37-бап. Ерекше реттеуге және қала құрылысын регламенттеуге жататын сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметінің объектілері Қазақстан Республикасының Құрылыс кодексі
1. Ерекше реттеу және қала құрылысын регламенттеу объектілері мынадай болып бөлінеді:
1) ерекше реттеу және қала құрылысын регламенттеу аумақтық объектілері;
2) ерекше реттеу және қала құрылысын регламенттеу елді мекендері;
3) ерекше реттеуді және қала құрылысын регламенттеуді талап ететін объектілер.
2. Ерекше реттеу және қала құрылысын регламенттеу аумақтық объектілеріне мыналар жатады:
1) экологиялық зілзала және (немесе) төтенше экологиялық жағдайлар аймақтары;
2) ерекше қорғалатын табиғи аумақтар;
3) су қорғау аймақтары мен белдеулері;
4) тарихи-мәдени мұра объектілері мен бірегей және сирек кездесетін ландшафттары бар аумақтар;
5) сауықтыру, курорттық, рекреациялық және резервтік мақсаттағы аумақтар;
6) қала маңындағы аймақтар;
7) агломерация аумақтары;
8) режимдік аумақтар аймақтары және Қазақстан Республикасының заңдарында ерекше реттеу және қала құрылысын регламенттеу аймақтарына жатқызылған өзге де аумақтар.
3. Ерекше реттеу және қала құрылысын регламенттеу елді мекендеріне мыналар жатады:
1) Қазақстан Республикасының астанасы және республикалық маңызы бар қалалар;
2) халқының есептік саны бір жүз мың тұрғыннан асатын қалалар;
3) тарихи-мәдени құндылығы бар елді мекендер, олардың бөліктері немесе оларға іргелес аумақ не қорғалатын ландшафттар, сондай-ақ мемлекеттік табиғи қорықтар мен мемлекеттік ұлттық табиғи парктердегі елді мекендер;
4) әскери қалашықтар, шекара бөлімшелері (бөлімдері) және өзге де жабық объектілер бар елді мекендер;
5) табиғи-климаттық, геотехникалық немесе гидрогеологиялық жағдайлары ерекше (экстремалды) аудандарда, сондай-ақ экологиялық және техногендік зілзалалар аймақтарында орналасқан не өзге де қолайсыз құбылыстар мен процестердің әсеріне ұшыраған елді мекендер.
4. Ерекше реттеу және қала құрылысын регламенттеу жылжымайтын мүлік объектілеріне мыналар жатады:
1) тарих пен мәдениет ескерткіштері және олардың ансамбльдері;
2) мемлекеттік табиғи-қорық қорының объектілері;
3) адам өмірі мен денсаулығына немесе қоршаған ортаға көрінеу қауіп төндіретін объектілерді қоса алғанда, арнаулы мемлекеттік немесе шаруашылық міндеттерді орындау үшін қажетті құрылысжайлар;
4) мүгедектігі бар адамдардың тұруына, болуына және жұмыс істеуіне арнайы арналған ғимараттар мен құрылысжайлар.
5. Ерекше реттеуді және қала құрылысын регламенттеуді талап ететін объектілерді сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті орган айқындайды.
Ерекше реттеуді және қала құрылысын регламенттеуді талап ететін әрбір объект бойынша жобалау-сметалық құжаттаманы кезең-кезеңімен әзірлеу мен келісудің жеке жоспары бекітіледі.
6. Ерекше реттеу және қала құрылысын регламенттеу режимі осы Кодексте және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында белгіленеді.
Қазақстан Республикасының 2026 жылғы 9 қаңтардағы № 253-VIII ҚРЗ Кодексі.
Осы Кодекс Қазақстан Республикасында сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметін жүзеге асыруға,
адам өмір сүретін және тіршілік ететін толыққанды ортаны қалыптастыруға, елді мекендерді, қонысаралық аумақтарды жоспарлауға және дамытуға, құрылыс объектілерінің пайдаланылу циклінің барлық кезеңінде олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге байланысты қоғамдық қатынастарды реттейді.
Қазақстан Республикасының
Президенті
© 2012. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты» ШЖҚ РМК
Конституция Заң Кодекс Норматив Жарлық Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгер Қорғаушы Заң қызметі Құқық қорғау Құқықтық қөмек Заңгерлік кеңсе Азаматтық істері Қылмыстық істері Әкімшілік істері Арбитраж даулары Заңгерлік кеңес Заңгер Адвокаттық кеңсе Қазақстан Қорғаушы Заң компаниясы