Қызметтер үшін төлем тек компанияның шотына төленеді. Сізге ыңғайлы болу үшін біз Kaspi RED / CREDIT /БӨЛІП ТӨЛЕУДІ іске қостық 😎

Басты бет / Кодекстер / 34-бап. Маман Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі

34-бап. Маман Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі

АMANAT партиясы және Заң және Құқық адвокаттық кеңсесінің серіктестігі аясында елге тегін заң көмегі көрсетілді

34-бап. Маман Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі   

      1. Сот консультациялар (түсініктер) беру арқылы дәлелдемелердi жинауға, зерттеуге және бағалауға жәрдемдесу және ғылыми-техникалық құралдарды қолдануға көмек көрсету мақсатында сот отырысына немесе процестік әрекеттерге қатысу үшін арнаулы бiлiмi және (немесе) дағдылары бар, әкімшілік iстiң нәтижесіне мүдделi емес, кәмелетке толған адамды маман ретінде тартуы мүмкін.

      Сот әкімшілік процеске қатысушылардың өтінішхаты бойынша да мамандарды тартуға құқылы. Әкімшілік процеске қатысушылар соттан арнаулы білімі және (немесе) дағдылары бар нақты адамды маман ретінде тартуды өтіне алады.

      2. Маманның:

      1) әкімшілік істің зерттеу нысанасына қатысты материалдарымен танысуға;

      2) өзіне қорытынды беруге қажетті қосымша материалдарды беру туралы өтінішхатты мәлімдеуге;

      3) өзiнiң шақырылу мақсатын бiлуге;

      4) егер тиiстi арнаулы бiлiмi мен дағдылары болмаса, әкімшілік іс бойынша iс жүргiзуге қатысудан бас тартуға;

      5) әкімшілік процеске қатысушыларға соттың рұқсатымен сұрақтар қоюға; олардың назарын дәлелдемелердi жинауға, зерттеу мен бағалауға және ғылыми-техникалық құралдарды қолдануға, әкімшілік істің материалдарын зерттеуге, сараптама тағайындау үшін материалдарды дайындауға жәрдем көрсету кезіндегі өзінің әрекеттеріне байланысты мән-жайларға аударуға;

      6) өзі қатысқан процестік әрекеттің хаттамасымен, сондай-ақ тиісті бөлігінде сот отырысының хаттамасымен танысуға және хаттамаға өзі қатысқан кезде жүргізілген әрекеттердің барысы мен нәтижелерінің толық және дұрыс тіркеліп-бекітілуіне қатысты енгізілуге жататын мәлімдемелер мен ескертулер жасауға;

      7) ана тілінде немесе өзі білетін тілде қорытынды ұсынуға және консультация (түсінік) беруге; аудармашының тегін көмегін пайдалануға; аудармашыға қарсылық білдіруді мәлімдеуге;

      8) сот әрекеттерін жүргізуге қатысуына байланысты өзі шеккен шығыстардың өтемін алуға және егер әкімшілік іс бойынша іс жүргізуге қатысу өзінің лауазымдық міндеттерінің аясына кірмейтін болса, орындалған жұмысы үшін сыйақы алуға құқығы бар.

      3. Маман:

      1) сотқа білдірмей, әкімшілік іске қатысушылармен зерттеулер жүргізуге байланысты мәселелер бойынша келіссөздер жүргізуге;

      2) зерттеу материалдарын өз бетінше жинауға құқылы емес.

      4. Маман:

      1) соттың шақыруы бойынша келуге;

      2) дәлелдемелердi жинауға, зерттеуге және бағалауға жәрдем көрсету үшін арнаулы білімді, дағдылар мен ғылыми-техникалық құралдарды пайдалана отырып, процестік әрекеттерді жүргізуге және сот талқылауына қатысуға;

      3) өзі орындайтын әрекеттер бойынша түсінік беруге;

      4) әкімшілік iстiң мән-жайлары туралы мәлiметтердi және әкімшілік іске қатысуына байланысты өзiне белгiлi болған өзге де мәлiметтердi жария етпеуге;

      5) сот отырысы кезінде тәртіп сақтауға;

      6) зерттеуге ұсынылған объектілердің сақталуын қамтамасыз етуге мiндеттi.

      5. Маман көрінеу жалған қорытынды берген жағдайда, заңда белгіленген қылмыстық жауаптылықта болады.

 

Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы Экология кодексі Әлеуметтік кодекс Азаматтық кодексi Қылмыстық-процестік кодексi, Қылмыстық кодекс, Қылмыстық кодекске түсініктеме (комментарии), Жоғарғы Соттың нормативтік қаулысы, Қылмыстық заңнама, Нормативті құқықтық актілер Қазақстан Республикасы