-тармағында көрсетілген пестицидтердің тізіміне енгізуге токсикологиялық зерттеулер, олармен жұмыс істеуді гигиеналық регламенттеу жүргізілгеннен, гигиеналық және экологиялық нормативтер белгіленгеннен кейін және осы пестицидтерді мемлекеттік тіркеу жүзеге асырғаннан кейін жол беріледі.
6. Пестицидтерді мемлекеттік тіркеу қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органмен және халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік органмен келісу бойынша өсімдіктерді қорғау жөніндегі уәкілетті орган айқындаған тәртіппен жүргізіледі.
7. Минералдық тыңайтқыштар мен басқа да препараттарда ықтимал қауіпті химиялық және биологиялық заттар болған кезде өсімдіктерді қорғау жөніндегі уәкілетті орган жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы уәкілетті мемлекеттік органның немесе қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның ұсынуы бойынша токсикологиялық зерттеулер жүргізеді, солардың негізінде осы минералдық тыңайтқыштар мен басқа да препараттар бойынша экологиялық нормативтер белгіленеді.
8. Мыналарға:
1) жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы уәкілетті мемлекеттік органмен келісу бойынша дала кеміргіштерін жою кезінде, сондай-ақ жануарлардың жаппай эпизоотиясы, құтыруы және басқа да аурулары жағдайларында улы химикаттар мен басқа да химиялық препараттарды қолдануды қоспағанда, жару құрылғыларын, улы химикаттар мен басқа да химиялық препараттарды қолдана отырып, жануарлар дүниесі объектілерін аулауға;
2) пестицидтерді, улы химикаттарды, минералдық тыңайтқыштар мен басқа да препараттарды:
ерекше қорғалатын табиғи аумақтардағы қорық режимі аймақтарында;
миграция және көбею кезеңiнде жануарлар жаппай топтасатын жерлердегi белгi қойылған тыныштық аймақтарында, сондай-ақ жабайы жануарлардың мекендеу ортасы ретiнде ерекше құнды болып табылатын учаскелерде;
жануарлардың сирек кездесетін және жойылып кету қатері төнген түрлері мекендейтін және олар қолдан өсірілетін белгіленген орындарда қолдануға;
3) ауыл шаруашылығы алқаптары мен басқа да алқаптарда жер бетінде дәріленген тұқымдарды топырақпен жаппай және жабайы жануарлардың қоректенуі үшін қолжетімді жерде қалдыруға тыйым салынады.
9. Балықтарды және басқа да су жануарларын олардың мекендеу ортасын пестицидтермен, улы химикаттармен және басқа да химиялық препараттармен ластанудан қорғау мақсатында балық шаруашылығы су айдындарының және (немесе) учаскелерінің қазіргі бар жағалауларынан екі километр шегінде:
1) өсімдік зиянкестерімен, ауруларымен және арамшөптермен күресте авиация арқылы тозаңдату тәсілін қолдануға;
2) пестицидтерді, улы химикаттарды, минералдық тыңайтқыштар мен мұнай өнімдерін сақтауға арналған қоймаларды салуға, авиациялық-химиялық жұмыстар жүргізу үшін ұшу-қону жолақтарын салуға, сондай-ақ жер бетіндегі аппаратураны пестицидтермен, улы химикаттармен толтыру алаңдарын және қой тоғытуға арналған әуіттер орнатуға тыйым салынады.
Қазақстан Республикасының
Президенті
© 2012. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты» ШЖҚ РМК
Конституция Заң Кодекс Норматив Жарлық Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгер Қорғаушы Заң қызметі Құқық қорғау Құқықтық қөмек Заңгерлік кеңсе Азаматтық істері Қылмыстық істері Әкімшілік істері Арбитраж даулары Заңгерлік кеңес Заңгер Адвокаттық кеңсе Қазақстан Қорғаушы Заң компаниясы