32-бап. Жер пайдалану құқығын табыстау Жер кодексі Қазақстан Республикасының
1. Жер пайдалану құқығын табыстау тұлғаға жер пайдалану құқығын тiкелей мемлекеттiң беретiнiн бiлдiредi.
2. Азаматтарға және заңды тұлғаларға жер пайдалану құқығын табыстау облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органының шешімі негізінде жер учаскесіне құқық табыстау жөніндегі құзыретке сәйкес жүргізіледі.
3. Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жер қатынастары жөніндегі уәкілетті органы өз құзыреті шегінде жер пайдаланушыларға уақытша жер пайдалану құқығын табыстаған кезде Қазақстан Республикасы Үкіметінің немесе жергілікті атқарушы органның уақытша жер пайдалану құқығын табыстау туралы тиісті шешімі негізінде осындай жер пайдаланушылармен жер учаскесiн жалға беру шарттары немесе уақытша өтеусiз жер пайдалану шарттары жасалады.
Мемлекеттік әлеуметтік объектілер (мемлекеттік жалпы білім беретін мектептер мен мектепке дейінгі ұйымдар, ауруханалар мен емханалар) салу үшін алып қойылған жер учаскелерінде уақытша өтеусіз жер пайдалану құқығын мемлекеттік емес жер пайдаланушыларға беру туралы шарт жасасу үшін оларды, оның ішінде жер учаскелерін сәйкестендіру сипаттамаларын өзгертпей, "Алматы қаласының ерекше мәртебесі туралы, "Қазақстан Республикасы астанасының мәртебесі туралы" және "Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы" Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жергілікті атқарушы органның коммуналдық меншігіне одан әрі өтеусіз беру негізгі талап болып табылады.
4. Егер жер учаскесi жер қойнауын пайдалануға арналған рұқсатты, лицензияны немесе жер қойнауын пайдалануға арналған келiсiмшарт жасасуды талап ететiн қызметтi жүзеге асыруға немесе iс-қимылдар жасауға арналса, онда осы учаскеге жер пайдалану құқығын беру тиiстi жер қойнауын пайдалануға арналған рұқсат, лицензия алғаннан немесе жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт жасалғаннан кейін жүргізіледі.
Осы қағида Қазақстан Республикасының тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы заңнамалық актісіне сәйкес үлескерлердің ақшасын тарту есебінен тұрғын үйлер (тұрғын ғимараттар) құрылысын ұйымдастыру жөніндегі қызметті жүзеге асыру үшін құрылыс салушыға және (немесе) уәкілетті компанияға жер учаскесі құқығын беру жағдайларына қолданылмайды.
Құзыретті орган жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттың қолданылуын мерзімінен бұрын тоқтатқан кезде жер учаскесіне құқық белгілейтін құжаттар "Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы" Қазақстан Республикасының Кодексіне сәйкес құзыретті орган ұлттық компаниямен жасасатын жер қойнауы учаскесін сенімгерлік басқару шарты негізінде сенімгерлік басқарушыға қайта ресімделеді.
Пайдалы қатты қазбаларды өндіруге, жер қойнауы кеңістігін пайдалануға немесе кен іздеушілікке арналған лицензияның болуы, көмірсутектерді өндіруге арналған келісімшартты немесе өндіру учаскесінің және өндіру кезеңінің не дайындық кезеңінің бекітіп берілуі көзделетін көмірсутектерді барлау мен өндіруге арналған келісімшартқа толықтыруды немесе осы тармақтың үшінші бөлігінде көрсетілген жер қойнауы учаскесін сенімгерлік басқару шартын жасасу осы Кодексте көзделген тәртіппен жер учаскесін дереу беру үшін негіз болып табылады.
Жер кодексі Орман кодексі Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кәсіпкерлік Кодексі Еңбек Кодексі Экология Әлеуметтік Азаматтық Қылмыстық-процестік Қылмыстық Қылмыстық кодекске түсініктеме (комментарий) Жоғарғы Соттың нормативтік қаулысы, Қазақстан Республикасы