320-бап. Қазақстан Республикасының тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы заңнамалық актісінің және Қазақстан Республикасының тұрғын үй заңнамасының талаптарын бұзу Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Қазақстан Республикасының Кодексі
1. Құрылыс салушының, уәкілетті компанияның Қазақстан Республикасының тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы заңнамалық актісінің талаптарын, оның ішінде ашылуға жататын ақпараттың мазмұнына, сондай-ақ оны тарату тәртібіне қойылатын талаптарды бұзуы не құрылыс салушының, уәкілетті компанияның дәл емес, толық емес немесе анық емес ақпаратты таратуы – заңды тұлғаларға үш жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға алып келеді.
2. Құрылыс салушының, уәкілетті компанияның республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органына Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген мәліметтер мен есептілікті ұсынбауы не олардың анық емес мәліметтер мен есептілікті, сол сияқты инжинирингтік компанияның көппәтерлі тұрғын үй құрылысының барысына мониторинг жүргізу нәтижелері туралы анық емес немесе толық емес есепті ұсынуы – заңды тұлғаларға үш жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға алып келеді.
3. Осы баптың бірінші және екінші бөліктерінде көзделген, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасаған әрекеттер (әрекетсіздік), сол сияқты осы баптың бірінші және екінші бөліктерінде көзделген, әкімшілік жауаптылыққа тартуға алып келген бұзушылықтарды жоймау – үлескерлер ақшасын тартуға рұқсаттың қолданылуын үш айға дейінгі мерзімге тоқтата тұруға алып келеді.
4. Көппәтерлі тұрғын үй мүлкінің меншік иелері бірлестігі төрағасының, пәтерлердің, тұрғын емес үй-жайлардың меншік иелері кондоминиум объектісін басқарудың тікелей бірлесіп басқару түріндегі нысанын таңдаған кезде кондоминиум объектісін басқару субъектілерінің Қазақстан Республикасының тұрғын үй заңнамасында көзделген жағдайларда екінші деңгейдегі банктерде кондоминиум объектісін басқаруға арналған ағымдағы шотты және (немесе) кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеуге ақша жинақтауға арналған жинақ шотын ашу мерзімдерін бұзуы –
елу айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға алып келеді.
5. Көппәтерлі тұрғын үй мүлкінің меншік иелері бірлестігі төрағасының, кондоминиум объектісін басқару субъектілерінің кондоминиум объектісін басқару бойынша ай сайынғы және жылдық есептерді ұсынудың Қазақстан Республикасының тұрғын үй заңнамасында көзделген мерзімдерін бұзуы –
елу айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға алып келеді.
6. Осы баптың төртінші және бесінші бөлiктерiнде көзделген, әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бiр жыл iшiнде қайталап жасалған әрекеттер (әрекетсіздік)
бір жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға алып келеді.
7. Көппәтерлі тұрғын үйді салуды немесе реконструкциялауды жүзеге асыратын тапсырыс берушінің (құрылыс салушының) құжаттарды тұрғын үй инспекциясына немесе пәтерлердің, тұрғын емес үй-жайлардың меншік иелері кондоминиум объектісін басқару нысанын немесе пәтерлердің, тұрғын емес үй-жайлардың меншік иелері кондоминиум объектісін басқарудың тікелей бірлесіп басқару түріндегі нысанын таңдаған кезде кондоминиум объектісін басқару субъектісін таңдағаннан кейін қағаз және (немесе) электрондық жеткізгіштерде қабылдау-беру актісі бойынша ұсынудың Қазақстан Республикасының тұрғын үй заңнамасында көзделген мерзімдерін бұзуы –
жеке тұлғаларға – бір жүз, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – бір жүз жиырма, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – бір жүз елу, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне екі жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға алып келеді.
8. Көппәтерлі тұрғын үй мүлкінің меншік иелері бірлестігі төрағасының, пәтерлердің, тұрғын емес үй-жайлардың меншік иелері кондоминиум объектісін басқарудың тікелей бірлесіп басқару түріндегі нысанын таңдаған кезде кондоминиум объектісін басқару субъектісінің кондоминиум объектісін басқару нысандары немесе кондоминиум объектісін басқару субъектісі ауысқан немесе кондоминиум объектісін басқару жөніндегі өз қызметін тоқтатқан кезде құжаттаманы және өзге де техникалық құралдар мен жабдықтарды қабылдау-беру актісі бойынша ұсынудың Қазақстан Республикасының тұрғын үй заңнамасында көзделген мерзімдерін бұзуы, сол сияқты қабылдау-беру актісіне қол қоюдан бас тартуы –
жеке тұлғаларға – елу, заңды тұлғаларға бір жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға алып келеді.
9. Осы баптың жетінші бөлігінде көзделген, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған әрекет (әрекетсіздік) –
жеке тұлғаларға – екі жүз, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – екі жүз қырық, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – үш жүз, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне төрт жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға алып келеді.
10. Осы баптың сегізінші бөлігінде көзделген, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған әрекеттер (әрекетсіздік) –
жеке тұлғаларға – бір жүз, заңды тұлғаларға екі жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға алып келеді.
Қазақстан Республикасының
Президенті
© 2012. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты» ШЖҚ РМК
Конституция Заң Кодекс Норматив Жарлық Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгер Қорғаушы Заң қызметі Құқық қорғау Құқықтық қөмек Заңгерлік кеңсе Азаматтық істері Қылмыстық істері Әкімшілік істері Арбитраж даулары Заңгерлік кеңес Заңгер Адвокаттық кеңсе Қазақстан Қорғаушы Заң компаниясы