Қызметтер үшін төлем тек компанияның шотына төленеді. Сізге ыңғайлы болу үшін біз Kaspi RED / CREDIT /БӨЛІП ТӨЛЕУДІ іске қостық 😎

Басты бет / Заңдар / 3-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар Сақтандыру қызметі туралы Заңы

3-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар Сақтандыру қызметі туралы Заңы

АMANAT партиясы және Заң және Құқық адвокаттық кеңсесінің серіктестігі аясында елге тегін заң көмегі көрсетілді

3-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар Сақтандыру қызметі туралы Заңы 

     Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) аджастер - функциясына сақтандыру төлемі бойынша өтінішті қарау және сақтандыру жағдайынан болған залалды бағалау кіретін сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының қызметкері;

      1-1) актуарий – уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленген актуарийлерді оқытудың ең төмен міндетті бағдарламасы бойынша емтихан тапсырған жеке тұлға;

      1-2) актуарийдің кәсіби пайымы – актуарийдің кәсіби даярлығына, біліміне және актуарлық қызметті жүзеге асыру тәжірибесіне негізделген пайымы;

      1-3) актуарийлер бірлестігі – актуарийлердің ерікті мүшелігіне негізделген, өз мүшелерінің мүдделерін қамтамасыз ету және қорғау, кәсіби қызметіне жағдай жасау және өзге де функцияларды орындау үшін құрылған өзін-өзі реттейтін ұйым;

      1-4) андеррайтер – функциясына сақтандыруға қабылданатын сақтандыру тәуекелдерін бағалау және сақтандыру (қайта сақтандыру) шарттарының талаптарын айқындау кіретін сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының қызметкері;

      2) ассистанс – сақтандыру ұйымдарының, заңды тұлғалардың сақтанушы (сақтандырылушы, пайда алушы) саяхатта не тұрғылықты жерінен алыста жүрген уақытта қиын жағдайға душар болғанда сақтандыру жағдайының басталуы салдарынан оған техникалық, медициналық жәрдемдесу арқылы ақшалай және (немесе) табиғи-заттай нысанда көмек көрсетуі;

   3) бақылау – мынадай шарттардың бірі: 

      бір тұлға дауыс беретін акциялардың, қатысу үлестерінің, пайлардың не заңды тұлғаға немесе заңды тұлға болып табылмайтын ұйымға үлестік қатысудың басқа да нысандарының елу пайыздан астамын тікелей және (немесе) жанама иеленген және (немесе) пайдаланған және (немесе) оларға билік еткен; 

      бір тұлғаның заңды тұлғаның немесе заңды тұлға болып табылмайтын ұйымның басқару органы немесе атқарушы органы құрамының кемінде жартысын тікелей немесе жанама сайлау мүмкіндігі болған; 

      Қазақстан Республикасының жобалық қаржыландыру және секьюритилендіру туралы заңнамасына сәйкес құрылған арнаулы қаржы компаниясының немесе заңды тұлға болып табылмайтын ұйымның қаржылық есептілігін қоспағанда, заңды тұлғаның қаржылық есептілігін аудиторлық есепке сәйкес басқа заңды тұлғаның немесе заңды тұлға болып табылмайтын ұйымның қаржылық есептілігіне қосқан; 

      шартқа (растайтын құжаттарға) орай немесе уәкілетті орган белгілеген жағдайларда өзгеше түрде заңды тұлғаның немесе заңды тұлға болып табылмайтын ұйымның шешімдерін бір тұлғаның өз бетінше не бір немесе бірнеше тұлға бірлесіп айқындау мүмкіндігі болған кезде туындайтын, заңды тұлғаның немесе заңды тұлға болып табылмайтын ұйымның шешімдерін айқындау мүмкіндігі; 

      4) бас ұйым – басқа заңды тұлғаға немесе заңды тұлға болып табылмайтын басқа ұйымға бақылауды жүзеге асыратын заңды тұлға (заңды тұлға болып табылмайтын ұйым);

4-1) деректер витринасы – уәкілетті органның талаптарына сәйкес ұйымдастырылған және жаңартылатын, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының, Қазақстан Республикасының бейрезидент сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы филиалының қызметін қадағалау және (немесе) есептілікті ұсыну жөніндегі талаптарды орындау мақсатында сақтауға және уәкілетті органға белгіленген форматта беруге арналған сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының, Қазақстан Республикасының бейрезидент сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы филиалының құрылымдалған деректер жинағы;

     5) еншілес ұйым – өзіне қатысты басқа заңды тұлға немесе заңды тұлға болып табылмайтын ұйым бақылауды жүзеге асыратын заңды тұлға (заңды тұлға болып табылмайтын ұйым); 

      6) жанама иелену – заңды тұлғаның немесе заңды тұлға болып табылмайтын ұйымның, заңды тұлғаның немесе заңды тұлға болып табылмайтын ұйымның ірі қатысушысының және (немесе) заңды тұлғаның немесе заңды тұлға болып табылмайтын ұйымның бірлесіп ірі қатысушысы болып табылатын тұлғалардың шешіміне дауыс беретін акцияларды, қатысу үлестерін, пайларды не заңды тұлғаға немесе заңды тұлға болып табылмайтын ұйымға үлестік қатысудың басқа да нысандарын иелену арқылы ықпал ету мүмкіндігі; 

      7) заңды тұлға болып табылмайтын ұйым – шет мемлекеттің заңнамасына сәйкес құрылған (тіркелген), олардың шет мемлекетте заңды тұлға мәртебесіне ие болуына не болмауына қарамастан, дербес ұйымдық-құқықтық нысандар ретінде қаралатын қор, серіктестік, траст, компания, әріптестік, ұйым немесе басқа да корпоративтік құрылым;

      7-1) исламдық сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы – Қазақстан Республикасының сақтандыру ісі және сақтандыру қызметі туралы заңнамасында белгіленген ерекшеліктерді ескере отырып, уәкілетті органның тиісті лицензиясы негізінде исламдық сақтандыру қызметін жүзеге асыратын сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы;

7-2) капиталға жанама қатысу – заңды тұлғаның немесе заңды тұлға болып табылмайтын ұйымның, заңды тұлғаның немесе заңды тұлға болып табылмайтын ұйымның ірі қатысушысының және (немесе) заңды тұлғаның немесе заңды тұлға болып табылмайтын ұйымның бірлесіп ірі қатысушысы болып табылатын тұлғалардың шешімдерін дауыс беретін акцияларды, қатысу үлестерін, пайларды не басқа заңды тұлғаға немесе заңды тұлға болып табылмайтын басқа ұйымға үлестік қатысудың басқа да нысандарын иелену және (немесе) пайдалану және (немесе) оларға билік ету арқылы айқындау мүмкіндігі;

      8) капиталға қомақты қатысу – дауыс беретін (артықшылықты акцияларды шегере отырып) акциялардың (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) жиырма және одан да көп процентін тікелей немесе жанама, дербес немесе, бір немесе бірнеше тұлғамен бірлесіп иелену не акциялардың жиырма және одан да көп процентімен дауыс беру мүмкіндігінің болуы; -Алынып тасталды Қазақстан Республикасының Заңымен 2026 жылғы 16 қаңтардағы № 259-VIII ҚРЗ 

      8-1) Қазақстан Республикасы бейрезидент-сақтандыру брокерінің филиалы – Қазақстан Республикасы бейрезидент-сақтандыру брокерінің Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан және уәкілетті органның лицензиясы негізінде сақтандыру брокерінің қызметін жүзеге асыратын, заңды тұлға болып табылмайтын оқшауланған бөлімшесі;

      8-2) Қазақстан Республикасы бейрезидент-сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының филиалы – Қазақстан Республикасы бейрезидент-сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан және уәкілетті органның лицензиясы негізінде сақтандыру қызметін (қайта сақтандыру қызметін) жүзеге асыратын, заңды тұлға болып табылмайтын оқшауланған бөлімшесі;

      9) қайта сақтандыру – өздерінің арасында жасалған қайта сақтандыру шартына сәйкес бір жағынан қайта сақтанушының сақтандыру тәуекелдерінің бәрін немесе бір бөлігін қайта сақтандыруға беруіне және екінші жағынан осы тәуекелдерді қайта сақтандыру ұйымының қабылдауына байланысты туындайтын қызмет және соған байланысты қатынастар;

      10) қайта сақтандыру ұйымы (қайта сақтандырушы) – уәкілетті органның тиісті лицензиясы негізінде қайта сақтандыру шарттарын жасасу және орындау жөніндегі қызметті жүзеге асыратын заңды тұлға;

      11) қайта сақтанушы (цедент) – өзі қабылдаған сақтандыру тәуекелдерін қайта сақтандыруға беруді жүзеге асыратын сақтандыру немесе қайта сақтандыру ұйымы;

11-1) құқықтарды (талаптарды) сенімгерлік басқару шарты – сервистік компания мен "Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 63-бабының 1-тармағында аталған тұлға немесе "Микроқаржылық қызмет туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 9-1-бабы 5-тармағының бірінші бөлігінде аталған тұлға немесе сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы арасында жасалған, банктік қарыз шарты, микрокредит беру туралы шарт бойынша құқықтарды (талаптарды) сенімгерлік басқару шарты;

     12) мінсіз іскерлік бедел – адамның, оның ішінде: 

      аталған адамның қаржы ұйымын мәжбүрлеп таратуға алып келген төлем қабілетсіздігіне не банкке реттеу режимін қолдануға алып келген құқыққа қайшы әрекеттерді (әрекетсіздікті) жасау; 

      аталған адамның алынбаған немесе жойылмаған сотталғандығы, оның ішінде адамға қаржы ұйымының, банк және (немесе) сақтандыру холдингтерінің басшы қызметкері лауазымын атқару және қаржы ұйымының ірі қатысушысы (ірі акционері) болу құқығынан өмір бойына айыру түрінде қылмыстық жаза қолдану туралы заңды күшіне енген сот актісінің болуы; 

      қаржы мониторингі жөніндегі уәкілетті органның мәліметтері негізінде әрекеттері қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға), терроризмді қаржыландыруға және жаппай қырып-жою қаруын таратуды қаржыландыруға ықпал еткен үшінші тұлғалармен қарым-қатынасының (үшінші тұлғалардың бақылауы мен ықпалының) болуы фактілерінің жоқтығымен расталатын кәсіпқойлығы мен адалдығы;

      13) ортақ сақтандыру (бірлескен қайта сақтандыру) – бiр мезгiлде бiрнеше сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымымен ортақ сақтандыру (бірлескен қайта сақтандыру) шарты бойынша сақтандыру тәуекелдерiн өздерінің арасында жасалған бірлескен қызмет туралы шартқа сәйкес жауапкершіліктерін бөле отырып қабылдауына байланысты туындайтын қызмет және соған байланысты қатынастар;

      13-1) ортақ сақтандыру (бірлескен қайта сақтандыру) шарты – сақтандыру (қайта сақтандыру) пулына қатысушылардың бірлескен қызметі туралы шарт шеңберінде сақтандыру (қайта сақтандыру) пулына қатысушылар мен сақтанушы (цедент) арасында жасалатын сақтандыру (қайта сақтандыру) шарты;

      14) өздігінен ұстап қалу – жауаптылық көлемінің бір бөлігі, соның шегінде сақтандырушы немесе қайта сақтанушы (цедент) сақтандыру немесе қайта сақтандыру шартына сәйкес өз есебінен жауапты болады;

      15) пруденциялық нормативтер – уәкілетті орган белгілейтін және сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының сақтауы үшін міндетті нормативтер;

      16) сақтандыру агенті – сақтандыру агенттерінің тізіліміне енген және тапсырыс шарты негізінде бір немесе бірнеше сақтандыру ұйымдарының атынан және олардың тапсыруымен сақтандыру шарттарын жасасу жөніндегі делдалдық қызметті жүзеге асыратын жеке немесе заңды тұлға, Қазақстан Республикасының бейрезидент – банкінің филиалы;

      17) сақтандыру брокерi – сақтанушының тапсырмасы бойынша сақтандырушымен сақтандыру шарттарын жасасуға және орындауға байланысты қатынастарда сақтанушының атынан өкiлдiк ететiн немесе сақтанушының тапсырмасы бойынша сақтандыру шарттарын және (немесе) қайта сақтанушының (цеденттің) тапсырмасы бойынша қайта сақтандыру шарттарын жасасу бойынша өз атынан делдалдық қызметті жүзеге асыратын заңды тұлға;

      18) сақтандыру ережелері – сақтандыру ұйымының белгілі бір сақтандыру түрі бойынша сақтандыруды жүзеге асыру талаптарын айқындайтын құжаты;

      18-1) сақтандыру есебі - дерекқорда бар ақпаратты толық немесе ішінара беру нысаны;

      18-2) сақтандыру жөніндегі бірыңғай дерекқор (бұдан әрі - дерекқор) – сақтандырушы, сақтанушы, сақтандырылушы және пайда алушы туралы ақпараттың жиынтығы (оның ішінде электрондық нысанда);

      18-3) сақтандыру (қайта сақтандыру) пулы – қатысушылары арасында немесе қатысушылары мен сақтандыру брокері арасында белгілі бір мерзімге жасалған бірлескен қызмет туралы шарт негізінде сақтандырудың жекелеген сыныбы, түрі немесе белгілі бір сақтандыру тәуекелі бойынша сақтандыру қызметін бірлесіп жүзеге асыратын сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының бірлестігі;

      19) сақтандыру қызметінің субъектілері – сақтандыру және қайта сақтандыру ұйымдары;

      20) сақтандыру нарығына кәсіби қатысушылар – өз қызметін уәкілетті органның тиісті лицензиялары негізінде жүзеге асыратын сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы, сақтандыру брокері, Қазақстан Республикасы бейрезидент-сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының филиалы, Қазақстан Республикасы бейрезидент-сақтандыру брокерінің филиалы, актуарий;

      21) алып тасталды – ҚР 02.07.2018 № 166-VІ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      22) сақтандыру портфелі – сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының сақтанушылар (сақтандырылушылар, пайда алушылар, қайта сақтандырылушылар) алдында міндеттемелері болатын не міндеттемелері туындауының ықтималдығы бар, сақтандыру (қайта сақтандыру) шарттары бойынша, оның ішінде қолданылу мерзімдері өткен сақтандыру (қайта сақтандыру) шарттары бойынша қабылданған тәуекелдер бойынша сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының жиынтық міндеттемелері;

      23) сақтандыру резервтері – сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының сақтандыру (қайта сақтандыру) шарттары бойынша актуарий есептеулері негізінде бағаланатын міндеттемелері;

      23-1) сақтандыру тәуекелі – сақтандыру жағдайының басталу ықтималдылығы;

      23-2) сақтандыру тобы – банк конгломераты болып табылмайтын, сақтандыру холдингінен (болған кезде) және сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымынан, сондай-ақ сақтандыру холдингінің еншілес ұйымдарынан және (немесе) сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының еншілес ұйымдарынан және (немесе) сақтандыру холдингі және (немесе) оның еншілес ұйымдары және (немесе) сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы капиталына қомақты қатысатын ұйымдардан тұратын заңды тұлғалар және заңды тұлғалар болып табылмайтын ұйымдар тобы. 

      Сақтандыру тобының құрамына ұлттық басқарушы холдинг, Қазақстан Республикасының бейрезидент сақтандыру холдингі, сондай-ақ Қазақстан Республикасының бейрезидент сақтандыру холдингі капиталына қомақты қатысатын, Қазақстан Республикасының бейрезиденттері болып табылатын еншілес ұйымдар мен ұйымдар кірмейді;

      24) сақтандыру ұйымы (сақтандырушы) – сақтандыру шарттарын жасасу және орындау қызметін уәкілетті органның тиісті лицензиясы негізінде жүзеге асыратын заңды тұлға;

      25) сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының акцияларын жанама иелену (олармен дауыс беру) – сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы ірі қатысушысының, сақтандыру холдингінің немесе заңды тұлғалардың акцияларын (жарғылық капиталына қатысу үлестерін) иелену арқылы сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының бірлескен ірі қатысушысы, сақтандыру холдингі болып табылатын тұлғалардың шешімдерін айқындау мүмкіндігі;  -Алынып тасталды Қазақстан Республикасының Заңымен 2026 жылғы 16 қаңтардағы № 259-VIII ҚРЗ 

      25-1) сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының, сақтандыру брокерлерінің бірлестігі - өз мүшелерінің мүддесін қорғауды қамтамасыз ету және олардың кәсіби қызметін үйлестіру үшін қауымдастық (одақ) нысанында құрылған коммерциялық емес ұйым;

     26) сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының ірі қатысушысы – уәкілетті органның жазбаша келісіміне сәйкес: 

      жиынтығында сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының дауыс беретін акцияларының он немесе одан көп пайызын, оның ішінде Қазақстан Республикасының немесе шет мемлекеттің заңнамасына сәйкес шығарылған, базалық активі сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының дауыс беретін акциялары болып табылатын туынды бағалы қағаздар арқылы тікелей және (немесе) жанама иеленуге, пайдалануға және оларға билік етуге; 

      шартқа (растайтын құжаттарға) орай не уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде көзделген жағдайларда өзгеше түрде сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының дауыс беретін акцияларының он немесе одан көп пайызымен сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы қабылдайтын шешімдерге тікелей және (немесе) жанама ықпал етуге (дауыс беруге) құқылы жеке немесе заңды тұлға.  

      Мыналар сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының ірі қатысушысы деп танылмайды: 

      Қазақстан Республикасының Үкіметі; 

      ұлттық басқарушы холдинг; 

      сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының дауыс беретін акцияларын және (немесе) Қазақстан Республикасының немесе шет мемлекеттің заңнамасына сәйкес шығарылған, базалық активі сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының дауыс беретін акциялары болып табылатын туынды бағалы қағаздарды зейнетақы активтерінің есебінен иеленетін бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры, инвестициялық портфельді басқарушы; 

      сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының дауыс беретін акцияларын және (немесе) Қазақстан Республикасының немесе шет мемлекеттің заңнамасына сәйкес шығарылған, базалық активі сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының дауыс беретін акциялары болып табылатын туынды бағалы қағаздарды номиналды ұстаушының функцияларын жүзеге асыратын тұлға, сондай-ақ көрсетілген туынды бағалы қағаздардың эмитенті; 

      сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы қабылдайтын шешімдерге ықпал ету мүмкіндігінсіз сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының акциялары бойынша дивидендтер және (немесе) өзге де кіріс алуға ғана құқығы бар тұлға; 

      "Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын мемлекеттік реттеу, бақылау және қадағалау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 9-5-бабының 19-тармағында аталған өзге де тұлғалар; 

    26-1) сақтандыру холдингі – уәкілетті органның жазбаша келісіміне сәйкес: 

      жиынтығында сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының дауыс беретін акцияларының жиырма бес немесе одан көп пайызын, оның ішінде Қазақстан Республикасының немесе шет мемлекеттің заңнамасына сәйкес шығарылған, базалық активі сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының дауыс беретін акциялары болып табылатын туынды бағалы қағаздар арқылы тікелей және (немесе) жанама иеленуге, пайдалануға және оларға билік етуге; 

      шартқа (растайтын құжаттарға) орай не уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде көзделген жағдайларда өзгеше түрде сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының дауыс беретін акцияларының жиырма бес немесе одан көп пайызымен сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы қабылдайтын шешімдерге тікелей және (немесе) жанама ықпал етуге (дауыс беруге) құқылы заңды тұлға. 

      Мыналар сақтандыру холдингі болып танылмайды: 

      Қазақстан Республикасының Үкіметі; 

      ұлттық басқарушы холдинг; 

      сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының дауыс беретін акцияларын және (немесе) Қазақстан Республикасының немесе шет мемлекеттің заңнамасына сәйкес шығарылған, базалық активі сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының дауыс беретін акциялары болып табылатын туынды бағалы қағаздарды зейнетақы активтерінің есебінен иеленетін бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры, инвестициялық портфельді басқарушы; 

      сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының дауыс беретін акцияларын және (немесе) Қазақстан Республикасының немесе шет мемлекеттің заңнамасына сәйкес шығарылған, базалық активі сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының дауыс беретін акциялары болып табылатын туынды бағалы қағаздарды номиналды ұстаушының функцияларын жүзеге асыратын тұлға, сондай-ақ көрсетілген туынды бағалы қағаздардың эмитенті; 

      сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы қабылдайтын шешімдерге ықпал ету мүмкіндігінсіз сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының акциялары бойынша дивидендтер және (немесе) өзге де кіріс алуға ғана құқығы бар тұлға; 

"Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын мемлекеттік реттеу, бақылау және қадағалау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 9-5-бабының 19-тармағында аталған өзге де тұлғалар;

      27) сатып алу сомасы – жинақтаушы сақтандыру шартының қолданылу мерзімінен бұрын тоқтатылған кезде сақтанушының алуына құқығы бар ақша сомасы;

27-1) сервистік компания – құқықтарды (талаптарды) сенімгерлік басқару шарты шеңберінде банктік қарыз шарты, микрокредит беру туралы шарт бойынша, құқықтарды (талаптарды) сенімгерлік басқару бойынша, оның ішінде: 

      банктік қарыз шартының, микрокредит беру туралы шарттың талаптарын өзгертуге; 

      өзімен құқықтарды (талаптарды) сенімгерлік басқару шарты жасалған тұлғаның мүдделерін сотта білдіруге; 

      борышкерден ақшаны және (немесе) өзге де мүлікті қабылдауға; 

      Қазақстан Республикасының заңдарында және (немесе) құқықтарды (талаптарды) сенімгерлік басқару шартында көзделген өзге де өкілеттіктерге қатысты өкілеттіктерге ие стрестік активтерді басқару жөніндегі ұйым, коллекторлық агенттік;

      28) сюрвейер - функциясына сақтандыруға қабылданатын сақтандыру объектісін алдын ала тексеріп қарау мен бағалау кіретін сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының қызметкері не ақылы қызмет көрсету шартына сәйкес сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымына қызмет көрсететін заңды тұлға;

      29) тәуелсіз актуарий – осы Заңның талаптарына сай келетін және актуарийдің есеп-қисаптарына бағалау жүргізу үшін тартылатын жеке тұлға;

      29-1) үлестес тұлғалар – шешімді тікелей және (немесе) жанама түрде айқындауға және (немесе) бір-бірінің (тұлғалардың бірінің) қабылдайтын шешімдеріне, оның ішінде жасалған мәмілеге орай әсер етуге мүмкіндігі бар жеке немесе заңды тұлғалар (өздеріне берілген өкілеттіктер шеңберінде бақылау және қадағалау функцияларын жүзеге асыратын мемлекеттік органдарды және ұлттық басқарушы холдингті, сондай-ақ дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) жүз пайызы осындай ұлттық басқарушы холдингке тиесілі заңды тұлғаларды қоспағанда). Ұлттық басқарушы холдинг ірі акционері болып табылатын сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының үлестес тұлғаларына:

      сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының ірі акционері болып табылатын ұлттық басқарушы холдинг;

      дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) жүз пайызы көрсетілген ұлттық басқарушы холдингке тиесілі заңды тұлғалар;

      көрсетілген ұлттық басқарушы холдингтің және дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталына қатысу үлестерінің) жүз пайызы осындай ұлттық басқарушы холдингке тиесілі заңды тұлғалардың лауазымды адамдары жатпайды.

29-2) ұйымның капиталына қомақты қатысу – шартқа (растайтын құжаттарға) орай немесе уәкілетті орган белгілеген жағдайларда өзгеше түрде дауыс беретін акциялардың, қатысу үлестерінің, пайлардың не заңды тұлғаға немесе заңды тұлға болып табылмайтын ұйымға үлестік қатысудың басқа нысандарының жиырма және одан көп пайызын өз бетінше не бір немесе бірнеше тұлғамен бірлесіп тікелей және (немесе) жанама иелену және (немесе) пайдалану және (немесе) оларға билік ету. 

      Мыналар ұйымның капиталына қомақты қатысуы бар тұлға болып танылмайды: 

      Қазақстан Республикасының Үкіметі; 

      ұлттық басқарушы холдинг; 

      Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің еншілес ұйымдары; 

      сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының дауыс беретін акцияларын және (немесе) Қазақстан Республикасының немесе шет мемлекеттің заңнамасына сәйкес шығарылған, базалық активі сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының дауыс беретін акциялары болып табылатын туынды бағалы қағаздарды зейнетақы активтерінің есебінен иеленетін бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры, инвестициялық портфельді басқарушы; 

      осы Заңда көзделген жағдайларда өзге де тұлғалар; 

      29-3) ірі қатысушы – дауыс беретін акциялардың, қатысу үлестерінің, пайлардың не заңды тұлғаға немесе заңды тұлға болып табылмайтын ұйымға үлестік қатысудың басқа да нысандарының он немесе одан көп пайызын тікелей және (немесе) жанама иеленетін және (немесе) пайдаланатын және (немесе) оларға билік ететін жеке тұлға, заңды тұлға, заңды тұлға болып табылмайтын ұйым. 

      Мыналар заңды тұлғаның немесе заңды тұлға болып табылмайтын ұйымның ірі қатысушысы болып танылмайды: 

      Қазақстан Республикасының Үкіметі; 

      ұлттық басқарушы холдинг; 

      Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің еншілес ұйымдары; 

      сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының дауыс беретін акцияларын және (немесе) Қазақстан Республикасының немесе шет мемлекеттің заңнамасына сәйкес шығарылған, базалық активі сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының дауыс беретін акциялары болып табылатын туынды бағалы қағаздарды зейнетақы активтерінің есебінен иеленетін бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры, инвестициялық портфельді басқарушы;

 

 

Қазақстан Республикасының 2000 жылғы 18 желтоқсандағы N 126 Заңы. 

Қазақстан Республикасының  

Президенті  

© 2012. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты» ШЖҚ РМК  

 

 Конституция Заң Кодекс Норматив Жарлық Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгер Қорғаушы Заң қызметі Құқық қорғау Құқықтық қөмек Заңгерлік кеңсе Азаматтық істері Қылмыстық істері Әкімшілік істері Арбитраж даулары Заңгерлік кеңес Заңгер Адвокаттық кеңсе Қазақстан Қорғаушы  Заң компаниясы