30-бап. Сот судьясының, төрағасының, сот алқасы төрағасының лауазымына кандидаттарды іріктеу Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы Конституциялық заңы
1. Судья лауазымына кандидаттарға шығу тегіне, әлеуметтік және мүліктік жағдайына, қай нәсілге және ұлтқа жататынына, жынысына, саяси көзқарасына, діни нанымына және өзге де мән-жайларға қарамастан, лауазымға орналасуға тең құқық қамтамасыз етіледі.
2. Аудандық сот судьясының, облыстық соттың сот алқасы төрағасының және судьясының, кассациялық сот судьясының, Жоғарғы Сот судьясының бос лауазымдарына кандидаттарды іріктеуді Жоғары Сот Кеңесі бос лауазымдарға орналасуға өтініш берген және осы Конституциялық заңның 29-бабының талаптарына сай келетін адамдар қатарынан конкурстық негізде жүзеге асырады.
Жоғарғы Соттың ұсынысы бойынша тізбесін Жоғары Сот Кеңесі бекітетін, құқықтың жекелеген салаларында мамандар болып табылатын, кассациялық, облыстық сот судьясының бос лауазымына орналасуға үміткер адамдар үшін жеке конкурс өткізілуі мүмкін. Мұндай жеке конкурстық іріктеудің тәртібін Жоғары Сот Кеңесі айқындайды.
Шалғай жерде орналасқан соттың судьясы лауазымына конкурс өтпеді деп танылған жағдайда, Жоғары Сот Кеңесі осы сот судьясының бос лауазымына Жоғарғы Сотпен келісу бойынша Жоғары Сот Кеңесі бекіткен сыныптау шәкілін негізге ала отырып, Жоғары Сот Кеңесі жанындағы Сот төрелігі академиясында оқуды бітірген және біліктілік емтиханын тапсырған адамды ұсына алады.
2-1. Аудандық сот төрағасының бос лауазымына кандидаттарды іріктеуді Жоғары Сот Кеңесі облыстық соттың кеңейтілген жалпы отырысы сайлаған адамдар қатарынан жүзеге асырады.
3. Облыстық соттар, кассациялық соттар төрағаларының, Жоғарғы Соттың сот алқалары төрағаларының бос лауазымдарына кандидатураларды Жоғарғы Соттың жалпы отырысы оларды қарағаннан кейін Жоғарғы Сот Төрағасының енгізген ұсынуы бойынша Жоғары Сот Кеңесі баламалы негізде қарайды.
4. Аудандық сот төрағасының бос лауазымына кандидатуралар жұмыс істеп жүрген судьялар немесе судья лауазымында кемiнде бес жыл жұмыс өтілі бар адамдар арасынан ұсынылады.
Шалғай жерде орналасқан соттарда немесе штат саны үш бірліктен аспайтын соттарда кемінде бес жыл жұмыс істеген судьялар аудандық соттарда тең дәрежелі лауазымдарға кандидаттарды іріктеу кезінде өзге жағдайлары тең болса, басымдыққа ие болады.
Облыстық сот төрағасының және сот алқалары төрағаларының бос лауазымдарына кандидатуралар, әдетте, облыстық соттың судьялары немесе судья лауазымында кемiнде он жыл жұмыс өтілі бар адамдар арасынан ұсыным жасалады.
Кассациялық соттардың төрағалары бос лауазымдарына кандидатуралар, әдетте, кассациялық сот судьялары немесе судья лауазымында кемінде он жыл жұмыс өтілі, оның ішінде облыстық сотта кемінде бес жыл судьялық жұмыс өтілі бар адамдар арасынан ұсынылады.
Бұл ретте аудандық сот төрағасының, облыстық сот төрағасының, сот алқалары төрағаларының және судьяларының, кассациялық сот судьясының және төрағасының, Жоғарғы Сот судьясының және сот алқалары төрағаларының лауазымдарына кандидаттарды іріктеу кезінде кадр резервінде тұрған адамдарға басымдық беріледі.
Аудандық сот төрағасының, облыстық сот төрағасының және сот алқалары төрағаларының, кассациялық сот төрағасының, Жоғарғы Соттың сот алқалары төрағаларының лауазымдарына кандидаттарды іріктеу кезінде осы баптың 4-тармағының үшінші бөлігінде көрсетілген өлшемшартқа қосымша ұйымдастырушылық қабілеттері де ескеріледі.
Жоғарғы Соттың сот алқасы төрағасының лауазымына кандидат Жоғарғы Сот судьялары арасынан ұсынылады.
Жоғары Сот Кеңесі жергілікті және басқа да соттар төрағаларының, сот алқалары төрағаларының, Жоғарғы Соттың сот алқалары төрағаларының бос лауазымдарына кандидаттарды лауазымдарға тағайындау үшін Қазақстан Республикасының Президентіне ұсыным жасайды.
Жоғарғы Сот Төрағасының лауазымына кандидатураны Жоғары Сот Кеңесі қарайды.
Қазақстан Республикасының Президенті Жоғарғы Сот судьясының лауазымына кандидатты сайлау туралы ұсынуды конкурстан тыс тәртіппен енгізуге құқылы.
Жоғары Сот Кеңесі Жоғарғы Сот Төрағасының, судьясының бос лауазымдарына кандидаттарды Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенатына ұсыну үшін Қазақстан Республикасының Президентіне ұсыным жасайды.
Жоғарғы Сот судьясы лауазымына кандидатураларды, осы тармақтың тоғызыншы бөлігінде көзделген жағдайларды қоспағанда, Қазақстан Республикасының Президенті Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенатына баламалы негізде енгізеді.
Қазақстан Республикасының 2000 жылғы 25 желтоқсандағы № 132 Конституциялық заңы.
Қазақстан Республикасының
Президенті
Конституция Заң Кодекс Норматив Жарлық Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгер Қорғаушы Заң қызметі Құқық қорғау Құқықтық қөмек Заңгерлік кеңсе Азаматтық істері Қылмыстық істері Әкімшілік істері Арбитраж даулары Заңгерлік кеңес Заңгер Адвокаттық кеңсе Қазақстан Қорғаушы Заң компаниясы