38-1-бап. Сот жюриi Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы Конституциялық заңы
1. Судьяларға қатысты тәртіптік істерді қарау үшін Жоғары Сот Кеңесінің жанынан Сот жюриі құрылады.
Сот жюриі он үш судьядан – аудандық соттардың үш судьясынан, облыстық соттардың төрт судьясынан, кассациялық соттардың үш судьясынан және Жоғарғы Соттың үш судьясынан тұрады. Сот жюриіне кеңесші дауыс беру құқығы бар заңгерлер қауымының екі өкілі де кіреді.
Судьялар Сот жюриінің құрамына осы Конституциялық заңның 22-бабының 2-1-тармағына сәйкес Жоғарғы Соттың кеңейтілген жалпы отырысының ұсынымы бойынша тағайындалады, ал заңгерлер қауымының өкілдерін ұйымдардың жарғысына сәйкес олардың ұсынымы бойынша Жоғары Сот Кеңесі тағайындайды.
Жоғары Сот Кеңесі Сот жюриінің құрамына кандидатураларды уәжді шешімімен қабылдамауға құқылы.
Сот жюриінің төрағасын Сот жюриі құрамының өзі өздерінің арасынан сайлайды.
2. Сот жюриінің судьяға қатысты материалдарды қарауына мыналар негіз болып табылады:
1) судья әдебіне қайшы келетін, атына кір келтіретін теріс қылық жасағаны үшін судьяға қатысты, лауазымдық міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін сот төрағасына немесе соттың сот алқасының төрағасына қатысты Жоғарғы Сот Төрағасының ұсынуы;
2) облыстық соттардың және Жоғарғы Соттың жалпы отырыстарының лауазымдық міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін тәртіптік іс жүргізу шеңберінде сот төрағасының немесе сот алқасы төрағасының әрекеттерін тексеру үшін оған қатысты материалдарды Сот жюриіне беру туралы шешімдері;
3) сот істері мен материалдарын қарау кезінде заңдылықты өрескел бұзғаны үшін судьяны тәртіптік жауаптылыққа тарту мәселесі бойынша ұсыну;
4) судья әдебі жөніндегі комиссиялардың судья әдебіне қайшы келетін, атына кір келтіретін теріс қылық жасағаны үшін тәртіптік іс жүргізу шеңберінде судьяның әрекеттерін тексеру үшін оған қатысты материалдарды Сот жюриіне беру туралы, сондай-ақ тексеру қорытындылары бойынша судьяның судья әдебіне қайшы келетін, атына кір келтіретін теріс қылық жасау фактісі расталған масс-медиадағы, онлайн-платформалардағы, жеке және заңды тұлғалардың жолданымдарындағы мәліметтер бойынша шешімдері.
3. Сот жюриінің қызметін қамтамасыз етуді Жоғары Сот Кеңесінің Аппараты жүзеге асырады.
4. Сот жюриiн қалыптастыру және оның жұмысын ұйымдастыру, сондай-ақ Сот жюриінің материалдарды, тәртiптiк iстердi қарау тәртiбi Қазақстан Республикасының Президентi бекiтетiн Ережеде айқындалады.
Қазақстан Республикасының 2000 жылғы 25 желтоқсандағы № 132 Конституциялық заңы.
Қазақстан Республикасының
Президенті
Конституция Заң Кодекс Норматив Жарлық Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгер Қорғаушы Заң қызметі Құқық қорғау Құқықтық қөмек Заңгерлік кеңсе Азаматтық істері Қылмыстық істері Әкімшілік істері Арбитраж даулары Заңгерлік кеңес Заңгер Адвокаттық кеңсе Қазақстан Қорғаушы Заң компаниясы